«Ертістің Павлодар өңірі тарих толқынында» атты көрме ашылды
13.05.2015 2300
2015 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ертістің Павлодар өңірі тарих толқынында» атты көрме ашылды.

Көрмені ҚР Ұлттық музейі және Павлодар облысы әкімдігінің көмегімен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, жергілікті музейлер ұйымдастырды. 

Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылды. 

«Бұған дейін астаналықтар мен Астана қала қонақтары Қарағанды облыстық музейлер жиынтығының құнды мұраларымен танысқан болатын. Павлодар облысы осы шараны жалғастырып отыр. Қолда бар мұраны бүгінгі күнге жеткізіп, оны ертеңгі ұрпаққа дұрыс насихаттап көрсету – тағылымды іс. Шын мәнінде бұл – отаншылдықтың белгісі. Павлодар – еліміздің тарихи өңірі. Бұл жерден Бұқар жыраудан бастап кейінгі Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдар, Майрадай әншілеріміз, небір дүлдүлдер мен бұлбұлдар шыққан. Бір ғана Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі неге тұрады?! Сол кісілердің мұраларына, қалдырған жәдігерлеріне адалдық танытқыларыңыз келсе, музейге келіңіздер», – деді көрмеде Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай. 

Жоба аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музей ісін дәріптеуге, Қазақстанның облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің мол қорларынан жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды артефактарымен, жәдігерлерімен елорда тұрғындары мен қонақтарын таныстыруға мүмкіндік беруді көздеді. 

«Кереку өңірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан және тағы да басқа танымал тұлғалар дүниеге келген қасиетті жер. Бұл аймақ рухани, мәдени мұраға бай өлке. Осыған дейін біз 400-ден астам экспонатты Ұлттық музейдің қорына тапсырдық. Ал бүгінгі көрмеге біз облыстағы музейлердің ең таңдаулы экспонаттарын әкеліп отырмыз. Бұлардың арасында суретшілердің, қолөнершілердің туындылары, палеонтологиялық артефактілер, елімізге елеулі азаматтардың жеке заттары, қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлер бар», — деді жиналғандарға Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Берковский. 

Көрмеге келушілер өлкенің өткен тарихымен, Павлодар облысының белгілі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерімен танысты. 

Келушілерге көрмеде төмендегідей бөлімдер ұсынылды: 

1. «Көңіл күмбірлеткен өнер» (павлодарлық суретшілердің туындылары); 

2. «Қала тарихы» (Павлодар тарихынан сыр шертетін құжаттар мен экспонаттар); 

3. «Объективте Ертістің Павлодар өңірі» (фотосуретшілердің жұмыстары); 

4. «Ертіс өңірінің тарихы мен этнографиясы» (фотоқұжаттық және заттық экспонаттар); 

5. «Павлодар Ертіс өңірінің археологиясы (археологиялық олжалар); 

6. «Өңірдің палеонтология ескерткіштері» (палеонтологиялық олжалар); 

7. «Тарихи тұлғалар мекені» (атақты жерлестерімімздің жеке заттары, фотосуреттер, құжаттар). 

Көрме 2015 жылғы 12 шілдеге дейін жалғасады.