Тарих – туризм тұрғысынан. Қызыл алаң немесе Сарайшық құпиясы
04.09.2015 2935
Сарайшық қаласы – бүгінде сан мыңдаған турист сапарлайтын қала. Өйткені әлемнің әрбір тұрғындары Алтын Орда тұсындағы дүниенің ең сұлу, ғажайып қаласының орнын тамашалағысы келеді

Қазақ хандығынан Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі күніне дейінгі 550 жылдықта сан қырлы тарих жатыр. Кешегі Алтын Орда дәуірінен бастап бүгінгі күнге жеткен ұлы хандар жатқан, елдігіміздің астаналары болған киелі жерлер сол тарихтың бір парағы. Мерейтой қарсаңында Ұлытаудың ұлылығы ұлықталып, Түркістанның тарихи шежіресі ақтарып, Қозыбастың төріне экспедиция жасалды. Бірақ Алтын Орда хандары мен Қасым хан хандық құрған Сарайшық неге үнсіз жатыр деген сұрақтар мазалайды. 

 

Сарайшық су астына кетіп, шайылып қалған қала емес. Археологиялық тұрғыда аспан астында жасалған музей қала. Оның да әлеуетін қарастырып, биылғы мерейтой қарсаңында туризм тұрғысынан дамытсақ болмас па еді?! Бір кездері корейлер мен түріктер келіп Жайықтың жағасында демалыс орындарын салып, Сарайшықтың ескі орнына экспедиция жасаймыз деді. Туризмі қарыштаған елдің ағайындары бекер көз тікпеді. Бірақ қаражаты көп, машақаты ауыр жобаны іске асыра алмады. 

 

Сарайшық – турист тартып, ақша табудың көзі емес, Қасым хан мен Алтын Орданың негізін қалаған Батудың арманың ұрпаққа жеткізетін бекініс. Біздің мақсат – бабаларымыз армандаған Сарайшықты тарихи археологиялық тұрғыдан әлі де зерттеп, аспан астындағы музей-қорық жасау. 

 

Алтын Орданың гүлденген дәуірінде Бағдад пен Мәскеу сияқты қалалардан озық тұрған Сарайшықтың тарихта алар орны ерекше. Қасым хан дәуірінде саяси элиаға көтеріліп, шығыстық үлгідегі таңғажайып Қазақ хандығының астанасы болды. Жошының ұлы Бату хан тамсанып, Темірдің ұлы Әмір қиратуға қимаған Сарайшықтың тарихына үңіліп, туризм тұрғысынан дамытудағы алғы шарттарына тоқталсақ. 

Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған – арабтың белгілі географ ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке – Алтын Орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деген пікірді қалдырады. 

 

Бұдан кейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған – орыс патшасы VI Иван Грозныймен дос болған, ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасауы кезінде Сарайшық қаласына соғады. «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан қолөнері мен саудасы дамыған қала екен», – деп жазған. Тіпті кейбір деректерде әлгі Грозный 1581 жылы Сарайшық қаласына тамсанып, осы қалада 10 күндей демалып, кейін казактарға қаланы «толықтай жермен-жексен етіңдер» деп бұйырса керек. Иван Грозныйды қаланың таңғажайып көрінісі мен архитектуралық келбеті қызықтырды. Олай дейтініміз Ресей астанасы Мәскеудің сәнін келтіретін шығыстық үлгідегі Қызыл алаң, Кремьл Сарайшықтың архитектуралық үлгісі деген деректі қаузайды. Сондықтан Сарайшық құпиясы әлі де көп зерттеуді қажет етеді. 

Алтын Орда дәуірінен кейін Жәнібектің ұлы Қасым хан 1513 жылы қазақ мемлекетінің астанасы деп Сарайшықты жариялайды. Сол заманда қала тұрғындарының саны жүз мыңға жеткен екен. Орта ғасырдағы тарихшы Әбілғазы Баһадүр ханның дерегі бойынша Сарайшықта әз Жәнібек хан таққа отырып, 17 жыл хандық құрған, сүйегі осында қойылған. Одан кейін оның баласы Бердібек хан Сарайшыққа келіп, хан сайланған. 1395 жылы Ақсақ Темір күйретіп кеткен Сарайшық қаласы XV ғасырдың бірінші жартысында қайта қалпына келтіріліп, Жәнібек хан мен Бұрындық хан тұсында-ақ Қазақ мемлекетінің астанасы болған деген дерек бар. Қадырғали би өз еңбегінде Қасым ханның Сарайшықта дүние салғанын, қабірі Сарайшықта жатқанын жазып қалдырған. ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Шернияз Қанайұлының қалдырған дерегі бойынша, Сарайшықта Сартақ, Берке, Тоқтақия, әз Жәнібек, Қасым хандар және ноғай хандары Ысмайыл мен Ораз жерленген. Бүгінде көне қала орнында осы жеті ханға құлпытас қойылған. 

 

Сарайшық қаласында сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар болған. Оларды сол дәуірдің атақты, дарынды шеберлері салған. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез өсті. Қала көшелері мен құбырлары бірізді жинақы салынған. Бұлардың барлығы археологиялық қазба ескерткіштерде анықталып дәлелденді. 

Қазіргі таңда Сарайшық жер бетінен тез жоғалып бара жатыр. Бұл жағдайға Жайық өзенінің арнасының ауытқуы басты себеп болып отыр. Судың асау толқындарынан қаланың шеткі аймақтары суға шайылып, олардан ертедегі адамның қаңқалары, бас сүйектері, қолданыстағы ескі заттар табылып жатыр. Ол тіпті Сарайшық қаласының әлі де күрделі археологиялық зерттеуді қажет етіп тұрғанын айғақтайды. 

 

Сарайшық қаласы – бүгінде сан мыңдаған турист сапарлайтын қала. Өйткені әлемнің әрбір тұрғындары Алтын Орда тұсындағы дүниенің ең сұлу, ғажайып қаласының орнын тамашалағысы келеді. Сондықтан Сарайшық ескі қала орнына үлкен мемориалды кешен тұрғызып, туристік әлеуетін дамытсақ деген пікірлерде көп. Бірақ әлем туристерін өзіне ынтықтырған Қазақ хандығының астанасының туризм әлеуеті зор деп айта алмаймыз. Атырау облыстық басқарма басшыларының айтуынша Сарайшықтың саяхат орталығы болуына бірнеше кедергі барын айтып отыр. «Материалдық-техникалық базаның дамымауы мен туристік объектілердегі қызмет көрсету деңгейінің төмендігі және, ең бастысы, жеткіліксіз қаржыландырылуы бизнестің тиімді түрі – туризм саласының шет елдердегідей дамып кетуіне орасан кедергі келтіріп отыр» дегенді тілге тиек етеді. «Дей тұрғанмен, осындай елеулі мерейтой қарсаңында Сарайшықтың салтанатын кіргізсек болар еді ғой. Әлемдік туризм ошағының ордасына айналдырып, үкіметтен, жергілікті облыс басшылығынан қаржы бөлдіріп, Сарайшық туризм базасын құруға болар еді. Алдымен Жайық жағасындағы үлкен жағаны бекітіп, қазба жұмыстарын жетілдіріп, нақтылы жұмыстарды қолға алуға болар еді», – дейді Сарайшық мұражайының директоры М. Бердімұратов. 

 

Тіпті мұражай басшысының сөзіне сенсек, Сарайшық әлдеқашан туризм ошағына айналып, аспанасты музейі болар еді. Бұл жерде Сарайшықты зерттеу мен дамытуға қаржы бөлінбеу себеп болған. 

Ал Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Астана бөлімшесінің директоры, профессор Зейнолла Самашев Сарайшық қаласын сақтаудың екі нұсқасы бар дегенді айтады. «Біріншісі – ұзындығы бір жарым шақырым болатын қорған төсеп, өзен жағасын бекіту болса, ал екіншісі – Жайықты көне ағысына қайтадан бұру болып табылады. Бірінші нұсқа шамамен 11 млрд теңгедей қаржы жұмсауды талап етеді. Жағада алып құрылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Және де бұл жұмысты жүргізгенде жағада орналасқан археологиялық маңызы бар құнды жәдігерлерді жойып жіберуіміз мүмкін. Ал екінші нұсқа бойынша жұмсалатын қаржы одан екі-үш есе арзан. Әрі Сарайшықтағы қазба жұмыстарына ешқандай зияны тимейді. Тек бір қолайсыздығы, сол жерде орналасқан қазіргі Сарайшық елді мекенін басқа жерге көшіру керек», – дейді. 

 

Сарайшық қаласы жыл сайын археологиялық зерттеулер нәтижесінде қазылып келеді. Содан бері ұлы ордамыз болған шаһардан көп қабатты қонақ үйлер, ХІІІ ғасырдың моншасы, құбыр кәріздері, үлкен алып мұнаралардың қалдықтары, қазіргі біздің қолданысымызға табан кафелдері, түрлі көздің жауын алар тұрмыстық заттар табылды. Сондықтан хан ордасы болған, Алтын Орданың ресми маңызды қаласы Сарайшық туризм тұрғысынан әлі де мыңдаған туристі өзіне шақырып, сан қырлы сиқырын ұсына алады. Ол үшін мемлекет басымдық берген «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында тұралаған Сарайшықтың туризм әлеуетін дамытып, күрделі жөндеуден өткізуге болады. 

Мақала «Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі 86 және 87 қадамдарын жүзеге асыру аясында жазылды.