Астана қаласында Тәуелсіздік күніне орай «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» мюзиклінің премьерасы өтеді
13.12.2013 1050
Шығарманың басты жаңалығы - XIII-XIV ғасырдаға қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-дәстүрін бүгінгі қоғам мүшелеріне, жастарға жаңашылдықпен жеткізу.

21 желтоқсанда Бейбітшілік және Келісім сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мюзиклінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды astana.kz Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлы қазақ драматургы Ғабит Мүсірепов жазған «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» мюзиклі Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына, «Бәйтерек» тобының 10 жылдық мерейтойына арналған.

Мюзиклдің басты кейіпкерлерін «Бәйтерек» ұжымының қатысушылары сомдайды. Қарабай бейнесінде - ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сайлау Камиев, Қодар бейнесін ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері - Ерлан Малаев, Жантық бейнесінде - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов ойнайды. Қоюшы режиссері - ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сайлау Камиев.

Режиссердің айтуынша, шығарманың басты жаңалығы - XIII-XIV ғасырдаға қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-дәстүрін бүгінгі қоғам мүшелеріне, жастарға жаңашылдықпен жеткізу.   

Еске салайық, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мюзиклінің премьерасы 21 желтоқсанда Бейбітшілік және Келісім сарайында сағат 18.00 өтеді.