Марокко мен Испаниядағы жәдігерліктеріміз (II бөлім)
17.02.2015 1326
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі Марокко мен Испания кітапханаларынан еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттарға қол жеткізді.

Бірінші бөлімі

1. Ала ад-дин Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами
Бадр ад-дин әл-Айни (1361–1451) «Иқд әл-Джуман» атты еңбегінде Ала ад-дин (Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед) ас-Сайрами жайлы: «[һижраның] 788 жылының 3 раджабында — 1386 жылдың 31 шілдесінде ас-Сұлтан әл-Маликаз-Захир Барқұқ [Каирдегі] екі сарай арасындағы ғимарат құрылысын бітірді. Сұлтан оған сол жылдың 12 раджабында бейсенбіде зиярат етті. Онда оған қант пен лимон шырыны толтырылған үлкен шыныаяқ берілді.

Ол әлгі ғимаратқа (төрт) мазһаб үшін-де, мұдаррис пен шейх аш-шуйух лауазымына лайық әл-имам әл-алим әл-аллама Ала ад-дин Әли Сайрамиді тағайындау үшін-де келді. Ала ад-дин сондай-ақ Ханафи мударрисі лауазымын да алды. Сол күні шейх хұтба оқыды, ол онда өлеңмен сұлтан аз-Захир Әбу Саид Барқұқты (1382–1398) Құраннан көп дәйектеме келтіре отырып мадақтады, бата берді.

Бұл жиында әмірлер, қазылар, ғұламалар арасында маңызды кісілер-де болды. Шейхқа сол күні сұлтан тарапынан оған дейін ешкім лайық болмаған көңіл аударылды. Сұлтан оның жайнамазын өзі тазалады, оған киімдер мен қашыр сыйлады.

Мұнда шейх аш-шуйух және ханафи шейхы ретінде бірінші болып Ала ад-динас-Сайрами және әл-хадис шейхы болған Маулана зада ас-Сайрами қызмет етті. Сонан соң аталмыш шейх Ала ад-дин медресе біткенше әл-Құдыс аш-шарифке [Иерусалимге] барып келуге сұлтаннан рұхсат сұрады. Сұлтан оған рұхсат берді.

Ол әл-Құдсқа жеткенде мен-де қажылық жасау үшін сонда бардым. Мен [Умар] Шукри, ол шейх туралы естігенмін, бірақ оны көрмеген едім. [Сол себепті] мен онымен кездесуге ынтық болдым. Кездескен соң оның ғылымды жақсы білетін, таңдаулы кісі екеніне көзім жетті. Кездесу кезінде ол маған өзімен бірге Мысырға барып, оның қызметінде болу жайлы ұсыныс жасалды. Бірақ олай ету менің жоспарымда жоқ болатын. Қажылық жасаған соң отаныма қайтқым келді. Бірақ ол, бұлай ету [үлкен кісілер] үшін керек деді. Соңыра бірақ мен отанымды және жақындарымды да қалдыруға шешім қабылдадым. Сөйтіп онымен Египетке аттандым. Біз Құдыста 10 күн болған соң, ұзамай Египетке келдік. Ол әлігі медресені тауып алды да, сонда жайғасты. Мен басқа жерге орналастым.

[Һижраның] 788 жылының 1 рамаданында — 1386 жылдың 29 қыркүйегінде ол маған хадим әл-худдам (қызметшілікті) ұсынды. Ол жұмыс маған лайық емес дедім. Ол бұл қызмет (оған) лайықты кісілер үшін [қажет] деді. (Ал) ол қызмет жеке мен үшін (ләзім). [Өйткені] Сен менің орынбасарым (наибымсың), медреседе менің атымнан хадиске қатысты барлық пәндер бойынша сабақ бересің деген соң осы шартқа мен келістім. Өйткені онымен қызметтестіктен көп пайда көрдім. Шейх қайтыс болғанға дейін міндетімді атқардым. Сонан соң кетейін деп едім, бірақ Шеркес әл-Халили уақытша бұрынғы қызметімде қалдырды», — дейді.

Бадр ад-дин әл-Айнидің «Иқ әл-джуманын» һижраның [һижраның] 784–801 жылдар оқиғасымен баяндауды әрі қарай жалғастырған Иман Умар Шукри «790/1388 жылы қайтыс болғандар» деген тарауында: «Біздің шейхымыз әл-Мадрасааз-Захирийа әл-Барқуқияның шейх аш-шуйухы Из-ад-динас-Сайрами Ала ад-дин Әбу-л Ала Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи қайтыс болды.
Ол әл-фиқһ және әл-усул бойынша илм әл-мағани уа-л баянның ерекше білгірі болатын. Ол ұлы шейхтарды тікелей танитын. Герат, Хорезм, Сарай, Қырым, Тебриз, Мысыр қалаларында пәтуа шығарып, сабақ берді», — дейді.

Умар Шукри әрі қарай Ала ад-динас-Сайрамидің шығыс уалаяттарынан (Сайрам жақтан) келгенін айта отырып, оның біраз уақыт Мардинде тұрғанын, сонан кейін Шамға (Дамаскіге) қоныс аударғанын, одан Халабқа орныққанын, Халабтан оны Сұлтан әл-Маликаз-Захир Әбу Саид Барқұқтың Египетке сарайлар арасына салынған медресеге шақырып шейх аш-шуйух қызметіне тағайындағанын, содан оның дүниеден өткенше қызмет еткен деп еске алады.

Умар Шукри сондай-ақ оның Каирде [һижраның] 790 жылының жұмада әл-аууал айының 3-де — 1388 жылдың 10 мамырында 70-тен өте қайтыс болғанына тоқталған. Оған жаназа намазы Каирдегі ан-Наср қақпасының сыртында оқылыпты. Намазды сұлтанның наибы Судун аш-Шайхуни оқыған. Ала ад-динас-Сайрами сонымен Қубба ан-Наср жолындағы Йунус ад-Дауад-ар зиратында жерленген», — деп еске алады.

Ол дүниеден өткен соң оның лауазымын інісі аш-шейх Сайф ад-динас-Сайрами (?-?) атқарады. Ол бұдан бұрын біраз уақыт Тебризде тұрса керек. (Табризді) Ақсақ Темір қиратқан соң, ол қаланы талақ тастап, жанұясымен Халабқа (Сирияға) келген.

«Мен одан «әл-һидайаның» үлкен бөлігін, «әл-Кашшафтың» бас жағын, Сағад ат-Тафтазанидың «Шарх ат-танкихын» «Баб әл-қийас» бөліміне дейін, сондай-ақ оның «Шарх ат-талхисын» тыңдадым.

Медреседе мен онымен алғашқы күннен ол қайтыс болғанға дейін бірге болдым. Бұл хрониканы көшірген — Египетке бауыры шейх Бадр ад-дин Махмудқа келген (катиб) Ахмед ибн Ахмед ибн Мұса әл-Айнтаби.

Оның орнына бұл лауазымға шейх Сайф ад-динас-Сайрами ие болды. Ол оған дейін біраз уақыт Тебризде тұрған еді. Ақсақ Темір (Тимур Ланг) шаһарды құлатқан соң, ол қаланы тастап, жанұясымен Халабқа келді.

— Әл-Маула әл-Фадил әл-алламауа-л ұстаз әл-камил әл-фаһһама шейх әл-ислам Ала ад-дин Әли ас-Сайрами. Ол жайлы деректі Қырымдағы Кафа, (Кепе — қазіргі Феодосия) қаласының тумасы Махмұд ибн Сүлеймен әл-Кафауидің (?-1582/1583) «Катаиб аълам әл-ахйар мин фукаха мазһаб ан-Нуғман әл-мұхтар» еңбегінен көрдік. Ол Ала ад-дин білім алған деп бірқатар Орта Азияның көрнекті ғылымдарын атаған. Солардың ішінде әуелі ас-саййд Джалал ад-дин әл-Гурланиді ауызға алады. Гурлани шейх әл-имам Хұсам ад-динас-Сығнақиден, ол шейх әл-имам Ала ад-дин Абд әл-Азиз әл-Бұхариден, ол «Кашфтың» авторынан [Әбу-л Қасым Замахшариден], ал ол шейх әл-кабир Хафиз ад-дил әл-Кабир әл-Бұхари Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Насрдан, ол шейх имам Шамс әл-аимма Мұхаммед ибн Абд ас-Саттар әл-Кердериден, ал «Әл-һидаяның» авторы шейху-л ислам Бұрһан ад-дин (ибн) Әбу Бакр әл-Фарғаниден дәріс алған. Оның «әл-Һидаясынан» имам, ұстаз Ибн әл-Каттани оқыған. Ол туралы ибн әл-һумам «Фатх әл-қадир шарх әл-һидаяда» былай деген: «Мен «әл-һидаяны» әл-һидаяның қариы деген атпен белгілі мырзам, шейх әл-имам Сирадж ад-дин Умар әл-Каттаниден, ол ұлық шейхтардың бірі Ала ад-динас-Сайрамиден, ол өзінің шейхы, осы кітаптың түсіндірушісі Саййд ас-Сайрами, сондай-ақ әл-аллама Уаджиһ ад-динад-Дили және әл-алламааз-захид әл-кабир Шамс ад-дин әл-Хатибад-Дилиден оқыдым. Алла оған рахым етсін, ол [һижраның] 790//1388 жылы қайтыс болды», — дейді.

Тақи ад-дин Абд әл-Қадир ат-Тамимиад-Дари әл-Газзи әл-Мисри (?-1546–1547) Ахмед ибн Мұхаммед Ала ад-динас-Сайрами туралы «Ол отанында [Сайрамда] білім алды, сонда фиқһ, методология, әл-мағани, әл-байан бойынша бір топ ғалымдардан кемеліне келгенше тағлым алды. Ол бірнеше қалаларда дәріс берді: Маридинге келіп, біраз сонда күн кешті. Сонан соң Халабқа барып, сонда тұрды. Аз-Захир Барқұқ [екі] сарай арасына медресесін салған кезде, оны өзіне шақырды. Ол [һижраның] 788/138–1387 жылы [Каирге] келді-де сонда софы шейхы, ханафи мұдаррисі болып тағайындалды. Бұл [һижраның] сол жылы раджаб айының 12-де — 1386 жылдың 9 тамызында болған еді. Сонда ол өзінің Жаратушысының: «Айт, О Алла патшалық иесі» деген сөзін айтты. Сонан соң «әл-Һидайа» және өзге-де кітаптар бойынша фиқһ пен методологиядан сабақ берді.

Ибн Хаджар (әл-Асқалани — 1372–1449): «Біздің шейхымыз Изз ад-дин ибн Джамал оны суреттеудегі түсініктілігі мен кемелділігі үшін көтермелеп, жоғары бағалады. Ол одан өзге кітаптардан таба алмаған жайттерді тапқанын айтты» деген.

Ол әрқашан діндар, құдайдан қорқатын, көпшіл, кішіпейіл, өзіне-өзі риза емес, Жаратушының алдында өзін пақыр санағаны сонша, тіпті астмамен ауырып қалды. Сол аурудан ол [һижраның] 745 жылының джұмада әл-ула айының 3-де — 1393 жылдың 17 наурызында дүние салды. Алла оған рахым етсін» деп жазған.

— Ала ад-дин (Ахмед ибн Мұхаммед) ас-Сайрами әл-Ханафи туралы «Зайл әл-джауаһир әл-мудийасында» ибн Тулун (?-1546) да жазған. Ол «Ахмад ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи, Ала ад-дин Сарай, Қырым, Хорезм, Герат, Табриз, Каирде және басқа да қалаларда пәтуа шығарды. Ол және інісі Сайф ад-динас-Сайрами Сайрам қаласында туылған» дейді.

Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами (? — ?)

Ала ад-дин (Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи

(?-1388) Сайф ад-динас-Сайрами (Йахия ибн аш-шейх) (?-?)

*Низам ад-дин Йахия ибн Аш-шейх Сайф ад-дин (Йусуф ибн Мұхаммад ибн Иса) ас-Сайрами (?-1430)

Адуд ад-дин Абд ар-Рахман ибн Йахия ибн Саиф ад-динас-Сайрами (1314 — 1475–1476)

*Ортағасырлық тарихшылар Низам ад-динді бірде Ала ад-диннің, енді бірде оның інісі Сайф ад-диннің баласы деп көрсеткен — Ә.Д.

2. Низам [ад-дин] ас-Сайрами (?-1430) жайлы деректі ортағасырлық оқымысты Зайн ад-дин Әбу-л Фадл әл-Қасым ибн Құтлубұға ас-Судуни әл-Джамали әл-Мисри әл-Ханафидің (1399–1474) атақты «Тадж ат-тараджим» атты еңбегінен кездестірдік. Фиқһ бойынша дәріс алған ұстаздарының бірі ретінде ол Низам [ад-дин] ас-Сайрамиді атаған. Низам [ад-дин] ас-Сайрамиден ибн Құтлұбұға орта ғасырлық үлкен ғалым Бұрһан ад-дин әл-Марғинанидің (?-1197) «Китаб әл-Һидайа» атты еңбегінің бір бөлігін және ат-Тафтазанидің (?-1390) «әл-Мутаууал» атты шығармасын тыңдапты.

— Бадр ад-дин әл-Айни «Иқд әл-джуманда» «Низам [ад-дин] Йахия ибн аш-шейх Сайф ад-дин (Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса) ас-Сайрами Каирдегі әл-Мадраса әл-Барқуқияның шейхы болған. Ол джумада ас-сани айының 17-де (1430 жылдың 13 наурызында) қайтыс болды. Оның жаназа намазы [Каирдегі] ан-Наср қақпасы маңында оқылды. Ол Каирге әкесімен бірге келген еді. Ал оны әкесі Ала ад-динас-Сайрамимен бірге сұлтан Барқұқ шақырған. Ол кезде ол жас болатын. [Һижраның] 810 жылының раби әл-аууал айында (1407 жылдың тамыз-қыркүйегінде) әкесі қайтыс болған соң, ол әкесінің орнына медресеге [басшы] болып тағайындалды. Ол дүниеден өткен соң біліміне қарап емес, аш-шауқа (кейбір кісілердің қалауы) бойынша, орнына баласы Адуд ад-дин Абд ар-Рахман тағайындалды», — деп жазған.


— Абд ар-Раззақ Қармұт былай дейді: «Медресе әл-Барқұқияның шейхы Низам ад-дин Йахия ибн аш-шейх Сайф ад-дин (Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса) ас-Сайрами [һижраның] 833-1429–1430 жылы қайтыс болды. Жұмада ас-сани айының 17-де сейсенбіде — 1430 жылдың 13 наурызынан ол дүниеден өткеннен кейін [Каир] сыртындағы ан-Наср қақпасы маңында жаназа намазы оқылды. Каирге ол әкесі Ала ад-динас-Сайрамимен бірге келген. Әкесін Сұлтан Барқұқ өз медресесіне шақырған еді. Ол онда жас еді. [Һижраның] 810 жылының раби әл-аууалында — 1407 жылдың тамыз-қыркүйегінде әкесі қайтыс болды. Әкесінің орнына ол тағайындалды. Низам ад-дин қайтыс болған соң оның орнына баласы Адуд ад-дин Абд ар-Рахман ие болды. Бұл оның білімінің емес, соны қалаушылар арқасында болған еді.

3. Абд ар-Рахман ибн Йахия ибн Йуcуф ибн Мұхаммед ибн Иса шейх аш-шуйух Адуд ад-дин ибн шейх аш-шуйух әл-аллама Сайф ад-динас-Сайрами әл-Ханафи (1314–1475-1476).

Ол жайлы деректі Таки ад-дин әл-Газзиат-Тамимидің «Ат-Табақат ас-санийа фи тараджим әл-ханафийа» атты еңбегінен оқимыз. Ол Абд ар-Рахман жайлы деректе әуелі оның қайтыс болған мерзімі деп һижраның 880//1475–1476 жылын көрсеткен. Бұл мерзімді ол Джалал ад-динас-Суйутидің (1445–1505) «Ағйан әл-аъйан» деген шығармасынан кездестірген.

Абд ар-Рахман туралы мағлұмат сондай-ақ Ибн Тулунның (?-1546) «әл-Гураф әл-алайа фи тараджим мута’аххири әл-ханафийасында» да бар. Ибн Тулун Абд ар-Рахманды «һижраның 713 жылы шаууал айының басында 1314 жылдың қаңтарында туылған» дейді-де фиқһ бойынша әкесі әл-аллама Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед аш-Шумунниден (1399–1468) дәріс алды. Қасиетті Құранды жаттап алды. Ғылыммен айналысып, әкесі дүние салған соң жоғарыда аталған шейхтардан оқыды. Медреседе жүріп сабақтарға деген құштарлығы оянды, фиқһ, методолгия, араб тіліндегі пәндер, әл-мағани, әл-байан бойынша кемелділікке жетті. Зеректігі, таланттылығы, керемет жады, ептілігі, ақылы, көңілділігінің арқасында ол көптеген ғылым іздеушілерге (студенттерге) пайда келтірді. Ол діншіл-де тақуа, құдайдан қорқатын, өте керек кезде болмаса билік басындағылармен сирек кездесті. Ол ханафит ғылымдар арасында атақтылардың бірі еді. Жылдар бойы пәтуа берді, одан көптеген ұлы ғұламалар дәріс алды. Жоғарыда көрсетілген мерзімде кенеттен қайтыс болды» деп жазады.

Жалғасы бар

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ 

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының  докторы, профессор