Тұңғыштар. Қарағанды көмірінің атасы
02.09.2015 4968
Аппақ Байжанов – Қарағанды жұртшылығы үшін таныс есім. Қала тарихының ұзын-сонар қатпарында Аппақтың сіңірген еңбегі зор

Аппақ тапқан жанатын тас арқасында Арқаның сайын даласында қала салынды, шахта өңдірісі қолға алынды. Бүгінде тақыр жерден 100 жылдық тарихы бар Қарағанды қаласы іргетасын қалады. Сондықтан да әр жылдың тамыз айының соңғы жұлдызында Қарағанды жұртшылығы кең көлемде шахтерлер күнін тойлайды. 

Расымен де, Қарағанды көмірі – еліміздің басты байлығы. Тек республиканы ғана емес, кешегі күндері бүкіл ССРО аумағын қара алтынмен қамтамасыз етті. Ел экспортының қайнар көзі де осы байлығымыз дейтініміз сондықтан. Ал осы көмір өндірісінің басы-қасында жүрген шахтерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Кеншілердің ауыр еңбегі талай қиындықты жеңіп, өмір мен өлім арасында жүздеген метр тереңдікке түсіп, осы байлықты иегереді. Шахта ішіндегі апаттан қаншама өмір қиылды, қаншама отбасының көз жасы қара жерге төгілді. Қарағандылықтардың тыныс-тіршілігінің бір бөлігіне айналған қара алтын жылдар көлемінде өз шежіресін де қалыптастыра алды. Ендеше осы орайда кеншілер қаласы атанған Қарағанды көмірінің тарихынан сыр шертіп, қойшы бала тапқан байлықтың сырына үңілсек. 

Осыдан тура екі ғасырға жуық уақыт бұрын Қарағанды көмірін Аппақ Байжанов ашқан болатын. Содан бері бұл алқап қара маржанның ордасына айналды. Қойшы бала Аппақ есімі көркем шығармаларға арқау болып, барша республика жұртшылығына танылды. Қазақ əдебиетінің классигі, академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы – Аппақтың шынайы көркем бейнесін танытқан туынды. 

 

Аппақ Байжановқа орнатылған  ескерткіш

Романдағы «...Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас кемірін əкесіне əкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, əр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен» деген жолдар Қарағанды тас көмірінің алғаш қалай табылғанынан мағлұмат береді. Бірақ бір әттегені бұл көркем туынды советтік идеология тұсында жарық көрді. Сондықтан қойшы бала Аппақты кедейдің баласы ретінде көрсетіп, байдың жалшысы деп оқытты. Шынтуайтында Аппақтың әкесі Байжан Жұман, Игілік байлармен дәмдес-сырлас жақын достары болған. 

Бұл туралы журналист-жазушы Е. Лұқпан «Қарағанды тас көмірін алғаш тапқан Апақ Байжанов туралы алып-қашты əңгімелер төңірегінде» атты мақаласында: «Қазір көмірлі Қарағандыда Аппақ ұрпақтары да бар. Солардың ішінде арғы-бергі тарихты жете білетін, əрі атақты атасы жайындағы деректерді тірнектей жинап, көзінің қарашығындай сақтап жүрген, Аппақ Байжанов ұрпағының қазіргі ақсақалы Тұрсын Омаровпен жолығуымыздың сəті түсті. 

Кешегі совет заманының саясатына икемделіп Аппақ тақыр кедейдің баласы, ұзақты күнін қой соңында өткерген жалшы ретінде ұғындырылып келгені белгілі. Бұл қалыптасқан пікірдің кате екендігін Тұрсекеңнің осы өңір мен оны мекендеген жандар, ата-бабалары туралы еріден шиырлаған əңгімесі нақтылай түсті. Осы бір құйқалы өңірді, үсті мыңғырған мал, асты мол қазына өлкені Сармантай елі – Аппақтың бабалары мекендеген. 

 

Алғашқы кен игерушілер

Қазіргі Қарағандының орны мен оның маңындағы кең алқапты жергілікті тұрғындар «Жеті құдық» деп атаған. Соның ішінде Қызылқұдық казіргі Доскей ауылы, Қарақұдық бұрынғы «Көктал» совхозының орталығы, Жалғызқұдық сол совхоздың бөлімшесі болған елдімекен, Тоғызқұдық Кузнецкий совхозының орталығы, Майқұдық осы күнгі Майқұдығымыз, Қымызқұдық Көкталдың бөлімшесі, Аққұдық Кузнецкий совхозының бөлімшесі қоныстанған жер екен. Тұрсынның айтуынша, Аппақтың əкесі Байжан Тоқтамысұлы анау айтқандай тақыр кедей емес, өз шаруашылығын өзі дөңгелеткен орта шаруа болыпты. Осы өлкедегі 17 мың жылқы біткен Жұман бай, 12 мың жылқыны алдына салған Игілік бай Байжанның алдын орағытып өтпеген, небір жиын, алқалы бас қосуда Байжекеңді қатыстырып, əрі оның сөзіне ден қойып отырғанға ұқсайды. Орақ ауыз, от тілді Байжан өзінің шешендігімен, ненің болсын əділіне жүгінетіндігінен болар ел ішінде «Қараби» атаныпты». 

Міне Ермағанбет Лұқпан ағамыз айғақтағандай, Байжан тақыр кедей емес, дәулеті бар, сөзге шешен, Игілік пен Жұман байларға сыйлы адам болған. 

Аппақ Байжановтың есімі көркем шығармалар мен зерттеулерде ғана емес, суретшілер мен мүсіншілер қиялынан да туындады. Қойшы баланың суреті қағазға салынып, шежірелі фотосуретке айналса, мүсіні жасалып, үлкен ескерткішке айналды. Соның ішінде Қарағанды қаласында 1999 жылы Апақ Байжановтың құрметіне ашылған ескерткішті де айтуға болады. Бұл дегеніміз – ұлы бабамыздың есімін тарихымызға алтын әріппен жаздырып, есімін ұлт тарихында асқақтатқанымыз. Ал енді ел аузындағы аңыз әңгімелерде Аппақтың көмірді тапқаны жайлы деректерге тоқталсақ.

 

Көмір шахтасы

«Қазіргі Қарағандыдағы Ескі қаланың орнында қалың қараған өседі екен. Сол қарағанның ішінде соңында екі тазысы бар Аппақ деген бір байдың қойшысы қой жайып жүреді. 

Бір кезде қойдың бір шеті дүр ете қалады. Жалт қараса бір суыр қашып бара жатыр екен. Тазылар тұра бастыртады, бірақ, суырдың іні таяу екен, ініне қояды да кетеді. Ол күні күн кешкіріп қалғандықтан, Аппақ суырдың інінің аузын таспен бекітіп кетеді. Келесі күні ерте келіп, суырды інінен қазып алады. Сол күні ін түбінен көмір шыққан екен дейді. Әуелде Аппақ оның не екенін білмейді... 

Қара бояу ма деп ойлайды. Бірсыпырасын үйіне алып келіп жүн бояп көреді. Жүнді тек кірлеткені болмаса, жүнге бояу болып қаппайды. Содан ауыл ақсақалдарына көрсетеді. Олар да шеше алмайды. Бір күні кешкілікте тезектің маздап жанған отын айнала қоршап отырғандар тағы да сарапқа салады. 

– Бірақ бұл алтын да емес, күміс те емес, жез де емес, ал жай тас та емес. Не екенін бір Алла өзі білсін, – деп отырғанда, бір тас отқа түсіп кетеді. Ол жана бастайды. Отырғандар: 

– Тас жанып жатыр, тас жанып жатыр! – деп шу ете қалысады. Басқалар қолындағы тастарын отқа салады, әлгі тас онан сайын қыза жанады. Сол жерде «бұл жай тас емес», «Жанатын тас» болды деседі. Ертеңінде-ақ сол «Жанатын тас» туралы хабар жоғарғы жаққа жеткен екен. Сол тасты тапқан Аппақты бір төре іздеп келген дейді. Аппақ әлгі төреге тасты тапқан жерін көрсетеді. Ол үшін Аппаққа ат тұяғындай алтын, қой тұяғындай күміс берген екен» делінеді аңыз-деректерде. 

Қарағандыдағы тұңғыш рет ашылған «Қаразабой» деген шахта сол Аппақтың көмірін тапқан жерінен ашылған. «Отқа жанатын қара тасты» тауып алған қойшы оны өз қажеттілігіне жарата алса да, қазба байлығын өндіріске жарату 23 жылға тоқтап тұрды. Тек 1856 жылдан бастап ғана өнеркәсіп иелері кен орнына назар аудара бастады. Кейіннен Қарағанды көмір бассейінің игеруге ағылшындықтар келді. Олар орыс жатақтары мен шағын өнеркәсіп ошақтарын ашты. 

Қазіргі кезде Қазақстанда 100-ден астам көмір кеніші бар. Тас көмірдің негізгі кеніштері –Қарағанды, Екбастұз алаптары, Қошеке кеніші. 

 

Кеншілерге қойылған ескерткіш белгі

Алайда, Қарағандының көмірі – үлкен маңыздылыққа ие кен орны. Қазіргі таңда Сарыарқа төсінде «Арселор Митталл» шахталары, сондай-ақ бұрынғы «Испад-Кармед» шахталары көмір өндірісінің табысын арттырды. Дәстүрлі еңбекке айналған кен өндіру ісін әкелер өз ұлдарына табыстады. Шахтерлер күні  көпшілік үшін тағылымды мереке.