Асқар таудай ғалым еді...
Қасиетті Атырау өңірі абыз аға деп сыйлаған, Манаш Қозыбаев бастаған еліміздің тарихшы ғалымдары бағалаған Хисмет Бозанұлы Табылдиев ағамыздың өмірден озғанына да біршама уақыт болды
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген нақылға сүйенсек, ғалым ағамыздың еліне сіңірген еңбегі жыл өткен сайын, әсіресе туған өңірінде кеңінен танылып және бағаланып жатыр.
Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, елімізге танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлының өмір жолына зер салсақ, ол 1936 жылы Атырау облысының Махамбет ауданында өмірге келіп, мектепті бітірген соң Алматыда сол кездегі Қазақ педагогикалық институтының Тарих факультетін тәмамдаған соң мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды. 40 жылға жуық қарапайым мұғалімдіктен бастап білім беру саласының барлық сатысынан өтіп, оқытушы, декан, проректор, жоғары оқу орнының ректоры қызметіне дейін көтерілген тұлға екені көрінеді.
Хисмет Бозанұлы өзінің ардақты досы Әбіш Кекілбаев бағалағандай, ұлттық тарихтың қатпар-қатпар қалың қабаттары мен қилы-қилы кезеңдерін қаймықпай зерттеген қабырғалы ғалым болды. Атырау өңірінің ғұлама шежірешісі, алдынан мыңдаған шәкірт білім мен тәлім-тәрбие алған жоғары мектепте білім беру ісінің ірі ұйымдастырушысы болды.
Хисмет Бозанұлы 1991-2000 жылдары, яғни тәуелсіздіктің ең қиын-қыстау кезінде сол кездегі Гурьев педагогикалық институының ректоры қызметін атқарып, оның инфрақұрылымын кеңейтіп, 1994 жылы университет мәртебесін алып, осы оқу орнына Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов есімін беруге өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл еліміздің батыс өңірінде ашылған тұңғыш университет болды және кейін еліміздегі жетекші оқу орындарының біріне айналды.
Х.Б. Табылдиев жас ғалымдарға өріс ашқан ғалым-педагог ретінде 4 ғылым докторы мен 7 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Солардың қатарында Ғ. Халидуллин, Ғ. Кенжебаев, С. Сапанов, Ұ. Исмағұлов, Ұ. Ахметова, Л. Бердіғожин, А. Ахмет сияқты белгілі тарихшы ғалымдар – Хисмет Бозанұлынан дәріс алғандар.
18 жыл проректор, 9 жыл ректор болған өзінің оқу орнында зейнет демалысына шыққан соң ғұмырының соңына дейін ректордың кеңесшісі болып жастарға өзінің іс-тәжірибесін үйретумен болды.
Тарихшы ғалым ретінде 200-ден астам ғылыми мақала мен бірнеше монография жазып қалдырды. Солардың қатарында «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстанда сауатсыздықты жоюдың қиыншылықтары», «Атырау қаласының тарихы», «Памятные места Атырауской области», «Өзгерген өңір» сынды шоқтықты еңбектерін атауға болады.
Х.Б. Табылдиев – Қазақстан тарихы мен өлкетану бойынша зерттеулерді қатар жүргізген ғалым. Тарихшы ғалым ретінде Атырау өңірінің тарихын зерттеуге түрен салған алғашқы өлкетанушылардың бірі болды. Хисмет Бозанұлы өлке тарихын ел тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, өзінің зерттеулерінде Атырау өңірінің тұлғалары, қоғамдық-саяси өмірі, әлеуметтік-экономикалық үдерістері, ономастикасы мен руханиятын зерделеді.
Хисмет Бозанұлы – 1998-1999 жылдары Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Сарайшық қаласының қазіргі дәрежеге жетіп танылуына алғаш болып үлес қосқан ғалымның бірі. 1998 жылы Атырауға келген Президент сол кезде ректор қызметінде жүрген Хисмет Бозанұлына тарихшы ретінде Ноғай ордасының астанасы болған Сарайшықты жөнге келтіруді, бұл орынның тек Атырау облысы үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды екендігін, келесі сапарында ата-бабаларымыздың жәдігерлерін көргісі келетіндігін айтып, тапсырма жүктеді. Содан Хисмет Бозанұлының басшылығымен облыс өңірлерінен Сарайшыққа, өлке тарихына қатысты жәдігерлер жинастырылып, Сарайшық туралы шағын кітапша жазылып, қаладағы Пионерлер үйінің екі залын жабдықтап тарихи көрме ұйымдастырып, келесі жылы Президент келгенде ұялмай көрсетуге қол жеткізеді.
Бұл кісі жан-жақты адам еді. Жастайынан жазуға бейімі болғандықтан кейін журналист, филолог та болды. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Хисмет Бозанұлы Атырау өңіріне тек ғалым ретінде ғана емес, спорттың жанкүйері, насихатшысы ретінде де белгілі.
Атырау өңірі ұлағатты ғалымның 80 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткені елге мәлім. Алыс-жақын шетелдерден Хисмет Бозанұлының атына жүрек жарды лебіздермен ондаған құттықтау жіберілді.
«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендей елі тұрғанда Хисмет Бозанұлының есімі өшпейді, уақыт озған сайын ел жадында жаңғыра береді.
Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор