Айша Бибінің әкесі кім?
28.03.2017 3665
Айша Бибі туралы аңыздар өте көп таралған. Кейбір аңыздар да Зеңгі баба мен Ануар бегімнің қызы деп айтылса, енді бір деректерде ғалым Сүлейман Бақырғанидың қызы екені айтылады

Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері, олардың сұлулықтары бүінгі болашақ ұрпақ жадында.  Қаншама абыз да дана аналарымыз ел жадында аңыз болып сақталды. Солардың бірі Айша бибі мен Бабаджа хатун аналарымыз.

Бүгінде халық аңызына айналған аналарымыздың тарих жауһарларынан орын алатын кесенелері Тараз қаласынан 18  шақырым төңіректегі Айша бибі ауылында орналасқан. Аналар тарихы жайында көп естіп, аңызына үңілген болсақ та, кесенелерін барып көру бақыты бұйырмапты. Жуырда осы киелі Тараз жеріне табан тіреп, аңызға айналған аналар кесенелеріне тағзым етуді де орайластырдым. Ендеше өздеріңізге «Айша бибі» және «Бабаджа хатун» аналарымыздың кесенелері туралы қысқаша баяндап өтсек. 

Х-ХІІ ғасырларда ұлы Қараханидтер мемлекеті өркендеп, дамудың алғы шебіне шықты. Қала құрылысы мен сәулетті ғимараттар  соқты. Қазақ даласына ислам дінінің негізін салды. Сол Қарахан дәуірінде салынған ғасыр ескерткіштері бүгінде әйгілі Әулие-Ата өңірінде менмұндалап тұратыны анық. «Қарахан баба», «Айша бибі», «Бабаджа хатун» ескерткштері сол дәуірдің ақиқаты әрі өткен тарихтың ізі. Бүгінде аталған тарих ескерткіштері «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайына кіреді.

«Айша бибі» – «Бабаджа хатун» кесенелері XI-XII ғасыр ескерткіштері қатарына жатады. Қазіргі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында орналасқан көне ғасыр жәдігерлері.  «Айша бибі» - «Бабаджа хатун» кесенелерінің құрылысы сәулет өнерінің ортағасырлық кең тараған ерекшелігімен кескінделген. Ондағы кірпіштерге өсімдік тектес және геометриялық пішіндегі 62 түрлі ою-өрнек көмкерілен.

Шығыс сәулет өнерінің озы үлгісі саналатын «Айша бибі» кесене құрылысы әлемде жоқтын қасында. Кесененің бұрыштама колонналардың 18 қатарында араб әліпбиінің «куфа» өрнегімен айшықталған  «Күз... Бұлттар... Жер ғажайып...» деген тылсым сырлы шумақ сөз орналастырылған. Тарих заманаларынан сыр шертетін Айша анамыздың кесенесінің әрбір кірпіші өткен тарихтың уақытынан сыр шертіп тұрғандай. Әрбір кескін-келбет, өрнектелген ою-өрнек көне мен жаңаның қабысып, бүгінгі ғажайып ескерткішке айналуына әсер етіп тұрғандай.

Кесенің күрделі жөндеуден өтіп, реставрациялаудан өткенін аңғарсақ та, кесене құрылысы алғашқы қаз-қалпын өткен дәуірдің алғашқы жылына дейін сақтап келді. Ескерткіштің басты ерекшелігі кесене күмбезі сәукеле іспетті тұрғызылған. Өйткені көнеден келе жатқан ару қызды ұзатарда сәукеле кигізетін қазақтың игі дәстүрі барын айтса, енді бір деректерде ол күмбездің Айшаны сәукеле ішіндегі жылан шағып өлтіргендіктен тұрғызылғаны айтылады.

Кесененің өзі кескінде шаршы түріндегі ғимарат тәрізді болып келеді. Оның өлшемдері 7,6 х 7,6 метр. Кесене қабырғалары 80 см. Қабырғалар арасына қабырға және тіреуші байланысы мықты болуы үшін ағаш бөрене салынған. Кесене сырты күйдірілген безендірілгіш тастармен және күйдірілген кірпіштен салынған. Кесененің сыртқы ортасында бүйірлі доға қуысы орналасқан. Бүйірлі тіреуіш жоғарыға қарай қысылады, онда қыш тақташалары өсімдік өрнектерімен безендірілген. (3 х 1,4 м) тереңдікте кесенеде құлыптас орналасқан.

Айша бибі туралы аңыздар сыр шертеді

Айша бибі мен Бабаджа хатун ескерткіштеріне келмес бұрын алдымен «Қарахан баба» ескерткішіне соғып, тағзым еткен дұрыс. Өйткені аңыз әңгімелердің бір шоғыры Айша анамыз бен Қарахан баба жайында сақталған. Бір байқағанымыз кесене құрылысына тәу етіп келген адамдардың ескерткіш кереметтерін көріп болған соң, оның аңыз әңгімелердегі сырына да құмартады. Біз де Айша бибі мен Қарахан баба арасындағы махаббаттың жай-жапсарын білуге құмарттық. Десе де Айша-бибі мен Қарахан баба ескерткіштеріне қатысты 20-дан астам аңыз нұсқа деректер қамтылған. Солардың бірнешеуін айтып өтсек.

Ел жадында сақталған аңызға сүйенсек, шығыс әулиелерінің бірі, сахабалар әулетінен шыққан Зеңгі баба мен Ануар бегімнің  18 жастағы ару қызы Айша сұлу сол кездегі әлеуетті Қарахан империясы Батыс қағанатының билеушісі болған  Ша Махмуд Қараханмен кездесу үшін билеуші еліне іңкәрлік сапарына шыққан жолында Аса өзенінің жағасында оқыстан бақиға аттанған. Кесене сол өзеннің бойында орналасқан деген.

Екінші бір аңыз әңгімелерінде Айша бибі XI ғасырдың шығыс ғұламасы, ғалым әрі ақын Сүлейман Бақырғанидің қызы екені айтылған. Ол Тараз әміршісі жас Қарахан Мұхаммедтке ғашық болған, бірақ оның тәрбиелеушісі Айқожа шайқы оған тұрмысқа шығуына қарсы болған. Сонда қыз өз бетімен сүйіктісіне кетіп бара жатқанда оны жолда жылан шағады. Қайтыс болған жерінде кесене соғылған. Басқа деректерде Айша Қараханның әйелі болып, оның мезгілсіз өліміне күйінген ол кейін, ең мықты сәулетшілерге мола үстіне бұрын болып көрмеген кесене тұрғызған.

Айша-бибі кесенесі жанында тағы бір әйгілі күмбез бар, ол күмбез – Бабаджа хатун кесенесі. Кесене сәулеттік композицияның қарапайымдылығымен, монументтілігімен және пішіндердің аса әсемдігімен ерекшеленеді. Көлемді композицияның тұрақтылығы мен тақтатастан жасалған төсеніші бар тас іргетастан тұрғызылуының арқасында кесене осы уақытқа дейін сақталған. Оның шаршы тұрпаттас ғимараты он алты қырлы жұмыр қабырғада орналасқан қырлы күмбезбен көмкерілген. Кесененің бас қасбетінің үстінде араб тілінде: «Бұл Бабаджа-Хатун қабірі. Оны салушы...» деген жазу қалдықтары сақталған.

Тарихи аңыздар Айша анамыз сұлулықтың, адалдықтың бейнесі ретінде қалыптасқан. Ал Бабаджа хатун Айша анамыздың жас қабірін күзетушісі, әрі күтуші тәрбиешісі болған. Сондықтан да «Айша бибі» ескерткішінің 20 метр жеріндегі «Бабаджа хатун» ескерткішінің тұруы да маңыздырақ екенін көрсетеді.

Тарихи ескерткіштерге Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2002 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалған. Туристерге қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Әр халыққа мақтанышпен көрсете алатын тарих ескерткіштері. Махаббат символына айналған Айша бибі мен Бабаджа хатун ескерткіштерін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында әлем жұртшылығына көрсетіп, тарихымыздың жауһарларын таныстырсақ үлкен бір ұлттық болмысымызды танытқандай болар едік. Өйткені мұндай ғажайып шығыс архитектурасы әлемде санаулы ғана.

Астана-Тараз-Астана

Материалдың фоторепортажы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)