Түркістандық дәрігер қыз – Зейнеп Садыққызы
08.08.2020 2628

Еуропадағы қыздарға арналған ең алғашқы медициналық оқу орны – Қыздар медицина институты 1897 жылы Петерборда ашылды. Орыс шенеуіктері секілді, қазақтың шен-шекпенділері де қыздарын осы оқу орнына түсіруге тырысты. Алайда оқуға қабылданудың жолы қиын еді. 1902 жылы Түркістан генерал-губернаторы түркістандық қыздардың Қыздар медицина институтында оқуы үшін 10 степендия тағайындады. Соның екеуіне генерал-майор Сейітжаппар Асфендияровтың қызы Гүлсім Асфендиярова (1880-1937) мен подполковник Садық Әбдрахмановтың қызы Зейнеп Садыққызы (1881-1969) ие болды.

Бакуге Зейналабдин Тағиев шақырды

Гүлсім мен Зейнеп Қыздар медицина институтын 1908 жылы тәмамдап, елге келіп қызмет істеді. Гүлсім Шымкент уезі, Зейнеп Ташкент уезі емханалардың біріне қызметке тұрды. Гүлсімді бүгінде бүкіл қазақ біледі. Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы деп құрметтейді. Алайда Гүлсіммен қатар оқыған, медицинаға маңдай тері сіңген Зейнепше? Зейнеп институтты бітіргеннен кейін Түркістан аймағында аз уақыт қана дәрігер болып қызмет істеп, Бакуден бір-ақ шыққан.

Зейнеп Бакуге не үшін барды? Оның Хадиша деген сіңлісі болған. Зейнеппен бірге Ташкент қыздар гимназиясында, кейін Петербордағы пединститутта оқыған. Міне, сол Хадиша бір газеттен атақты миллионер, меценат Зейналабдин Тағиев өзінің мектебіне білімді мұсылман қыздарды іздеп жатқаны жайлы хабарламаны оқып қалады. Сөйтіп белді бекем буып, Бакуге тартып тұрған.

Хадиша Бакуге барғаннан кейін Тағиев мектебінің мұғалімі болып қызметке тұрған. Зейналабдин Тағиев Хадишадан Түркістан аймағында өзі секілді оқыған әпкесі бар екенін естіген. Сөйтіп Зейнепті Бакуге шақырған. Осылайша Зейнеп те Бакуге барып, Тағиевқа қарасты фабрикалар мен өндіріс орындарының жұмысшыларын емдеуге кіріскен (Бұл туралы Зейнептің жиені Хуршид Агаеваның естелігінде айтылады). Ұзамай Зейнептің есімі білікті маман, тәжірибелі дәрігер, зерттеуші ғалым ретінде шыға бастады. Сөйтіп Зейнеп ағайынды Нобельдердің және Тағиевтің мұнай компаниясында жұмыс істеп істеп жүрген жас жігіт, кейін қабардының белгілі қайраткері, үлкен ғалымына айналған Паго Тамбиевтің көзіне түскен.

Қабарды қайраткері Паго Тамбиевке ұзатылды

Адыгей ғалымы, профессор Раиса Хашхожева былай деп жазады: «1909 жылы Бакуде Тамбиев отставкадағы подполковник Садық Әбдрахмановтың қызы Зейнеп Садыққызымен танысты. Зейнеп оқу орнын аяқтаған соң алыстағы Ферғана облысының Ош қаласында бірнеше жыл жұмыс істеді. Пагоның Зейнепке жазған хаттарынан жылылық пен мейірім есіп тұратын. Ол Зейнепке өзінің жүрек түпкіріне жасырған ойлары мен сырларын бөлісетін. Ол Зейнеп ханымның бойынан тамаша кеңесші һәм көмекшіні көрді. Сөйтіп екеуі 1912 жылы көңіл жарастырды. Паго Тамбиев хатында Зейнеп жайлы былай дейді: «Менің үмітім де, тірегім де – Өзіңізсіз. Сіз жанымда болсаңыз, ешқандай кедергіден қорықпаймын». Шынында Зейнеп жарының қабарды халқын сауаттандыруға бағытталған барлық жұмысына қолдау білдіріп, қайраткерлік қырын танытуына, ойлары мен талпыныстарының іске асуына мүмкіндік жасады».

Осылайша Зейнептің ары қарайғы тағдыры жары Паго Тамбиевтің қызметімен қатар өрілді. Екеуі 1914 жылы Грозный, 1917 жылы Нальчикте қызмет істеді. 1913 жылы тұңғыш қыздары Сағадат, 1915 жылы екінші қызы Ләйлә дүниеге келді.

Қабарды-Балқардағы тұңғыш әйел дәрігер

Қабарды-Балқардың Парламенті шығаратын «Кабардино-балкарская правда» газетінің 2018 жылғы №88 санында Анна Халишхованың «Инженер, фольклорист и педагог» деген мақаласы жарияланған. Сол мақалада «1917 жылы Тамбиев Нальчикте тұрақтап, осы жерден ғылыми зертхана ашуды жоспарлады. Жары Зейнеп Нальчик ауруханасына жұмысқа тұрды. 1920 жылдың мамырында Қабарды-Балқарда совет билігі орнағаннан кейін Зейнеп осы аурухананың әйелдер бөлімінің меңгерушісі болды» деп жазылған.

Зейнеп жайлы мәліметтер Қабарды-Балқар үкіметінің «Горянка» газетінде де жарияланған екен. «Горянка» газетінің 2017 жылғы №48 санында Шешен мемлекеттік университетінің медицина институтының профессоры Тахуз Ахмадовтың «Первая женщина-врач в жизни кабардинцев и балкарцев» деген мақаласы жарық көрген. Сол мақалада да Зейнеп Садыққызының өміріне қатысты біраз дерек келтірілген.

Тахуз Ахмадовтың жазуынша, Зейнеп Садыққызы 1881 жылдың 20 қарашасында Ташкентте ауқатты отбасында дүниеге келген. 9 жасында Ташкент қыздар гимназиясына қабылданып, 1899 жылы 17 жасында үздік бітірген. Одан әрі Түркістан генерал-губернаторының степендиясы бойынша Петербордағы Қыздар медицина институтына оқуға түскен. Институтты да үздік дипломмен аяқтап, Түркістан облысына қарасты Ханабад, Қорғантөбе (Ош маңы) мекендерінде учаскелік дәрігер болып қызмет істеген. Ол кезде қазіргідей емес, дәрігерлік өте ауыр қызмет болатын. Әсіресе қыз-келіншектерге тіптен ауыр соққан. Аймақтағы өлімнің көптігі, жұқпалы аурулардың таралуы, балалар дертінің жиілеуі Зейнепті одан әрі шыңдай түскен.

«Зейнеп Садыққызы жұртышылықты тазалық, денсаулық сақтауға шақырып, ел ықыласына бөленді. Өз ісіне құлай берілгені сондай, ынты-шынтысымен халыққа қызмет етті. Сол үшін кеш отбасын құрды. 1912 жылы Баку қаласы маңында дәрігер болып қызмет етті. Ақпан төңкерісінен кейін, 1917 жылдың көктемінде Тамбиевтер Тверь облысының Нальчик қаласына қоныс ауыстырды. Мұнда Зейнеп Садыққызы қабардының белгілі дәрігерлері Б.Шогенов (1875-1928) және И.Шаковпен бірге Қабарды коғамдық ауруханасында қызмет етті.

1914 жылдан бастап осы ауруханада әскери лазарет құрылып, соғыста жараланған офиферлер мен солдаттар жеткізілді. Бұл кезде Нальчик қарапайым ғана қалашық болғанымен, табиғаты ерекше көз тартатын. Мұнда соғыста жараланған, газдан уланған, өкпе дертіне шалдыққандар емделді. Азаматтық соғыс асқынған тұста да бұл жерде жаралаған қызыләскерлерге де, ақгвардияшылдарға да медициналық көмек көрсетілді. 1920 жылы Қабарды-Балқарда совет билігі орнағаннан кейін, жергілікті әскери лазарет біржола жабылды. Сөйтіп Зейнеп Тамбиева округ (кейін облыстық) ауруханасының әйелдер бөлімінің меңгерушісі болды. Балқардың белгілі дәрігері И.Абаев (1888-1930) және басқа да әріптестерімен бірге қалалық денсаулық сақтау ұйымын құрушылардың және эпидемияға қарсы күрес жүргізгендердің бірі болды.

Зейнеп Садыққызы Қабарды-Балқардағы тұңғыш әйел және мұсылман дәрігер еді. Ол татар білін жетік білетін, балқарлармен еркін сөйлесетін. Оны әсіресе ер-азаматтарға қаралудан бас тартқан науқас әйелдер қатты құрметтеді. Олар өздерін мазалаған дертін арқалап келіп, жазылудан үміт етті. Зейнеп оларға мейірімі мен қолдауын аямады» деп жазады Тахуз Ахмадов.

Ғасырға татитын он жыл

Әзірбайжан КСР құрылғаннан кейін, 1923 жылы Паго Тамбиев Бакуге келді. Зейнеп Бакудегі қалалық емханалардың біріне орналасты. 1927 жылдың 12 маусымында Паго Тамбиевтің үстінен жала жабылып, тергеу басталды. Алдымен Махачкала, кейін Ростов-на-Дону түрмелерінде тергеуде болды.

Зейнепке жазған соңғы хаттарының бірінде: «Қадірлі Зейнеп! Бәрін алдым... Денсаулығым маңызды емес. Дерт меңдеп алды. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Бірақ қан түкіріп тоқтар емеспін. Дәрігерлер бұдан қорқатын ештеңе жоқ дейді. Тезірек өзіңмен жүздескім келеді. Алаңдаудың қажеті жоқ. Өзіңнің П.Тамбиевің». Осы хатында ол Зейнепке екі қызына тәрбие бергені үшін ризалығын білдірген. Соған қарағанда, өлетінін білген болуы керек. Қабарды жұртының қайраткер ұлы Паго Тамбиев 1928 жылдың 13 наурызында осы Ростов-на-Дону түрмесінде бақилық болды.

Жарынан жесір қалған Зейнеп тағдыр тауқыметін аз тартпады. Күйеуі «халық жауы» болғаны үшін, Зейнепті медициналық мекемелерге жолатпады. Сөйтіп қара жұмыс істеп, күн көрді. Ол аздай 1932 жылы кіші қызы Ләйла дүние салды. Арада он жыл өткенде ғана, 1936 жылы емханада қызмет етуге рұқсат алды. Сөйтіп осы жылдың наурызында Зейнеп Садыққызы Бакудегі №3 қалалық емханаға дәрігер-гинеколог болып жұмысқа тұрды. 1957 жылы осы жерден зейнетке шығып, Мәскеуде тұратын үлкен қызы Сағадаттың қолына көшіп барды.

Зейнеп Әбдірахманова 1969 жылдың 14 қарашасында Мәскеуде дүниеден озды. Ол өмірінің жарты ғасырын денсаулық саласына арнады. Түркістан аймағы, Қабарды-Балқар, Әзірбайжанның медицинасын дамытуға бір кісідей үлес қосты. Қай жерде қызмет етсе де жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді, өзінің жиған білімі мен тәжірибесін халықтың денсаулығын нығайтуға жұмсады.