Астанада әйгілі мүсінші Цадок Бен-Давидтің жеке көрмесі ашылады
22.09.2014 1274
26 қыркүйек күні Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Задок Бен-Давидтің жеке көрмесі ашылады.

Сағат 12:00- де Цадок Бен-Давид баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап береді.

Орталық Азия аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрме Ұлттық музейдің Заманауи залдарында 2014 жылдың 26 қыркүйегі мен 5 желтоқсаны аралығында өтеді.

Экспозиция 3 инсталляциядан және мүсіннен тұрады. Әрбір инсталляция суретшінің ақиқатқа айналған ойы мен қиялының көкжиегін көрсетіп, өнерсүйер қауымды бірегейлігімен таң қалдырады.

Инсталляцияларды жасау үшін суретшіге он адам ассистент болды. Олар Цадок Бен-Давидпен бірге үш жыл тынымсыз еңбек етіп келеді екен.

Цадок Бен-Давид 1949 жылы Йеменде дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасымен бірге Израильге қоныс аударған. Иерусалимдегі Бецалель Ұлттық өнер академиясында (Bezalel Academy of Arts) білім алған. Кейін Рединг университетін (Design University of Reading) және Әулие Мартин атындағы Орталық өнер және дизайн колледжін (Central Saint Martins College of Art and Design) тәмамдап, оқуын Англияда жалғастырған. Қазір суретші Лондонда жұмыс істейді.

Суретшінің жеке көрмелері Лондоннан Оңтүстік Кореяға дейін дүниежүзінде үнемі жоғары деңгейде өтеді. Мұны көрмеге келушілер санынан, аңғаруға болады.
1988 жылы Венецияда өткен халықаралық заманауи өнер биенналесіне ол Израиль атынан қатысты.

2008 жылы Пекинде өткен жазғы Олимпиада ойындарының ресми мүсіншісі ретінде таңдалды.

Бен-Давид Цадок — көптеген марапаттар мен сыйлықтардың лауреаты. Атап айтар болсақ:

Португалияда өткен 14-ші Халықаралық биенналенің (2007) бірінші жүлдесі; Тель-Авив музейінің мүсін өнеріндегі жетістіктері үшін сыйлығы (2005).

Цадок Бен-Давидтің жасаған мүсіндері Яд ва-Шем мемориалдық кешеніндегі (Израиль) Партизан панорамасының нақ ортасында орналасқан. Соңғы бірнеше жыл ішінде Бен-Давидтің шығармалары Италия, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Сингапур, Украинада көрсетілді. Оның шығармалары Еуропа, Шығыс Азия, АҚШ, Израиль, Австрияның мемлекеттік және жеке коллекцияларына енген.

Цадок Бен-Давид дүние жүзінде кең танылған және көпшілік мойындаған өзіндік көркем стилін қалыптастырған. Оны мүсіндер жаратушысы деп атайды. Оның әйгілі туындыларының ішіне Blackfield (Қара алқап), Evolution and Theory (Эволюция және теория), Blackflowers (Қара гүлдер) жатады. Ол жасаған туындылар әлемде жүздеген мың долларға бағаланғандықтан, әлемдегі қазіргі кезде көзі тірі ең қымбат мүсіншілердің қатарына жатады.