«Игорь полкі туралы жырдағы» кейбір атаулардың түп-төркіні
03.11.2015 1724
Автор белгілі көркем туынды «Игорь полкі туралы жырды» қазақ тіліне аударумен қоса жүргізілген зерттеу барысында өмірде болған тарихи оқиғаға жаңа көзқарас, тың ойлар ұсынады

Мық – құдайдың бір есім-сипаты 

Жырды мықты қазақ жазғаны туралы пікіріміздің ақиқатқа негізделгенін бірнеше тілдердің тарихи қалыптасқан этимологиялық сөздік қорына, тікелей жүгіне жүргізген сараптамыз дәлел болмақ. 

Ағылшын тілінде «I can speak Englich», неміс тілінде «Ich kann deutsch sprechen» – ағылшын, неміс тілінде сөйлеу менің қолымнан келеді деген мағына береді. Екі тілге де мықтымын. Қолдан келеді. 

Екі тілдегі біз астын сызған «can», «kann» – орыс тілінде «могу», «мочь». «Мочь» сөзінің шыққан тегі – mogti. Қазақшасы – мықты. 

Қазақтың біріккен кәнігі сөзінде кән – тұр, кәнігі – кәсіби, қолынан іс келетін адам, әбден төселген, машықтанған. Кән – араб тілінде Алланың бір есімі, сипаты. If you can – Егер де сенің қолыңнан келсе. Кән ігі – Кән игі. Құдай қолдаса. Алла қаласа дейміз. Олай болатын болса, «мық» сөзі де Алланың бір атауы. Muglich – неміс тілінде «мүмкіндік» деген мағынада қолданылады. Бекер айтпаймыз ғой, бәрі бір Жаратушының қолында деп, не тілесең де Жасаған иеңнең тіле деп. 

Могу, мочь жырдағы могуты сөзінде тұр. Нақты Киев князінің алтын сөзі деп танылған, түркі тайпаларының атаулары аталған бөлігінде: 

 А уже не вижду власти сильнаго, 

и богатаго, 

и многовоя 

брата моего Ярослава 

съ черниговьскими былями, 

съ могуты, 

и съ татраны, 

и съ шельбиры, 

и съ топчакы, 

и съ ревугы, 

и съ ольберы. 

Орыстың этимологиялық сөздігі бойынша жоғалып кеткен деп саналатын зат есім «могы» — күшті, бай, атақты адам. 

«Могылар» өлген соң өздеріне қорған, оба-мық соқтырған. Онда жатқандарды «могуты» деп атаған. Могуты – түбі мък (мық-), одан – мықты. Мық – жылдам қозғалыс, жарылыс, жырту, айыру, бөлу. Мога, могута, мочь, могутный. Мықты тегін VII ғасырда термин болған. Machtig – мықты. Мықты қазақ. 

Муг, мұғ, мог, mug, мық – аңызтекті тұлғалы атаулар. Соның бірі Мықтың үйін орыстар могуттар қойылған «могила» деп кеткен. Үлкен көне үйінді, қорған, төбе онда аңызға сай, мықтылар, батырлар жерленген. 

Х. Құрбанғалидың айтуы бойынша: «...Бұл төбелер аңыздарда айтылатын «муғ трса» қауымының белгілері болар, қазақтар оны «Мұқтың үйі» деседі, «Мұғ», яғни асылы Нух дегені болады. 

Қарқаралыдан сөзі сенімді Уәли Бекматов айтады: біз жақта орыс пен қазақтар Муқ төбесін көп қазды, ашты... Қайтсе де осы төбелер топан судан бұрынғы тайпалардың өнері боп шығады. ...Жер астына қойылған тастар тақтайдай жонылған» (120-121-бб.). 

Ескі Муғ мәдениеті топан судан бұрынғы тарихты қамтыса, Мық ұлы Шумерлердің Гигалмешімен түйдей құрдас болды ғой. 

Мұқұлы. Мық Елі, Қара мық мәдениеті. Беғазыдағы Ә. Марғұлан ашқан Мық үйі. 

Әз-Замахшаридің «Мукаддимат әл-адаб» сөздігінде «муғ болды – отқа табынатын болды». Мұғ, муғ – от болды; отқа, күнге табынушы. Муғ – от ұлы. Моғол. Моғолстан. 

Абайда Мұқтәди (арабша) – еру, бағыну, құлшылық ету. Махмұд әл-Қашқари: «‘ул мук турди» – ол тізесін бүгіп тұрды», – деп жазады. 

Академик Ә.Х. Марғұлан айтыпты бір кезде: «Ғұндардың бір бөлігі – жуан-жуандар. Шаванның зерттеуінше, VI ғасырдың 50 жылдары олар Түрік қағанатынан жеңілген соң ескі ғұндардың ізімен күнбатысқа кетеді. Жуан не жуан-жуан олардың ел аты емес, қытайлардың кемітіп қойған бұзақы сөзі. Өзінің тайпа аты Мұқылы». Мұқылы. 

Біз оны Мық ұлы деп оқимыз. «Ескі ғұндардың ізімен». Яғни мұқ ұлы ата жолын қуған... «Могуты, мықтылар, мық ұлы, Мұқалы, Мұқан қаған. Яғни, могуты – мықтылар Киевте ерте заманнан тұрып жатқан түркілер тұқымы, тіпті мықты қазақ деп те атауға болар. 

Мық сөзі қайдан шыққан? 

Орыс сөздігі «мыс» сөзін (алғашқы мағынасы «разделяющий» – айырушы, жарушы) «мык» негізінен таратады да, «мыкати» («разделять» – бөлу, жару) сөзін мысалға келтіреді. 

«Мък» – жыртатын, айыратын жылдам қозғалыс. «Мык» түбірін орыстың «камык» камень сөзінен көреміз. Ка+ мык. Көнетүрік сөздігінде qа(қа) – жалпы сауыт, ыдыс мағынасын білдіреді. Камень – тас, алғашқы адамдық қоғамның өндіріс құралы, қаруы ретінде қаралады. 

Му+к – шабу, кесу. Эвенкі тілінде. 

Алғашқы қару-құралдар 

«Жрец» – «жьръ» – «құрбандыққа шалушы», «ъ» суффиксінің көмегімен «жрьти»-ден жасалған «құрбандыққа шалу», үлес бөлуші. «Жыр» – жырту, кесу, тілу. Бөлу, бөлектеу, айыру. Жыршы – әуелде билік иесі, барды үлестіруші. Жыртыс. Жыр болып төгілу. Жырау – римдік «салии». Қазақтың сал-серісі. «Салийлер» жыл сайын наурыз айында киелі 12 қалқанды ұстап, би билеген. Наурыз айының аяғында киелі қалқандар салийлердің Палатин биігіндегі курияларындағы өз орындарына қойылған. Иса Байзақовтың да билеп жүріп ән салғандығы жайлы ақпарат Ә. Марғұлан естелігінде бар. «Фламины» аталатын жырау-пірлердің бір тобы бастарында сәукеле іспеттес тақияға ақтық байлаған бұтақ таққан. Құлшылық ету мен кешірім сұраған тілек белгісі ретінде. 

Құрбандыққа шалу, бағыштау идеясы жаһаның жаралуы туралы заңына негізделген. Жоқ бар болады, өседі, өнеді, пісіп жетіледі. Сол кезде ол өзгеріске түседі, басқа түрге көшеді, бөлек күйге оранады, бастапқы қалыбына оралады. Табиғаттың бұлжымас заңы. Адам баласының сана- түйсігімен түсінген сыңайлы болғанмен, жан-жүрегі қабылдай алмайтын өзгермес ереже. Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер. 

«Рот» сөзі – ръвъ, бастапқы мағынасы – «бір нәрсені жыртатын не қазатын құрал». Аузынан жырып әкетті. «Рот» – ұрт, ұрт мінез, ұртта. 

Орақ ауыз, от тілді. Орақ. Ор=ақ. «Ақ», «Қы» қосымшалары еңбек құралын атайтын аффикс. Қыл – жасау, істеу, ету. «Қып» – қыл етістігінің көсемше түрі. «Қы» – әрекет. 

Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би. Ән мен би қажеттіліктен туған. Еңбек құралы іспеттес пайдаланған. «Май» – ән. «Молқы» – қара өлең. Молвить. Молва. Түбі – сөз. Әнші. «Ші» – айтушы, адам. Шырақшы. 

Алаш және римдік әскери терминдер 

Қазақтың «Алаш» сөзін әркім әрқилы түсіндіреді. «Алаш» сөзінің негізі әскери термин «қанат» (фланг-қар). Латынь тілінде «ала» – эскадрон, салт аттылар. 

Римдік Цезарь заманында жалдамалы аттылар әскері болған, олар «alae» деп аталған, «алае» он «turmae»-дан тұрған, әрқайсысында 30 адамнан. 30×10=300. Үш жүз. Әскери ұғым. «turma» – тұрма. Ту астында тұру. Ер-тұрман. 

Рим армиясында атты әскер топтары әртүрлі тайпа, халықтардың жұртынан тұратын. Осы топтардың ішінен ең жүректілерін, мінезділерін жеке-жеке таңдап, таңдаулы топ – атты гвардия құрған. Оның аты көпұлттық сингулярлар тобы делінген. Сингуляр – бір, жалғыз, бірегей. Сингуляр – бірегей. 

Римдік легион – ауыр қару-жарақты жаяу әскер – 5 мың кісі. Легион 10 кагортадан тұрған. Әрбір кагортада үш манипула. Манипула – түбір сөзі «ман» – қол, қар. Манипуланың жалауында «қол-қардың» бейнесі салынған. «Қар» – билік белгісі. Түріктің «іңкәр» сөзі – жоғарғы билік иесі. 

«Алауда» – кельт тілінде бозторғай. «Трофей» – соғыс кезінде жаудан қолға түскен олжа. «Трофей» сөзінің алғашқы мәні басқаша болған. Трофей – жаудың бетін кері қайтарып, қуу, қарсы жақтың қашуы. Тырағай – бет-бетімен қашу, безу. Рим құқығында «транзит» – біреудің меншік құқығының басқаға көшуі. Орыстың транжирі – қазақтың тырашы. Тыраш – дарақы. 

Соғыста табылған трофейді жеңген жақ қан майданда бақан құрып, соған жаудан түскен түрлі сауыт-сайман, бес қаруды іліп қойған. Бақан – әлем, аспан, ғарыш, құдай. Оған ілінген зат — құрбандық. Кейін бұл дәстүрден бас тартқан, жеңілген жақтың намысын таптамас үшін. Әлгі, қазақтың «алты бақан алауыз» деген асыл сөзі осыдан шыққан. Қазақта дәстүр болған. Ауылда ұрлық болып, зат жоғалып, иесіне қайтарылмаса, жәбірленуші ауылдың ортасына апарып бақан қадаған. Яғни, бақанның қасиеті, киесі, құдайдың қарғысы атады, мүлкімді қайтар деген ишара-сөз.

Марат Ақторғайұлы