Тарихи нысандарды қалпына келтіру оңай емес
25.07.2014 2406
Қанат Тұяқбаев «Қазқайтажаңғырту» РМК Бас директоры

–Қанат Қымызұлы тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру бағытында, «Қазқайтажаңғырту» мекемесі қандай маңызды жұмыстар атқарып келеді?

–1996 жылдан 2006 жылға дейінгі аралықта елімізде 56 ескерткіш қалпына келтірілді. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерей тойына «Әзірет-Сұлтан» мұражайының Тарихи-мәдени аумағындағы 20 ескерткіш, мысалы, Шығыс моншасы, 19 ғасыр Мешіті, Халуат, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі және т.б. Тараз қаласының 2000 жылдық мерей тойына «Ежелгі Тараз ескерткіштері» Тарихи-мәдени қорығының аумағында 10 нысан қайта қалпына келтіріліп, тапсырылды, «Қарахан», Шамансұр, Бабаджы Қатын және т.б. кесенелері. Алматы қаласы бойынша кәсіпорынмен қызмет барысында 15 нысан қалпына келтірілді.

Қалпына келтіру дегеніңіз бір-екі жылда біте салатын оңай шаруа емес. Бұл жерде ғылыми-зерттеу жұмысы мен қайта қалпына келтіру қатар жүріп отырады. Өйткені қайта қалпына келтіру кезінде кесенелер мен басқа да тарихи нысандарды жаңғырту кезінде басқа да қосымша жұмыстар жамала береді. Соның есебінен бір жылдан бес жылға дейін созылады. Көп жұмыс қолмен істеледі. Көне құрылыс заттарын зерттеп дайындау бір жұмыс, жобалау жұмыстарын дайындау процесс барысында ғана анықталады. Қалпына келтіру жұмысы біткенде жобалау жұмысы да бірге бітеді. Жаңа құрылыста алдымен жоба сосын құрылыс болса бізде керісінше. Білдіңіз бе? Мысалға алсам Бөкей ордасындағы Жәңгір ханның ордасын қалпына келтіру 9 жылға, VIII ғасырдың бірінші жартысында іргесі қаланып, әлі құпиясы ашылмаған, Ақыртас археологиялық кешенін қалпына келтіру 6 жылға созылды. Оның өзінде жұмыстың төрттен бірі ғана бітіп, ашық аспан астындағы музейге айналдырып, туризм құрылымына қарамағына бердік. Айша бибі кесенесін қайта келтіруге он төрт жыл уақытымыз сарп етілді. 1991 жылы басталған жұмысты 2005 жылы 24 сәуір күні Елбасының өзі келіп ашты.

2008 жылы Елбасының тапсырмасымен шет елде жүріп қаза тапқан қазақ зиялыларының құлпытастарын қалпына келтіру жұмыстарының негізінде Әбу Насыр әл-Фарабидың жатқан жері анықталып, басына кесене тұрғызылды.                                                                                                       

1260-1277 жылдары Сирия, Ливан, Иордания, Египет елдерін билеген Бейбарыс сұлтанның көзі тірісінде соққызған мешіт, кітапхана, медресе, кітап қорлары орналасқан кешен қайта жөнделді. Қайтыс болғаннан кейін кесенесі осы құрылыс нысандарының қасына тұрғызылады.

Бұл жерге сонымен қатар 1279 жылы қайтыс болған Бейбарыстың ұлы әл-Мәли Саид Берке хан да жерленген.

Бейбарыс сұлтанның кесенесі

Осы жерде екі жарым жылдай жұмыс істеп, толық қайта қалпына келтірілді. Кешенді екі ел арасындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен Сирия мемлекетінің Араб тілдері академиясының пайдалануына өткіздік.
әл-Фараби бабамыздың Тақлия әл әл бейт қорымының ең шетінде жерленгенін ғалымдарымыз анықтады. Ұлы ғалым кесенесін қалпына келтіруде Елбасымыздың шешімі әрі Сирия президенті Башар Асадпен келісім жасалды. Сол маңда орналасқан 48 үйге пәтер беріліп, көшірілген соң 20 мың шаршы көлемдегі 6 мың шаршы метрдегі этно-мәдени кесененің құрылысы анықталды. Толық қайта қалпына келтіріп, 4 экспозициясы бар зал құрдық. Экспозициялар тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері мен әл-Фараби өмірі мен еңбектеріне, еліміздің бас қаласы Астана қаласының тарихына арналды. Оқу — дәріс залы, шәкірттер жататын жатақхана, сыйлы кісілер қабылданатын салтанат бөлмелері толық анықталып, пайдалануға берілді. Сирия еліндегі жағдай түзелген соң, екі ел арасындағы келісім-шарттың 6 тармағына сай нысанның қай елдің қарамағына берілетіні шешілмек.

Дамаск қаласындағы әл-Фараби кесенесін қалпына келтіру жұмыстары

–Тарихи нысандарды қайта қалпына келтіру барысында қандай тарихи деректерге сүйенесіздер?

– Архивтердегі ғылыми құжаттарды зерттеп, ғалымдарға сенім артамыз. Сонымен қоса біздің сәулетшілеріміз бен құрылысшыларымыз Санкт-Петербург, Мәскеуден табылған деректерге сүйенеді. Тұмшалау (консервация) жоспарлау жұмыстары да дәл осылай тарихи құжаттарға иек арта отырып жүргізіледі. Сонымен қатар көнекөз қарттар мен ел аузында сақталған, аңыз әңгімелерді-де назардан тыс қалдырмаймыз.

Айша бибі кесенесінің үлгісі

– Көне заманнан жеткен кесенелерде сыры бізге беймәлім заттар баршылық. Мұндай заттардың орнын қалай толтырасыздар?

– Бізде көне құрылыс заттарына арналған біршама дерлік ғылыми кітаптар жетерлік. Сосын күйдірілген, саман қыштар мен әр түрлі тастарды әзірлеу жөнінде көмек көрсетер құнды-құнды құжаттарымыз бар. Құрылыс заттарын жұмыс барысында зерттеп, шет елдермен тәжірбие алмасамыз. Эксперимент жасаудан да кет әрі емеспіз. Екі-үш жыл сайын талдап барып әр заттың құпиясына терең үңілеміз.Әрмен қарай осы заттарды өндіріске енгіземіз. Мәселен Айша бибі кесенесінің соңғы 4 жылында 35 шебер 70-ке жуық қыш түрін дайындап, 70 мың қаптама қышты қолмен құйды. Бір қышты дайындауға 7–8 күн уақыт кетеді. Қыш табиғи түрде кебеді сосын электрмен күйдіріп ең соңында, ағаш шоғына күйдіреміз. Оған да анау-мынау, ағаштар емес алма, тұт, қарағаш, арша секілді қатты, ағаштар ғана жарайды. Олардың өзін жергілікті жердегі ауылшаруашылық басқармаларымен келісе отырып, арнайы алдырамыз. 

Сұхбатыңызға рақмет!
Олжас БЕРКІНБАЕВ