Кеңестік саясаттан қаймықпаған Жыржыс қажы
11.11.2016 2404
Кеңестік саясаттан қаймықпаған Жыржыс қажы 1928 жылы туған еліндегі халықтың басын қосып, тұңғыш рет мәуліт тойын тойлаған

«Заман адамды илеп»,-деген дана Абайдың сөзі бар. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік үкімет қазақтың игі жақсылары мен жайсаңдарын илеп, езгілеп тастады. Бірін айдауға жіберсе, бірін жала жауып, ату жазасына кесті. Сол жолда қазақ тарихында өзіндік ізін қалдырған дін қайраткері Жыржыс қажы да бар. Көпшілік қауым Жыржыс қажы есімін біле бермейтіні анық. Өмір жолын білім нәрімен ашып, 5 уақыт намазын оқып, халқы мен ұрпағы үшін мешіт пен медресе салған тарихи тұлғаның қызметі ұшан-теңіз. Туған халқы үшін даналықтың жолы оқу-білімде деп, «заманына сыймаған» Жыржыс қажы туралы бізде білмеген едік.

Осыдан тура бес ай бұрын Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ұйымдастыруымен «Алтай мұрасы» автоэкспедициясына мүше болып, Қазақстан мен Ресейдің, Таулы Алтайдың тарихи жерлерінде болдық. Сол сапарымызда Бұқар Жырау ауданы «Жыржыс қажы» мешітіне аяқ басып, бабалар рухына тағзым еттік. Аудан орталығы Ботақара кентінде орналасқан жаңартылған мешіт ғимараты ірі дін ғұламасы, қайраткері Жыржыс қажының есімін иеленген. Ұлт тарихында өз орнын қалдырған Жыржыс қажының өз заманында кім болғанын және әлеуметтік қайшылықтарға толы кезеңде туған халқы үшін жасаған қайраткерлік істерін осы сапарымызда біліп қайттық.  

Кеңестік саясаттан қаймықпаған қажы

Ел аузында әулилелік қасиеті бар Қожа Жыржыс есімі көп айтылады. Сол қожа руынан тараған дін қайраткері, Науан хазірет, Сәбит Дамолла сынды діни ұстаздық жолды серік еткен ағартушы Жыржыс қажы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар әулетінен тараған. Туған халқы үшін мешіт пен медресе салып, жастарды білімге шақырған.

Жыржыс қажы 1884 жылы Баянауыл ауданы Көкдомбақ елді мекенінде дүниеге келеді. 1929 жылы қазіргі Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы, Ақжар ауылында дүние салды. Жастайынан білімге құмар болып, дастан-қиссаларды, діни шежірелерді оқып өседі. Бала кезінде Түркістанның жанындағы Қарнақ медресесінде білім алады.

«Алтай мұрасы» экспедициясын алғаш болып  Қарағанды қаласынан күтіп алған, Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, академик Арыстан Ғазалиев Жыржыс қажының немересі екенін де мешітке тәу ете келгенде бірақ білдік. Академик Арыстан Ғазалиевтің арғы атасы Жыржыс қажы мен атасы Ғазалиде Бұқар Жырау ауданында дүниеге келген. Жыржыс қажы имандылық жолымен Мекке, Мединеге барып, қажылық парызын өтеп келгеннен кейін, 1920 жылы қазіргі Бұқар жырау ауданының Ақжар ауылына жақын жерде мешіт салдырған. Мешіт жанындағы медреседе бала оқытып, жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеген. Қылышынан қан тамған кеңестік саясаттан қаймықпаған  Жыржыс қажы 1928 жылы туған еліндегі халықтың басын қосып, тұңғыш рет мәуліт тойын тойлаған. Өмірбақи имандылықтың рухы тұнған аса діндар, ерекше қабілетті білімді адам болыпты.  Бұл туралы қажының ұрпағы Арыстан Ғазалиев экспедиция мүшелерін айтып берді.

Жыржыс қажы Мұхаммед (с.ғ.с.) аталас ағайыны

Жоғары да сөз еткендей Жыржыс қажы пайғамбар әулетінен тараған, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың аталас ағайыны. Ол туралы Жыржыс қажы  өмірін алғаш зерттеп, оқырманға табыстырған Бұқар Жырау ауданының құрметті ұстазы Қалиасқар Шыныбектегі жазған болатын. Ұстаздың еңбегінде Жыржыс қажыны адамзаттың асыл перзенті Мұхаммед (с.ғ.с.) аталас ағайыны екенін айтып, қазақылап шежіресін тарқатады.

«Жыржыс қажы адамзаттың асыл перзенті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аталас ағайынынан тарайды екен. Қазақылап шежіреге салсақ, былайша болады: «Әлқисса, Хашимнен Әбділ Мүтәліб, одан Әбу Тәліп, одан Хазреті Әли, одан Әбділ-Фаттах, одан Әбділ Ғаффар, одан Әбділ Қаһһар, одан Әбділ-Рахман, одан Ысқақ, одан Усман-шайқы, одан Мұхамед-Шайқы, одан Ибраһим-Шайқы, одан Сұлтан қажы Ахмет Яссауи, одан Абду Рахим, одан Әбділ Жаләл баб, одан Мекайл сопы, одан Айт сопы, одан Бадал ата, одан Сүйіндік ата, одан Күйіндік ата, одан Ибраһим ата, одан Исмаил ата, одан Әбділ-Мәлік, одан Қожақан қожа, одан Мәһди (Диуана қожа), одан Қожалақ қожа, одан Әбқожа, одан Таңсық қожа, одан Арпын Қожа, одан Жыржыс қожа»,-деп тарқатады Қ.Шыныбектегі.

Түркістаннан Баянауылға дейін...

Жыржыс қажының руы қожа болатын болса, бұл өңірде қожалар қайдан келді деген сұрақ мазалауы анық. Арыстан Мәуленұлы бабаларының бұл өңірге келуінің де өзіндік тарихы бар дейді.  «Атақты қаны, шежіреші, бабамыздың жақын араласқан досы, дінтанушы Мәшһүр Жүсіптің айтуы бойынша және тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың жазуынша, Арғынның Сүйіндік балалары Ташкент-Шыршық маңын жайлағаны белгілі. Кейін Ақтабан шұбырындыдан соң, сол маңда қоңсылас болған қожа әулеті осы рулармен Баянауыл, Қызылтау өңіріне көшіп келеді деп көрсетеді. Жоғарыдағы ғалымдар айтқандай, біз осы төңірекке арғынның Сүйіндік балаларымен еріп келдік»,-деді бабаның ұрпағы.

Ал, Ресей империясы тарапынан жүргізілген қазақ елін шоқындыру, орыстандыру саясатына қарсы ХІХ ғасырдың басында Құнанбай қажы, Шорманның Мұсасы сынды ел ағалары Түркістаннан діни сауатты қожалардың қоныс аударуына түрткі болады. Осылайша Арқаның Баянауыл, Бұқар Жырау өңірлерін қожалар мекен етті. Бұл туралы ұстаз Қалиасқар Шыныбектегі «Жыржыс қажы туралы не білеміз?» атты мақаласында: Олардың алдына мал салып, отау тігіп, нулы, сулы өлкені қоныстануына жағдай жасайды. Баян өлкесіндегі осындай жердің бірі күні бүгінге дейін «Қожа қорығы» деп аталады»,-деген жердің барын көрсетеді.

Жыржыс қажы 1919 жылы қажылық сапарға аттанады. Қасиетті сапарында бабалар рухына тағзым етіп, Мекке-Медина қалаларында болады. Қажылық сапарында атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантаймен кездеседі. Кейін Қаныштың әкесі Имантай Жыржыстың мешіт үйінде болып, сонда қайтыс болған. «Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіптің өлеңі де бар»,-бар дейді А.Мәуленұлы.

Сарыарқадағы Құнанбай мешітінен кейінгі Жыржыс мешіті

Әңгіме барысында Арыстан Мәуленұлы атасының дін жолындағы ерекше ісі ретінде Ақжар ауылында салынған мешітті айтты. Ол туралы алғашқы деректі қалдырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Дінтанушы, ақын Мәшһүрдің айтуынша: «Бабамыз қажылық сапардан келісімен өз қаржысымен қазіргі Ақжар ауылынан 7 шақырым «Үш сала» деген жерден мешіт пен медресе салады. Бұл жерді халық күні бүгінге дейін «мәдрәс» деп атайды. Онда маңайдағы Қарқаралы, Қайнар, Баянауыл төңірегінен балалар жинап, діни дәріс береді. Бұл Сарыарқадағы Құнанбай мешітінен кейінгі екінші діни ошақ десе де болады»,-дейді қажының немересі.

1928 жылы Кеңестің тәркілеу саясаты қазақтың басына қайғы болып тиді. Ірі байларымыз мен діни сауатты адамдарыызды нахақтан нахақ жала жауып, айдауға жіберді. Сол қасіретті Жыржыс қажы да көрді. Ол туралы қажының ұрпағы А.Ғазалиев былай дейді: «Бабамызды 1929 жылы баянауыл жақтан екі милиционер келіп, айдауға алып кетеді. Сол тергеуге барар алдында бабамыз алладан бір-ақ нәрсе сұрайды. «Алла тілегімді берер, мені кәпірдің алдына жеткізбес», деген екен. Сосын екі баласы, өзі, екі милиционер барлығы бесеуі жолға шығады.  Қыстың күні болса керек. Ауылдан 5-6 шақырым жүргеннен кейін намаз оқитын кезе келеді. Бабамыз аттан түсіп, дәретін алып, жайнамазын жерге жайып, намазын оқиды. Алла тағала тілегін берген шығар. Бабамыз айдалып бара жатқан жолда жан тәмсілім етті».

Академик ғалымның айтуынша, бабасы өзі салдырған мешіт-медресе маңына жерленіп, жаңазасы шығарылады. Жаңазасына Мәшһүр Жүсіп көңіл айта келген екен.  Сондағы айтқаны: «Құдайдың істе дегенін Жыржыс істеді, Жыржыстың істе дегенін Құдай істеді. Аллаһу әкбар», – деп бетін сипап, дұға қылған екен.

Қасиетті қағбаның жамылғысы Жыржыс қажыға бұйырған

Бұқар жырау ауданы орталығында орналасқан «Жыржыс қажы» мешітіне ҚарМТУ ректоры Арыстан Ғазалиев өз қаражатынан ақша бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жөндеу жұмыстарын жүргізген уақытта қатты алай-дүлей боран соққан. Бір қызығы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерде боран болмай, күн күлімдеп тұрған. «2000 жылы қажы бабамыздың басына белгі тас қойылып жатқан мезгілде қар аралас алай-түлей боран болады. Алайда, 200 метр маңайда күн күлімдеп, жұмысқа еш кедергі келтірмеген»,-дейді қажының ұрпағы Арыстан Ғазалиев.

Алла Тағаланың ерекше нәсіп еткен сыйы болар, Меккеге барғанында қасиетті Қағбаның жамылғысы – жылына бір рет, оның өзінде ел билеген сұлтандарға ғана берілетін «Қисуа» Жыржыс қажыға бұйырған. Қажы ел басына күн туатын керзаманды ерте біліп, өзін милиция келіп ұстап әкетердің алдында қасиетті Қисуаны Жаппар деген досына аманаттап кеткен екен. Сол жәдігер араға сексен жыл салып, қажы ұрпақтарының қолына аман-есен тиді: Қисуаны Семізбұғыдағы Оқап молданың баласы Мейрам Жыржыс қажының шөбересі Арыстан Мәуленұлына табыстаған.

Жыржыс қажы бейітінің басына Баянауылдың мәрмәрден бірде кем емес сұр тасынан қашалып қойылған ескерткіш қойылған. Осынау құлпытаста ардақталған мынадай сөздер жазылған деп сөзін тарқатты А.Ғазалеив. «Жыржыс қажы Арпынұлы (1845-1929). Қазақ жерінде Ислам дінін алғашқы уағыздаушы құрайшиттер ұрпағының өкілі. Арғы тегі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ата-бабаларынан тарайды. ХІХ ғасырдың соңында қасиетті Түркістандағы Қарнақ медресесін тәмамдаған, осы өңірде мұсылманшылықты насихаттаған, алғаш рет мешіт салдырып, медресе ашқан белгілі ағартушы, діни қайраткер Жыржыс қажы ұрпақтары», –делінген.

Кеңес үкіметінің қаһарынан қорықпай, діни ағартушылық жолда шейіт болған Жыржыс қажы ұлт тарихында елеулі есімімен қалары анық. Ендеше бүгінгі ұрпақ қажының қайраткерлік жолдағы қызметін ары қарай дәріптеп, болашақ ұрпаққа танытса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Суреттер: Ербол ЕРДЕНБЕК