Кавказдағы қазақтар. Көзқарас пен кезеңдер
10.06.2014 1957
Кавказдағы Қазақ хандығының тарихы көпшілікке беймәлім.

Жетпіс жыл бойы социалистік жүйе мен колхоз құрылысын дәріптеп, осы еңбектеріне доктор, академик атағын иемденген Қазақстандық тарихшылар, еліміз Тәуелсіздігін алысымен комунистерге тән кәсіпкерлікпен, большевиктік қайсарлықпен төл тарихымызға қайта оралып, дау-дамаймен өткенімізді түгендеуге кірісті.

Менің пікірімше отан тарихын зерттеу кенжелеп қалған секілді. Кең ауқымдағы ойлар жетіспейді. Оқулықтарға көз жүгіртсек — әр түрлі тарихи оқиғалар мен Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайы, мемлекетаралық байланыстар жайлы, ақпаратқа көзіміз сүрінеді. Осының әсерінен бәлкім әдебиет кенжелер, әлемді бағындыратын батыр — саяхатшы бейнесі болмас. Бұл посткеңестік елдердегі тарих ғылымында кездесер құбылыс. «Жеріңді сақтағың келсе, тарихыңды түзе» деген сөз бекер айтылмаса керек.

Жақында ғана Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Арменияны Кедендік одаққа кіргізу жөніндегі ұсынысы ресейлік және армяндық БАҚ тарапынан жедел түрде сынға ұшырады. Басып алынған Қарабақ мәселесі жауапсыз қалды. Қазақстан үшін бұл мәселе түркілік ынтымақтастық емес, кавказ аймағымен тарихи байланыс болып табылады. Тек қана тарихи емес, рухани құндылық тұрғысынан кавказ аймағы біз үшін маңызды.

Түрік-оғыздардың Сырдария жағалауларынан Батысқа көшуі, жол бойындағы халық этногенезіне айтарлықтай әсер етті. Ізінше түрік-қыпшақ көші өз жалғасын тапты. Бұл жер-су атауларына да әсер етпей қоймады. Мәселен Әзірбайжанда Алматы облысындағыдай Үржар атау бар. Ауыл атаулары Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының сыңары іспеттес. Бірнеше жыл бұрын Арменияда Қыпшақ деп аталатын ірі елдімекен болған. Бүгінгі таңда оның атауын өзгертілген.
Бірақ мені бәрінен бұрын Әзірбайжандағы Қазақ деп аталатын қала мен аудан және Армениядағы дәл осы аттас өзендер топонимі қызықтырды. Кеңестік кезеңде Кавказдағы «қазақ" атауы орыс казактарының арқасында пайда болған деп қабылданды. Алайда қай тарихта болмасын қайдағы «кавказдық казактар» әрмен қарайғы Кубань жерінде болғаны жайлы сөз қозғалмайды.

Заманында Қазақ Ордасы Кавказ аймағында танымал болған. Танымал қазақстандық кәсіби жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин «Х ғасырда түрік-қыпшақ тайпаларының басым көпшілігі Атырақ ханның басшылығымен, Кавказдың дәл ортасындағы Армения мен Грузияның арасындағы Куры өзенінің жоғары, ағысындағы жазық жерге қоныстарын тігеді» деген пікірде. Арғықазақтар — дербес ұлыс Қазақ хандығының жалауын көтереді, Византиямен достық қарым-қатынас орнатып, арабтармен соғысады, сондай, ақ туысқан оғыздармен одақтасады. Хандық грузин-картлий патшалығымен жағаласа жүріп 150 жыл өмір сүрді. Алайда кавказдық қазақтар оғыз туысқандары секілді өзара тіл табыса алмай Иранннан жеңіледі.

Орта ғасырлық жылнамашы 1160–1233 жылдары ғұмыр кешкен ибн әл-Асир өзінің «Тарих әл-Камиль» деген еңбегінде Кавказдық қазақтардың аймаққа қосқан саяси үлесі жайлы былай деп жазады: «Моңғолдар қыпшақ жерін басып алысымен, соңғылары орыс жеріне, бір бөлігі тауға, басым бөлігі Дербент пен Ширванға бет түзеді… Гянджа әмірі оларға өз әскерін жіберіп олардың өз аумағына келуіне кедергі болды…қыпшақтардың алдыңғы шептегі жер қайысқан қалың әскері гүржілерге(грузиндерге) шабуыл жасап оларды шегінуге мәжбүр етіп, көптеген адамдарды тұтқынға түсірді. Осыдан кейін қыпшақтар Килькун тауына оралып, өмірлерін жалғастыра берді».
Жүре келе қыпшақтар туысқан, тілі мен діні бір оғыз халқына сіңісіп кетті. Қазір Әзірбайжан жеріндегі бұл өңір Қазақ ауданы деп аталады. Өзінің қазақы қалы кілемдерімен танымал бұл өңірдің кілемдері қазақы кілемдердің дәл көшірмесі болып табылады.

Қазақы қалы кілем

Қыпшақтардың келуін еске түсіретін көптеген ескерткіштер Арменияда әлі сақталған. Соңғы жылдары, олар жойыла бастады. Әсіресе жазба ескерткіштер. Маған Армениялық қыпшақтардың ұрпақтары тағылықпен талқандалған көне балбал тастардың суреттерін жіберді. Кавказ аймағының балбал тастарында тек қана адамдарды емес, олардың жылқылары мен ер-тоқымдарын, үзеңгілерін бейнелеуімен ерекшеленеді. Бүгінде олар келмеске кетіп жойылуда. Ресми Қазақстан осы балбалдарды Армениядан сатып алса өте дұрыс болар еді.
Бакудегі Қыз мұнарасында балбал ескерткішке ұқсас статуяда, қыпшақ бейнесі қанық бейнеленген. Жанындағы мазарлар құлпытасқа ұқсас.

Арменияда түрік-қыпшақтар кезеңін басқаша түсіндіреді: «ХVІ ғасырда парсы шахтары өз тылында жиі бас көтеретін армян, грузин секілді христиан дініндегі халықтардан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін армян даласына қазақ тайпалары мен шамшадин татарларын қоныстандырды. Бұрынғы армян атаулары жаңадан келгендердің атауларымен атала бастады»(«Republic of Armenia, Tavush Region, History», tavush.am/history).

Армяндық нұсқаның бұлай түсіндірілуі заңды да, бұл елдегі түрік тектерін басқаша қалай түсіндіруге болады? Армян жеріндегі түрік топонимдері мен тарихи ескерткіштердің пайда болуын қалай түсіндірген жөн? Армян ескерткіштері сақталмаған да. Ал Хангельдян, Карабалян, Джанибекян, Карапетян тектерін тарқата түсіндіре кетсек осының өзі талай сырды ашып тұрған жоқ па? Басқа көптеген мысалдарды келтіре кетсек болады. Мәселен жиі кездесер Казахецян және Казахян деген тектер.

Жергілікті түрік-қыпшақтарды армяндандыру жұмысы 1801 жылы Арменияның солтүстік Лори, Қазақ, Шамшадин аудандары Грузиямен бірге Орыс мемлекетінің құрамына кіргеннен басталған. Дәлірек айтсақ әлі көп уақыт өте қойған жоқ.

Әзірбайжандық нұсқасында кейбір дереккөздеріне сүйенген тарихшылар «қазақ" топонимін заманында Исмаил шах Сефеви жер бөліп берген «казахлу» деп аталатын оғыз тайпаларына жатқызады. Дәлірек айтсақ екі нұсқада да аздаған ұқсастықтар баршылық. Басқа Әзірбайжандық тарихшылар қыпшақтық шығу тегіне тікелей алып келеді. Ендігі бір нұсқада Әзірбайжандағы «қазақ" политонимі Қазақстаннан бұрын пайда болған деп көрсетіледі.

ХVI ғасырға тиесілі соңғы бір қызықты мәліметтерде өзбек ханы Убайдулла хан қазақ ханы Қасымнан Исмаил шахқа қарсы күресу үшін көмек сұраған деседі. Қасым өз ұлы Әбілхайырды бас қылып, Исмаил шахқа жібереді, алайда Исмаил олардың тас-талқанын шығарады. Жейхұн өзеніне қарай шегінген әскерлер өзен жағалауына келген кезде, Убайдулланың адамдары паромды өздерімен бірге алып кетеді. Отыз мың адам арғы бетте қалып кетіп, тұтқынға түседі.

Осы тұтқындар әзірбайжандық қазақтар болуы мүмкін деген болжамдар да бар.
Бұл нұсқа қаншалықты шындыққа жанасымды, бірақ мұндай оқиға орны болуы тиісті. Қазақ руына есімі бір, 1336–1431 жылдары Оңтүстік (ирандық) Әзірбайжанды билеген Жалайырлар әулеті секілді аз зерттелген. Осы арада дәлелденбеген бөлек-бөлек Оңтүстік Әзірбайжанда «қазақ" есімді көшпелі тайпаның болғаны жайлы мәліметтер бар. Бізге белгісіз әзірбайжандық «қарапапах» субэтносын қазақша «қарабөрік» деп жиі атайды.

Мұхтар Мағауин «кавказдық қазақтардың ерлікке толы тарихы мен трагедия тұтасқан тағдыры біздің әдебиетте өз орнын тапқан жоқ, ешкім олардың өнер ескерткіштері мен, көне заман әдебиетінің үлгісін зерттемейді» деп бекер жазған жоқ.

Туысқан Әзірбайжан жерінен бөлек Кавказ аймағының басқа жерінде «Қазақ" деп аталатын жер атауы бар. Онда бар қазақ түсінер «тұмар», «егар» т.б сөздері кездеседі. Кавказда дайындалатын хинагалды ол жерде «яйма(жайма) хянгал» деп атайды.

Ол жерде танымал әскер басылар дүниеге келді. «Орыс артилериясының құдайы» деп танылған Али Ага Шихлинский осында өмірге келді. Оның әкесін Исмаил Казах-оглы деп атаған. 

Нигяр Гусейн Эфенди-қызы

Аты мәшһүр артилерия генералының әйелі Нигяр Гусейн Эфенди-қызы өз еркімен жұмысшылар батальонындағы қазақтар емделетін госпитальдарға барып, үйлеріне қазақша хат жазып беріп отырған.

Фаррух-ага Мамедкарим-ага-оглы Гаибов -бірінші әзірбайжан әскери ұшқышы Қазақ ауданының тумасы

Қызықты дерекке көз жүгіртсек, отырықшы елдерде атты әскер элита болып саналған. 1914 жылы Ресей империясында элиталы Кавказ түземдік атты әскер дивизиясы (Тағылар дивизиясы) құрылды. Бұл атты әскер құрамында әзірбайжан атты әскер полкы болса, оның үштен екі бөлігін қыпшақтар ұрпағы тұратын Қазақ уездінде жасақтады. Бұлай болуы тиіс еді, себебі ат үстінде туылған қыпшақтар ұрпағы еді ғой олар.

Ресей империясының құрамына кіргелі Қазақстан мен Әзірбайжанның ара-қатынасы өте әлсіз болды. Маңғыстаудағы қазақтардың Дербент пен Астраханьнан келер Әзірбайжан командаларын тонау әрекеттерін санаудың қажеті жоқ.

Әріптестік қарым-қатынас Ресей империясының өзге ұлттары Мемлекеттік Дума жұмысына қатысу құқығын алғанда ғана жолға қойылды. Сол кезде ғана Мұсылман фракциясының жұмысы аясында қазақ әзірбайжан интелигенциясының арасында байланыс орнатылды. «Алаш» пен «Мусават» партиясының ұстанымдары тоқайласатын еді. Бұрынғы Түркістан республикасының премьер-министрі Мұстафа Шоқай большевиктерден бассауғалағанда бірінші баспананы Бакуден тапқан еді. Қоқандағы қырғында (40 мыңға жуық қазақ, өзбек қаза болған), тек қана большевиктер болмаған, Коминтерн төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың мәліметтері бойынша армян ұлтшылдық ұйымы «Дашнак цутюн» сарбаздарыда қанды қырғынға өз үлестерін қосқан.
Бірінші дүние жүзілік соғыс барысында көптеген қазақтар Кавказ бағытындағы жұмысшы батальондарына жіберілген. Бұл кезең Әзірбайжан мен Қазақстан тарапынан әлі зерттелген жоқ. Әзірбайжанды большевиктер мен британдықтардан, дашнактардан азат еткен Нұри пашаның ерікті армиясына қатысқан қазақтар әлі өз бағасын алған жоқ. Бұл армияның құрамына жұмысшы батальонының бұрынғы жұмысшылары да кірген.

1926 жылдың 26, ақпанынан 6 наурызына дейін Бакуде Бірінші Түріктану конгресі болды. Іс-шараға Қазақстанды қосқанда бүкіл түрік әлемінің ғалымдары қатысты. Бірыңғай терминология қажеттігі жайлы Ахмет Байтұрсынов сөз сөйледі. Бакуде түрік халықтарына қажет латын әліпбиін таңдау жайлы қарар қабылданды. Қазақ әліпбиі Әзірбайжан әліпбиінің негізінде қабылданды. Бұл түріктану конгресінің басы әрі соңы болды. Барлық қатысушылары НКВД түрмесіне тоғытылып, адам төзбес азаптаулардан соң атылып кетті. Қазақтар мен әзірбайжандарға, басқа да түрік тектес халықтарға — кириллицаны күштеп таңылып, жалпыға ортақ фонетикалық символдарға әр түрлі әріп ойлап табылды.

Шындығына келсек КСРО туысқан халықтардың байланысын құп көрмеді. Алайда кішігірім байланыстар болды. Әзірбайжандықтар айтпақшы О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабының шығуы маңызды рөл атқарды. Тиым салынған бұл кітаптың Бакудегі танымалдығы сондай, кітапты жаңа машинаға айырбастаймыз деген хабарландыру жайлы, аңыз пайда болды.
Әзірбайжан халқының ұлттық көсемі Гейдар Әлиевтің ұзақ жылдар оққағары болған Осман Жапаров (Госман Жапаровтың) ұлты қазақ болды. Г.Әлиевтің өзі қазақтарға деген ыстық ықыласын жасырмайтын еді. 1986 жылы Алматыда жастарға жасалған қанды қиянатта, ЦК КПСС Саяси бюросының мүшесі ретінде М.Горбачевті өткір сынға алған болатын. 1987 жылы Г.Әлиевтің Саяси бюродан шығарып, зейнетке шығарып салады.

Алайда Горбачевтің кетуіне-де көп қалған жоқ еді. Кеңес Одағының іргесі 1986 жылғы желтоқсаннан соң ақ шатқаятай бастады. Мәскеу билігіне қарсы әрекеттер барлық аймақты шарпып жатты. Қарабахта Армения мен Әзірбайжан арасындағы ұзаққа созылған қанды қақтығыс басталды. Екі жақтан да шығын аз болған жоқ.

Бұл соғыста Қазақстан ерекше көзге түсті. Гаик Демоян «Түркия және Қарабах қақтығысы» деген монографиясында 1992 жылы Қазақстанда Қарабахқа ерікті болып 300 адам жазылып, 30 еріктінің көмекке барғаны жайлы жазды. Қаржылай көмекте жиналды. Арменияның бұрынғы басшылары бір сұхбатында «Әзірбайжан тарапынан бұрынғы Кеңестік елдердің көптеген қарулы топтары «пайдаланылды» деді. Бұл сөзді көптеген насихатшылар іліп әкетті. Мысал ретінде Игорь Мурадян, ресейлік БАҚ тегін Минасов деп өзгертті.

Әзірбайжанда болғанымда Кеңес армиясы қатарындағы этникалық қазақтар жайлы көп естідім. Олар түнде туысқан халыққа қарсы соғысқысы келмей түнде командирлерінен кетіп қалған деседі. Бұл жайлы ресми мәлімет жоқ. Түріктектес(түрік, қазақ, өзбек, гагауз) еріктілердің Қарабах соғысына қатысқаны жайлы түрік тілшісі Ардан Зентюрктің кітабында жазылған. Мұндай жазбалар армян газеттерінде-де жарық көрген еді.

Аймақта бейбітшілік орнату Қазақстанның сыртқы саясаттағы бірінші акцияларының бірі болды. 1991 жылы 22 қыркүйекте Қарабахқа арағайындық миссиямен ҚР Президенті Н.Назарбаев барған болатын. Ол қалың қақтығыс пен көтеріліс ошағы Степанкертте-де (Ханкенди) болды. 23 қыркүйек күні ҚР мен РФ Президенттерінің тікелей араағайындық етуімен Железноводскде екі тарапты бейбітшілкке апарар коммюникеге қол қойылды.

Алайда 1991 жылы 20 қарашада Қаракенд ауданында бортында қазақстан мен ресей бейбітшілік тікұшақ атып құлатылды. ҚР ІІМ орынбасары генерал-майор Санжар Серіков қаза тапты. Әзірбайжан жауапкершілікті Армения тарапына жүктеді, ал Армения ұшу аппаратының құлағаны жөнінде мәлімдеді.

Сонда да, Қазақстан Әзірбайжнның аумақтық тұтастығын жақтау тұрғысында қалады. Ресми Астана ЕҚЫҰ төрағалық еткенде бұл мәселені шешуге тырысты. 2013 жылы түркітілдес елдердің Габалада өткен саммитінде түркітілдес елдердің әріптестік Кеңесінің қорытынды декларациясында «армян-әзірбайжан қарабах қақтығысы аймақтағы тұрақтылық пен әріптестікке кедергі келтіріп отырған ең үлкен мәселе» деп атап көрсетілді. Құжатта саммитке қатысушылар «Халықаралық деңгейде мойындалған Әзірбайжан шекарасындағы қақтығысты бейбіт түрде шешу» қадамдарын құптайды делінген.

Елбасы Н.Назарбаев сол себепті де Арменияның Кедендік Одаққа қатысуын, Қарабах мәселесіне байланысты шектейді.
Кавказдағы бейбітшілік Қазақстан үшін тиімді, себебі еуропа нарығына көмірсутегі мен мұнай өнімдерін аймақ арқылы ешбір қиындықсыз өткізу үшін. Сол үшін-де ресми Астананың аймақтағы саяси процестерге қатысуы заңдылық та.

Асқар ОМАРОВТЫҢ «Казахи Кавказа особое на то мнение» атты «Мәңгілік Ел» журналына шыққан мақаласы, аударған Олжас БЕРКІНБАЕВ