Мәдени серуен: Жазу тарихы музейі
05.06.2014 2879

Тәңірідей, тәңіріден жаралған,
Түрік білге қаған
Бұл шақта отырдым,
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен әулетім, халқым,
Оңында шад, апа бектер
Солында тархан, бұйрық бектер
Тоғыз оғыз бектері, халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ.

КҮЛТЕГІН

Күлтегін 684–731 жылдар аралығында өмір сүрген. Білге қаған дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры. Құтлық қағанның екінші баласы. Білгенің інісі. Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өскен Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түркі еліне тұс-тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Ағасы Білге қаған және Тоныкөкпен бірге Күлтегін 712–713 ж. ж түріктердің әскерін Соғды мемлекетіне бастап келіп, оның билеушісі Гуректі жақтап араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслиммен соғысқан.


Көк түріктің Күлтегіні мен ұландарының бейнесі мұражайда. Ақ боз атқа мініп жол бастап тұрған Күлтегін.

2001 жылы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-не Моңғолиядағы Күлтегін ескерткішінің Жапонияда жасалған көшірмесі әкеліп қойылды.


Күлтегіннің ажалы жетіп, түрік халқының асыл тірегі құлағанда Ұлы Дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елшілер келіп, Күлтегін рухына тағзым етіпті. Басына ел тарихын жазып, алып ескерткіш орнатыпты.

1958 жылы моңғол — чехославак бiрiккен ғылыми экспедициясы Күлтегiн ескерткiшiнiн орнына қазба жұмыстарын жүргiзген. Басшылық еткен чех археологы Л. Иисль. Бұл В. В. Радловтан кейiнгi жасалған қазба жұмысы едi. Қазба жұмыстары үстiнде қорған астынан екi кiсiнiң тасқа әдемi ойылып жасалған бас мүсiнiн кездестiрдi. Оның бiрi Күлтегiнiң, екiншi әйелiнiң мүсiнi екені анықталған. Күлтегiнге арналған ескерткiш пирамида тәрiздi. Биiктiгi 3,15 метр, енi 1,24 метр, қалыңдығы 0,41 метр. Ескерткiштiң жоғарғы жағы бес бұрышты, қырларында айдаһардың суреттерi мен қаған таңбалары бейнеленген. Екiншi жағында ескерткiштiң орнатылған күнi — бiрiншi тамыз, 732 жыл деп жазылған.

Ескерткiш негiзiнен табғаш (Қытай) және көне түркi жазуымен толтырылған. Ескерткiш бетiндегi Қытай жазуы 732 жылы Қытай императоры Хусен-Цунг тарапынан бедерленген. Мұнда қытайша ескерткiштiң қысқаша мәнi жазылған. Қытай жазуы алғаш орысша, французша, содан кейiн немiс, ағылшын және кейiнгi кездерi түрiк тiлдерiне аударылды.

Күлтегін ескерткішін зерттеуші ғалым Мырзатай Жолдасбековтың аудармасында былай деп берген:
«Он оқүлым, түргiс қағанынан»
Мақраш таңбашы.
Оғуз Бiлге таңбашы келдi;
Қырғыз қағанынан
Тардуш ынаншы, Чур келдi;
Мазар тұрғызуға,
Зер салынған жазба тасты тұрғызуға
Табғаш қағанынан зергершiсi
Чаң сеңун келдi.
Күлтегiн қой жылы, он жетiншi күнi өлдi.
Тоғызыншы айдың жиырма жетiсiнде жерледiк.
Мазарын, ою — өрнегiн, жазба тасын,
Мешiн жылы жетiншi айдын жиырма
жетiсiнде тегiз аяқтадық.
Күлтегiн өлгенде қырық жетi жаста едi.»

2003 жылдың 18 қыркүйегінде «Жазу тарихы» мұражайы салтанатты түрде ашылды. Оған көптеген белгілі саясаткерлер, ғалымдар, оқытушылар қатысты. Олардың ішінде: Ө.Байгелди, Қ.Сұлтанов, М.Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, И.Тасмағамбетов, Қадырова және тағы басқа қоғам және мемлекет қайраткерлері болды.


АҚШ Президенті кіші Джордж Буш қолтаңбасы

Ұлттық университеттегі түркі жазуы тарихы мұражайының негізгі мақсаты — жазу тарихын зерделеу. Одан басқа мұражай оқу-әдістемелік бағытты да ұстанады. Еуразиялық кеңістіктегі түркі халықтары қолданған жазу үлгілері — әлемдік мәдениеттің аса құнды мұралары. Адамзаттың даму тарихында көшпелілер өркениетін қалыптастырып, «Мәңгі ел» идеясын ұсынған, қазір өзара тамырлас 26 тілде сөйлейтін түбі бір түркі жұрты да өзінің әлімсақтан бергі тарихында 16 жазу үлгісін қолданды. Мұражайдағы жәдігерлер жинақталып, сақталады және зерттеледі, сондай-ақ ғылыми, жалпы білім беру, тәрбие және насихаттау мақсаттарында пайдаланылады.

Мұражай ЕҰУ оқытушылары мен студенттеріне осындағы жәдігерлерді оқу-әдістемелік ісінде пайдалануға жәрдемдеседі. Сонымен бірге студенттердің жорықтары мен экспедициясын ұйымдастыру, түрлі ұйымдармен хат жазысу және ЕҰУ институттары оқытушыларымен тікелей байланыс орнату шаралары арқылы мұражай қоры толықтырылып келеді. Басқа мұражайлармен (Президенттік мәдениет орталығы, С.Сейфуллин атындағы мұражай және т.б.) байланыс орнатылды. Моңғолиядан, Сианьнан, Алтай өлкелерінен-де мұралар әкелініп, оған бөлек зал ашылды.
Мұражайда президенттер, мемлекет басшылары, халықаралық және діни қайраткерлер-де болды.Сондай-ақ мұражайды Қазақстанның барлық аймағынан мектеп оқушылары, студенттер келіп тамашалаған.

Вильгельм Томсеннің бас мүсіні

1893 ж. 25-қарашада Дат Ғылым академиясының мәжіліс залында Вильгельм Томсен өзінің әлемге әйгілі Орхон жазбаларын оқудың кілтін тапқандығын оның көне түркі тілінде жазылғандығын, бірінші оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екенін мәлімдеді.

Қыш кірпіштегі жазу. Қаңлы дәуірі Б.з.б. II ғасыр — б.з. I–IV Күлтөбе қалашығы. Оңт. Қазақстан, Арыс өзені. 1998 ж. Күлтөбе қалашығынан табылған

1926 жылы тілтанушы Ахмет Байтұрсынов қазақ әліпбиін қайта жасап шықты. Араб жазуын негізге ала отырып, қолданылмайтын әріптерді алып тастап, қазақ тіліне тән әріптерді қойып шықты. Кейінірек кеңес өкіметі қазақ әліпбиін латынға, сосын қазіргі  қолданыстағы кириллицаға көшірді.

Мұражайға келгенде міндетті түрде VII ғасырдағы Түрік билігіне тиесілі жер асты мавзолейінің макетін көре кеткеніңіз ләзім. 2011 жылы табылған мавзолейдің қазба жұмыстарына профессор Қаржаубай Сартқожаұлы жетекшілік етті. Мавзолей 8 метр тереңге кеткен. Төмен түскен ғалымдар өз көздерінесенер-сенбестерін білмей тұрып қалған екен. 120 шаршы метр аумақты алып жатқан бөлме ішінен адамдар мен аттардың, жануарлардың қыш мүсіндерін көрген. Үш келіге жуық алтын мен бірнеше мың тиындар, алты ту тапқан.

Моңғолиядан табылған түрік ақсүйегінің бюсті

Көне түріктердің руникалық жазуындағы хат. Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы V–IV ғасырда алғаш рет түркі сөзі әріппен жазылып, тілдік жүйеміздің негізін қалады.

Ғалымдардың ерекше назарын аударып келе жатқан нәрсе ол: «Жер шарының дөңгелек картасы». Ол 1074 жылы жасалған.Әлемдегі ең ежелгі карта болып табылады. Ғалымдар оны Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-Түрік» еңбегін зерттей отырып тапқан. Еңбекте сонымен қатар ХІ ғасырда өмір сүрген түрік тайпалары жайлы құнды мәліметтер берілген.

Күлтегін ескерткіші дәл жасалған көшірме болғанымен, біз үшін баға жетпес құндылық болып қала бермек. Түріктердің тәуелсіздігі үшін қан төккен батыр бабамыздың қолы тиген түпнұсқа тастың бір ерекшелігі, ол мұражайдың кіре берісінен орын тепкен. Қолыңды тигізіп айтқан тілегің орындалады деген көнеден жеткен аңыз бар. Егерде аталған мұражайға бара қалсаңыз мұражайға кірер-де бір, шыққанда екінші рет тілек тілесеңіз орындалары бек мүмкін.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Жазу тарихы мұражайы дүйсенбіден жұмаға дейін таңертеңгі 9.00-дан кешкі 17.00-ке дейін жұмыс жасайды. Байланыс номерлері 70-95-00 (ішкі номер 31–138).

Олжас БЕРКІНБАЕВ