Қай қырынан алып қарасаң да асқақ бейнесі мен тума талантымен ерекшеленіп тұратын жандардың бірі - Латиф Хамиди (1906-1983) екені даусыз.
Саналы ғұмырында ұлы композитор, дирижер, кемеңгер ұстаз, көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты секілді биік белестерді бағындырған ұлы тұлға, тума талант иесі. Ол тәңірден дарыған сол талантын тек өнерге ғана бағыттаған, қарым-қабылетін мәдениет жолына соның ішінде қазақтың ұлттық музыкасына ғашық ете білген.
Латиф Хамидидің Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Құлтума, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сынды халық композиторларының шығармаларын жоғары деңгейде насихаттап, кейінгі ұрпаққа қаймағы бұзылмаған саф алтын түрінде жеткізуге атсалысқаны белгілі. Қазақ халқының ел аузында түрлі сарынмен орындалып жүрген ән күйлері мен жыр-жауһарларын бір қалыпқа келтіріп, нотаға түсіреді. Яғни халқымыздың сан ғасырлық мұрасын хатқа түсіріп, нотаға сыйғызған алғашқы қарлығаштарының бірі.
Асқан дарын иесі қазақ даласында енді ғана қолға алына бастаған фортепиано, халық аспаптары ансамблі, ішекті квартет секілді өнер салаларының дамуына мүмкіндік жасап, кең дәліз ашып, соларға арнап арнайы музыка жазды. Соның ішінде ол қазақтың қасиетті қара домбырасына ерекше көңіл бөліп, асқан шебер аспаптар дәрежесіне көтере білгенін айта кету керек. Әрі осы жолда ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп, қазақтың қос ішекі домбыра аспабының орыс қана емес әлемдік мәдениеттің кез-келген күрделі музыкасын бере алатынын әлемге паш етуге ықпал жасады. Сол секілді, әлемдік мәдениет элементтерін домбыраның пернесіне сыйғыза отырып, қазақ топырағына жеткізе білді.
Зерттеушілердің айтуынша, Латиф Хамидидің қазақ өнеріне деген қызығушылығына белгілі мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдекешев әсер еткен. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаеваның айтуынша, жас композитор бірде Сейітқали Меңдекешевтің үйіне қонақ болады. Сол дастарханда Жұмат Шанин мен ақын Асқар Тоқмағамбетовпен танысады. Содан қазақ халқының өнері мен әдебиеті жайлы көп сырласқан Латифке «Қазақстанға барып ұлттық өнеріне септігім тисе» деген ой келеді. Көп ұзамай оқуын бітірген ол Алматыға келіп, қазіргі Құрманғазы атындағы оркестрге дирижерлық етеді.
Мәскеуде орыстың халық аспаптар оркестрінде дирижерлық етіп, мол тәжірибе жинақтап, атақты маман Александр Сергеевич Илюхиннен дәріс алған Латекең алғаш ауыл жастарынан жиналған ұжымды басқарды. Музыкалық сауаты жоқ, есте сақтау қабілетімен ойнайтын күйшілерді басқару алғашында қиынға соқты. Ал соғыс басталған соң майданға аттанған музыканттардың орнын кейінгі жастармен толықтырған ол студия ашып, шағын шығармаларды нотамен ойната бастады. Аса қабілетті жастарды консерваторияға қабылдап баулуды қолға алады.
Осыдан бастап Латиф Хамидиді қазақ халқының өнері мен мәдениеті жолындағы өлшеусіз еңбек жолы басталады. Әрі ол жолға ерекше құлшыныспен, үлкен махабатпен кіріскен еді. Ләтекеңнің «Мен Қазақстанға 1933 жылдың көктемінде келген болатынмын. Алғаш танысқан әншілерім Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Рабиға Есімжановалар болды. Сол кездегі Әміре мен Жүсіпбектің салған «Ағаш аяқ», «Көк көбелек», «Балқадиша», Қанапия» әндері әлі күнге құлағымнан кетпейді. Жүсіпбек салған «Қанатталды» әнін алғаш естігенде көзіме жас келгенін де байқамай қалыппын», - дейтіні содан болса керек.
Алтын Иманбаеваның зерттеу еңбектерінде атақты дирижер Орынбек Бековтың Латифті Сәкен Сейфуллиннің үйіне ертіп апарғаны туралы айтылатыны бар. «Сол жолы Сәкен оған: «Сенде өнерге деген ерекше махаббат бар, қазақ музыкасы даму үстінде, осыған өзің де үлес қосып, ән шығарсаң қайтеді» деп, «Қызыл қырандар» деген жырын ұсынған. Жаңа шыққан ән алғаш атты әскер полкінің мерекелік концертінде тұңғыш рет орындалды. Осыдан бастап Латиф Хамиди ән жанрымен айналыса бастады. Көкірегі мөлдір сезімге толы жас композитор осыдан кейін бірнеше ән жазады», - деп атап көрсеткен ол.
Латиф Хамиди ән жанрына осылай аяқ басқан еді. Зерттеушілер бүгінде ұлы тұлғаның артында хорлар, патриоттық сезімге толы бұл ән-романстарын қосқанда барлығы жүзге жуық шығармасы барын айтады. Олардың ішінде драмалық қойылымдар мен фильмдерге жазған музыкалары да бар.
Ол қарапайым композитор болып қалып қоймады. Үнемі іздену үстінде болды, толассыз дамып отырды. Қай жанрды қолға алса да сол саланың новаторы , жаңалық енгізушісі бола алды.
Қазақ музыкасы тарихында вальс жанрының негізін қалағанын айта кету керек. 1940 жылы әйгілі «Қазақ вальсін» (сөзі Сәбит Мұқановтікі) дүниеге әкелді. Есімі аңызға айналған өнер жұлдызы КСРО ның халық әртісі Күләш Байсейітова тұсауын кескен бұл туында бүгінге дейін қазақ музыкасының классикалық үлгісі ретінде бағаланады. Күләш апамыздан кейін «Қазақ вальсін» атақты әншіміз Бибігүл Төлегенова мүлдем жаңа сатыға көтеріп кетті.
Сол секілді атақты сазгердің шығармаларының ішіндегі ерекше туындыларының бірі - «Бұлбұл» әні. Асқан шеберлікті талап ететін бұл туынды да қазақ өнеріндегі жауһарлардың бірі саналады.
Айтпақшы ол алғашқылардың бірі болып ол Абай әндерін нотаға түсірген адам. 1935 жылы Семей қаласына барған сапарында Мұхтар Әуезовтің кеңесімен Абайдың немересі Әрхам Ысқақовтан ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Амал жоқ қайттым білдірмей», «Бойы бұлғаң», «Біреуден біреу артылса», «Желсіз түнде жарық ай», «Сен мені не етесің», «Тәңірі қосқан жар едің сен», «Қор болды жаным», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Сұрғылт тұман» әндерін, Абайдың ән шығармашылығын жақсы білетін әншілерден «Сегіз аяқ» пен «Желсіз түнде жарық ай» әндерінің 2-нұсқаларын, ал, Әуезовтен «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнін жазып алады.
Сол жылдарда ол Абайдың «Қор болды, жаным», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Сегіз аяқ» әндерін жеке және көп дауысты хорға лайықтап өңдеп шығады.
1944 жылы Ахмет Жұбановпен бірлесіп «Абай» операсын жазып шығады. Бұл опера оның шығармашылық шыңы болып есептеледі.
Кейін Ахмет Жұбановпен бірігіп «Төлеген Тоқтаров» атты тағы опера жазады. 1946 жылы бір көріністі «Жамбыл мен Айкүміс» операсын жазса, 1949 жылы төрт көріністі «Жамбыл» операсын дүниеге әкеледі.
Сол секілді оның «Балбұлақ» опереттасы, симфониялық оркестрге арнап жазған «Татардың би» сюитасы, «Қобыланды» сюитасы мен «Амангелді» маршы, халық аспаптар оркестріне арнап жазған «Керуен», «Қордай», «Домбыра-прима аспабы мен оркестрге арналған концерті, камералық оркестрге арнап жазған «Қазақ тақырыбына сюита», «Полька», «Романс», «Дәулеткерей» күйі секілді көптеген шығармалары біздің алтын қорымызда сақтаулы.
Сонымен қатар 200-ден астам халық әндері мен аспаптық шығармаларды нақышына салып жазды, содан кейін 100-ден астам қазақ, татар, башқұрт, өзбек, түрікмен әндерін өңдеген.
Қазақстанның музыкалық мәдениеті тарихында қазақ халық музыкасын жинаушы-этнограф, оқу және музыкалық басылымдардың авторы, қазақ музыкасының марш, вальс, көпшілікке арналған ән секілді жанрларындың негізін қалаған жасаған Латиф Хамидидің бағындырған үлкен белестерінің бірі - қазақтың тұңғыш Әнұраны яғни Қазақ КСР Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі болғандығы.