Еліміздің тарихында өшпес із қалдырған тұлға, Отанына қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп, қазақ және орыс халықтары достастығының символына айналған, әлемдік ғылымның атақты өкілдерінің қатарында лайықты орны бар ұлы қазақ зерттеушісі және саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың туғанына биылғы қараша айында 185 жыл толады.
Шоқан Уәлихановтың замандастары мен ғылыми қызметін зерттеушілер оның өмірбаяны мен артында қалдырған мол мұрасы туралы аз жазған жоқ. Ш.Уәлихановтың өмірі мен творчествосы жан-жақты зерделеніп, ұрпақтан ұрпаққа жеткен, атқарған істеріне келсек, қазір де маңызын жойған жоқ, тіпті, ауқымының кеңдігімен таңқалдырады. Ғалымның творчестволық ізденістерге және туған халқына аянбай қызмет етуге арналған жарқын ғұмыры таңғалуға тұрарлық, әрі Абай айтқандай, «ұқсап бағуға» әбден лайық.
Менің Шоқан Уәлиханов туралы сөзім - оның данышпандығы алдында бас иіп, табынуымының айқын көрінісі. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (шын есімі - Мұхаммед Қанафия) - даңқты Абылай ханның ұрпағы, бала кезінен атақты ақындар, әншілер және композиторлардың ортасын көзімен көріп, олардың творчествосымен жақын танысуға мүмкіндігі болды. Бала кезінің өзінде әкесімен бірге «Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу», «Едіге», «Еркөкше» эпостарының бірнеше нұсқаларын жазып алған. Қазақ мектебінде ол қыпшақ-шағатай, араб және парсы тілдерін игеріп, кейін әскери біліммен қатар тарих, география, философия негіздері, әдебиет, зоология, ботаника, физика, математика, геодезия, архитектура өнерімен сусындаған Сібір кадет корпусын үздік тәмәмдады. Н.Гоголь, Ч.Диккенс, У.Теккерей Ш.Уәлихановтың жақсы көретін жазушылары, ал ақын және прозаик М.Лермонтов нағыз кумирі болды.
Әдебиетші әрі шығыстанушы Н.Костылецкий, тарихшы Г.Гонсевский, әдебиетші В.Лободовский Ш.Уәлихановтың тәлімгерлері еді. Он бес жастағы шәкіртке оның ұстаздары болашақ ғалым ретінде қарайтын. Қазан және Петербор университеттерінің профессоры шығыстанушы И.Березин Ш.Уәлихановтан қазақ хандарының жарлықтарында кездесетін тарихи-этнографиялық терминдерді түсіндіруін сұрайды, сонда он жеті жастағы Шоқан осы тақырыпты жан-жақты зерттеп, түсіндіру барысында қазақ тілінде кездесетін терминдермен шектеліп қана қоймай, көрнекті оқымыстыға онымен тең тұрғыда қазақтардың шығу тегі туралы жан-жақты түсінік береді. Сондай-ақ, И.Березиннің осы еңбегіне жасаған сын пікірі оның алғашқы ғылыми жұмысы болып есептеледі. Ол Ф.Достоевский, петрашевшіл С.Дуров, ақындар А.Майков пен Я.Полонскиймен достық қарым-қатынаста болды. Олар оны өздеріне рухани жақын адам ретінде қабылдады. Әскери-ғылыми экспедицияларға қатыса жүріп, орнитологиялық және этномологиялық коллекциялар, Шығыс Қазақстанның аңыз-хикаяларын жинады, қырғыздың Манас эпосының алғашқы ғылыми жазбасын жасады.
1856 жылы Ш.Уәлиханов дипломатиялық миссиямен Құлжаға барды, соның арқасында Ресей мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас қайта қалпына келді. Бұдан кейін ол үкімет тапсырмасымен өмірін қауіпке тігіп, Шығыс Түркістанға тамаша саяхат жасады, оның бұл жолы атқарған ісі дүниежүзілік география ғылымының тарихында мәңгі қалды. Оның зерттеулері Орыс географиялық қоғамының еңбектерінде, Лондон мен Берлинде басылды. Шоқан Уәлихановтың есімі аса көрнекті саяхатшылар мен оқымыстылардың арасынан мәңгілік орын алды. Академик Н.Веселовский ол туралы былай деп жазды: "Шоқан отызға толмаған жасында басқалар бүкіл өмірін жұмсаса да жасай алмағанды жасады".
Шоқан Уәлиханов туралы менің сөзім - оның білімге деген ерекше құштарлығы, энциклопедиялық ауқымдағы кеңдігіне бас июім, қаламы шебер оқымысты ретінде мойындатқан мәңгілік еңбектері, Отанымыздың тарихы мен мәдениетіне қызығушылығымызды оятқаны үшін ризашылығым. Оның оқырмандарының алдында орыс және еуропа зерттеушілерінің игілігіне айналған туған өлкесінің бай да байырғы мәдениеті ашылады. Оған Азия халықтарының рухани тіршілігі жақын әрі ұғынықты еді, сонымен қатар көзқарасы аса кең адам болатын. Семёнов-Тян-Шанский "Шоқан өз еліне адалдығын сақтап қалды, ол қазақ халқының тыныс-тіршілігін жақсы көрді, дегенмен батыстың өркениетін жоғары бағалай білді" - деген екен. Оның зерттеу жұмыстарында Шоқанның жарқын тұлғасы, сонымен қатар прогрессивті философиялық көзқарастары көрініс тапты, ол фактілерді келтірумен ғана шектеліп қалмай, өзінің терең ойларын да білдірді. Бұндай сәттерде ол біз үшін тірі әрі жақын, дос және сұхбаттасушы болып қала береді.
Шоқан Уәлиханов өз халқын жақсы көрді, барын салып оған қызмет еткісі келді. Ол Ф.Достоевскийге "Қандастарыма пайдамды тигізу үшін сұлтан болғым келді, оларды шенеуніктерден, қазақ байларының озбырлығынан қорғамақ болдым" - деп жазған. Бұл орайда ол жерлестеріне білімді сұлтан басқарушының қандай пайда келтіретінін өз басының үлгісімен көрсеткісі келді. Қазақтардың ежелгі заңдары мен кодекстерін жақсы білетін Ш.Уәлиханов қазақтың сот реформаларының барлық мәселелері жөніндегі заң комиссиясының жұмысына қатыса отырып, өзекті мәселелерде айрықша ұстанымын білдірді. Даланың феодалдық-патриархалдық тәртіптерін сынай отырып, патшалық шенеуніктердің асыра сілтеулерін сынға алып, Шоқан еуропа мен орыс мәдениетінің прогрессивтік ықпалын мойындады. Ол туралы орыс публицисті және қоғам қайраткері Н.Ядринцев «Оның арманы еуропалық ағартушылықты қоса алып жүру және халықтықты сақтап қалу болды», - деген еді. Ф.Достоевский Ш.Уәлихановқа былай деп жазған: "Өз қандастарыңыздың арасында бірінші болып Ресейге даланың не екенін, оның маңызын түсіндіру, сонымен бірге өз Отанына адал қызмет ету - ұлы мақсат емес пе… Сіз еуропаша білім алған бірінші қазақсыз. Оның үстіне тағдыр Сізді жаны мен жүрегі таза тамаша адам еткен".
Ізгі ниеттері мен игі мақсаттары, тұлғасының сан қырлылығы Шоқанның образын тартымды етеді. Уәлихановтың ұлы мұрасы мен оның таңқаларлық, кіршіксіз таза тағдыры сүйсіндіреді және шабыттандырады, өмір сүруге құлшынысыңды арттырады. Мұның барлығы бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі, тәрбиелік миссиясы бөлек, азаматттық сана-сезімді оятады. Ш.Уәлихановтың досы, ұлы ғалым Г.Потанин өзінің демократиялық көзқарастарының қалыптасуына, бойындағы ғылыми құштарлықтардың оянуына Шоқанның игі әсер еткенін алғыспен еске алады.
Мен Шоқан Уәлиханов тұрған және оқыған Омбы қаласын, жерлесіміздің алғашқы білім алған және оның өмірінде маңызды із қалдырған Омбы кадет корпусының ғимаратын өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Омбы этнографикалық ғылымының қалыптасуы осы кадет корпусының түлектері, атақты ғалымдар Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің есімдерімен байланысты. Омбы этнографиясының алғашқы кезеңі уәлихандық деп аталады, бұл оның еңбектерінің маңыздылығының, Ш.Уәлихановтың тағдыры және бай мұрасының қазақ және орыс халықтарының тарихында ерекше орын алатындығының белгісі. Шоқан Уәлихановтың жарқын есімі жастарды тарбиелеуде, бүгінгі және болашақ ұрпақтардың қазақ тілін, туған халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуінде маңызды рөл атқаруын жалғастыруда. Ақын және дипломат Олжас Сүлейменов айтқандай "Ол өткенде өмір сүрген болашақтың адамы".
Ырысқали Дәуренбек
Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Консулдығының жетекшісі