Тұңғыш Президент мұражайында Ақмола өңірінің тарихынан сыр шертетін көрме ашылады
28.02.2014 1667

14 наурыз күні сағат 17.00-де ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде «Ақмола: тарих тоғысындағы өлке» атты көрменің ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды inform.kz аталмыш мұражайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл көрме Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, Көкшетау қаласының тарихы музейі мен Әдебиет және өнер музейлерінің қорларынан ұйымдастыруымен өткізілмек.

Экспозиция музейаралық серіктестік көрме жобасының аясында Қазақстанның әр аймағындағы музейлердің ең маңызды әрі бірегей жинақтарын көрсетуге арналған. Ағымдағы жылы Ақмола облысына ерекше назар аударылып отыр. Бұл өңір тарихи және мәдени мұраға бай, сондай-ақ әр алуан мәдени ағымдар легі тоғысқан өлке екендігімен де ерекшеленеді. 

Мұнда көпшілік назарына жергілікті көшпелілер мен алғашқы шаруалар, әскери казактардың өкілдері және депортацияға ұшыраған поляктар мен немістер, ғалымдар мен алғашқы тың игерушілердің мәдениеті ұсынылмақ.

Ақмола өлкесі сондай-ақ Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақ  және т.б. сияқты ұлы ақындар мен композиторлар үшін өнердің қайнар бұлағы болған. Бұл туралы Көкшетау қаласының үш мұражайының жәдігерлері әңгімелейді. 

Көрме дәстүрлі қазақ қоғамындағы рухани құндылықтардың терең тамырлары мен өлке тарихындағы мәдени алуан түрлілікті айқын сезінуге мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, көрме 14 сәуірге дейін жалғасады.