Теңгенің тұғыры мен таралымы
15.11.2016 2593
Теңге – тәуелсіздіктің төл перзенті. Қазақстан үшін өзінің дербес қаржылық-экономикалық саясатын құруы жолында теңге көтерген жүкті ештеңемен салыстыруға келмейді

Ақша - жалпыға бірдей балама ретінде барлық басқа тауарларды кұнын көрсететін ерекше тауар. Ақша барлық тауар өндірушілер, сатушылар, тұтынушылар арасындағы экономикалық байланысты қамтамасыз етеді. Ақша тауар өндірісі мен тауар айырбасының тарихи дамуының нәтижесінде пайда болды. Алғашқы кезде бір еңбек өнімі екінші еңбек өніміне айырбасталды. Кейінірек айырбас сауда дамуының барысында құнның жай формасының орнына құнның толық және жайылыңқы формасы келді. Одан әрі өндіріс пен айырбастың дамуы нәтижесінде тауарлар арасынан бір тауар бөлініп шығып, басқа тауарлар осы тауарға айырбасталды. Құнның ең жоғарғы ақша формасындағы жалпыға бірдей балама рөлі бір тауардың еншісіне тиді, яғни ерекше тауар түрі - ақша пайда болды. Осы кезде әр түрлі тайпалар мен халықтар арасында ақша ретінде ішкі және сыртқы сауда-саттықтың басты заттары болып табылатын тауарлар бөлініп шықты. Акша рөлін кейбір халықтарда мал, ертедегі Русьте, Скандинавияда - аң терісі, Қытайда - шай, Абиссинияда -тұз атқарды. Қазақстанда ішкі сауда-саттық жүргізу үшін жалпыға бірдей балама ретінде тоқты немесе саулық қой пайдаланылды. Бертін келе тауар өндірісі мен тауар айырбасының дамуы және халықтар арасындағы қарым - қатынастың ұлғаюы нәтижесінде ақша рөлі түрлі металдарға ауыса бастады. Өйткені металл /алтын, күміс/ өзінің табиғи қасиетінің арқасында ақша рөлін атқаруға өте қолайлы болды.

Төл ақшамыз теңгеге келсек, бұл атау қазір мақтанышпен аталады. Себебі ол – ел болғандығымыздың белгісі. Тәуелсіздіктің айшықты көрінісі. Осы теңге шыққалы көп нәрсе өзгерді. Біздің ұлттық валютамыздың артықшылығы көп-ақ. Соның бірін айта кетейік. Қазіргі заманғы қағаз ақшалардың әлемдік тарихын ашу құрметі теңгеге бұйырған. Неліктен таңдау басқаға емес оған түскен? Айтайық. Теңге сапасы мен қорғанышы жағынан әлемдік 10 банкноттың қатарында. Бәрімізге белгілі АҚШ долларында 4 түрлі қорғаныс элементі бар. Біздің теңгеде оның саны 14. Төл валютамызды жасауға “Harrisson & Sons” фирмасы бекерге таңдалмаған. Ол 1898 жылдан бері осы шаруамен айналысып келе жатыр. Сол уақыттың ішінде оның атына ешбір сын айтылмаған. Теңгенің сапалы шығуына фирма ынталылық танытпаса алғашқы ондыққа кірмес едік. Елбасымыз кімге сенім арту керектігін дәл тапқан. Қазіргі, соңғы шыққан теңгелерді қолдан жасау мүмкін емес. Оларға кейбір құпия белгілер қолмен салынған көрінеді. Қағазы да ерекше. Жалған ақша бірден анықталады. Санаушы аппараттардан да жылдам өтеді.Тәуелсіздіктің әр жылы 1993 жылы 15 қарашада дүниеге келген қазақ ақшасын сынаудай-ақ сынап бақты. Ұлттық валютамыз төтеп берді. Долларды шалып құлатқан кешегі дағдарыс та оның сағын сындыра алмады. Қазақстан теңге сарайы сапасы жағынан алғанда басқа елдердің монета сарайларының әйгілі көрмелерінде жоғары бағаланатын және мамандар мен коллекционерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыратын монеталарды шығаруда.

Қазақстан теңге сарайы сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша сапа менеджменті жүйесін енгізді және монета өнімдері мен мемлекеттік наградалар өндіруге сертификаттар алды. Кәсіпорындар шығаратын наградалар – әлемдік озық стандарттарға сәйкес келетін зергерлік өнердің тамаша үлгілері. Қазақстан теңге сарайы басқа орталық банктерден монеталар дайындауға арналған тапсырыстардан басқа халықаралық монета бағдарламаларына қатысады.

1996 - 2000 жылдар кезеңінде мерейтойлық және ескерткіш монеталар шығару жөніндегі тұжырымдама негізінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі архитектура, тарих, мәдениет ескерткіштеріне, Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалар мен аса көрнекті түлғаларға арнап, мыс-никель құймасы мен қымбат металдардан монеталар шығаруды одан әрі жоспарлады.

Тәуелсіз егеменді мемлекеттің міндетті нышандарының бірі оның ұлттық валютасы болып табылады. Көптеген елдердің ұлттық валюталарының тарихы ұзақ ғасырлар бойы қалыптасты. Ал теңгенің тарихы Президенттің 1993 жылғы 15 қарашадағы Жарлығынан басталды. Алайда оған дейін теңгенің сыртқы бейнесін жасау жөнінде қиын да табанды жұмыстар жүргізілді. Бірқатар алғашқы теңгелер 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналдардан тұрды. Бір теңге 1, 2, 5, 10, 20 және 50 номиналдық 100 тиыннан кұралды. Алғашқы тиындар қағаздан жасалды, ол ұлттық валюта енгізуге бөлінген мерзімнің өте кысқа болуына байланысты туындады. Жеті банкнот жасау үшін дизайнер-суретшілерден команда жасақталды. Оларға өте жауапты жұмыс тапсырылды. Банкнот дизайны көркемдік тұрғыдан алғанда эстетикалық талғамға сай, ал оларды одан өрі өндіру тұрғысынан алғанда күнделікті пайдалануға ыңғайлы болуға тиіс еді. Тарихи тұжырымдама тұрғысынан алғанда банкноттардың қандай болуы керектігін, оларда тарихи тұлғалардың сырт келбетін неғұрлым дәл бейнелеуді шешу керек болды.

Алғашқы теңгелер шығарылғаннан кейін неғұрлым жоғары номиналды банкноттар енгізу қажеттігі туындады. Бірыңғай стильде жасалған және шеберліктің шындала түскенін көрсететін 200, 500, 1000, 2000 және 5000 теңгелік банкноттар осылай пайда болды. Теңгені қорғау дәрежесінің ұлғая түсуі, техникалық жаңалықтардың енгізілуі, бояу түсінің қатаң тәртіпке негізделуі отандық дизайншы суретшілердің жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді.

Адамзат тарихының даму барысы монеталардың пайда болуымен астасып жатыр. Алғашқы монеталар біздің дәуірімізге дейінгі XII ғасырда Қытайда пайда болды деп есептеледі. Үндістан мен Ассирияда шығарылған монеталар да ежелгілердің қатарынан саналады. Егеменді Қазақстанның қазіргі шекарасына сай келетін ежелгі Қыпшақ елінің аумағында күміс және мыс монеталар жасалған.

Банкноттар мен монеталарды дайындау саласындағы соңғы әзірлемелер егеменді Қазақстанның нышаны ретінде теңге өткен тарихымызды тірілтуге, бүгінгі күнге деген сенімімізді арттыруға және елдің жарқын болашағына кепілдік беруге қызмет етеді деп айтуға мүмкіндік береді. Ақша өндіру мен бөлу процестерінде адамдар арасындағы белгілі бір экономикалық қарым-қатынастарды көрсететін, тарихи даму үстіндегі экономикалық категория болып табылады. Сондықтанда төл теңгеміздің болашағы мен экономикамызға көрсететін қызметі өсе берсін дейміз.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 111)