XX ғасырдың басындағы феминистік қозғалыстың көшбасшыларының қатарынан біздің бірқатар отандастарымыз да көрінді: Санжар Асфендияровтың қарындасы Гүлсім Асфендиярова және Аққағаз Досжанова. Олар жоғары медициналық білім алып, дипломды дәрігер болған алғашқы қазақ әйелдері.
1917 жылғы ақпандағы Мәскеу қаласында өткен мұсылмандардың съезінде әр аймақтық одақтан мұсылмандардың өзін-өзі басқарудың жоғары атқарушы органына кем дегенде бір әйелден жіберу шешімі қабылданды. Ал шын мәнінде, қазақ делегациясы ғана Аққағаз Досжанованы кеңеске жіберді. Орынбор губерниясындағы Торғай облысының тумасы Аққағаз ерте жетімсіреп қалды, сондықтан да ағасы Сағындықтың тәрбиесін алды. Сауаты бар Сағындық Досжанов қарындасына да білім беруге барынша тырысты. Әуелі оны Орынбордағы Татар мектебіне орналастырып, кейін әйелдер гимназиясына оқуға береді. Бұл оқу орнында Гүләйім Байгурина — Балғынбаева және Рахима Ғабділқалиқызымен бірге білім алып жүрді.
Одан кейін Мәскеудегі әйелдердің жоғары курстарына оқуға түсіп, медициналық факультетті таңдады. 1917 жылғы ақпан революциясы, қоғамдық жұмыс, оқу барысындағы қиыншылықтар — мұның барлығы Аққағаздың денсаулығына әсер етті. Дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, өз ауылына қайтып келді.
Бұл кезде ақгвардияшылар және Қызыл армия әскерлері өзара соғысып жатты. Төркініне қайтып бара жатқанда А. В. Колчак армиясының тұтқынына түсті. «Большевик», «шпион», «активист» ретінде қамауға алынды. Бірақ достары көмекке асығып, оны тұтқыннан құтқарды. Аққағаз туған ауылына оралды. Ташкенттегі Туркістан мемлекеттік университетінің медициналық факультетін тәмамдады.
Бұл кездегі большевиктердің «Правда» газеті былай деп мәлімдеді: «Ташкент. 1922 жылдың күзінде Түркістан республикасының медициналық факультетін бітірген, жоғары білім алған дәрігер әйелге — қырғыз қыз Досжановаға Түркістан республиканың Халық комиссариаты 100 000 сом мөлшерін сыйақы беру және өз қаражатына кабинетті жабдықтауды қаулы етті». 1922 жылдың 14 желтоқсанындағы Түркістан республикасы Халық комиссариаты кеңесінің қаулысы бойынша университетте А. Досжанова атындағы стипендия бекітілді.
Аққағаздың жұбайы Алим Гирей Ершиннің естеліктерінен:
«Аққағазбен 1921 жылдың күзінде Ташкентте таныстым. Аққағаздың келуіне дейін де біз, студентпіз және Ташкенттегі еңбеккерлерміз, тату-тәтті ғұмыр кешіп, белсенді жұмыс жасап жүрдік. Студенттік кештерді жиі ұйымдастырып тұрдық. Аққағаз келгеннен кейін достығымыз одан әрі нығайды. Аққағаз қыздардың арасынан, ал мен студент-жігіттердің арасынан ең үлкені болғандықтан, дос-жолдастарымыз әзілмен бізді қоса бастады. Тіпті бізді үйлендіруге дайын болғандай. Ұзақ уақыт бойы осындай әңгімелерден қашып жүрдім, Аққағаз да сыр бермеді.
Мен 1921 жылы Поволжье және Оралдың ашаршылыққа ұшыраған адамдарды эвакуациялау және Орта Азияның жағдайы едәуір жақсы аудандарына орналастыру бойынша балалар комиссиясының өкілі болдым. 1921-1922 жылдары 15 пойыз эшелонымен бірге сапар шектім.
Әр эшелонға 1500 адам (ересектер және балалар) отырды. Мұғалім-тәрбиешілер бізді Ташкентте қарсы алатын болды. Балаларды мұқият тексеріп, ішінен ауру балаларды іріктеді. Ұстаздарды Аққағаз басқарды.
Аққағаз эшелондарды қарсы алғанда ауру және ашыққан адамдарға, әйелдер мен балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жүрді. Керек жағдайда ауру адамдарға тез арада аурухана не интернат-изоляторға жолдама берді...
Аққағаздың келуіне дейін бүкіл ұйымдастырушылық қызметі өзіміздің қолымызда еді. Ол келген соң жауапкершілікті өзіне алды. Медициналық және педагогикалық қызметтегі он жыл (1921-1930 жж.) мыңдаған шәкірттерге білім берді. Жыл сайын Ташкенттің өзінде 17 мектеп-интернаттан 3000 жуық оқушы түлеп ұшты. Сонымен бірге, балалар үйлері мен баспаналар Ташкенттен басқа қалалар да бар еді.
Сегіз қырлы бір сырлы Аққағаз тамаша педиатр дәрігері әрі ұстаз болды. Ол орыс, қазақ, татар тілдерін жетік меңгерді. Сөйлеген кезде әр сөзін анық жеткізіп, жалғаулар мен екпіндерді дұрыс айтты. Аққағаздың алдында артық сөз айтуға Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ақындар-жазушылардың батылы бармады.
1925 жылдың көктемінде Аққағазға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасадым... Ол бас тартты. Бұдан соң геодезиялық тәжірибеден өту үшін Ош қаласына кетіп қалдым. Бірақ қызға Қырғыз еліне, ал одан соң Қытайға біржола кететінімді ескерттім. 1925 жылдың жазында ағасы Сағындықтың батасын алып, Аққағаз маған Ош қаласына келді. Шағын кеш ұйымдастырып, шу көтермей-ақ, «жасырын түрде» некелестік. 1926 жылғы 5 қантарда ұлымыз дүниеге келді. 1930-1931 жж. Алма-Атыға көшіп кеттік, мұнда мен колхоз орталығында жұмыс жасап жүрдім, ал Аққағаз — қалалық ауруханалардың бірінде.
Жұбайлық ғұмырымыздың соңғы жылында Шамалғанда қорқынышты масалар пайда болып, отбасымызды түгел шақты. Бұл кезде мен іссапарға шыққан едім. Жолда науқастанып, дене қызуым жоғары болғандықтан, Арыс стансасында мені пойыздан түсірді. Безгек деп аталатын дертпен теміржол ауруханаға жатқызды. Кішкене сауығып, Алматыға бардым. Отбасымды жинап, Шымкент қаласына көшіп кеттік. Мұнда Аққағаздың денсаулығы күрт нашарлап кетті. 1931 жылдың 21 қаңтарында көз жұмды. Ол бар-жоғы 39 жыл ғұмыр кешті».
Дина ИГСАТОВА