МҰСТАФАНЫҢ СӘУЕГЕЙЛІГІ
08.11.2016 2289
Саяси қайраткер Мұстафа Шоқайды еске алуға ұзақ уақыт бойы тыйым салынып келді. Тек 80-шы жылдардың аяғы, 90-шы жылдардың басында ол туралы мәліметтер жарыққа шыға бастады, сол деректерге үңілсек ....

1993 жылы Мұстафа Шоқай-оғлының «Түркістан Кеңес билігінің астында. Пролетариат диктатурасының сипаттамасы» атты кітабы қайтадан басылды. Мұстафа бұл кітабында большевизмнің империалистік болмысын әшкерелейді. Кеңестік ғалым, дәлірек айтқанда цензура бұл адамдардан бекер қорықпаған екен. Олар шындықты айтты! Ол Кеңес үкіметінің Түркістандағы қызметін батыл әшкереледі, оларды өсек айтты немесе әділетсіз болды деп кінәлау қиын. Отанынан жырақ жүрсе де, ол елдегі болып жатқан барлық оқиғаларға зер салып отырды, Түркістандағы жағдай туралы жазды. Оны жалған сөйледі деп айыптады, бірақ, большевиктердің бақытсыздығына орай, ол оқырмандарды большевистік құжаттармен сендірді. Түркістан халқы тоналды және барлық жағынан құлдыққа салынды дегенді айтқанда Тұрар Рысқұлов пен Сорокиннің мәтіндеріне сүйенді.

Бұл қызметкерлер Түркістан өмірінде маңызды рөл атқарды. Т. Рысқұлов Түркістан ОАК төрағасы, РКФСР Халық комиссарлары комитеті төрағасының орынбасары болды, ал оның кітабы Тәшкенттегі Госиздат баспасынан жарық көрді. «Правда Востока» деген Тәшкенттегі большевистік газетіндегі дәйексөздері, «За партию» большевистік журналы және басқалары негізінде М. Шоқай Түркістанда шынайы ұлтшылдық отарлау әдістері қалайша қолданылатынын көрсетті. М. Шоқайдың кітабы француз жұмыс делегациясының мүшелерінің Қазан төңкерісінің Х жылдығын тойлау үшін Мәскеуге және Түркістанға барғанынан басталады. Қонақтардың «Түркістанның ұлттық республикаларында» көрген және тіпті көрмеген нәрселерінен ерекше тәнті болғандарына күмәнданудың қажеті бар ма. Өздерінің әсерлерімен олар «Правда Востока» тәшкенттік газетінің қызметкерлерімен бөліседі және олар туралы КСРО-дан кетпес бұрын шығарған ерекше декларациясында жазады.

Осы «декларацияда» француз делегаттары «барғысы келген жердің барлығына барғандарын» және оларға «толық еркіндік берілгенін» жазады. Осылайша олар өздерін Түркістандағы кеңестік ұлттық саясатты шынайы жариялауға мүдделі әділ бақылаушылар екендігіне сендіргісі келгенге ұқсайды. Бәрінен бұрын бір ескерту ойымызға келіп тұр. Олар тілін мүлдем білмейтін және осы уақытқа дейін олар туралы ештеңе білмейтін елде «өздеріне ұсынылған толық еркіндікті» қалайша қолдана алды? Француз делегаттарының алған әсерлерінің бірнеше түйінін келтіре кетсек: - Біз,-дейді делегация мүшесі Шемино мырза, - жас кеңестік Өзбекстанда жергілікті халық өзін өзі басқаратынына көз жеткіздік. Біз жүргізген анықтамаларға сәйкес, барлық мемлекеттік органдарда басқарушы құрам негізінен жергілікті халықтан тұратынын көрдік.

Ал делегацияның басқа мүшесі сириялық Али-Мира кетпес бұрын жұмысшы өзбекке француз тіліндегі хат қыладырады: "Мен өзімнің бауырластарымның Кеңес елінде капитализм билік құрған елге қарағанда әлдеқайда бақыттырақ өмір сүріп жатқанын өз көзіммен көрдім». Ақыр аяғында, делегация төрағасы Гаше мырзаның сөзі: «Бізді осында жіберген француз жұмысшыларына кеңес мемлекетінде барлық ұлттардың теңдігі шын мәнінде жүзеге асырылып отырғанын жеткіземіз. Мен оған көз жеткіздім». («Правда Востока». Тәшкент. 1927 жылдың 30.ХI және 2.XII). Мұстафа өзінің еңбегінде партиялық немесе басқа конгрестердің және кеңестік мемлекеттік басылымның хаттамараларынан дәйексөздер келтіреді. Теріске шығарыла алмайтын немесе кеңестік басылымдардың өзі жазған фактілерді келтіреді. Оларды тек мойындап, қабылдау ғана қалады. Бұл жағдайдағы мойындау – оларды әртүрлі етіп түсіндіру мүмкіндігін болдырмау, демек тиісті тұжырымдарда келіспеушілікті болдырмау.

Ал бұл тұжырымдар кеңес билігінің ұлттық саясат теориясы мен ұрандарының оларды Түркістанда жүзеге асыру арасындағы өте үлкен алшақтықта жатыр. Мұстафа және оның пікірлестері «отарлау саясаты» деп аталатын ескі еуропалық жүйенің жақтастары болған жоқ. Бірақ Түркістандағы кеңестік тәжірибе барлық елдердің коммунистері бейберекет таратып отырған революциялық-азаттық ұрандарының адалдығына деген сенімін өлтірді. Ал олардың мәскеу большевиктеріне сенген кездері де болды ғой. Осы кітабында Мұстафа Шоқай сириялықтарға, алжирлықтарға, үнді-қытайлықтарға және басқаларға біздің еліміз кеңес үкіметінің қол астында тап болған тағдырын қайталамауды шын жүректен тілейді. «Мен француз коммунистерін, әсіресе сириялық коммунистерді түркістандықтарды қудалағанына, өлтіргеніне, әйелдері мен балаларын сойғанына баса назар аударуды сұраймын»,- деп жазды Шоқай.

«Қызыл әскерлердің айуандығына тап болу, мәскеу үкіметінің тыңшылары қолымен өлтірілу үшін бір ғана себеп – байырғы түркістандық болуы керек болды». Мұстафа Т. Рысқұловтың айтқан сөздерінен және кеңес баспасының материалдарынан сендірерлік дәлелдер келтірді. Рысқұловтың кітабынан үзіндіде бұл жолы Түркістанның байырғы тұрғындарына қатысты бұрын-соңды еш жерде болмаған «аштық саясаты» туралы сөз қозғалады. Жергілікті ел, дәлірек айтқанда, қазақтар арасындағы аштық туралы айта келе, Тұрар Рысқұлов «Түркістандағы Қазан төңкерісі басшыларының бірі Тоболин Түркістан Орталық Атқару Комитетінің жиналысында қазақтар марксистік көзқарасы бойынша экономикалық әлсіз халық, сондықтан олар бәрібір жойылуы тиіс деп тура айтты» дейді.

«Сондықтан революция үшін қаржыны аштықпен күреске емес, майдандарды қамтамасыз етуге жұмсау керек». «Аштықтан өлген мұсылмандардың саны өте көп, - дейді Рысқұлов». Бірақ ол сандарды келтірмейді. Кеңестік дереккөздер (1919 ж.) бір миллион жүз он төрт мың (1.114.000) деген адам шошырлық санды келтіреді. Мәскеулік «ұлт-азаттық саясатынан» туындаған «ұлттық пассив» осындай. Ал мынау «кеңестік актив». «Өлген адамдар кеңес билігін құтқарды деп айтуға болады, егер де осы миллиондаған ашыққандар келіп, өз үлесін талап еткен болса, ештеңе қалмас еді және олар бәрін төңкерер еді... Сондықтан біз оларды тойдырмасақ та, олар жалпы жағдайды құтқарды дегенді мойындау керек...», - деп жазады Т. Рысқұлов. Мұстафа француз коммунистеріне: "Егер олар, Францияның бақытсыздығына орай, билік басына келсе, «марксистік көзқарас бойынша экономикалық әлсіз халықтар» сириялықтарға, мароккандықтарға, үнді-қытайлықтарға және басқаларына қатысты тура осындай саясатты ұстанады ме екен?

Ал сириялық Али-Мира Сириядағы болашақ кеңес билігі сирия кедейлерінің қайғысы, сирия шаруаларының өлімі арқасында бекіткенін қалайды ма екен? Әнуар Әлімжанов, Мұстафа Шоқайды еске ала отырып, оны ойшыл, ғалым, ар-намыс серісі деп атады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Мұстафа Шоқай жүз жыл бұрын зорлық пен лаңкестікке құрылған кеңес империясының опатын болжады. Мүмкін біздің отанымызда да сәуегей болған болар?

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)