«Алжирде» қамалған әйелдердің тағдырын мемлекеттік деңгейде зерттеу қажет
31.05.2020 1623

Алжирде қамалған отбасы мүшелерінің ақталуына мемлекеттік тұрғыдан қарау - тарихи әділдік. Мұндай пікірді ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, доцент Айжамал Құдайбергенова білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 30 мамырында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Үндеу жариялады. Үндеуде ХХ ғасырдың 20-50 жжылдары Саяси қуғын-сүргін зобалаңына түскен халқымыздың қасіретті кезеңіндегі тарихын ашып, осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру шараларын мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берілді. Бұл тапсырманың халық жадындағы әділдік күткен  маңызды мәселенің ірісі болғандығына сәйкес, жайбарақат қала алмай, пікірімді білдіруді жөн көрдім»,-деді тарихшы ғалым. 

Айжамал Ибрагимқызының айтуынша,  Саяси құғынға ұшыраған ерлердің артында олардың жанұялары, отбасы мүшелері де тыныш қалдырылмады.

«Отанын сатқандардың» отбасыларын қамау, жазалау саясаты әйелдер мен балаларға ерекше шүйілді. Алаш ардақтыларын қырып, отбасыларын «Халық жауының баласы» немесе «... әйелі, анасы, отбасы мүшесі» қуғындап, қоғамнан шеттетіп, толыққанды өмір сүргізбеген үдеріс басымдыққа айналды. Әйелдерді түрмеге тоғытып, қуғындау саясаты озбырлығы жағынан тарихтағы барлық қуғындау оқиғаларынан асып түсті.

1937 жылы 3 шілдеде Мәскеуден Батыс-Сібір ауданының ІІХКБ (УНКВД) басшысы Мироновқа және Қазақстаның Ішкі Істер халық комиссарына Залинге құпия телеграмма жолданады. Ол хатта жақын арада атылып кеткендердің отбасы мүшелерінің сотталатындығы, олардың көбісі әйелдер екендігі, сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балалар болатындығы және олардың саны 6-7 мыңдай екендігі хабарланады. Олар үшін әрқайсысы 3 мыңнан қабылдай алатын арнайы екі концлагер ұйымдастырып, күшейтілген қарауыл қойылып, сотталғандарды лагерь ішінде жұмысқа тарту керектігі баяндалады. Бұл үлкен операцияның бастамасы еді. Нарым (Батыс Сібір) мен Қарағандыда тез арада лагерь тұрғызып, жабдықтау тапсырылады.

1937 ж. 15 тамызында КСРО ІІХК №00486 «Отанын сатқандардың әйелдері мен балаларын репрессиялау операциясы» атты жедел бұйрық шығарылады. Бұл құжатта әйелдерді тұтқындау тәртібі, топтарға бөлу, мүлкін тәркілеу, балаларды балалар үйіне орналастыру тетіктері, т.б. аспектілер толықтай дерлік қамтылды. Саяси сылтаумен қудаланғандардың барлығының дерлік әйелдері бірнеше ай ішінде ұсталып, 5-8 жылға еңбекпен түзету лагерлеріне тоғытылды.

1937 жылы әйелдерге арналған арнайы лагерьлер құрыла бастады. «СОКП ОК Политбюросы ІІХК-на «барлық сотталған отанын сатқандардың, оңшыл-троцкистшілдердің, тыңшылық-диверсиялық ұйымдардың әйелдерін, кемінде 5-8 жылға түрмеге қамау» қызметін тапсырды. Бұл лагерьлердің орналасатын жері Нарым өлкесі мен Қазақстанның Торғай ауданы болатын болды»,-деді А. Құдайбергенова.

Ғалымның дерегінше, 1937 жылы 15 тамызда қабылданған КСРО ІІХК-ның №00486 бұйрығы бойынша айыпталатын әйелдерді облыстық прокурордың келісімімен КСРО ІІХК-ның Ерекше жиынына (Особое совещание) жіберіп, одан ары түрмелер мен лагерьлерге жіберу сатылары ескерілді.

«Әйелдерді қылмыскер ретінде рәсімдеген құжаттарда, тіпті бұйрық та, прокурор деген сөздер де жоқ, бірден «күйеуінің котрреволюциялық іс-әрекеттерге қатысы» деген формула туріндегі анықтамасы жазалауға жеткілікті қылмыс ретіндегі аргумент болды. Кейде әйелдерді айыптау шешімін шығарғанда оның не үшін айыпталатыны туралы тіпті жазылмайтын да еді. «Отанын сатқан», «тыңшылық-диверсиялық қызметі» үшін, «оңшыл-троцкист», Әскери трибунал мен КСРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы арқылы қылмыскер деп есептелініп, тіпті «халық жауы» ретінде ер адамы «Үштіктің» шешімімен тұтқындалған болса, ал әйелдер үшін ресми құжаттың да қажеті де шамалы болатын. Нақтысы, не күйеуінің, не әкесінің, не баласының, тіпті туысының «халық жауы» ретінде ұсталғаны, соған орай шыққан шешім әйелдердің қылмыскер ретінде лагерьлерге жабылуына жеткілікті болатын болды.

Әйелдер барлық лагерьлерде қамалды. Мысалы, 1937 ж. жүздеген адамдарға арналған Семей қаласындағы лагерьде 4 мың тұтқын отырды. 17 адамға арналған камерада 72 әйел қамалды. Еденде, битке таланып, керуетте валет секілді үш адамнан, бір қырынан жатқан жатқан әйелдер бір мезгіл шалқасынан жатып ұйықтағанға да зар болды. Мысалы, Москвадағы Бутырка түрмесіндегі жайт да осылай еді: ағаш нарлардың асты мен үстіне 5-6 адам сиятын камераларға 1937 ж. 75 әйел-тұтқындарды тықты. Күйеулері тұтқындалғанғандықтан, атылғандықтан «халық жауларының» әйелдерінің жазықсызсыздығы туралы ой туындату, жазықсыз деп есептету мүмкіндігі тіпті де болмайтын. «Халық жауларының отбасы мүшелерінің» санынң күр өскені соншалықты, енді арнайы лагерьлер құра бастады.

1937 жылы 3 желтоқсанда ІІХК тапсырмасы бойынша жоғарыда аталған үкім бойынша сотталғандарды қамайтын «26-нүкте» деп аталатын Карлагтың еңбекпен түзеу мекемесі ретінде Ақмола арнайы бөлімшесі құрылады. Концлагер. ГУЛАГ бастығының орынбасары Плинердің Қазақ КСР ІІХК-на 1937 ж. 9 қыркүйегінде жазған құпия жеделхатында тура осылай аталған: «№26 Ақмола еңбек поселкасының негізінде концлагер ұйымдастыруға келісемін» деп жазылған. Ол лагерь тұтқын әйелдердің тілінде АЛЖИР деп аталған лагерь болатын.

АЛЖИР-де тоғытылған әйелдер ГУЛАГ жүйесі бойынша арнайы сот шешімінсіз жазаланғандар болып табылады. Репрессияның барлық кезеңдерінде де тұтқындау үшін сот кемінде 3 адамнан тұрған болса да, арнайы сот шешімі ретінде рәсімделетін. Ал, олардың әйелдері, аналары, туыстары арнайы сот шешімінсіз қылмыскер болған контингент еді.

Нақ осы лагерьге қатысты, Президент Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Үндеуінде «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатігездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды», - деп саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалған лагерь тамұғының құрандарын да ерекше қадап айтты.

Алғашқы сотталған әйелдерді АЛЖИР лагері 1938 ж. қаңтар айының басында қабылдай бастайды. Лагерь тез арада толып, тіпті барактарға симай, Карлаг басшылығы алғашында келіп жатқан этаптарды басқа лагерлерге жіберіп, ал күзге қарай тағы бір – арнайы Спасское бөлімін құрады. Отанын сатқан опасыздардың әйелдері Мәскеуден, Орынбор, Иркутск, Ростов, Калуга, Орск қалаларынан келе бастайды.

Алғашқы жылдары АЛЖИР лагері тек отанын сатқандардың отбасы мүшелерінің лагері емес, «өте қауіпті» қылмыскерлерді ұстайтын лагерь ретінде қаралды. Оған дәлел, бұл әйелдер лагерінің Карлаг-қа емес, тікелей Лагерлердің Бас Басқармасына бағынуы. Тек 1939 ж. мамыр айына қарай АЛЖИР «арнайы тәртіптен» жалпылагерьлік жүйеге ауыстырылды. Яғни сотталушы әйелдер сыртпен байланыс жасап, хат жазысып, туғандары жайлы ақпарат алуларына рұқсат етілді. Осы  кезден бастап лагерлер арасында сотталушыларды бір-бірімен араластырып, қажеттілікке қарай бір лагерьден екіншісіне ауыстыру жұмыстары басталды. «Отанын сатқан сатқындардың» әйелдері Карлагтың басқа да бөлімдеріне орналастырылды, дегенмен көп бөлігі Долинкаға түсті. 1938-1939 жж. әйелдер арнайы «ерекше қауіпті» контингент ретінде қамалды. 1939 ж. жалпы лагерлік жүйеге көшірілді. Ұлы Отан соғысының қарсаңында Ақмола лагеріндегі сотталушылар контингенті араласып, Карлагтың басқа бөлімдерімен бірдей болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында шыққан қаулы-қарарлар соғыс жағдайында лагерьлердің онсыз да қатал тәртібін ерекше ызғарлы етті. Нақ осы жылдары түрмедегі әйелдер саны еселеніп өсті. Солардың ішінде бүкіл Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен озық ойлы азаматтардың аналары, жұбайлары, қарындас-туыстары қамалды. Солардың ішінде қуғын-сүргін шалғысына шалынған қазақстандық арыстарымыздың да отбасы мүшелері жазықсыз жапа шекті.

Құғын-сүргін құрбандарын ақтау «жылымық» жылдарында басталып, 1990 ж. М.С. Горбачевтың жарлығымен тағы қозғалып, тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы (1993 ж. жарияланып, 2018 ж. толықтырылған) «Жаппай саяси құғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның қабылдануымен жүргізілгенімен, оның қарқыны науқан түрінде ғана қалып, мыңдаған іздеушісі барларының да, іздеушісісіз қалғандардың да атаусыз, елеусіз, ақталмай қалғандары белгілі.

Қазақта «тектілік» деген ұғым бар. Ол өзінің ата тегінің тағдырына қатысты тарихи сананың ұрпақтан-ұрпаққа абыройын сақтауға негізделген гендік жалғасын табатын, үзілмей келе жатқан ұғым. Қазақ ондайда «Малым жанымның садақасы, жаным Арымның садақасы» деген. Халық үшін қызмет еткен, арын сақтаған ата-бабаларының, оның жанында аналарының «Халық жауы», «сатқын» деген абыройсыз таңбаланған сөзінен арылуды мақсат тұтқан ұрпақтарының ізденістерінің арқасында аты ақталып, ұрпақтарының жан санасын жаралаған (тән жарасы емделеді-ау) ұғымнан тазаланғандар қаншама. Бірақ ақтау - ақталу үдерісі аяқталмаған. Мемлекет тарапынан емес, ұрпақтарының жекелеген бастамаларымен жалғасып жатқан бұл үдеріс көптеген кедергілерге, қол қысқалыққа да тап болуда. Ал іздеушілері жоқтарын кім ақтайды»,-деді тарихшы.

Ғалымның айтуынша, Мемлекет басшысы, Президент Қ.К. Тоқаевтың бүгінгі Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған Үндеуі ХХ ғ. 20-50 жж. Саяси қуғын-сүргін нәубетінің құрбандарын мәңгі есте қалдыруды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шараларға жол ашуы тарихи әділдіктің бастамасы.

Айта кету керек, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «АЛЖИР-де азап шеккен аналар тағдыры (1938-1953 ЖЫЛДАРЫ)» атты ғылыми-зерттеу тақырыбы бойынша жұмыс жүргізілуде.

«АЛЖИР музей-мемориалының зерттеуші-қызметкерлерінің, ғалымдардың кейінгі жылдарғы ізденістерінің арқасында аты-жөні анықталған  әйелдер саны қазіргі кезде 8000 болды. Ресми құжаттарда «Р-17» деп аталған АЛЖИР әйелдер лагерінен барлығы 22 мыңдай әйелдер өткен. Қалғандарының аты-жөнін анықтау, ақтау алда тұр. Осы орайда Президент Қ.К. Тоқаевтың 2020 ж. 30  мамырда, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған Үндеуін АЛЖИРде қамалған әйелдердің тағдырын анықтауды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Құжат деп ойлаймын. Ал, Институт қызметкерлерінің бұл бағытта жұмыс істеуге әлеуеті жетеді»,-деді Айжамал Құдайбергенова.