Шәкәрімнің жаңа суреті табылды
18.09.2014 3167
Шәкәрімнің бүгінгі таңға дейін табылған үш суреті бар. Оның бірі ақынның бүркіт ұстап түскен суреті. Бұл сурет туралы «Шәкәрім қажы деп отырмыз».

«Шәкәрімнің дәл өзі», «Шәкәрімнің ел күмәнданған суреті туралы» деген мақалалар жарық көрген болатын. Елдің күмәндануының басты себебі сурет жарық көрген кітапта «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г» деген ғана жазба болатын. Яғни, Шәкәрім ақын деп жазылмаған. Сол себептен де Абай мұражайы суреттің түпнұсқасын іздестіру жұмыстарын жасап келген.

Ең алдымен қолымызға Федор  Артурович Фиельструптің «Из обрядовой жизни киргизов начала ХХ века» деген Москвада «Наука» баспасында 2002 жылы жарық көрген кітабын алдық. Бұл кітапта қазақ халқы туралы құнды деректер болғанымен одан Шәкәрім суретін кездестіре алмадық.

Фиельструп туралы Кармышеваның мақалаларын тауып, этнограф ізденуші туралы мәліметтер жинастырдық. Осы бағытта Татарстан Республикасы Қазан қаласына ғылыми іссапармен барып, архивтер мен кітапханалардың қорында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Татарстан Республикасының Ұлттық архивінде, Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасында, Қазан мемлекеттік университетінің Н.И.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасында жұмыс жасау барысында Н.И.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінен Шәкәрім суреті басылған кітапты «Очерки  историй этнографий, фольклористики и анропологии. Выпуск Х. Труды института  этногафии им. Н.Н.Миклухо-Маклая. Том 114. Москва, 1988 г.» кездестірдік. Бұл кітапта суреттің Шәкәрімдікі екендігі жазылмаған. Жоғарыда айтқанымдай «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г» деген ғана жазба бар.

Көп еңбектерде Фиельструптің жеке архиві Санкт-Петербургтегі музейлердегі Этнографиялық бөлімдерде сақталды дегенмен де оның Мәскеуде екендігіне көз жеткізген соң, ғылыми зерттеу жұмыстарымызбен Ресей астанасына бардық. Мəскеудегі Ресей Ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология жəне антропология институтының архивінде бір апта жұмыс жасап, этнографтың 10 папка жеке архивімен, түсірген суреттері мен жазбаларымен таныстық.

Шәкәрім суреті де 54 фондыда сақталған екен. Сурет артында «Казахи. Семипалатинский губ.,  семипалат у., уроч Кенбулак, Шакпактас. Шакарім кажи со свойим беркутом. Фиельструп. 1927 г.» деп жазылған.Сонымен қатар Шәкәрім қажы аулының көріністері, қазақтың тұрмыс – салты мен ерекшеліктерін көрсететін өзге де көптеген суреттер табылды.

Бұл суреттің басты жаңалығыбіріншіден түпнұсқа болғандығы, екіншіден фотоның анық Шәкәрімдікі екендігі туралы жазбаның болғандығында. Бұрын қолданыста жүрген Шәкәрімнің бүркіт ұстап түскен осы суреті газет пен кітаптардан көшірме жасалғандықтан анық емес болатын. Сонымен қатар Шәкәрімнің бүркітінің жеке суреті де елімізге алғаш әкелініп отыр.

Үшіншіден Фиельструп архивінен өзге де Шәкәрім ауылында түсірген  құнды фотолар алып келіп отырмыз. Олар – Шәкәрім ауылының сырт келбеті, тұрмысқа қатысты көптеген адамдардың суреттері

Ахат Шәкәрімұлы: «1925 жылдың мөлшерінде, Ленинградтың жоғарғы мектебінің филология бөлімін бітірген Филистров деген орыс азаматы, қасында жоғарғы мектептің оқушысы, жас қазақ жігіті бар, екеуі жайлауда «Қара бұлақ» деген қоныста, біздің ауылға келді.

Бұл Филистров қазақтың әдет-ғұрыптарын зерттеуге шыққан.

Бұлар бір жұмадай жатып, әкейден қазақтың түрлі ғұрыптарын–қыз ұзату, құдалық, жайлы, ырым-жораларын, әр түрлі ыдыс, ер-тоқым, үй мүлкінің бөлшектерінің аттарын, түрлі ырымдардың қалай аталатынын, олардың неге, қандай ғұрыпқа байланысты екенін және басқа да қазақтың ескі тарихи әдебиеттерін сұрап, көп әңгімелесті.

Әкейдің құсын ұстап, және өзін жекелей суретке түсірді. Сол Филистров  қайтып барған соң, қазақтың этнографиясы жайынан кітап жазып бастырып, бір кітабын әкейге жіберді» дейді әкесі жайлы өз естелігінде.

 Ахат Шәкәрімұлы айтқанындай Фиельструп 1925 жылы емес, 1927 жылы Шәкәріммен жолыққан.  Сурет осы жылы түсірелген. Фиельструп 1926 жылы Ақтөбе облысының батысында, 1927 жылы Қазақстанның Шығысында  экспедицияда болған. 1927 жылдың 22 маусымында Павлодар, Баянаул жақтан  бастап, 10 қыркүйекте Алматыда аяқтаған.

26 шілде мен 31 шілде аралығында Шыңғыстауда болады. Фиельструптің жеке архивінен оның жазбаларын, күнделіктерін, 150 дей түсірген суреттерін көрдік. Күнделігінде Шәкәрім ауылында болған сәттері толық жазылған. Жазбаларында да Шәкәрімнен көп мағлұмат алынғандығы туралы деректерді кездестіре аламыз.

Фиельструптің жеке архиві, Шәкәрім аулындағы түсірілген суреттер мен жазбалар жайлы толық мақала жазылу үстінде, онымен алдағы уақытта танысатын боласыздар.

 Ж.Әубәкір

«Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, ф.ғ.к., доцент.