Тарихы терең Қазақстан полициясының жаршысы
23.06.2014 2900
Қазақстандық полицияның жаршысына айналған «Сақшы» газетінің жарық көре бастағанына биыл — 81 жыл.

Сексен бір жыл елдің алдына шығып салиқалы, ақыл айтар қарияның жасы, сексен бір жыл «елу жылда ел жаңа» дейтін сөздің ақиқатына көз жеткізер жаңаруларға куә болар кемел жас. Міне, биыл осындай сеңгірлерден өткен «Сақшы» оқырмандарына сексен жылдың тарихынан сыр шертер күнге-де жетті.

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ведомстволық «Сақшы», «На страже» газеттері — 1933 жылдың мамыр айынан бері жарық көріп келе жатқан еліміздегі көне басылымдардың бірі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары еліміздің өміріндегі ең бір ауыр кезең болғаны жасырын емес. Кеңес өкіметінің елді жаппай колхоздастыру ісіне белсене кіріскен кезең еді, қоғам өміріндегі бұл өзгерістің қазақтарға оңай сақпағанық. Ен даланы ен жайлап өмір сүрген ел үшін бір колхоз болу «бір тарының қауызына» сыйғанмен бірдей күй кешті. Осындай аласапыран кезде мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауға жұмылған милиция қызметкерлерінің еңбегі ерен болды. Бандитизм мен кулактарға, мал ұрлығы мен барымтаға қарсы күрес, сауатсыздықты жою және ауылдарды қайта құру, мемлекеттің мүлкін ашкөздерден сақтау және еліміздің тыныштығын күзету жолындағы сақшылардың жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыратын газет алғашында «SAQCЬ» — «Страж» деген атпен шықты. 1933 жылдың қаңтар айында өлкелік газет болып шыққан ол Өлкелік милиция басқармасы саяси бөлімінің органы болды. Газет әр жылдарда әр түрлі атпен жарық көрді. «На страже», «Қазақстан милициясы» секілді атаулармен шыққан газет 1970 жылдары жабылып қалады. 

Оның бір себебі — сол жылдары Ресейдің әрбір ішкі істер органында осы тектес газет болыпты. Ал, Грузияда тіптен, ІІМ ведомстволық газетінің тиражын көтеру үшін «гаишник» әрбір тоқтатқан көлік иесінен басылымға жазылған-жазылмағанын сұрап, жазылмаса жүргізбей қояды екен. Сөйтіп, газеттің тиражы миллионға дейін жеткен. Бұл сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Л.Брежневке жеткен-де, көбін жауып тастаған. Сол қосақтың арасында біздің «Сақшы» да кеткен сияқты. Содан газет араға он жыл салып, яғни 1982 жылы біра-ақ шығады. Сол кездегі газет редакторы Анатолий Захарович Черепанов өз естелігінде газеттің шығу тарихын баяндағанда: «Ол кезде Ішкі істер министрі генерал-майор Андрей Платаев болатын. Мені редактор етіп тағайындай салысымен „ертең бірінші санын шығарыңдар“ деп бұйрық берді. Мен қарқылдап күліп, „бізде не қағаз, не журналист жоқ әлі, қалай шығарамыз“ десем „қазір журналистер табамыз“ деді залға қырық шақты адамды жинап әкелді, бәрі шетінен капитан, майор, полковник. Бәріне мақала жазыңдар деп тапсырма, бердім. Біреуі жаза алмайды. Министр сонда ғана журналист деген мамандықтың ауыздықтауға көнбейтін мамандық екенін түсінді», — дейді.

А.Черепановтың тұсында газет Ленинград, Москва, Киевтегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрған. Соның арқасында ол қолдан қолға тимей оқылатын газетке айналған екен. Ол туралы да Анатолий Захаровичтің естелігінен оқыдық. «Арада жарты жыл өткен соң Д.Қонаевпен кездесудің сәті түсті. Ол қолын алға созып, жұдырығын түйіп, бас бармағын шошайтып „На страже“ — керемет газет» деді. Одан біз «газетімізді Қонаев мақтады» деп жарты күн тойладық».
Ал, таңымыз орыс тілімен ғана атып, тауығымыз орыс тілімен ғана шақырып тұрған кезеңде бұл газеттің қазақшасын шығару оңайға түскен жоқ. 

Қазіргі «Сақшының" негізін қалауға аямай тер төккен азамат — Базарбай Исаев. Ақындығы мен жазушылығы қатар жүрген, ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып полковник шеніне дейін жеткен марқұм Базарбай Исаев «Сақшы» газетінің 3 мыңыншы санына байланысты жарық көрген сұхбатында «он жылдай уақыт бойы тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан „На страже“ газетінің бір бетін қазақша шығаруға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдаған екен. Сол бетті шығару үшін мені шақырды. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Эрнст Өмірзақұлы Басаров болатын. Қазақша бетті шығару сол кісінің бастамасы еді…міне, сөйтіп 1990 жылдың қыркүйек айынан бастап газеттің бір беті қазақша „Сақшы“ болып шыға бастады» деген болатын. Б.Исаев тіліміз мемелекеттік тіл мәртебесін алған тұста жеке қазақ газетін шығару туралы ұсыныс жасап, талай шенеуніктің табалдырығын тоздырады. Бірақ, оның ұсынысын сол кездегі Ішкі істер министрі М.Берсенов қолдағанымен, редактор А.Черепанов «қаражат жоқ" деген сылтаумен игі бастаманы артқы жылжыта береді. Осы тұста министрдің бірінші орынбасары болып Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов тағайындалады. Сол кісінің арқасында қазақ газеті тіркеуден өтеді. «Сақшы» газетінің Баспасөз министрлігінде тіркелгенін естіген М.Берсенов қатты ашуланыпты. Соған қарамастан 1992 жылдың наурыз айында министр кезекті еңбек демалысына кеткенде уақытша міндетін атқарып қалған Қ.Сүлейменов Базарбай Исаевты газетке редактор етіп тағайындайды да, сәуірден бастап газеттің төрт беті орысша, төрт беті қазақша шыға бастайды. 1998 жылы қазақ тілінде жеке «Сақшы» газеті жарық көре бастады. Содан бері аталған газет өз алдына жеке басылым жауапкершілігін абыроймен арқалап келеді.

«Сақшы» газетінің журналистері кезінде иығына погон таққан офицерлер болатын. Басшылар және тілші деген штат бірлігі аттестатталған лауазым еді. Соның арқасында талай журналистер офицер атанып, қазір олардың алды отставкіде. Мысалы, газет басшылары Базарбай Исаев пен Әбдіжамал Сапарқұлов полковник, Ардақ Айменова майор, Жұмагүл Сәтмұхамбетова (Әбдікәрімова), Көбейхан Нұрахмет (Мурзакулов) пен Кентай Алдырбаев подполковник шендеріне дейін жетті.
Газет тігінделерін, ақтарсақ, Қалижан Бекхожин, Василий Копытин, Константин Тарасов, Алексей Кондратский сынды редакторлардың есімін кездестіреміз. «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы редакторы Анатолий Логинов, «Правда» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, жазушы Альберт Штульберг, «Экспресс К» басылымында жауапты хатшы болып қызмет атқарған Вадим Борейко да осы басылымдарда еңбек еткен.

Базарбай Исаев, Әбдіжамал Сапарқұлов, Рысбек Үркімбай, Лариса Броватая, Токнияз Кучуков, Азамат Байғалиев, Ольга Медведева, Борис Гиллер, Ольга Фоменко, Мая Агибаева, Владимир Нонкин, Владимир Демидов редакторлық жасаған тұста «Сақшы-На страже» тәртіп сақшыларының рухани серігіне айналды. Оқылуға жеңіл, мейілінше қызықты материалдар беріліп тұрды. Сондай-ақ, газетте белгілі жазушы Нұрғали Ораз, танымал, ақын Әлібек Шегебаев, журналистикада өз қолтаңбасымен орнын белгілеген Сәкен Сыбанбай, ақын-журналист Нұржан Қуантайұлы еңбек етті. Шағын басылым талай жас тілшілердің қанатын қатайқан «алтын ұя» мектеп болды. Айнаш Көксегенова, Әділет Ыдырысов, Шалқар Естенов, Гүлжан Айнабекова секілді бірталай білікті журналистер қызмет атқарды.

Алмас САДУБАЕВ, «ҚР Ішкі істер органдарының медиа орталығы» ЖШС Бас директоры