Қазақ-қырғыз облыстарының автономиясына «Алаш» атауы берілсін
09.11.2016 2528
Ақпан төңкерісі және билік басына келген Уақытша үкімет федеративті мемлекет құруға қарай бағыт алды

Жергілікті әкімшілік міндеттері Уақытша үкімет комиссарлары дәрежесін алған губерниялық және уездік земстволық басқармаларының төрағаларына жүктелді. Қазақстанда комиссар болып жергілікті қоғамдық комитеттер таңдаған немесе ұсынған азаматтар тағайындалды. Уақытша үкіметтің 1917 жылдың 7 сәуіріндегі қаулысымен Түркістан комитеті құрылды, оның құрамына Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев, С. Мақсұтов, В. Елпатьевский, И. Щепкин және т.б. енді. Облыс және уезд деңгейіндегі басқарма алғашқы рет қазақ халқының өкілдеріне тапсырылды. Ә. Бөкейханов Торғай облысының комиссары, М. Тынышпаев – Жетісу облысының, ал Досмұхаммедов – Орал облысының комиссары болып тағайындалды.

Ұлттық интеллигенцияның бірқатары жекелеген уездер бойынша комиссарлар болып тағайындалды. 1917 жылдың оқиғалары қазақ мемлекетін демократиялық негізде құруға мүмкіндік берді. Дала өлкесінің тәуелсіздігін жандандыру ұлттық көшбасшылардың негізгі идеясына айналды. 1917 жылдың желтоқсанында ІІ Жалпықазақ съезі қазақ автономиясын құру мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: «Қазанның соңында Уақытша үкімет құлады, сенім әрі моральдық беделі болған Ресей Республикасы биліктен арылды, кез келген биліктің болмауына орай елде азаматтық соғыс туындау қаупі болуы мүмкін еді, анархия ірі қала мен ауылдарды қармай бастады, анархия күні санап өсіп жатты.

Туындап қалған күрделі жағдайдан шығатын жалғыз ғана жол қазақ облыс тұрғындары үнемі мойындайтын күрделі билікті құру болатын» деп Қазақ облыстарының автономиясын құру және оны «Алаш» деп атау қажет деп шешті және бір ауыздан қаулы қылды:

Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;

Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; ...

Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады ...

Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады.

Съезд Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) Ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.

Осылайша, Торғай облыстық қазақ съезінде мынадай қарар қабылданды: «жаңа құрылымды нығайту, тыныштық пен тәртіпті сақтау мақсатында Уақытша үкіметке қолдау көрсету мақсатында жерлерде азаматтық қоғамдық қауіпсіздік комитеттері, ауылдық, болыстық, уездік және облыстық комитеттер құрылсын. Шаруа бастықтарының институтын мезгілі өткен және қазақтарға мүлдем пайдасы жоқ деп дереу тарату және олардың міндеттерін уездік комиссарларға өткізу туралы Уақытша үкіметке ұсыныс жандандырылсын».

Алашорда Қазақстанды тиімді басқаруға барынша тырысқанымен, өкінішке орай, «Алаш» партиясы реформаларды аяқтай алмады. 1919 жылдың 9 наурызындағы Қазақ әскери-революциялық комитетінің бұйрығымен Алашорда және оның жергілікті кеңестері таратылды. Осылайша, 1917 жылдың аяғында пайда болған Қазақстанның ұлттық-демократиялық үкіметі жойылды және онымен бірге қоғам дамуының демократиялық баламасы да жойылды. «Алаш» партиясы кеш құрылды деп ойлаймын», - деді К. Нұрпейісов.

Уақытша Үкіметтің батылсыз және тиянақсыз әрекеттері, тереңдеп келе жатқан социал-экономикалық дағдарыс жағдайында әкімшілік жүйенің қирауы буржуазиялық үкіметтің және анархияның құлауына алып келді. Қазақстан, бүкіл Ресей секілді қанды азаматтық қақтығыс сахнасына айналды. Азаматтық соғыс кезінде Қызыл әскер қоныстанған Қазақстанның әр аймақтарында басқарма ұйымдастыру мәселесі туындады. 1918 жылдың 11 мамыр күні РКФСР-дің ұлт мәселелері жөніндегі Халық комиссариатының Қазақ бөлімі құрылды. Оның жетекшісі болып М. Тұнғаншин тағайындалды. Оның міндетіне қазақ әскери құрылымдарын ұйымдастыру, Кеңестер құру, Кеңестердің жалпы қазақ съезін шақыруға дайындық жасау кірді.

Алаш партиясының басшылығымен Қазақстанда басқару жүйесін ұйымдастыру мәселелері жөніндегі келіссөздерде Мәскеу мемлекеттік биліктің таптық сипатына көндіргісі келді, онымен демократиялық қазақ саяси элитасы келісе алмады. Нәтижесінде большевиктер өңірлерде басқармаларды ұйымдастыру және тиісті кадрларды құру жөніндегі іс-шараларды өз бетінше жүргізді. Алашорда көшбасшыларына қатысты әскери-революциялық комитет қаулы етті: «Кеңес билігіне жанашырлықпен қарайтын қазақтардың және қоныс аударғандардың Алашорданың белсенді қызметкерлеріне қатысты дұшпандық қарым-қатынасын ескере отырып, ревком мүшелігіне және басқа да жауапты жұмыстарға алашордалықтарды ұсынудан бас тартылсын». РКП (б) партиясының билікке келуі мемлекеттік жүйені қалыптастыру қағидаларын өзгертті.

Осылайша, 1917 жылы қарқынды өтіп жатқан саяси оқиғалар аясында Қазақстанда маңызды мемлекеттік қайта құрулар өтті. Қазақ халқы саяси күрестің, мемлекеттік құрылыстың, билікті басқару және ұйымдастырудың мол тәжірибесін алды. 1917 жылдағы демократиялық қайта құрулар жаңа демократиялық негізде қазақ автономиясын құру мүмкіндігін жасады, алайша әрі қарайғы қайғылы оқиғалар бұл мүмкіндікті аяғына дейін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Алашорда көшбасшылары қалаған демократиялық федерализм идеясын большевиктер далада билікке қол жеткізу үшін ептілікпен қағып алды, бірақ сол бетінше қағаз бетінде қалды. КСРО біртұтас мемлекет болды.

Тек 80-шы жылдардың аяғы – 90-шы жылдардың басында ғана орын алған ұлттық егемендік шеруі қалыптасқан жағдайды өзгертті және Қазақстанға өз тағдырын өз бетінше қалыптастыру жөніндегі сан ғасырлық арманын іс-жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)