Астана қаласында әкелі-балалы үш суретшінің көрмесі ашылды
07.12.2013 1217
Астанадағы «Ару-Арт» қазіргі заман өнер галереясында әкелі-балалы белгілі суретшілер Райымқұл, Қуаныш және Мейрам Есіркеевтердің «Суретшілер үштағаны» атты сурет көрмесі ашылды.

Астанадағы «Ару-Арт» қазіргі заман өнер галереясында әкелі-балалы белгілі суретшілер Райымқұл, Қуаныш және Мейрам Есіркеевтердің «Суретшілер үштағаны» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАпарат.

Көрмеге қарағандылық суретшілердің 50-ден астам туындылары қойылған.

Галерея директоры Роза Әбенованың айтуынша, бір отбасынан шыққан үш суретшінің тақырыптары әралуан, бір-бірін қайталамайды, керісінше толықтырып тұрады.

«Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық мекемесін құрғандардың бірі ретінде тарихта қалған Р. Есіркеевтің (1921-1980 жж.) қылқаламынан шыққан туындылар шынайылығымен өз заманының сырын шертеді. Оның негізгі тақырыбы - адам. Оның көптеген портреттері кеңес адамының, өз жерлестерінің бет-бейнесін айнытпай қайталайды», - деп атап өтті ол.

Ал үлкен ұлы Қуаныш қылышынан қан тамған Кеңес одағы кезінде, дәлірек айтсақ өткен ғасырдың 90-жылдарында «1916 жыл», «Қобыз үні», «Ауыл» атты туындыларымен қазақ тарихындағы ұжымдастыру атты қолдан жасалған апаттың сырын ашып, батыл қадам жасайды. Сол үшін де көптеген тепіріш көріп, өнері лайықты бағаланбайды.

Ал кіші ұлы Мейрам да елімізге белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Оның негізгі тақырыбы - табиғат. Балқаш көлінде балықшылар бригадасымен бірге жұмыс істеген кезінде салған «Балқаш» туралы суреттері көлдің көркін айна-қатесіз қағаз бетіне түсіріп, керемет әсерге бөлейді.

Айта кету керек, көрме 2014 жылдың 15 қаңтарына дейін өнер сүйер қауымға есігін айқара ашады.