Өлкенің бай мұрасы – «Қазыналы Оңтүстік»
20.10.2015 1880
Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының тұсаукесері өтті

Ұлттық академиялық кітапханада өткен шараға ҚР Парламенті депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің уәкілдері, кітапхана оқырмандары және де «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли, көптомдықтың редакциялық алқа төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы Қазыбек Тәжиев, «Нұрлы әлем» баспасының президенті Дәулет Жарылқасын, редакциялық алқа мүшелері, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих және филология факультетінің студенттері қатысты. 

Аталған шарада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли модератор болып, аталмыш жобаны іске асыруға, жинақты шығаруға қол ұшын беріп, бастаманы құптаған сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы екенінде тілге тиек етті. Ол өз сөзінде «Президентіміздің «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды?» деген сөз бар. Осыған орай, міне, бүгін «Қазыналы Оңтүстік» кітабының 311-томының тұсаукесері болып отыр. Ұлт тұтастығының кілті – туған тарих, дін, мәдениет, тіл, әдет, дәстүрді қастерлеу мен бағалауға бағытталған кітаптар сериясы бүгінде оқырманға жол тартты. Тарихи фольклор мен жарияланбай қалған жырларды және ақындардың шығармаларын зерттеп, ұрпаққа аманат ететін бұл жинақты шығару Асқар Исабекұлының бастамасы болып табылады», – деді. 

«Қазыналы Оңтүстік» көптомдығы – Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналған кітаптар сериясы. Алғаш бастаманы қолдап, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан сол кездегі облыс әкімі, қазіргі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов болатын. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарыққа шыққан көптомдықтың 311-томы жарыққа шыққан. «Жоспарға сәйкес, кітаптар сериясы 500 томға дейін жалғасады», – дейді баспа директоры Жарылқасын Дәулет. 

«Қазыналы Оңтүстік» көптомдығын шығарудағы мақсат – Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы мен мәдениетін, саяси-экономикалық жағдайын насихаттау. Осылай, қытайлық қаламгерлердің үлгісімен «Түркістан кітапханасы» сериясы бойынша мәдени мұраларды жинақтап, ұрпаққа аманаттау жұмыстары тұңғыш рет оңтүстік өңірде бастау алып отыр. Көптомдықтың тағы бір ерекшелігі, әрбір жазылған құнды шығарманың түпнұсқа көшірмесі де кітапта берілген. 

«Қазыналы Оңтүстік» – мәдени, рухани, тарихи құнды мұралардан ақпарат беретін ең көп кітаптар сериясы. Бір қызығы көптеген ел ағалары мұнша көп томдық жасап қажеті қанша? Неге кітапқа көшіресін жасап, санын көбейтеді деп шүйліккені де рас. Бірақ бұл шығармалардың түпнұсқа қолжазбаларын кітапқа енгізудегі мақсатымыз – кітаптардағы шығармаларды болашақ ұрпақ түпнұсқа үлгісімен салыстырып, оқып, еш жерден іздемесін деп топшыладық. Оқырманға қолайлы болуын ұсындық. Басында кітаптар аз сериямен басылатын болды. Бірақ соңында редакциялық алқа жұмысты одан әрі жандандырып, материалдарды көбейте бастады. Қазіргі таңда 311 томы еш қиындықсыз оқырманға жол тартты», – дейді Жарылқасын Дәулет. 

Сондай-ақ айта кетер болсақ, «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығына қазақ халық ертегілерінің ескі нұсқалары және әйгілі фольклортанушы әрі этнограф Ә. Диваев пен Ташкент мұғалімдер семинариясының оқытушысы болған Я. Люшьтьтің бұрын баспа бетін көрмеген ертегілері еніп отыр. Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени ескерткіштері», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «А. Иассауи кесенесі», «Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы» тәрізді тақырыптар да қамтылған. 

Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы, профессор, редакциялық алқа төрағасы: «Біз тарихи жадымыздан айырылған халықпыз. Айырылайық демедік – айырды. Саналы түрде саясат қойды да, бар рухани жәдігерлерімізді түгелдей жойды. Мәселен ХХ ғасырдың басында бізде бірнеше альфавит пен жазу өнеріміз қалыптасты. Қаншама ғасыр араб жазуымен жазып келген мұраларымызды бір-ақ күнде айырып, латын графикасын енгізді. Енді кімнің үйінде арабша кітаптар, арабша жазуда жазылған құран болса кінәға тартылды. Сол кезде қаншама тарихи, мәдени, діни мұраларымыз жойылды. Көп халық ондай тілде жазылған кітаптарды сақтамады, еріксізден жоюға тура келді. Ал осы «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығында осы мұраларды іздеп тауып, халыққа әлі жетпеген шығармаларды топтастыру үстіндеміз. Әр жер-жерден арабша, төте, басқа да әліппи нұсқасында жазылған нұсқаларды жинадық. Енді бұл бастаманы көтеріп, алға басуына мұрындық болған сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғыс айтамыз». 

Алтынбек Құмырзақұлы