Битабар балуан
29.10.2015 2246
Қазақ арасына алып күш иесі ретінде танылған балуан Битабар Елбайұлы туралы деректер көп емес. Теңдессіз алыптың өз аузынан жазып алынған оқиғаларды ұсынамыз

Аю соғуы

Он бес жастамын. Нағашыларыммен бірге Өгізтауды қыстағанбыз. Көрқыстауға ағаш алуға келдік. Қырбық қар бар. «Құзда аю бар, қорқамыз», — дейді қожалар. Біз ағаш қиып жүргенде бір тікеннің арасынан ақырып аю шыға келді. Үлкендігі торпақтай. 

Ахмет бастаған қожалар қорқып қашып кетті. Мен қашқанмен қайда барамын. Балтамен басынан салып қалдым. Аю өлді. 

Жиырманың ішіндегі кезім. «Қызылтастың Дарасы аталатын шаттағы бір жерден бу шығып жатыр», – деді Әбілдахан төре.

Сөйтсек, ол аюдың үңгірі екен. Бу шығып жатқан жерді терек қиып салып бекіттік те, басқа жерден ыс салдық. Жан-жағынан түрткіледік. Ақырып аю шыға келді, сойылмен ұрып өлтірдік.

Сартпен күресі

Кіре тартып жүріп Алатау, Піспек, Тоқпақ, Қызылжар, Иманпосты көрдім. 22-23 жастағы кезім. Қали, Сқақ, Нүркей деген Алатаудың байларының кіресін тартамыз. Он жеті қос кірекешпіз. Сүлеймен, Қошқар, Алсай Салжан дегендер бар. 

Алатауда Шабдан деген бай қырғыз қыз ұзатып той жасады. Сонда күрес болды. Күрестен басқа да ойындары болады екен. Әуелі ат үстінде сайыс болды, тоқал найзамен найзаласады. Бір қырғызды үйсін жігіті найзалап түсірді. Кеуделеріне найза өтпес үшін төбінгі байлайды екен. Балуан күресі басталды. Дәутабан сары шықты. Ауланың ішіне құм төселген. «Балуанға шығатының бар ма?» – деп үш рет айғайлағанда ешкім шықпаса бәйгіні алып жүре береді екен.

Ұзын, еңгезердей сарт отыр. Бәйгіге күріш, қант-шай, кездеме тігілген, оны да үйіп қойыпты. Кірешілердің ішінде әлуеттісі сырт Аралбайына сіңген Қаракесек Бәйбөрі Сазан дейтін, Аралбай Ағыбайдың Омары. Олар да мен сияқты 18 бұт жүк көтереді. Бір тоғанақ түйе жүгі 18 бұт болады. Біз оны бөлшектемей түйеге арта береміз. Қалыбек Талас Қошқар мен Салжан ана екеуіне: «Сендер Битабардан гөрі қатқан тұяқсыңдар ғой, сартқа екеуіңнің бірің шық!» – деді. Біз кіресін тартып жүрген Сқақ бай: «Дәутабан жықтырмайды. Жол адамысыңдар, мерт боласыңдар», – деп безектеді.

Екі көзім кездемеде. Басқасы шықпаған соң шешініп жүріп бердім. Үстімде май-май шекпенім бар. «Қызыңды ұрайын, бөрі бауырын жеген Арғынның дәмесін қара, Дәутабанмен күрескелі барады», – деп күліп жатыр жиналған топ. Дәутабанның жанында мен жұдырықтаймын. Өзімен күресуге адам шығады деген оның қаперінде жоқ дәу қорқорын тартып, қаперсіз отыр. Мені көріп ол да түрегелді. Оның үстінде шолақ дамбалдан басқа түк жоқ. Денесін түк басқан. Ұстаса кеттік. 

Жағамнан алды. Бұлшық етінен бүре ұстадым. Отырғандар: «Арғынды Шуға лақтыр!» – деп айғайлайды. Ол мені аяғымды жерге тигізбей шиырып әкетті. Баяғы Алқабектің үйреткен әдісі есіме түсіп, көзімді жұмып аяғымды бүгіп алдым. Үйіріп-үйіріп жерге қойып қалды. Дік ете түстім. Екі табаным ду-ду ете қалды. 

Жарылып кеткендей сезіндім. «Ә, қызыңды...» деп қайыра үйіріп алып кетті. Тағы да ұрды. Тағы да дік ете түстім. Енді өзіне тарта үйірем дегенде ортан қолым ұртына ілікті. Ұртынан мойын қайыра тартып келем, аяғым жерге тие бергенде шалып алып шалқайта соқтым. Басынан аттағанымды білем, бәйгі есімде жоқ. 

Дәутабанның қолынан босанған соң кейін қаштым. Сарттар қайыра күреседі деп қиғылық салсын. Қали бай ендігі күрес ертең болсын деп тоқтатты да, «бұлар сендерді өлтіріп жібереді» деп бізді Піспектен Тоқпаққа көшіріп жіберді.

Балуантас

Біздің қыстауымыз Жалғызағаштың етек жағындағы Аңғал, Мұстақайлар қыстайтын үйдің іргесінде бір домалақ тас жатыр. Оны «Балуан тас» деп атайды. Өйткені оны көтерген адам күшті балуан саналады. Бұл тас әуелде тау бөктеріндегі үйлердің жанында жатқан болса керек. Оны Кенжеден тараған еркек кіндік көтеріп күш сынаумен етекке құлатқан деседі. Бұл тасты менің әкем Елбай көтерген көрінеді. Елекеңнің де балуанға түспегенімен, қара күші ойсан болыпты. Ат үстінде тұрып тайлақты екі өркешінен ұстап аттың белі қайысқанша екінші жағына лақтырып жібереді екен. Құдыққа, жылымға түскен түйелерді жалғыз өзі сүйреп тастай беретін көрінеді. Елбайдың нағашысы Ақкөбек Алшын кешегі Жағыпар балуанның аталары екен.

Ал енді ағайынды үшеуміздің ішімізде Ибаділданың күші жойдасыз еді. Балуан тасты ол үрген қарынша басына көтеріп тұратын да, мен кеудеме дейін көтеретінмін. Жұмекең тізесіне шейін көтеруші еді. Ибекеңнің тағы бір жойдасыз күшін айтайын. Қалыбек Үйтолының Жұмабегі деген тәуір адам болған. Мықты, батыр әрі ақын адам. Ол уақыттағы қаруы бар адамдардың кәсібі – барымта, ұрлық. Жұмабек ел арасына соқтықпайды. Алыстан әкеліп сіңіріп кетеді. Бала-шағасы көп. Қартайып бойыннан қуат кеткен кезде кедейлік тақсыретін тартқан Жұмекең:

Ынтымақ ырыс алды қосқан қосақ,
Алланың бар бергені болдым осы-ақ.
Тай сойып тайдүзгенге асқан басым,
Бұл күнді талдан мосы, тастан ошақ, –
депті.

Қартайған кезі. Құтжанның Иманмұсасының үйіне түстенуге барады. Күпісі жыртық екен. Иманмұса ағасына: «Жұмеке-ау, күпіңіз тозып қалыпты ғой», – дейді. Сонда Жұмабек:

Алты итті асырадым тауда жатып,
Алысты жуық қылдым күн-түн қатып.
Ұл мұратқа жеткізед деген қайда,
Өкпемді қойды ғой жылтыратып, –

депті.

Алты ит деп отырғаны алты ұлы: Әбжән, Оразбек, Қоңыр, Қышыман, Төлеу, біреуінің атын ұмыттым.

Жігіттер, әйел алма ерке, шора,
Бұл сөзім кейінгіге болсын жора.
Үйіңе құрбың келіп құр аттанса,
Ақ үйің тігулі тұрған болар мола, –

дейтін өлең де Жұмекендікі.

Осы кісі жанында Қанболаттың Смайылы бар, түн қатып Қаракесек жағына барымтаға аттанып бара жатады. Ел жайлауда. Тауда ешкім жоқ. Қызылтас пен Қойшоқының кезеңіне шыға бергенде бір қорқыраған дыбыс естіледі. Екеуі елеңдеп аттың басын тартып тұрып қалады. Бүкіл тау ішін басына көтерген дауыстың не екенін түсіне алмай екеуі сескеніп тың тыңдап тұрып қалады. Жұмабек тұрып адамның қорылы сияқты ғой дейді. «Тауға шөп шабуға келіп ұйықтап жатқан дәулердің бірі болмасын. Үлкен Лөлекеңнің қорылы үй көшіруші еді», — дейді Смайыл. «Ол болса, аты қайда?» – дейді Жұмабек. Сөйтіп жанжақтарына қараса қалың шұбардың ішінде бір ат жайылып жүр. Енді бұлар қорыл шыққан жерге келді. Бір түп тобылғының түбінде ер-тоқымын жастанып, төрт аяғы төрт жаққа кетіп Ибаділда ұйықтап жатыр.

Жұмабек атынан түсіп шылбырын шешіп алады да, Ибаділданың мойнына бұғалықтап салып бір ұшын Смайылға ұстатып, өзі Ибаділданы сойылмен түртіп ақырып оятады. Шошып оянып Ибекең жау келіп қалған екен деп тұра қашады. Шылбырдан мықтап ұстаған Смайыл ие бола алмай айырылып қалады. Қашып бара жатқан Ибаділдаға Жұмабек: «Әй, Ибаділда, тоқта, жау емес, елміз», – деп дауыстағанда Жұмабекті дауысынан таныған Ибаділда: «Ойбай, Жұмеке-ай, жау екен деп зәрем ұшты ғой», – деп қасына келіпті. «О, шірік неме, мынандай күшпен сен неден қорқасың? Қашаған шу асауды бұғалық салып тартқанда мойнын бұрап алатын ана Смайыл сенің мойнындағы бұғалыққа ие бола алмай қалды», – депті Жұмабек. Сол кезде: «Не дейді, бәсе, қылқынғандай болып едім», – деп мойнындағы шылбырды алып тастаған еді», – деп Қанболаттың Смайылы таң қалатын.

Қарабас бәйбіше

Ағайынды үшеуміздің Шоң балаларына жұмыс істеп жүрген кезіміз. Шоңның Оспанының қызы Құлжанды Сармантай Азынаның Омарының баласына ұзатты. Соған мен және Төлебай салдың Сейітқазысының Нұралқы деген баласы бар, қызды ұзатысып алып бардық. Құдаларды үлкен үйі қонаққа шақырды. Үлкен үйде мұрты бар, денелі қара кемпір отыр екен. 

Ол Азынаның шешесі болса керек. Кемпірге Бұзаудың Баймағамбеті құлағына айғайлап: «Шоң ауылынан келген құдалардың ішінде өзіміздің туыс Кенженің баласы бар», – деп мені таныстырды. Кемпір мені қасына шақырып алып, жұрағат екенсің ғой деп маңдайымнан иіскеп: «Кенженің әйелі Қарабас менің сіңілім еді. Қарабас атануы қап-қара шашынан басқа денесі аппақ, өте сұлу болатын. Содан әкесі еркелетіп Қарабас деп атаған», – деді. 

Керей Тұрлыбек дегеннің асы Қызылжардан бергі Белқараған деген жерде беріліпті. Оның асына жеті дуан ел шақырылған. Аттың, адамның, ер-тұрманның сұлуына бәйгі жарияланған.

Алсай Қонақбайдың Қарақұлақ аты ат сұлуы болып, Тарақты Сағал адам сұлуы болып, Қырғыз Жүзбай ұста соққан Кенженің алтын еріне Байсалбай мініп барған екен, ер-тоқым сұлуына сол ілігіп бәйгі алыпты.

Ат жарыста екі торы жесісіп қатар келе жатады. Шаққан Ахметтің әкесі Әділбайдың ағасы Бәкі деген кісі айғайлағанда Кенже торы алдына шығады. Оған шапқан Елбай сонда он жеті жаста екен. Оның соңынан келген торы да Қара-Шор жылқысының тұқымынан екен. Кенже торы Қарабас бәйбіше төркінінен мініп келген жүйріктің тұқымынан екен. Биыл 1963 жыл ма, торы ат өлгелі биыл 94 жыл. Күлшәт бұлағының басындағы сайды «Торыатөлген» дейді. Сол сайда тастың қуысында басы әлі сақтаулы тұр. Сол жылы Ибаділда туып, Байсалбай өлген. Қарабас шешеміз жайлауда қайтыс болып сонда жерленіпті. Басына күмбездеп там салыпты. Содан сол жер Қарабас бәйбіше атанып кеткен. Қазіргі Қарабас стансасы сол біздің шешеміздің атымен аталады.

Бұл әңгімелерді балуанның өз аузынан жазып алған жазушы-журналист Асан Жұмаділдин (Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2013). 

Қосымша деректер: Битабар Елбайұлы – 1880-1965 жылдары аралығында ғұмыр кешкен атақты балуан. Қарағанды өңіріне қарасты Ортау болысының Жалғызағаш деген жерінде туған. 16 жасынан бастап балуандыққа түсіп, Алтай-Қарпық руында жауырыны жерге тимей жүрген Быдықтың Әшімі деген балуанды, 1898 жылы Тарақты Құттыбайдың асында Қаракесек-Баймұрат Бертістің Құлжанбегін, 1926 жылы Барқы-Нияз Иса қажының асында Ақмола уезіне аты жайылған Қарпық-Серкебай руының Асар деген балуанын жығады. Қаракесек Смағұл қажының Ақмола, Қарқаралы уезі түгел жиналған асында Қарқаралының аты Алатау-Арқаға мәлім балуаны Шәкірбектің жауырынын жерге тигізеді. Совет заманында Қарағанды көмір шахтасында қызмет етіп, тиісті нормаларды артығымен орындап, мақтаулар алған. Сондай-ақ селолық совет төрағасы, ферма меңгерушісі болған.