Қазақ байлары: Мамания мектебінің тарихы
05.05.2021 3333

Өткен жазбамызда Маман құт пен оның ұрпақтары туралы аз-кем мәліметтерді ортаға салғанымыз белгілі. Бұл жазба соның жалғасы ретіндегі олар салған Мамания мектебінің егжей-тегжейлі тарихын негіз етіп отыр.


Маман құт ұрпақтары романға бәйге жариялап, саудамен айналысып, жаңа құрылыстар салып, қазақ байларының жаңа үлгідегі бағыт-бағдарының бір қырын көрсеткен болатын. Соның маңызды бір тармағы мектеп салып, бала оқыту болатын. Қазақ жерінде ашылған медресе, мектептердің салынуы қатысты ондағы білім беру жүйелері тарихи танымдық және педогогикалық тұрғыдан осы тақырыпқа құмартқан жанды қызықтыратыны анық. Ол білім шаңырақтарындағы оқытушы құрамының біліктілігі және оқыған пәндеріне қатысты ақпарларда. Міне, сондай мектептің бірі және бірегейі «Мамания» мектебі туралы сөз қозғағанды жөн санап отырмыз. Бұл мектептің қазақ білім беру және ағарту тарихындағы орны ерекше. Жәдиттік білім беруге қатысты айтып өткен едік. Жәдиттік білім беру зайырлы білім мен шариғатты қатар оқытатын әдісті айтады. Ол туралы да осы мектепте берілген пәндеріне қатысты айтылғанда толығырақ білесіздер. Жоғарыда қарастырған тақырыбымызды аша түседі деген ойдамыз. Маман құттың атын алты алашқа танытқан да осы мектеп еді. «Мамания» кітабының негізінде ондағы зерттеушілердің зерттеулері мен мақалаларын ықшамдап отырып, мектеп тарихы мен салынуынан бастап, оның жемісі болған шәкірттеріне дейінгі аралықтағы мәселелерге барынша тоқталып өтсек.Одан бөлек басқа да басылым беттерінде осы мектепке қатысты зерттеушілердің жарияланған мақалаларын пайдалана отырып қарастырдық. Мамания мектебі бір адамның емес бір әулеттің, ағаның ісін іні қостап отырып «жабыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы ұстаным еткен жұмыстың нәтижесі.

Мамания медресесі басында кадимдік оқыту жүйесімен оқытатын болған. Кейін Маман байдың ұрпақтары бұл оқу ордасын кенейтіп қана қоймай жаңғытыртып, сол заманның оқыту жүйесінің үздік үлгісі жәдиттік білім беру әдістемесіне көшкен болатын. Осынау медресе мектеп салудың басында Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл сияқты Маман байдың ұрпақтары ағаның ісін іні жалғастырып қажырлы еңбектің арқасында аты аңызға айналған мектепті өмірге алып келді.

Қарағашта қала салу, мешіт және медресе, заулім үйлер салу сияқты істердің басында Маман құттың үлкен ұлы Тұрысбек еді. Алғашында медресе 1898 жылы ашылған кезінде үш жылдық қадимдік білім беру жүйесіне негізделген болатын. Қадим медресе оқуы араб тілінде жүргізіледі де, көбінесе діни пәндер өтеді. Мысалы, онда әптиек, құран, софы, аллаяр, шаркитап, мұхтасар, қырық парыз оқытылған. Медресе ашылған кезінде Маман құттың ұлдары ақылдаса келе әке атымен атауды жөн санапты. Медресенің аты басында зерттеушілердің айтуына қарағанда «Маман» деп аталған екен. Кейін медресені сегіз жылдық қылып ашу үшін Есенқұл Уфадағы «Ғалия» медресесіне барып, оның құрылысымен және білім беру жүйесімен танысып елге келеді. Бұл медресенің де атауының артына «ия» жұрнағын тіркепті. Шамасы бұл «мамания» атауын иелеген уақыт 1909 жылы болса керек.

Тұрысбек Қапалда оқып жүргенде татар досына арманы қала салып, мектеп, медресе, зәулім үйлер салу туралы айтыпты. Ол арманы шындыққа айналып, Қарағаш тәрізді қалашық, түзу көшелері, зәулім үйлер, мұнаралы мешіт, Қадим (діни оқу) медресесі Ақсу өңіріне жарық жұлдыздай сәулесін шаша бастады.

1895 жылы Тұрысбек қажы тоқалы Кәукенді алып екінші рет отбасынан Маманның екі келіні қажы атанады. Тұрысбек қажы шариғат жолымен мұсылмандық парыздарын мүлтіксіз адал орындап, бала-шағаларының ортасында соңғы күндеріне дейін тыныштықпен өмір сүреді. Дәулеті тасып, беделі мен атағы асқақтап тұрған шағында 1904 жылы науқастан о дүниеге аттанады. Өзі жас кезінде қиялдаған арманына жетіп, Қарағаштай қалашықтың, мешіт пен медресенің негізін қалап, атын қазақ жеріне шығарды.

Аға аманатына адал інісі Сейітбаттал қажы (1862-1913) Ақтастыдағы Маманның қыстауында туды. Ол 1891-1910 жылдары Арасанның болысы, одан кейін өмірінің ақырына дейін би болды. Сейітбаттал қажы Маманов туралы «марқұм бір ауылдың, яки бір болыс елдің ғана ақсақалы, басшысы емес еді. Тоғыз Матайдың құрған сияздарында бітпеген, не бір билердің, болыстардың алдында шешімін таппаған істер оның ықпалымен бір минут ішінде бітетін, үзілетін еді. Мектеп-медресе салдырып, шамалары келгенше халыққа пайдаларын тигізген атақты Маман-Тұрысбек ұрпақтарының ішіндегі ең үлкен, ең ақсақалы болып тұрған Сейітбаттал қажы Маманов. Марқұм жасында әкесі Маман қажыдан енші алып, малмен саудаға кіріскен. Өзінің тырысуы арқасында байлығын 150 мың сомға толтырған. Барлық Қапал ауданына қараған 9 болыс Матайдың ақсақалы, 9 болыс елінің алтыны еді. Қарағаш қыстағында 6-7 мың сом жұмсап мұнарлы мешіт салуды тікелей өзі басқарды. Өзінің інісі Есенқұл «Жаңа мешіт салайық» дегенде «құп болады» деп батасын берген» екен.

Маман қажының кенжесі Есенқұл қажы (1880-1932) Байқажының жасы ұлғайған кезінде дүниеге келгендіктен өжет, қайсар және өте еркесі болып өседі.

1907 жылы Есенқұл мұсылмандық парызын орындау үшін Меккеге барады. 1913 жылы таза қазақ тілінде, қазақ өмірін көрсететін романға бәйге жарниялайды. Қазақ даласына бұл хабар ерекше әсер етеді.

Қазақ әдебетінде қылаң берген тосын құбылысты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалайды.

Маман балаларының Қарағашта мешіт-медресе, мектеп-пансионат ашуы, оқушы студенттерге жәрдем ақы төлеуі, журнал-газеттер алдыруы тәрізді игілікті істер жұртшылыққа бұрыннан-ақ белгілі болатын. Есенқұлдың «Романға бәйге жариялауы» оны абырой-атағын көтеріп тастады. Бұған оқыған зиялы қауым үміт артып «бәрекелді» десе, тіпті қызғану, көре алмаушылық тәрізді пиғылды адамдар ағайын ішінде де кездесіп жүрді.

Ең әуелі әлгі Маман-Тұрысбектер өздерінің ауылы Қарағаш деген жерді түзетіп, көшелерін ыңғайлай бастады. Қарағаш тегіннен қырық шақты үйлері, бар ауыл еді. Бір мектебі бар.

Бұл жақта бұл іс қала болуға бірінші жүріс, бүгін Қарағаш қала болса, ертең Арасан қала болар еді. Сөйте-сөйте көршілес теменгі Ақсу, тау Ақсу елі де қарап тұрмас. Бір бастала салып оңғарылу оңай емес. «Көш жүре түзеледі» деген ғой. Бейсенбай Кедесов, Мамания мектебінің мұғалімі», - деп жазды.

Осы кеңестен кейін Маман ұрпақтары Қарағашты қала дәрежесіне жеткізуге барлық күштерін жұмылдырады. Самарқан, Наманған, Әндіжан, Ташкенттен болмаса да, сырттан шеберлер шақырылады. Үй салуға қажетті құрылыс материалдарын жиналады. Төбе жабатын құрылыс материалдарын жиналады. Төбе жабатын қаңылтырды Обмыдан, Керекуден есік терезе, Семейден қызыл кірпіш алдырады.

Тұрысбек пен Сейітбаттал балалары жеке-жеке жай салады, жеміс-жидек қарағаш көшеттерін отырғызады. Наманған, Әндіжаннан бағбандар шақыртып жеміс-жидек ағаштарын өсіреді. Оншақты жыл ішінде шөл далада 40-50 қала типті, көк шатырлы үйлер пайда болады.

Тұрысбек қажы қайтыс болғаннан кейін ол іргетасын қалап кеткен білім ордасын дамыту, жетілдіру інілері Сейітбаттал мен Есенқұлдың үлесіне қалды. Тұрысбектің өзі баулыған, іс тәжірбиесін үйреткен, өз ортасына ғана емес, сол өңірге аты шыққан беделді інілері аға өсиетін, арманын адал орындады.

Арасан, Қапал, Ақсу, Бақалы, Сарқан, Лепсі, Тасбекет елді мекендердің халқы жаппай өнер-білімге ұмтыла бастайды. Маман ұрпақтары қоғам ағымын ертерек болжап, халық қамын тереңірек ойлап, бұрынғы 3 жылдық медресенің негізінде жаңа үлгідегі мектеп салуды ұйғарады. 1904 жылы Есенқұл немере ағасы Құдайберген екеуі Уфаға барып «Ғалия» медресесінің құрылысы жобасын, оқу жоспарын, оқу құралдарын, ішкі тәртіп ережелері үлгісін алып келеді. Қапалдан сәулетші әкеліп, мешіт пен медресенің жоспарын жасатады. Мешітті жөндеу жұмысын Сейітбатал қажы басқарады да, оны 1907 жылы бітіреді. Мектеп үйін қайта салу, үлкейту жұмысын Есенқұл жалғастырады.

Мектептің құрылысы қызу жүріп, бітіруге жақындағанда, ру басшылары жаңа типтік мектеп ашуға қарсы болып жиын ашып: «орысша оқып балаларымыз кәпір болып кетеді», деседі. Есенқұл: «Жаңа типтегі мектеп ру басшыларына керек болмаса, Маман-Тұрысбек ұрпақтарына керек», - деп мәслихатты тастап шығып кетеді.

«Мамания» мектебінің сабақтары «Ғалия» медресесінің сабақ кестесімен өткізіледі. Мектепке орыс тілін үйрететін кешкі курс ашылып, оған Қарағаш қыстағында тұратын ересектер де қатысады.

Мұндай игілікті істер кедергісіз орындала қоймайтыны белгілі ғой. Жаңалыққа кертартпа пиғылдағы ескіні жақтайтын топтың қарсы тұруы заңдылық. Матай дуанына сөзі өтетін ру көсемі Сейібаттал болыс оларды інісі Есенқұлдың дегеніне көндіріп отырады. Қарағаш мектебін және мешіт салуға белсенді атсалысқан үлкен тірегі, қамқоршысы Сейітбаттал ағасы 1913 жылы қараша айының екісінде қайтыс болды. Ақсу елі өз заманының ірі тұлғасы, сүйікті перзентін арулап Қарағаштағы зиратқа жерледі.

Сейітбаттал ағасы дүние салғаннан кейін құрылысты жалғастыру Есенқұлдың мойнында болды.

Енді интернат-пансионатқа жатақхана, асхана, монша тәрізді жұмыстармен қатар мұғалімдерге жеке-жеке пәтер салу қажеттілігі тұрады. Сондай-ақ, оларды тамақ пен отын-сумен, еңбек ақысымен қамтамасыз етіп отыру да Есенқұлдың міндетіне тиеді. Керек кезінде немере інілері Қожахмет, Тәңірберген, Солтанқұл көмектесіп тұрады. Сейітбаттал қажы дүние салған уақыттан «Мамания» мектебінің тіршілігі Есенқұлдың атымен тығыз байланысты еді.

Мұнаралы мешіт пен мектеп құрылысына қаржы тапшылығын болдырмау үшін ол төңірегіндегі елдердің малынан алынған «зекет», «құрбандық» тәрізді төлемдерді құрылысқа жұмсап, діни әдеп-ғұрыптарды оқу, білім мұқтаждығына пайдаланады.

Кез келген оқу ордасының сапасы жақсы болуы алдымен оқытушылық құрамына байланысты. Ал ол жағынан «Мамания» медресесі жоғары салалы мамандар жұмыс жасады. Бұл, әрине, алдымен Маман байдың ұлдарының қажырлы жұмысының арқасы еді. Себебі сол кездегі газет, журналдарға жарнама беріп жер-жерден оқыған, сауатты кадрлар іздестірді. Мамания медресе-мектебіндегі ұзтаздар Ресейдің орталық қалаларында оқығандар, шетелден білім нәрімен сусындап келген білімді азаматтарды жұмысқа алды. Араларында сегіз тілде еркін сөйлейтін білімдарлар, қазақтың алғашқы ата заңын жазған Барлыбек Сырттанов сияқты кісілер сабақ берді.

Мешіттің молдалары Хасен, Қожахмет дін, шариғат және құран сүрелерін жаттатумен қатар шәкірттерді жадитше оқып, жазуға үйретеді.

Онда дін-шариғат, әптиек сүрелерін имам Уәлиұлы Хасен молда мен мешіт азаншысы, елі керей, кезінде Зайсаннан бір болыстың қыспағынан қашып келген Омар деген мәзін оқытады. Хасен молданың туған жері Тройцк, Тосын болысы. Білім алған жері Самарқан, Бұхар, Ташкент. Тұрысбек қажы Меккеден қайтып келе жатып, Хасенді Бұхарадан арнайы әкеледі. Хасен молданың нәсілі татар. Хасен молдадан Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Ғани Орманов дін, құран дәрістерін оқып, «Шәротсала» кітабынан намаз жайын біліп, білім алыпты.

Жалпы бұл 3 жылдық медреседе 102 шәкірт оқыпты. Хасен молда отыз жыл бойы ауылдық балаларды оқытқан өз заманының білгірі, ел шежіресін, әдебиетін, тарихын жазған ізденгіштігімен танымал болыпты. Өз қолжазба дәптер, кітаптарымен қатар, мол жинақ кітапханасы да болған. І.Жансүгіров Уәлиұлы Хасен молданың қолжазбасынан «бұл шығарманы қазақ әдебиетінің тарихы толық емес» деп, екі қоржын шығармаларды таңдап алған. Хасен молда 1933 жылы Талдықорған түрмесінде қайтыс болды.

1911 жылдың күзінен бастап мектепті Ғабдолғазиз Мұсағалиев басқарады. Сол кезде Ғабдолғазиз Мұсағалиев Каир университетін бітірген заң қызметкері, сегіз елдің тілін білген ғалым, ойшыл-философ, шығыс елдерінің тарихын, әдебиетін зерттеуші, ағартушы-демократ болған. Ол «Мамания» мектебіне меңгеруші болып Барлыбек Сырттановтың қолдауымен 1911жылы әмбе мектепте қазақ, татар, ислам, Құран тарихынан оқушыларға дәрістер береді. Одан Қапал уезінде ағартушылық қызметін атқарады. Ғабдолғазиз Қазан төңкерісінен кейін, өз елі Астрахан губерниясына қайтады.

Барлыбек Сырттанов қоғам қайраткері, ерекше тапсырмаларды орындаған кіші шенеунік. Жетісу облысының іс басқармасының іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, 1911 жылы «Қазақ елінің уставын (конституциясын)» жазған Алаш көсемдерінің бірі.

Жәдитші-ғалым Файызрахман Жиханғаров, Мұстахым Малдыбаев, Мұхамедхали Есенгелдин, Бисембай Кедесов, Михаил Назаров, Берікқұл Кішібаев, Нұрқасым Жетікбаев дәріс береді.

Қыздары мектепте оқытуға мешіт молдасы және шариғаттан дәріс беретін Хасен молда және Ақсудың имамы Ахмет қарсы болады, бірақ Маман балалары олардың ырқына көнбей қыздарды мектепке қабылдайды. Уфадан Есенкелдіұды Мұханметқалиды және оның әйелі Фатима ханымды шақырып алады. Фатима ханымға қыздар класын ашып береді. Сабақтан кейін әйел-қыздар, әсіресе байлардың әйел-қыздары, келіндері кешкісін үйірмеге қатысады. Қапал, Ақсу халқы киімін Қарағаштағы «тігін фабрикасына» тіккізіп тұрған.

Маман балалары мектепке оқу орнын бітірген білімді мұғалімдер іздеп, сол кездегі шығып тұрған журналдарға ұдайы жарнама беріп отырған. Ал мұғалімдермен арада еңбек келісімшарты жасалған. Маман ұрпақтары мұғалімдерге арнап арнайы пәтерлер салғызыпты және тұрақты жалақымен қамтамасыз етіп отыруды өз мойындарына алған.

Солардың алғашқысы болып Мұстақым Малдыбаев (Қарқаралы уезі, руы Қаракесек) және атақты әнші Майра Уәлиқызы мектептің салтанатты ашылу рәсімі қарсаңында келеді.

1909 жылы мектеп-медресе үлкейтіліп, сегіз жылдық болып қайта ашылады. Бір ескерте кететіні мектептің салынуына қатысты түрлі жылдарды деректер де кездесіреміз. Оның себебі мектеп басында үш жылдық, одан кейін бес жылдық, сегіз жылдық болып жаңғырып, кеңейіп ашылып отырғанында. Сегіз жылдық болып ашылу салтанатына Шәуешектегі атақты ақын, сазгер Әсет Найманбайды құрметті қонақ ретінде шақырады. Әсет денсаулығына байланысты келе алмайды. Өзінің атынан хат жазып Маман ұрпақтарына жіберіпті. Хатын былай бастайды.

«Құрметті Байқожа әулеті! «Ел құлағы – елу» дегендей, менде Қарағаштағы істеліп жатқан игілікті істерге қанықпын. Оның үстіне қадірлі қонақ ретінде шақырғандарыңа мың да бір рахмет! Алты қырдың астында жатсам да Мамания медресесі тек қол жеткендердің ғана оқуы болмай, кедей, кембағалдардың да білімге сусындайтын ордасы болмақ екенін естігенде қатты қуандым. Бұл жолы тойларыңда болып, жүректегі қуаныш сезімдерімді білдіре алмадым. Аздан бері науқас меңдеп, берекені кетіріп тұрғаны. Той-тойға ұласып, медресенің берер жемісі таусылмасын. Осы салтанатқа арнап бірер шумақ өлеңімді жіберіп отырмын.

«Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей көптей көріңдер:

Уа, жаным, құтты болсын медресең,

Бек жақсы жеміс ексең, теріп жесең,

Немерең тәрбие алып, тәлім алып,

Оқыса өтелгені менің есем.

Шіркін-ай ашылса ғой баяғы да,

Берерме еді Әсет жол аяғына

Көрдің бе өкіндіріп отырғанын,

Кез келіп сүйенгенде таяғыма

Дауысым естілемесе Шәуешектен,

Еңбегін өтеледі келешекпен.

Иллахи, кейінгі ұрпақ теріп жесін,

Жемісін аталары егіп кеткен.

Үшбу сәлеммен Найманбайұлы Әсет, 9 тамыз, 1909 жыл, Шәуешек қаласы».

Бұл мектеп осы аймақтағы барлық елдің оқу-білімге зарыққан көзі ашық, көңілі таза талапты жастарына арнап, салынған оқу орны еді. «Бай, кедей, малшы-жалшы болып іріктеу жоқ, тек талапкер жастарға ортақ мұра болады» дейді Маман балалары.

Көзін ашқаннан қозы соңында жүрген малшы-жалшының, кедей-кепшіктің балаларымен өз балаларының бір партаға қатар отырып, бір мектептен оқуына кейбір кертартпа, сыңаржақ ру басшылары қарсылық та білдірген. Бірақ олардың ырқына Маман балалары көңбеген еді.

ХІХ ғасырдың соңында, яғни ғасыр аралығында Қазақстан мен Орта Азия елдерінде Қадим(діни оқу) мектептерін Жадит(төте оқу) оқу орны ығыстыра бастады. Патша өкіметі қадим оқуы саяси тиімді болғандықтан оны қолдады. Өйткені Қадим мектептері феодалдық топтың мүддесін қорғаса, ал жадитше оқу буржуазиялық бағытты көздеді. Патша өкіметі кертарпа қадимисттерді жадиттерге қарсы айдап салып, оларға көмектескені ақиқат.

Қадим ағымымен жадит арасындағы тартыс ескі мен жаңаның күресі. Бұл қоғам дамуының қалыптасқан заңы.

Е.К.Бендриков «Қазақстанда ашылған Жадит мектебінің ішіндегі ең тәуірінің бірі Жетісу облысы, Қапал уезіне қарасты «Қарағаш» деген жердегі 1899 жылы ашылған ағайынды Маман мен Тұрысбек қажының медресесі болды. Оны жұрт «Мамания» медресесі деп атаған. «Маманияда» оқу мерзімі 5 жыл болып белгілінді. 1913 жылы онда 102 шәкірт оқығаны белгілі. Сол кезде Маман бай бастамасын Қырғызстанда (ол да Жетісу облысына жататын) қолдаған адам белгілі манап Шабудан Жантаев болды. Ол 1908 жылы Шаршу деген жадит медресесін ашады. Оны қырғыз бауырлар құрметтеп «Шабудания» деп атап кетті» - дейді. (Бенддриков. Нородное просвещение в Туркестане в 1918-1919 гг. «Советская педагогика»1956, №12, с. 37).

Маман бай ұрпақтары медресенің қажеттіліне жылына 4000 сомға дейін қаржы жұмсап отырған. Соның нәтижесінде «Маманияда» оқу-тәрбие жұмыстарына қажетті кітаптар, оқулықтар, көрнекті құралдар жеткілікті болды.

Медресенің көп бөлмелерден тұратын зәулім ағаш үйіне бұл маңда тең келетін ғимарат болмаған. Өкінішке қарай, конфескенін кезінде шолақ белсенділер медресенің үйін, ондағы аса бай, әрі сирек кездесетін кітаптар мен оқулықтарды, көрнекті құралдарды түгелдей жойып жіберген. Тіпті, Маман байдың басына арналған мәрмәр құлыптасты да алып кеткен.

«Қазіргі кезде Қарағашта осыдан 75 жыл бұрын қанатын кең жайып гүлденген рухани мұрадан көзге ілінетін ештене жоқ. Неткен бишаралық!» (Омар У. Қазақстандағы ағарту ісі және патша өкіметінің отарлау саясаты. 1997 ж. 38 б.)

«Мамания» медресесінде оқушыларға берілген білім дәрежесімен танысу үшін оның архивте сақталған оқу жоспарын келтірейік:

Мәселен, онда мынадай пәндер оқытылған:

1.   Қазақ тілі (оқу, жазу) - 1-ші кластан бастап оқытылады.

2.   Есеп (арифметика) - 1-ші кластан бастап оқытылады.

3.   Иман-шарт – 2-ші кластан бастап оқытылады.

4.   Құран - 2-ші кластан бастап оқытылады.

5.   Орыс тілі - 3-ші кластан бастап оқытылады.

6.   Пайғамбарлар тарихы – тек 3-ші кластан бастап оқытылады.

7.   Жағрафия - 3-ші кластан бастап оқытылады.

8.   Зоология – 4-кластан бастап оқытылады.

9.   Ислам діні тарихы – 5-ші кластан бастап оқытылады.

10.   Татар тарихы – 5-ші кластан бастап оқытылады. (Орыс тілі мен есеп сабақтарын орыс оқытушылар оқытқан). (Қазақ Республикасының Орталық тарихы мұрағаты. 90-ф, 1-тізім, 373-іс, 14-15 бет).

Алаш арыстарының Маман байдың әулетінің істеріне тәнті болып «Қазақ» газетінің беттерінде бірнеше мақалалар жариялаған білеміз. Сондай бір мақаласында Маман әулетінің қазақ балаларың білім алуға мүмкіндік жасағаны туралы айтылады. Мамания мектебін үздік бітірген шәкірттерді Маман ұрпақтары олардың білімдерін одан әрі шыңдау үшін Орынбор, Уфаға өз қаржыларымен оқытып отырды. Міне, соған қатысты «Қазақ» газетінде мынадай мақала жарық көрген болатын.

«Қазақ байларының қылығын істемей отырған Мамановтар көрінеді. Медресесінде оқып жүрген балалардан зерек-зерек балаларды таңдап алып, жылына 300 сом ақша расход кесіп, орысша, мұсылманша болсын оқу оқып қайтуға жібереді екен. Сондай жіберген баланың бірі биыл «Киргизская школаға» кірді. Бұрын Уфада медресе «Ғалияда» оқып, былтырдан бері орысша мұғалімдік ғылымын білу ниетімен «Учительская школаға», я семинарияға кіруге ниеттенген екен. Талапкер... бір жыл орысша оқып,школаға емтихан беріп кірді. Оқушы қабылдайтын 6 орынның үшеуі қазаққа, үшеуі орысқа екен. Маманов талапкерлері тиісті орынның бір жарлы баласына беріп, өзі Мамановтардан алатын ақшасының 150 сомын төлеп, школда жатып оқитын болды.» («Қазақ» газеті. 1911 ж. 15 август. №126 «Орысша оқушылар»).

Мектепте оқу қыркүйек айының бірінен басталып, мамыр айының 15-інде аяқталған. Оқу жылының қорытындысы және мектеп бітірушілердің жиыны салтанатты мәжіліс түрінде өткізілетін. Бұл салатанатты жиынға Қапал, Сарқан, Ақсу аймағындағы білгілі оқыған зиялы адамдар мен би, болыстар, діни адамдар шықырылды.

Осы мәжілісте үздік бітірген шәкірттер марапатталып, кейбіреулеріне арнайы стипендия тағайындалып, жоғары оқу орындарына жолдамалар беріліп отырды. Мектеп бітірген шәкірттерге өрнектелген, баспаханада басылған афарин (бестік), имтинз (төрттік), мақбул (үштік) деген бағалар қойылған куәліктер беріледі.

Мектептегі оқу сапасын, тәртіп-тәрбие жұмыстарын Сейітбаттал, Есенқұл, Құдайбергендер кезекпен қадағалап, емтиханға қатысып, озат оқушыларды марапаттап, Орынбор, Уфа, Қазан қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп, оларға арнайы степендия тағайындалып отырған. «Мамания» медресесін үздік бітірген Б.Сүлеев, Б.Кедесов, Сүлейменовтерді Орынбор мұғалімдер семинариясына шығарып салу кешінде Есенқұл қажы: «Биыл мектепті үздік бітіруші Б.Сүлеев, Б.Кедесов, Сүлейменов тәрізді шәкірттеріміз, мектебіміздегі оқу ісінің жақсы жолға қойылғанын және оқушыларды мектепке қабылдау кезінде дұрыс бағыт ұстағанымызды дәлелдеді. Біздің сенімімізді ақтағаны үшін барлығымыздың атымыздан ризашылығымызды білдіреміз. Осы алған білімдеріңе білім қосып, халқыңның қара жолын сәулелендіре беріңдер», - деп сөз сөйлеп, алғысын білдірді.

«Мамания» мектебін бітірген шәкірттер басқа қалалардағы оқу орындарына еркін түсе алған. Біләл Сүлеев – «Мамания», «Ғалия» медресесін, одан кейін Орынбордағы екіжылдық мұғалімдік семинариясын бітірген. Ілияс Жансүгіров 1910 жылы Ақсу ауданында алғаш жәдитше ашылған Қарағаштағы «Мамания» мектебіне түсіп, 1917 жылға дейін сол мектепте ары-тұра оқи жүреді. 1920 жылы Ташкентте мұғалімдер дайындайтын курсты бітіріп, 1925жылы Мәскеудегі журналистер институтына түседі. Кедесов Бейсенбай – Уфада, Ермектасов Мейірман –Уфада, Бағрамов Әйсейіт – Уфада оқып білімдерін көтерген. Сондай-ақ, «Мамания» мектебін бітіріп, шет қалаларда жоғары оқу орнынан білім алаған Маман-Тұрысбек балаларыда бар. Мысалы, Маманов Ыбрайым Қазминпросты, Маманов Смақұл, Маманова Бибінұр Ташкентдегі САГУ-дің медициналық факультетін, Солтанқұлов Мұхаметрақым Петербурдағы Тимияров ауылшаруашлығы академиясын, Маманов Бидахмет, Солтанқұлов Досмұхамет Алматыдағы гимназияны бітіріп, жауапты қызмет атқарған. Бұлар1926 жыл Қазциктің: «Бай-кулактардың балалары кеңес жұмысынан аластатылсын» деген қаулыдан кейін жұмыстан қуылады. 1928 жылы олардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін Оралға, Орынборға жер аударады.

«Мамания» мектебін алғашқы бітірген шәкірттерінің қазақ халқы үшін атқарған ісі, көтерген жүгі орасан көп және ауыр болды. Өйткені кеңес үкіметі орнаған алғашқы күннен бастап олар халықты сауаттандыру саясатын бірінші орынға қойды. Шалғай жатқан ауылдарда, қыстақтарда ересектер үшін сауатсыздықты жою оқуларын ұйымдастырды. Жастар үшін мектептермен қатар мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашуды өмір талап етті. Бірақ Қазақстанда осындай орасан жауапты істі ойдағыдай атқарып кететін кадрлар жоқтың қасы болатын. Десек те құр алақан емес еді. Жетісуда білім ордасы болып саналған «Мамания» мектебін бітіргендер әр жерде, әр түрлі қызметте қазақтың кең даласында бытырап жүрсе де, халық үшін, өздерінің болашағы үшін, абыройлы іске кірісіп кетті. Мысалы: М, Еркінбеков - Қарасу, Әлсейіт Бағримов - Суықсай, Жұмабай Шығанбаев - Сағабүйен, Т.Сұлтанов - Көкөзек, Арын Құпқанов - Лепсі, Ыбрайым Маманов - Шұбарағаш, Мейірман Ермектасов - Қосағаш, Б. Құлақметов - Қолтабан, Нұрқасым Жетекбаев - Арасан елді мекендерінде мектептер ашып, балаларды оқытқан. Кешкісін бір үйге ересек адамдарды жинап сауаттандыру сабақтарын жүргізген. Балалар оқитын мектеп үйі болмаса, біреудің үйін жалдау, т.б. шаруашылық жұмыстардың барлығы мұғалімнің мойында еді. Мысалы: Әлсейіт Бағрамов Суықсайдағы (11-ауылдағы) мектепті Қүренбел жайлауынан (50 шақырым) көшіріп әкеледі. Ол Маманов Есенқұлдың Ақтастадағы қыстан болатын, 12 бөлмелі ағаш төбесі көк қаңылтырмен жабылған.

Ол мектепте 1929 жылдан 1960 жылға дейін Суықсай, Ақтөбе, Аманбөктер т.б. мекен-жайда тұратындардың балалары білім алды. Бастауыш, орталау, орта білім беретін оқу орынына айналды. Бастауыш, орталау, орта білім беретін оқу орнына айналды. 1942 жылы өзі туған, қазіргі Суықсайдағы мектепке Есенқұлқызы Ақтолыс мұғалім болып істеді. Бұл да өмірдің заңды серпілісі еді ғой.

«Мамания» мектебі аймақтарды мұғалім кадрлармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ Ақсу, Қапал, Лепсі елді мекендерде ашылған оқу орындарына оқу, тәрбие, оқыту тәсілдерін үйрететің орталық тірек мектебі болды.

«Мамания» мектебін бітіруші шәкірттердің саны жыл сайың өсіп отырған. 1913-1914 оқу жылдары мұғалімдер 17, ал шәкірттері саны 200 шамалы болған деген мәліметтер бар. Нақты қанша адам оқып бітіргені туралы деректі анықтау қиын.

Алпасыншы жылдардағы «жылымық» саясаттан кейін сталиндік қуғын-сүргін құрбаны – қазақ зиялылары, Алаш партиясының көсемдері мен мүшелері бірінен соң бірі ақтала бастады. Сөйтіп жарты ғасыр бойы атын атауға қорқып «халық жауы», «Бай-кулак» деп жүрген алдыңғы ұлы ұрпақ ағаларымыз ел жүрегінен қайта орнын алды.

Шәкен Күмісбайұлы «Атақты» мектеп атаусыз қалама?» («Қазақ елі», 16 қаңтар 1997 жылы) деген көлемді мақаласында 1889 жылы Маман балаларының өз қаражаттарына салғызған мектептің бұрынғы тарихи атын өзіне қайтарып беруді сұрайды. Артынша «Жетісу» газетінде ақсулықтардың өтінішін жариялады. Көпшіліктің тілегін жоғары ресми орындар қабыл алып, 1998 жылы тамызда «Мамания» деген бұрынғы атын қайтарып берді.

1918-1919 жылдары Жетісуда, оның ішінде Ақсу, Саран, Лепсі, Антоновкада ақ пен қызылдардың кескілескен ұрыстары болды, оны тарихта «Черкасск қорғанысы» деп атайды. Ақсу бір күнде 3 реттен бірде қызылдың, бірде ақтың қолына алма-кезек алмасып отырған алады. Анненковтың қарамағындағы Бедаров пен Осиповтың «бандалары» (солай атаған) Қарағашқа бекініп, шегінгенде өртеп қашады. Сондай-ақ Ақсудан қашқан Емелевтың қызы гвардияшылары да Қарағашты паналап, кетерінде оларда үйлерді өртейді. Емелев осы соғыстан алған жарасынан Алматыға келіп өледі.

Бұл мектеп 1922 жылдан 1935 жылға дейін «Балалар коммунасы», «Колхоз жастары мектебі», «Интернат-пансионат» деп аталып келді. 1935 жылы мектеп үйін Ақсудың арғы бетіне көшіреді. 1959 жылы оны Ақсудың бергі бетіне ауыстырып, мектеп-интернатқа айналдырады. 1965 жылы 3 қабатты жаңа мектеп салынады. 1963 жылдан бастап Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебі деп келсе, 1998 жылдан бері «Мамания» қазақ орта мектебі өз атын қайтарып алды. Бұл мектеп 1899 жылы салынған «Мамания» мектебінің негізінде құрылған заңды жалғасы болып саналады.                                                            

Халқымызда «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөздің ақиқаты деп білеміз. Маман-құттың ұрпақтарының қазақ елінің оқу-ағарту саласында жасаған істеріне ғасырдан аса уақыт өтсе де таңдана да, тамсана айтамыз. Бір бай барлық елдің қажеттілігін қамтамасыз ете алмасы сөзсіз. Десе де, жасаған ісімен өзгелерге үлгі болып, басқалардың санасында жақсы ой тастайды. Қарағашта қала салып, ондағы медресе-мектепті салып, барша қазаққа танылуларына басты себеп, осындай жарқын үлгіні жасап, өзгелерге көрсетуінің түп мақсаты мақтан емес еді. Маман құттық әулетінің мақсаты барша қазақ байлары болсын, қарашасы болсын жақсылықта жарысуына үндеу болды.

Пайдаланған әдебиет:

Руслан Ақмағанбет. Құт. Байлық танымы және қазақ байлары. "BRK Press" баспасы. Алматы. 2019 ж.