Тарихқа талдау қажет
12.09.2013 2797
Жуырда өткен жалпы ұлттық маусым кеңесінде Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тұжырымды ойларымен тарихшылар қауымына қозғау салды және мемлекеттік саясаттың тарих ғылымындағы ұстанымын жеткізді.

Тәуелсіздіктен бүгінге дейін тарих ғылымында қандай түбегейлі өзгерістер болды, тарихты оқыту мен зерттеудің қазіргі проблемалары, жалпы, ұлттық тарихымыз қалай насихатталып жүр? Аталмыш кеңесте осы және өзге де тарих мәселелері ортаға салынды. Осыған орай Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Ілиясовамен пікір бөлістік.

– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары негізі қаланған Кеңестер Одағы екінші дүние-жүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен текетіреске түскен алып державаға айналды. Алайда бір кездері төрткүл дүниені дүркіреткен Одақтың ғұмыры қысқа болды. Өйткені қоғамның барлық саласы таптық қағидалармен шырмалып, кеңестік идеологиямен қаруланды. Ал тарих ғылымы маркстік-лениндік методологияны басшылыққа алды. Соған сәйкес кеңестік тарихнамада пролетариат диктатурасы асыра дәріптеліп, халықтардың тарихы жазылмай қалды. Алайда сталиндік дәуірдің аяқталуы қоғамдық-гуманитарлық ғылымның барлық салаларына қозғау салды.

Бұл қозғалыстың тарих ғылымындағы «біссімілләсі» 1937 жылғы репрессияның құрбандарын ақтаудан басталды. 1957 жылы Ілияс Жансүгіров, Қошке Кемеңгерұлы, Нәзір Төреқұлов және т.б. ұлттық интеллигенция өкілдерінің алғашқы легі ресми ақтала бастады. Аяқсыз қалған бұл үрдіс «горбачевтік» кезеңде шыңына жетті. «Қайта құру» алпыс жыл бойы ақиқаты айтылмай келген тарихтың «ақтаңдақ» беттерін ашты. Оған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қомақты үлес қосты. Мысалы, Қошке Кемеңгерұлы сияқты Алаш арыстарының шығармалары жинақталып, оқырманын тауып жатты. Бірақ тағы да қатаң идеология кедергі жасап бақты.

Бұл қозғалыстың қайта жаңғыруы тәуелсіздік қарсаңына тұспа-тұс келеді. Айталық, 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгісінде құрылған «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын басқарған академик Манаш Қозыбаев әріптестерімен бірге нақты іске кірісті. Қазақтың шығу тегінен (my heritige) бастап, ру-тайпалар тарихын жазуға айтарлықтай үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің мұралары, шығармашылығы және ғылыми-педагогикалық қызметі жаңа қырынан ашылды.

Зерттеудің нәтижелері 1993-1994 жылдары екі тілде жарық көрген Қазақстан тарихы очерктеріне арқау болды. Сондай-ақ «Қазақ тарихы» ғылыми-әдістемелік журналының алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде бұл басылым да жиырма жылды артқа тастады. Аталған журнал мен очерк материалдары жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарына аса қажетті оқу құралына айналды. Осының бәрі білім беру мен ғылым жүйесіндегі түбегейлі реформалардың алғашқы көріністері-тін.

Сол себепті бұл өзгерістерді тарих реформасының бірінші кезеңі деп қарастыруға болады (1993 – 2013).

Бұл кезеңде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы» Заңы (1993) шықты, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мәжілісінде «Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру» тұжырымдамасы (1995) қабылданды. 1997 жыл «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» (1998) болып аталды. Мемлекет басшысының «Тарих толқынында» атты еңбегі жарық көрді (1999). Сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы (2003-2004) жарияланды, іргелі және қолданбалы ғылыми жобалар іске асты, көптеген монографиялар, құжаттар мен материалдар жинақтары, фоно-фотоқұжаттар шықты. Сонымен қатар шетелдік мұрағат қорларын игеру, сырттан әкелінген 5000-ға жуық құжаттармен жұмыс жасау қолға алынды.

Ал тарих реформасының екінші кезеңін осы жылғы жалпыұлттық маусым кеңесінен (5 маусым 2013 жыл) бастау өздігінен сұранып тұрғандай. Онда көтерілген мәселелердің мазмұны терең, ауқымы кең болды. Кеңестің тақырыбына сәйкес, қазіргі қалыптасқан мемле­кетіміздің жағдайында тарихты зерттеуден зерделеуге бетбұрыс жасалды, бұл тарих ғылымындағы прогресс. Басқаша айтқанда, тәуел­сіздік жылдарында жарияланған тарих материалдарын қорытудың мезгілі келіп жетті.

Жалпыұлттық кеңесте тиісті министрліктер мен мемлекеттік мекемелерге «Көне дәуірден бүгінге дейінгі ұлттық тарих» және «Қазіргі Қазақстан тарихы» деп аталатын екі негізгі оқулықты дайындау (жазу) жоспарын жасау тапсырылды. Мемхатшы Марат Тәжиннің баяндамасында нақты көрсетілгендей, «Қазіргі Қазақстан тарихы салыстырмалы түрде тарих ғылымындағы жаңа бағыт. Сондай-ақ оның аяқталған жүйелілік сипаты жоқ, яғни дербес ғылыми пән ретінде қалыптаса қоймаған, методологиясы мен оқу-әдістемелік жағынан толық қамтамасыз етуді қажет ететін пән болғандықтан, бізге тез арада осыларды жою маңызды» делінді.

Осы кеңестен кейінгі қысқа мерзімде тарихшылардың белсенділігі артты, БАҚ арқылы аймақтардағы тарихшылардың дауысы жетті. Тарихшылар қауымы бұрынғы оқшаулықтан арылып, бірегейлікке, өркениетке бет түзей бастады. Сөйтіп, бәріміз «бір терінің пұшпағын илеуге» кірістік. Бұл да прогресс. Жалпыұлттық, мемлекеттік маңызы бар ортақ шаруа қашанда бірлікті талап етеді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді қазақ даналығы.

Кеңесте тарихшылардың жол картасы жасалды деуге болады. Тіпті таяудағы міндеттеріміз анықталып, жұмыс істеу механизмдері көрсетілді. Содан бері қолда бар материалдарды игеру және оларды қорыту ісі қолға алынды. Сосын тарих методологиясын, әсіресе зерттеудің синтездік әдісін жетілдіру, жансыз жатқан дәуір құжаттарын қайта тірілту, тарихты жеткізудің тиімді әдістерін қарастыру бағытында қыруар жұмыстар басталды.

Жоғарыда айтылған Көне дәуірден бүгінге дейінгі ұлттық тарихты жазуда, біз мынадай мәселелерді ескеруіміз керек. Бізге белгілі болғандай, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақтың екі жарым жылдық тарихы бар». Мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің пікірінше, «бұл кездейсоқтық емес. Бұл қола дәуірінің аяқталып, темір дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келеді... Осы кезде бірігу, тұтасу кезеңінің негізі қаланған». Бұл тұжырымды қазақ антропологы Оразақ Смағұл да растайды. Ол «біздің жерімізді мекендеген алғашқы қауым – қола дәуіріне (б.з.д. ХХ-ІХ ғғ.) барып тірелетінін» негіздейді. Сондай-ақ халқымыздың этногенезі туралы «протоеуропеидтық тектің тек қазаққа тән болғанын, оның өзгерместен темір дәуіріне жеткенін, содан кейін Орта Азиядан келген тайпалардың әсерімен өзгеріске ұшырағанын және бұл процестің Шыңғыс хан тұсында күшейіп, біздің жердегі халықтың байырғы түрі өзгеріп, монголоидтық түр басымдық алғанын» айта келіп, «қазақтардың төрт мың жыл бұрынғы антропологиялық, генетикалық, биологиялық ерекшелігінің 30% сақталып қалғанын» алға тартады.

Қола дәуірінде біздің арғы ата-бабаларымыз қуатты күшке айналды. Шетелдік тарихнамада «номад» деген атаумен белгілі болған көшпенділер, шынында Еуразия кеңестігінде жаһандануға негіз болды. К.Маркстің сөзімен айтқанда, «шекараны тауар бұзды». Қытайдан Еуропаға дейінгі ұланғайыр аумақта б.з.д. ІІ ғасырда пайда болған Ұлы Жібек жолы Қазақтың ұлы даласы арқылы Еуразия халықтарының өзара кірігуіне жол ашты.

Жалпы, адамзаттық өркениет қағидасы тұрғысынан қарасақ, халқымыздың тарихи тамырлары әлемдік үрдістермен сабақтас. Оған әйгілі грек тарихшысы Геродоттың еңбегіне арқау болған сақ-скифтердің, батыстық және шығыстық саяхатшылардың қолжазбаларындағы түркілердің, одан бергі заманда қалыптасқан көпэтникалық халықтардың тарихы дәлел.

Мамандардың пайымдауынша, қазақ этногенезі проблемасын ғылымның антропология, генетика сияқты салаларынсыз шешу мүмкін емес. Генетикадағы соңғы жетістіктің бірі ДНК (дизоксирибонуклеин қышқылы), медицинада тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуге жауапты нуклеин қышқылының бір түрінің пайда болуымен түсіндіріледі.

Тарих сарайының іргетасын ежелгі тарихқа, қабырғасын орта ғасырлар тарихына, төбесін жаңа заманға, шатырын қазіргі заманға балаған филолог-тарихшы Қойшығара Салғараұлы «Америкадағы үндістердің түпкі тегі – түріктер» деген әлемдік тұжырымның «біздің тарих ғылымындағы түркі халықтары VІ ғасырда пайда болды» деген тұжырымға кереғар келетінін тілге тиек етеді.

Археологтар Есік қорғанынан 1969 жылы табылған алғашқы «Алтын адам» ескерткішінің санын бүгінде жетеуге жеткізді. Отандық археология ғылымы сақ дәуірінен сыр шертетін жер аумағын кеңейтті.

Орта ғасырлық түркі халықтарының Моңғол империясының ықпалына түсуі, моңғолдардың түріктенуі немесе осыған кері процестерге (ассимиляциялану) байланысты ортақ шешім керек. Мысалы, қазақтың шығу тегін Шыңғыс ханнан таратып, Дешті қыпшақта құрылған түрік мемлекеті – Алтынорданы тек қыпшақтарға (қазақтарға) меншіктеу сын көтермейді. Сонда бұл мемлекеттің құрамына кірген Ресейдің еуропалық өңірін, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелерді, Польша, Мажарстан, Бұлғарстан, Солтүстік Кавказ, Хорезмді қайда қоямыз?..

ХV-ХІХ ғасырларды қамтитын Қазақ хандығының құрылу жылдарын нақтылаудың да реті келіп тұр. Бұл туралы тарихшылардың түйінді пікірлері «Халық тарих толқынында» айдарымен эфирге шыққан бағдарламаларда талай рет айтылды. Шындығында, Мұхаммед Хайдар Дулатидің жалғыз дерегін (1465-1466 жж.) жоққа шығарудан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Қалай айтсақ та, Қазақ хандығын құру ХV ғасырға сәйкес келетіні анық.

Дәл қазір бізге тарихшы Зардыхан Қинаятұлының Қазақ хандығының құрылуын Керей мен Жәнібектің арғы атасы Ақорданың ханы болған Орыс ханмен байланыстыруы, Ақорда мен Қазақ хандығы іс жүзінде бір мемлекет деген тұжырымы маңыздырақ, жаңа концепция. Автор Ақордадан бастап санайтын болсақ, қазақта 40-қа жуық хан, ал қазақ хандығынан бері санайтын болсақ 31-32 хан болғанын айтады. Сондай-ақ Орыс ханның кезінде «Алаш» қазақтың басын біріктірген жауынгерлік ұран болғанын айтып, кейбір ғалымдарымыздың «алты Алаш» деген сөзді «ол башқұрт, қырғыз және тағы бәленше» деуін құптамайды. Ол «Алаш» ұраны Ақорданың тұсында қазақтың ұлттық идеологиясына айналғанын негіздейді.

Осы ретте Алашорда тарихынан аттап кете алмадық. Өткен жылы «Жас Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығында (22.11.-26.11.2012) тележурналист-алаштанушы Болат Мүрсәлімнің «Алашорда туралы бірер сөз» атты мақаласы жарық көрді. Онда Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің «Жасасын, Алаш автономиясы!» атты мақаласы бойынша Алашорданың құрылған күнін 13 желтоқ­сан емес, одан бір күн бұрын болғаны айтылады. Әрине, контрверсиялық мұндай пікірлердің негізсіздігін айқындайтын деректер жеткілікті. Алайда бұл арнайы қарастыруды қажет ететін тақырып, әрі мына мақаламыздың көлемі көтермейді. Сондықтан, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

Тәуелсіздік жылдарында Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімінің бірнеше нұсқалары шықты. Алғашқысы «Қа­зақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналының 1991 жылғы 8,9,10-сандарында жарияланды. Оған Кеңес Нұрпейіс қосымшалар енгізген. Бұл тізімді 2012 жылы Мәмбет Қойгелдиев пен Болат Мүрсәлім толықтырып, алашордашылардың санын 350-ге жеткізді. Отандық «мұрағат қорларынан 520 алашордашылардың тізімі табылды» деген ақпарат та бар. Бұл тізімге 1917 – 1919 жылдары әртүрлі деңгейде шақырылған Қазақ сьездеріне қатысқан 800-ге жуық өкілдерді де қосуымыз керек.

Тарихты бүгінгі күн тұрғысынан түсіндіруде методологиялық мәселелерді назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақстан тарихын дәуірлеу (периодизация), деректану, тарихнама және зерттеу әдістерінен туындайтын теориялық және методологиялық проблемалар да шаш етектен.

Ұлттық тарихты зерделеуде отандық деректанушылар мен тарихнамашылардың алатын орны ерекше. Өкінішке орай, олар сан жағынан өте аз, кадрлар жетіспейді. Сондықтан, олардың жанайқайын да түсінуге болады. Әрине, тарихтың дерексіз жазылмайтыны айқын.

Деректану – тарих ғылымының бір тармағы, бұл пән негізі теориялық және методологиялық мәселелерге ден қояды (мысалы: дерек түрлері, деректің пайда болуы, сақталуы, өзгеріске ұшырауы, сыни көзқарас, обьект және субьект, деректерді пайдалану әдістері және т.б.). Деректанудың аудиториясы студенттер мен магистранттар екені жасырын емес. Ал қалыптасқан қазіргі жағдайда деректанушылар тарихтың деректік негіздерін анықтап, оларды тарихи талдаудан өткізуге, сараптамалық қорытындылар жасауға басымдық берсе нұр үстіне нұр болар еді. 

Дерек көз: aikyn.kz