ҚР мәдениет қайраткері, Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Сағынбек Ақанұлы әкесі Әкем Ақан Төлендіұлының (1906-1972 жж.) айтқан әңгімесі бойынша жазып алған
Сайболат жұрты мен тәуке елі Қызылқайың деген жерге таласып, соңы руаралық үлкен текетірес, жанжалға айналады. Екі жақта қол жасақталып, қарулы қақтығысқа бетпе-бет келген шақ туады. Әкіжан қыстауы мен Тапының шығысындағы биік төбенің Шерімбай жағынан Тәукенің жасақтаған қолы шыға келіп, көз салғанда Тайынша қорадан Жалғызталға дейінгі жалпақ дала Сайболаттың қаптаған қалың қолына толып тұр екен дейді. Алды ақ топырақты биікті алқымдап, шеп құрып тұрған екен.
Осыншама қарақұрым кең жатқан көп қолды көріп, Тәукенің ішінен Танау батыр «Жекеге! Жекеге!» деп атой салып шыққан екен дейді. Ол заманда Құрбан қажы қартайып, ел билігі Қыдырмолдаға ауысса керек. Сайболат ішінен Танау батырға қарсы келетін адам шықпайды. Сонда Қыдырмолда жанындағы мергеніне ат дейді. Бірақ ол көздей беріп, «көзім бұлдырап кетті» деп көзін уқалай берген екен. Сол кезде Қыдырмолда мылтықты жұлып алып, Танауды көздеп, атып жіберген деген ескіден әңгіме айтылады.
Қыдырмолда ҚұрбанқажыұлыТанау батыр аттан ауып түседі. Қол бастаған батыры қаза болған Тәуке жағы, қаптаған қалың қолға қарсы шықпаған екен. Тәуке қолын сескендірген Сайболаттың жасағының арты, көзге көп етіп көрсету үшін айдаған қалың түйе болып шығыпты деседі.
Сайболат жағы Танау батырды атқа көтеріп салып, сүйегін алып кетеді. Танаудың сүйегін сайболаттар тоғанның суын өзенге аударып жіберіп, мәйітті арнаға жерлеген. Құн іздеп келгенде мүрдені тауып беру үшін суды қайта тоғанның арнасына салып жіберген деген ескіден жеткен әңгіме бар.
Артынан Танаудың құнын жоқтай барған Ыдырышқа ерекше күтім көрсетеді. Әне-мінемен уақыт созады. Күтушіге жас бір қызды қосып, қайтармаған екен. Бір жылдан кейін Ыдырышты іздеп келген ағайындары: «Мұның қалай? Біз сені Танаудың жоғын жоқтап, құнын даулап келуге жібердік емес пе? Жау қолында үйленіп, бала-шаға, ел-жұртыңды ұмытқаның қалай демес пе!» Сонда Ыдырыш: «Ел жұрт боп іздеп келсеңдер, қайда қалдыңдар? Үй қамақта бір ай отырдым, артымнан іздеген жан болмады. Алты айда іздемедіңдер. Жыл өтті, қашанғы шыдап жүреді дедіңдер?» – деп жауап берген екен.
Құрбан қажы келгендерге ат-түйе айыбын және ердің құнын толымды етіп, Ыдырышқа қосқан қызды ұзатып жолға салған дейді.
Осыдан бастап екі ру арасындағы жер дауы мен өмірлік мәселелер бейбіт реттелетін болған екен. «Судың бетін шым тоқтады, жауласқанды қыз тоқтатады» деген мақал осындайдан қалған болуы керек деген ой келеді.
Кітаптың «Ел қорғаған батырлар» бөлімін журналист жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Құсман Игісіннің «Ұлы дала» кітабында жазған «Батыр жүрегін елге береді, намысын ешкімге бермейді» деген сөзімен аяқтауды жөн көрдім.
Сағынбек Ақанұлы, ҚР мәдениет қайраткері