БҰҰ мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы
15.01.2021 2581

Биыл  Қазақстанның дербес ел болғанына отыз жыл толады. Осы отыз жыл бедерінде  Қазақстанның саяси келбеті көп өзгерді. Экономикасы ептеп аяғынан тұрып дамушы мемлекеттің біріне айналды. Әлеуметтік мәселелері де  қарға адым болса да қалпына келе бастады.


Жас мемлекет өз егемендігін алған беттен бастап әлемнің ірі мемлекеттері мен дипломатиялық қарым қатынас орнатуға белсене кіріскен болатын. Соның ішіндегі басты жаңалығы Қазақстанның 1992 жылы 2 наурызда әлемнің 191 мемлекетінің басын біріктіріп отырған  БҰҰ-ға кіруі еді. Осы ұйымға Қазақстан қалай кірді? Ұйымның біздің елдегі қызметі қандай, міне, аталған осы сұрақтар бұл мақаланың негізгі лейтмотиві десем де болады.

Қазақстан мен БҰҰ-ның қарым-қатынасы жайында әртүрлі тарихшылар мен саясаткерлер қалам тербеді. БҰҰ-да Қазақстанның ілгерідегі өкілі болған А.Х.Арыстанбекованың «Казахстан в ООН: история и перспективы» және «Объедененные Нации и Казахстан», Қазақстанның қазіргі Президенті, ол кезде сыртқы істер министірі болған  Қ.Тоқаевтің «Дипломатия Республики Казахстана», «Беласу», «Дипломатическая служба Республики Казахстана» еңбектері осы сөзіміздің бұлтартпас айғағы. 

Әлемдік саясат пен халықаралық қатынастарда халықаралық ұйымдардың рөлінің өсуі табиғи  процесс, себебі олар айналысатын мәселелер (соғыс, және бейбітшілік проблемалары, қарусыздану, халықаралық ынтымақтастық және т.б.) шындап келгенде бұлар барлық елдердің түпкі мүдделерін қорғайды. Бұл ұйымдардың әлемдік саясаттағы ролінің өсуі халықаралық қатынастар жүйесінің демократиялануы процесінің айқын көрінісі.  Біріккен Ұлттар Ұйымы - солардың ішіндегі ең ерекшесі, адамзат тарихындағы ең ірі халықаралық ұйым десек те болады.

Екі дүниежүзілік соғыс XX-шы ғасырда адамзатқа көп қасірет әкелді. БҰҰ-ның құрылуы бейбіт сүйгіш күштердің соғысқа қарсы күресінің тарихи жемісі болды.

Ұйым бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтау үшін және халықтардың экономикалық, әлеуметтік дамуына қолдау көрсету үшін халықаралық ынтымақтасты қорғау ретінде құрылған-тұғын.

БҰҰ-ның басты мақсаты - халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау. Бұл жерде Қауіпсіздік Кеңесінің ролі ерекше. Жарғы бойынша оның соғыс қаупін анықтау, бейбітшіліктің бұзылуы немесе агрессия акциясы кезінде не істеу керек, бейбітшілікті сақтау үшін қандай шаралар қолдану керек, міне, осы сауалдарды  шешудің өз құзіреті  бар.

Дағдарыстық жағдайларды реттеу БҰҰ қызметінің бір бағыты болып саналады. Мұндай жағдайларды дер кезінде алдын алып отырмаса үлкен халықаралық дауларға ұласып кетуі де мүмкін. Сондықтан, дағдарыстық жағдайлардың туу себебін анықтау және оларды реттеудің тәсілдерін зерттеу бүгінгі таңға дейін өз маңыздылығын сақтап келеді.

БҰҰ-ның бүкіл өмір сүрген кезеңінде оның іс-қызметі кең ауқымда зерттелген болатын. Дегенмен, барлық мәселелерде ғалымдар мен тарихшылардың пікірлері өзара  сәйкес келе бермейді.  Әсіресе, БҰҰ-ның құрылу тарихы төңірегінде батыстың кейбір ғалымдары БҰҰ-ның Батыс саясаткерлерінің туындысы ретінде көрсетеді. Мысалы, Г.Джекобсон өзінің «Международные организаций и международная система» деген еңбегінде былай деп айтады: «Ұлттар Лигасы сияқты БҰҰ-ның өмірге келуі негізінен батысқа байланысты. Олардың құрылтайлық құжаттары Версальда және Сан-Францискода бекітілген. Ал, негізін салушы идеялар Англияда, Францияда және АҚШ-та өңделген»-дейді.

Алан Кейс өзінің «Обьединенные наций» деген еңбегінде АҚШ БҰҰ-мен «ерекше қатынастар» ұстанады және АҚШ-сыз 1945 жылы Сан-Францискода  БҰҰ-ның құрылтайлық конференциясы болмауы да мүмкін еді деген ой-пікірін айтып өтеді. БҰҰ-ның бүкіл өмір сүру кезеңіндегі іс-қызметін зерттей отырып, 1960-шы жылдардағы БҰҰ-ның көпшілік блогы антибатыстық бағытты ұстанған деген ғылыми қорытынды шығарды. Антиамерикалық бағыт комитеттер мен жұмыс топтарының қабылданған күн тәртібіндегі көптеген пункттерінде орын алған. Кейс Картер әкімшілігі кезіндегі АҚШ-тың позициясын жұмсақ және қате деп есептейді. Ал, Рейган әкімшілігі кезінде бағыт-бағдар тіптен өзгереді. Бұл одан гөрі қатаңдау болды десек те болады.  Кейс: «Рейган кезінде басталған бағытты АҚШ-тың кейінгі президенттері әрі қарай жалғастырулары керек» деп есептейді. Сонымен бірге, БҰҰ аясында өтіп кеткен ірі форумдарды АҚШ өзінің позициясын көрсету үшін де пайдаланды десек болады. Мысалы, белгілі американ дипломаты мен теоретигі Ч.Иост: «Бірауыздылық принципі мәселесі даулы мәселелердің бірі болып саналады. «Қырғи қабақ соғысы» жылдарындағы Батыс теоретиктерінің талпыныстары бірауыздылық принциптеріне қарсы бағытталған «Қауіпсіздік Кеңесіндегі ұлы мемлекеттердің бірауыздылық принципі БҰҰ-ның басты кемшілігі болып отыр», - деп есептейді. Сол кезде Д.Лоурекс жазғандай, БҰҰ-ның өзін-өзі басқаруға қабілетсіз, «жартылай өркениетті» жаңа күштері тарапынан болатын «тәлкекке қарсы» АҚШ мүдделерінің кепілдігі ретінде қауіпсіздік Кеңесте бірауыздылық құқығын қолдай бастайды деп сөгеді. Ал профессор Д.Стеосингер өзінің бірқатар еңбектерінде Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето қолдау құқын объективті деп бағалап көрсетеді.

БҰҰ-ның іс-қызметінің нәтижелілігі жөніндегі мәселе ең басты шаруа болып саналады. Мысалы, швейцариялық тарихшы және  публицист Сенорклен «БҰҰ қол жетпес идяларды жариялай отырып, іс жүзінде ешқандай да бір маңызды жетістіктерге жеткен жоқ, көптеген пайдалы шешімдер БҰҰ-дан тысқары да қабылданып және жүзеге асып жатыр» деп жазады. БҰҰ-ның өзіндік ішкі дағдарысы, ұйымға деген сенімсіздік пен оның болашағына қатысты күмәндар әрқашан әр жағдайда да талқылана беретіні анық. Өзінің мұндай көзқарастарын Сенорклен «Кризис Обьединенных Нации» деген еңбегінде жазып өтті. Калифорния университетінің профессоры Хаас Э.В. өзінің «Почему мы все же еще нуждаемся в ООН: коллективное урегулирование международных конфликтов 1945-1984гг.» деген еңбегінде «Қажетті қатысушы мемлекеттер БҰҰ жалғыз өзі ғана. Сондықтан ол ешнәрсеге қол жеткізе алмайды. Бұл мемлекеттердің өзара ынтымақтасуына  ғана көмек беретін механизм. БҰҰ-ның қызметінің әлсіздігі даулы мәселелерді шешуде ақыр аяғына дейін жеткізе алмауында» деп жазады.  Хаас жалпы  БҰҰ-ның үлесін пайдалы деп санап, келісімдерге қол жеткізе алмауда кінәлі Халықаралық ұйымдар емес, Жарғыда бекітілген ережелерге кедергі жасап отырған алпауыт топтардың бар екені деп есептейді. Сөйтіп БҰҰ қызметінің нәтижелігін көтеру мақсатында БҰҰ-ның Жарғысын қайта қарастыруды  ұсынады. БҰҰ-ның қызметінің алғашқы кезеңінде Жарғыны қайта қарастыру ұсыныстары негізінен батыс саясаткерлері тарапынан шығатын, 1980 жылдарда қалыптасқан   «үшінші әлем» мемлекеттерінен шығып отыр. Батыста, оның ішінде АҚШ-та да бұл мәселе төңірегінде басқаша пікірлер де қалыптасқан.  Профессор Р.Гарднер  БҰҰ Жарғысын ревизиялауға табанды қарсылық білдірді. Сонымен қоса, америкалық Карнеш қорының көмегімен шетелде жеке мемлекеттердің  БҰҰ-ға қатысы жөнінде көптеген кітаптар сериясы жарық көрді. Соларды атап айтсақ: «США и ООН» (3 тома), «Британия и ООН», «Латинская Америка и ООН» және тағы басқалары. БҰҰ тарихы мен қызметіне арналған бұдан өзге де батыс авторларының көптеген еңбектері бар. Бұрынғы Кеңестік тарихнамада да бұл тақырыптар кең түрде қамтылған болатын. БҰҰ тарихы және оның қызметінің әртүрлі аспектілері жөнінде бірнеше ғалымдардың монографияларын атап айтар болсақ: С.Б.Крылов «История Создания Организаций Обьединенных Нации», «Советский Союз в Организации Обьединенных Нации», Г.И.Морозов  «Международные  организации:  некоторые вопросы теории», Федоров В.Н. «ООН и стратегия мира», «ООН и проблемы войны и мира» секілді еңбектерді айтуға болады. Негізі 1960-70 жылдар аралығында шыққан еңбектерде БҰҰ-ның «Қырғи қабақ соғыс» жылдарындағы кызметі жөнінде оншалықты  обьективті дерек  қамтылмаған екен. Бұл авторлар «қырғи қабақ соғысы» шиеленістеріде АҚШ пен  Батыс елдерін ғана айыптайды.  Қауіпсіздік Кеңесінің қызметінің нәтижелі болмауын сол елдердің жүргізіп жатқан соғысқа тікелей  байланысты дейді. Мысалы, Т.Дмитричев «Американская дипломатия и ООН» деген еңбегінде «Ұйымның алғашқы жылдарындағы АҚШ-тың дауыс беру машинкасы» америка дипломаттарының алдына қойған мақсаттарына жетудегі басты құралы болды, оның ішінде социалистік елдерге қарсы «қырғи қабақ соғысы» саясатын жүргізу және ұлт-азаттық қозғалыстармен күресуі жатады» деп жазды.  Екі қоғамдық-саяси жүйенің конфронтация жағдайында БҰҰ өзіне жүктелген міндеттерді толығымен атқара алмауын да саяси тұрғыдан түсінуге болады.  Соңғы жылдардағы БҰҰ қызметіне арналған, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің ішіндегі  дауларды реттеудегі әрекеті жөніндегі еңбектер негізінен баспасөз беттері мен кітаптарда барынша  орын алып отыр. Бұлардың қатарына Козырев пен Гатиловтың «Мировая экономика и международные отношения» журналында жарық көрген «Система миротворчества ООН: проблемы и перспективы» деген мақаласы Козыревтің «ООН – демократия против тотолитаризмов», В.Петровскийдің «Впервые ООН», А.Х.Арыстанбекованың «Реформа в ООН»  деген мақалаларын атап өтуге болады. Бұл авторлардың барлығы да БҰҰ өзінің жаңаша жаңғыруын басынан өткізіп жатыр, оның басты себебін халықаралық жағыдайың бүгінгі қарым-қатынасымен де байланыстырады.  Десек те Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың ауық-ауық шиеленісі кейде  ғылыми сараптама жасауда көп қиындықтар туғызатынын да жасырмай атап өтеді.  Олар негізінде мыналар. Жарғылар мен конститутивтік актілер, жекелеген статьялардың ресми талқылануы, ұйымның жұмысы жөніндегі Бас Хатшының жылдық есебі, ақпараттық бюллетеньдер мен құжаттар, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі жөніндегі ресми есептер Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясының текстері және тағы басқалары.

В.М. Бережковтың «Страницы дипломатической истории» мен «Годы дипломатической службы» деген еңбектері мен А.А.Громыконың «Памятное» (2 томдық) естеліктерінен мұны анық аңғаруға болады. Бұл мемуарлар оқырманды тілі жаттықтығымен ерекше ынтықтырады. Себебі олардың авторлары сол ірі оқиғалардың тікелей қатысушылары десек те болады. Бүгінде әлемдегі 190 нан астам мемлекеттердің  басын қосып отырған  БҰҰ-ның құрамына Қазақстанның кіруі, сондай-ақ біздің елдің БҰҰ-дағы орны мен мақсаты жайында келесі мақаламызда   кеңінен көсіліп жазатын боламыз.

Мақаламызда мынадай мәселелер кеңінен талқыланады. БҰҰ не үшін құрылды? Ол құрылған кезде қандай принциптер негізге алынды? БҰҰ мен Ұлттар Лигасын салыстыра отырып олардың арасындағы өзара айырмашылықтарды да барынша сараптап жазатын боламыз.

Қазақстан Республикасынның БҰҰ құрамына кіруге талпыныстары мен еліміздің Ұйым құрамындағы маманданған мекемелерге толық қанды мүше болып кіруі, Қазақстанның Азиядағы ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес құру идеясы, оның деклорациясы мен құрамындағы мемлекет басшыларының пікірлері жайында да кеңінен әңгіме қозғалатын болады.