Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда?
22.10.2015 1767
Өз дәуірінде түркі жұртын түгендеуді, басын біріктіруді, біртұтас ел етуді аңсап өткен Кетбұқадай ерлердің арманы еліміздің бүгінгі өмірінде шындыққа айналды

«Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!»

Бұл – он сан ноғай бүлініп, Ордалы жұрт ыдырап, кешегі еңселі елдің тозғындаған тобырға айнала бастағанын көріп, берекесі қашқан жұртты бір арнаға тоғыстыра алмай, амалы таусылған дулығалы Доспамбет жырау айтқан сөз. Бүгінде қос қазақтың бірі жатқа айтатын сөз. Ал осы сөздің айтары не, аманаты қандай? 

Отыз жылдай ғана ғұмыр кешсе де, бүкіл Дешті Қыпшақ даласының кешегісі мен өз тұсындағы тірлігі жайынан мол хабардар болған, Стамбұл мен Бақшасарайды көзбен көріп, мұсылманшылық жолына да молынан қанығып үлгерген, ес білгеннен бастап-ақ ел тірлігіне араласқан жауынгер жыраудың әйгілі толғауын: 

«...Кетбұқадай билерден 

Кеңес сұрар күн қайда?! 

Еділдің бойын ен жайлап, 

Шалғынына бие біз байлап, 

Орындықтай қара сабадан, 

Бозбаламен күліп-ойнап, 

Қымыз ішер күн қайда?!» – деп түйіндеуінің сыры неде? Доспамбет жыраудың аңсары – мамыражай тірлік, берекелі бейбіт өмір. Ал ондай өмірдің үлгісі – Кетбұқа бидің тұсында болған өмір. Ал қалың жұрттың қамсыз тірлік кешуінің кепілі – Кетбұқадай билердің кеңесіне жүгіну. Іштен іріп, сырттан қыспақталып, ағалы-інілі бір-бірімен қырқысып, бітіспеске бет түзеген жұртының басын қайта біріктіре алмай, көкейдегі арманын сөзбен сауған Доспамбеттің Кетбұқаны аңсауы заңды еді. Неліктен? 

Өйткені Доспамбет жырау тірлік кешкен ХVІ ғасырдың алғашқы ширегінде Ноғайлы жұртының басына түскен ахуал мен ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде түркілер, оның ішінде найман жұрты басынан өткерген жағдай өте ұқсас еді. 

Тарихшы ғалымдардың зерттеулеріндегі нақты уақытқа қатысты жекелеген деректерде аздаған айырмашылықтар болғанымен, кезеңнің жалпы бейнесін жүйелей көруге болады. Енді сол бейнеге зер салып көрелік. 

Түрлі себептермен бір кездегі бірлігінен жаңылған түркі жұрты қайтадан тұтасуға ұмтылып, ХІІІ ғасырдың алғашқы жылдарында Шығыс Түркістаннан Жетісу, Оңтүстік Сібір өңірлеріне дейінгі аралықты қамтитын Моғолстан мемлекетінде бас біріктірді. Алайда монғол билігіне келген Шыңғыс хан бұл мемлекеттің күшеюіне мүмкіндік бермеді. Толық бірігіп үлгермеген ел аумағы Шыңғыс ұрпағына үлестірілді. Соның ішінде Моғолстанның солтүстік бөлігі Жошының еншісіне бұйырды. Жалпы, Жошы ұлысы Ертістен батысқа қарай созылып, Жетісу мен Хорезмнен Саксин мен Бұлғарға дейін қамти, бүкіл Дешті Қыпшақ даласын алып жатады. Ал Жошы хан Кетбұқа өмірінде маңызды орын алатын адам екені белгілі. Демек, Жошы билігі тұсында осы өңірлердің бәрінде де Кетбұқа есімі жақсы танымал болғаны даусыз. 

Жошының ақылман аталығы, Шыңғыстың нояны атанған Кетбұқа Доспамбет толғауында неліктен «Кетбұқа би» ретінде аталады? Мұның сырын дұрыс бағамдау үшін Кетбұқа өмір сүрген уақыттың алдында болып өткен тарихи маңызды кейбір оқиғаларды ескеру ләзім. 

Найман жұртының мемлекет ретінде көшпелілер кеңістігінде ықпалды күш иеленген кезеңі Инаң Білге билік құрған ХІІ ғасырдың соңғы ширегі еді. Соның бір дәлелі – Темүжінді Шыңғыс ханға айналдырған екі ханның бірі керей Тұғырыл, енді бірі дәл осы Инаң Білге болуы. Бір кездегі ықпалды күштің тарих сахнасынан ығысуына аңғалдық пен менмендік жетті. Қуаты үстеле түскен Шыңғыс әуелі Тұғырылды жойды, ал Инаң Білге өз ажалымен дүниеден көшті. Екі ұлы Таян мен Бұйрық бір-бірінен алшақтап кетті. Себеп әкеден қалған тақ билігі еді. Осыны пайдаланған Шыңғыс тұтастығына сына түскен жұртты қол астына қаратуға асықты. Әуелі Бұйрық ханға ілескендер талқандалды, ханның өзі де мерт болды. Арада екі жыл өтер-өтпестен Таян ханның жұрты да монғолдарға бас иді, ханның өзі шайқас үстінде қаза тапты. Шешесі Гүрбесу Шыңғыс ханның тұтқынына түсті. Таянның жаужүрек ұлы Күшлік өзіне ерген жұртты бастап, Алтайдан аса, Ертіс бойына ауды. 1208 жылы оларға Сүбедей жасағы шабуылдап, күші аз Күшлік қарақытайлар иелігіндегі Жетісуға ығысып, сол өңірдегі наймандар мен меркіттерді топтастырып, монғол қолына қарсы күресін жалғастыра беруге ниеттенеді. Сол уақыттағы тарихи жағдайдың өзгеруіне байланысты, қарақытай гүрханының әскері де Күшліктің билігіне көшеді. Күшлік хан билігінің қуаттана бастағанын байқаған Шыңғыс хан қапысыз қамданған қалың қолға Құбылай мен Жебе ноянды бас етіп, оған қарсы аттандырады. Қан-қасап соғыстың соңы Күшлік қолының жеңілуімен аяқталады. Осылайша, Шыңғыс ханға қарсы тұруды мақсат етіп, он алты жылға (1202-1218 жж.) созылған күрес те тынады. 

Шыңғыс хан барша монғолдың билеушісіне айналған 1189 жылдан 1218 жылға дейінгі аралықта отыз жылға жуық уақыт жатыр. Осы аралықта Инаң Білге, Бұйрық, Күшлік хандар билік құрып, соңғы екеуі Шыңғыс ханмен шайқасып өткен екен. Ал осы оқиғалар Кетбұқа тағдырында қандай із қалдыруы мүмкін? Тарихшылардың басым бөлігі ден қоятын 1185 жылды Кетбұқа дүниеге келген жыл (1190 жыл деп есептейтін пікірлер де бар) деп алсақ, Таян хан дүниеден озған 1204 жылы ол 18-19 жас шамасында болады. Әрине, біз он алты жылға созылған күрестің ортасында Кетбұқаның болған-болмағанын айта алмаймыз, алайда осы тайталастың себеп-сырына, қалай ширығып, қалай аяқталғанына Кетбұқаның қанық болғанына да шүбә келтіре алмаймыз. Ендеше, елдің амандығын, жердің бүтіндігін сақтау үшін жер қайысқан қолға қарсы шығумен мақсатқа жете алмасын, керісінше, қанды қырғыннан аман қалған жұрттың өзі жоғалып кетуі мүмкін екенін Кетбұқа түсінбеді деп ойлауға бола ма? Жоқ, Кетбұқа ел амандығы үшін, қалған жұрттың өсіп-өнуі үшін басқа жол іздеу қажеттігін, күннен-күнге күш алып келе жатқан Шыңғыс хан әскеріне қарсы тұрмақ болу ажалға арандаумен бірдей екенін ерте бағамдаса керек. Сол себепті де ел амандығы үшін өзінің және өзіне ерген екі түмен сарбаздың басын бәйгеге тігуді жөн санаса керек. Осылай еткенде ғана, өзі мен өз серіктерін кепіл ету арқылы ғана туған елін қырғыннан сақтап қалуға боларын, туған жеріне тыныштық әкелерін білген. 

Ал елдігінен де, билігінен де айырған Шыңғыс ханға кектенуі өршіп тұрған жұртты бір келеге келтіріп, бір уәжге жүгіндіру Кетбұқаға оңай соқпағаны анық. Оның Доспамбеттей өр мінезді жыраулардың бас иер піріне айналып, «Кетбұқа би» аталуы да осы тұстан өрбісе керек. Кетбұқаның билігі – кейінірек етек жайған жесір дауы, жер дауы түйткілдерін шешуден де салмақты билік. Кетбұқа – би, би болғанда да, қалың жұртты қаһарымен емес, алға озған ойымен, алды-артын кемел пішкен парасатымен жүгіндірген би. Қазіргі түсінікке бейімдей айтсақ, бейресми билік иесі, аса ықпалды саясаткер, сын сағаттардағы өзгерістерді өз елінің пайдасына шебер шеше білетін дипломат. Демек, дүние жұртын дүрбелеңге салған Шыңғыс ханның Кетбұқаға айрықша пейіл танытуының негізгі себебін де осы тұстан іздеу абзал шығар. Осы тұрғыдан келсек, Кетбұқаның Шыңғыс хан сарайындағы ықпалды нояндардың бірі болуы, монғол қолына қосылып, жорықтарға араласуы – қара бастың қамын күйттеген, яки атақ-даңқ іздеген әрекет емес, ел амандығын сақтау үшін жасалған бірден-бір амал. 

Кетбұқа есімі аңыздан да, тарихи жазбалардан да ұшырасады. Аса танымал аңыз – «Ақсақ құлан» күйіне байланысты. Аңызда айтылатындай, балқытылған қорғасын қаралы хабарды жеткізген адамның аузына емес, домбыраның шанағына құйылады. Неге? Аңызда бұл сұрақтың жауабы да бар. Дегенмен, жауапты тарихи жағдаймен байланыстыра іздесек, «күйші басқа адам емес, Кетбұқа болғандықтан да, жазадан аман қалған-ау» деп ой түюге болар еді. Өйткені Жошының өлімі – 1227 жылдың оқиғасы. Бұл уақытта Кетбұқа Шыңғыс ханға да, ен даланы жайлап жатқан түркі жұртына да аса ықпалды тұлғаға айналып үлгерген. Ал Шыңғыстың дүниені дір қақтырған қалың әскерінің басым бөлігі түркі текті сарбаздардан құралған. Қанша қайғы жұтып отырса да, Шыңғыстың бұл жағдайды ескермеуі, аңызда айтылатындай, бір ауыз сөзге жығыла кетуі орайсыздау сияқты. Әсілі, сол бір ауыз сөзді негізгі ойын бүркемелеу үшін ұтымды пайдаланған болар. Әлбетте, біздің бұл ойымыз үзілді-кесілді пікір емес, солай болуы да ықтимал деген көзқарас қана. 

 Ал тарихи зерттеулердегі Кетбұқаға қатысты пікірлер Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жасаған жорықтармен сабақтаса көрінеді және алғашында Жошының өліміне байланысты айтылады. Дегенмен, бұл «Кетбұқа мен Жошы 1227 жылы ғана қарым-қатынас жасады» деп ой түюге негіз емес. Жошы ұлысының Ұлығ биі, Жошының Аталығы атану үшін бір жыл тым аздық етеді. Сондай-ақ, Аталық атану үшін өз тәрбиесіне берілген адамның өміріне бала кезінен араласуы қажет. Өйткені өзі елге жөн сілтеуге жарап қалған жанға керегі – Аталық емес, ақылшы, кеңесші. Осы тұрғыдан қарасақ, 1211-1215 жылдары Қытайды жаулау соғыстарына қатысқан Жошының қасында Кетбұқаның болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға бола қоймас. Бұл жылдары Кетбұқаның жасы 26-30-дар шамасында. Мұндай жас аралығы – сол уақыт үшін ақыл мен қайраттың нағыз келісім тапқан шағы. 

Жошы қазасынан соңғы Кетбұқа өмірінің біраз уақыты тағы да белгісіздеу боп қалады да, ХІІІ ғасырдың елуінші жылдарынан басталатын оқиғалармен байланысты қайтадан аталады. Яғни, Мөңкенің ұлы қаған сайланып, ендігі жорықтардың бағыт-бағдары айқындалып, Құбылай Қытайға қарай, Құлағу Иерусалимге қарай аттанатын боп шешілген Құрылтайдан кейін Кетбұқа тарих алаңында көріне бастайды. 

Сонда Кетбұқадай әйгілі тұлғаның ширек ғасырға жуық өмірі қалай өтуі ықтимал? 

Бірінші болжам — Жошы ұлысына қарасты өз жұртының ортасында елдің тірлік-тынысын бағыттап, біріге түсуіне, берекелі өмір сүруіне жол сілтеп, ақылман ақсақалға айналуы мүмкін екендігі. Әйткенмен, тұтастай Жошы ұлысының Ұлығ биі атанған тұлғаны Шыңғыс хан нәсілінің жиырма бес жыл бойы назардан тыс қалдырып, жайма-шуақ тірлік кешуіне мүмкіндік беріп қоюы қисынға сыя қоймайтын сияқты. 

Екінші болжам – Бату (Батый) ханға байланысты. Ғалым Тұрсын Жұртбай «Дулыға» кітабының екінші кітабында: «...Ұлы құрылтай 1253 жылы Онон өзенінің жағасында өтетінін, сонда қаған сайланатынын естіген Батый атамекенге жол жүруге шұғыл дайындалды. ...Жолай қыпшақ даласын кесіп өтіп, Ұлытаудағы әкесі Жошы ханның күмбезіне мінәжат қып, Ұлығ би Кетбұқа ноянды өзімен бірге құрылтайға ертіп әкетті», – деп жазады. Назар салсақ, Кетбұқа ноянның Ұлытаудан Батумен бірге аттанғанын байқаймыз. Осы тұста «Бәлкім, Кетбұқа мен Бату Ұлытауға да бірге келген болар?» деген бір сұрақ туады көңілде. Әзірге кесіп айтар жауап жоқ. Сондықтан келесі сұрақтар көлденеңдейді: «Өзіне тәлім көрсеткен жанды Жошының өзі өз баласына Аталық етсе, оның несі қисынсыз? Әйтпесе, өз әкесінің сенімді серігі, ақыл қосар Аталығы болған жанды Бату өзіне кеңесші, ақылшы етсе, оның несі қисынсыз?» Әрине, мұның бәрі әзірге болжам, ойға қозғау салар сұрақтар ғана. Уақыты жеткенде, бұл сұрақтардың жауабын та¬рихшы азаматтар тиянақтап бере жатар. Соған сенеміз. 

Әзірге белгілісі – осы Құрылтайдан кейін мұсылман елдеріне жорыққа аттанатын Құлағудың жанына, Батудың кеңесі бойынша, Кетбұқа ақылшы, кеңесші ретінде қосылады. Кетбұқаның қосылуы – Құлағу әскерінің қатарына екі түмен түркі текті сарбаз қосылды деген сөз еді. Осылайша, Құлағу ақыл-ой, көреген тактика жағынан ғана емес, әскери күші жағынан да салмақтана түскен болатын. Бұл шешім қабылданған кезде Кетбұқа жасы жетпіске қарай бет түзеген, көргені көп, түйгені мол, кемел ойлы қарт еді. 

Кетбұқаның кеңесі бойынша, бұл жорыққа үш жыл бойы қапысыз әзірлік жасалады. Әйгілі Л. Гумилев жазуына сүйенсек, «Мал өрісін қалың әскердің ат тұяғы таптамас үшін алдын ала жасақтың жүретін жолы белгіленіп, ел-жұрт көшірілді. Өзендерге көпір салынып, бекет-бекетке азық-түлік қоймасын ашты. Қытайдан қамал бұзатын қару-жарақ жасайтын қолөнершілер шақырылды. Асықпай қозғалған әскер 1256 жылы ақпанда ғана Әмударияның сол жақ жағалауына өтті. Оның есесіне, 1257 жылы Ирандағы исмаил әулетінің барлық қамалын жермен-жексен етіп, 1257 жылы қаңтарда Бағдатты алды». 

Құлағудың бұл жорығы кезінде неше алуан оқиғалардың қоса-қабат жүріп жатқаны белгілі. Дегенмен, шешуші оқиға 1260 жылдың жазында болды. Мысырға қарсы шайқасқа дайындалып жатқан Құлағу Мөңкенің қайтыс болуына байланысты Қарақорымға оралуға тиісті болады да, әскердің басым бөлігін Иранға орнықтырып, Палестинада өзінің екі түмен жасағымен Кетбұқаны қалдырады. Міне, осы кезде соғыссыз бітіспейтінін білген Мысыр жасағы Құтыздың бастауымен 1260 жылдың 26 шілдесі күні шабуыл бастайды. Құлағу әскерімен бірнеше рет майдандасып үлгерген Құтыз қолы сол жылдың 3 қыркүйегінде Палестина жеріндегі Айн-Жалуд қамалы түбінде Кетбұқаның қосынына шабуыл жасайды. Кетбұқаның әскері жеңіліс тауып, оның өзі тұтқынға алынады және Құтыздың қылышынан ажал табады. Орайлы тұста айта кетелік, осы оқиға кезінде әкесімен бірге қолға түскен Кетбұқаның баласы Зей¬нуддин 1294 жылы Мысыр тағына отырып, Мысырда билік құрған түркі нәсілді он бірінші сұлтан болды. Оған қорған болған әйгілі Бейбарыс сұлтан еді. 

Жалпы, Кетбұқа өмірінің Құлағу жорығына қатысты тұстары көзіқарақты қауымға жақсы таныс. Дегенмен, кей жағдайларда деректі жеткізу барысында эмоцияға бой алдырып қоятын сәттер де кездесіп қалатыны жа¬сырын емес. Мәселен, 1260 жылы жасы 75-ке жететін Кетбұқаның Құтызбен жекпе-жекке шығуы қандай қисынға сыймайтыны анық қой. Ал Кетбұқаның өлімді де қасқая қарсы алғанын көрсеткісі келген адамға Л. Гумилевтің тура осы сәтті сипаттайтын тұстарын тауып алып, оқуға кеңес берер едік. 

Өйткені тарих эмоцияны емес, дәлелділікті, нақтылықты, шындыққа сәйкестікті құнттайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, түркі жұртының ХІІІ ғасырдағы аса танымал тұлғасы Кетбұқа елді біріктіруші би, жаужүрек батыр, көреген қолбасшы, аңызға айналған күйші болуымен бірге, емшілік дарыған қасиеттілігімен де ерекшеленеді. Өз дәуірінде түркі жұртын түгендеуді, басын біріктіруді, біртұтас ел етуді аңсап өткен Кетбұқадай ерлердің арманы еліміздің бүгінгі өмірінде шындыққа айналды. Ендігі мақсат – ырзығына ынтымақ бұйырған еліміздің бірлігін нығайтып, берекеге жол аша беру. Берекелі бірліктің қадірін көрсететін бірден-бір Ұлы ұстаз – Тарих. Ал тарихқа ден қою ұлы тұлғаларымыз бен ел басынан өткерген оқиғаларға таңданып, тамса¬нумен шектелмей, тағылым алуға, өткеннің бары мен жоғын саралай танып, бүгін мен ертеңнің игілігіне жаратуға ұласып жатқаны абзал. Бұл – Сіз бен бізге ортақ парыз. 

Кенжебай Ахметов, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті