Ұлттық музейде «Қазақ құқығының тарихы» көрмесі ашылды
26.08.2015 1468
Бүгін Қазақстан Ресаубликасының Ұлттық музейінде «Қазақ құқығының тарихы» атты көрме ашылып, «Конституция – қазақстандық қоғамның негiзi» тақырыбында дөңгелек үстел өттi

Аталған игі шара Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы атаулы күндеріне орайластырылып ұйымдастырылды. 

ҚР Конституционализмнің қалыптасуы мен дамуы шеңберінде өткен дөңгелек үстелге ҚР Парламенті депутаттары, ғалымдар, белгілі құқықтанушылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшелері қатысты. 

Басқосу мәжілісінде 1995 жылғы референдум арқылы жарияланған Конституция тарихы тілге тиек болды. 1998, 2007, 2011 жылдары қайта өзгертулер мен өзгерістер енгізілген заңнамалық құжаттар да баяндалды. 

«ҚР Конституциясы 20 жыл ішінде жаңа Қазақстанның толайым табыстарының сенімді кепіліне айналды. Ұтымды құқықтық жүйенің арқасында біз экономикалық өсім мен қоғамдық игілікке қол жеткіздік, тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз еттік», – деді іс-шараға қатысушы ғалымдар. 

«Қазақ құқығының тарихы» атты көрмеден «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті Жарғы» деген заңдар топтамаларынан бастау алған қазақ құқығының негізгі кезеңдерін көруге болады. 

Аталған музейдің Заманауи өнер орталығының қызметкері Тоғжан Әділбекова көрме жайында: «Көрмеде «Қазақ құқығының тарихи» туралы көрмеде Қасым ханның қасқа жолы, Есiм ханның ескi жолы, Тәуке ханның «Жетi жарғысынан» бастау алатын қазақ елiндегi құқықтық шарттар туралы құжаттар бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қазiргi Конституциясының алғышарты 1917 жылы 13 шiлдеде I Жалпы қазақ съезiнде жарияланған Алаш автономиясының қаулысымен тұжырымдалған едi. Көрмедегi фотоқұжаттар мен мұрағаттық материалдар 1926 жылғы Қазақ АКСР-ның Конституциясы, Қазақ КСР-ның 1937 және 1978 жылғы Конституциясының және Тәуелсiз Қазақстанның 1993, 1995 жылдары қабылданған Конституциясының ережелерi туралы ақпарат бередi», – деп баяндады. 

Көрмеде құнды жәдігерлер ұсынылған. Хандық биліктің нышандары, 1937,1978, 1993, 1995 жылдардағы Конституциялар, республикалық мұрағаттардан алынған құжаттардың көшiрмелерi қойылды. Соның ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы Конституция қабылданған кезде айтқан және жазған сөздерiнiң көшiрмесi бар.

Қазақ құқығының тарихы көрмесі әлі жалғасады, тамашалаймын деген келушілер үшін есік ашық.  Әсіресе жас ұрпақ – келешек буын үшін бұл шараның маңызы өте зор. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ