«Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» форумы басталды
25.09.2014 2816
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум басталды.

Келелі жиынды Халықаралық Түркі Академиясы ұйымдастырып отыр. Мажар елінен шыққан күллі түркі әлеміне аты мәлім түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері Мандоки Қоңыр Иштванның туғанына 70 жыл толуына арналған жиынға 8 елдің белгілі ғалымдары, халықаралық ұйым өкілдері және марқұмның жары Оңайша Мақсұмқызы мен ұлы Атлан қатысып жатыр. 

Сонымен қоса аталған жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, қоғам қайраткері Әділ Ахметов, ТүркПА Бас хатшысы Жандос Асанов, Венгрияның ҚР Төтенше және өкілетті Елшісі Имре Ласлоцки, Венгрия Парламентінің вице-спикерінің кеңесшісі Шандор Дороги, Алматыдағы №154 Иштван Қоңыр Мандоки атындағы мектептің директоры Ернар Мәсәлім, антрополог Оразақ Смағұлов, танымал археолог Қаржаубай Сартқожаұлы секілді танымал тұлғалар мен тіл мамандары мен түркітанушылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысып отыр.

Шара барысында көрнекті ғалымның 16 мыңнан астам жеке кітап мұрасын академияның кітапханасына тапсыру рәсімі өтті. Рәсімнің тұсаукесер лентасын қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев пен Оңайша Мандоки кесті. Айта кету керек ғалымның жалпы жинаған жеке кітаптарының саны 25 мыңнан асады екен. Соңғы жылдары Қазақстанның қолдау көрсетуімен кітаптар ғылыми тұрғыдан картографиялық ретпен жинақталып ел игілігіне берілуде.

Қазақстан, Мажарстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Дағыстан, Татарстан мен Башқұртстанның мандокитанушы және қыпшақтанушы ғалымдары әйгілі түркітанушы мен қыпшақтану мәселелеріне қатысты баяндамалар жасауда.

Иштван Қоңыр Мандоки  есімін ұлықтап, мұрасын түгендеп жүрген бір топ азаматтар Мандоки медальмен марапатталатын болады.

Оқырмандарға таныстыра кетсек, Иштван Қоңыр Мандоки Мажарстанның Қарсақ қаласында дүниеге келген әйгілі қыпшақтанушы, түрколог ғалым. Ол араға жеті ғасыр уақыт салып атажұртқа оралған Венгриядағы құман-қыпшақ өкілі. Көзі тірісіндегі арманы – Венгриядағы құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілі мен ділін қайта жаңғырту болатын. Ол Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі халықтары арасындағы тарихи-мәдени байланысты терең зерттеген. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс, итальян, румын, венгр, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, моңғол тілдерінде емін-еркін мақала жазып жалпы саны отыз тілде сөйлей алатын болған полиглот болған. 

Ол сонымен қоса түркологияны жаңа бір белеске көтерген тұлға еді. Сондай ақ ол, түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару, зерттеу, насихаттау ісінде көп еңбек сіңірген. Қаншама рет ғылыми экспедицияларға шығып, Шығыс Еуропадағы Балқан түбегінен бастап, Орта, Кіші, Кіндік Азия және Қазақстан, Қырым, Орал, Алтай, Памир, Орхон бойын түгел аралап, түркі халықтарының жоғын түгендеген. 

Ол 1992 жылы 48 жасында Дағыстан астанасы Махачқалада дүние салған. Оның сүйегі көзі тірісіндегі өз өсиеті бойныша қазақ жері - Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Алматы қаласындағы нөмірі 154 мектепке Иштван Қоңырдың аты берілген.

Ал форум барысында, академия Президенті Дархан Қыдырәлі ұйымның атқарған жұмыстарымен және алдағы жоспарларымен таныстырды. 

Жиын соңында қабылданатын қарарда белгілі түркітанушының соңында қалған мұраларын насихаттау, қолжазбаларын жарыққа шығару мен ғалым есіміне Астана қаласынан көше атын беру мәселелері қарастырылған.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Суреттерді түсірген Айнұр Рақышева