«Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек жарық көрді
28.05.2021 2015

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбекті көпшілікке таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Үш томдық жинаққа зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттар енген. Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған. Ал, кітаптағы кейбір анықтама, бұйрық, қарар сияқты құжаттар көпке дейін аса құпия мәлімет ретінде сақталып келген. Сондықтан ашаршылық жылдарының аса маңызды хронологиясын дайындап шыққан ғалымдар мен тарихшыларымыздың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Таныстыру рәсіміне осы тақырыпты кеңінен зерттеп жүрген белгілі ғалымдар мен тарихшылар, редакциялық алқаның мүшелері, кітапты құрастырушылар, Парламент депутаттары, саясаттанушылар, өлкетанушылар және жоғары оқу орындарының докторанттары қатысты.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін айтты.

«Тәуелсіздігімізді ұлықтау сәтінде тойға емес, ойға басымдық беру, өткенімізден өнеге алу – біздер үшін зор міндет. Мемлекет басшысы 30 жылдықты атап өтуге арналған алғашқы отырыста осы мәселеге баса мән берді. Президентіміз айтқандай, егемендіктің бүгінгі белесі елдің жаңа келбеті мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қызмет етуі керек. Бұл ретте, тарихи сананы жаңғыртатын және бостандықтың қадір-қасиетін арттыратын іс-шаралар аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.


Осы тұрғыдан келгенде, ашаршылық тақырыбын көтерудің терең мәні бар екенін айтқан Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті.

«Тәуелсіздік алған соң ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздың соқтықпалы, соқпақты жолдарына ерекше көңіл бөлінді. Осы бағыттағы мәселелер мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тиісті зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде ашаршылық бір әулеттің немесе ауылдың ғана емес, сол кездегі тұтас халықтың басына түскен үлкен қасірет екені ашық айтылды. Дегенмен, әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Палата Спикері кітапты дайындау барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат осы тақырыпқа қатысты тарихи құжаттарды жан-жақты зерттеу және талдау жұмыстарын ұйымдастырғанын атап өтті. Сол кездегі нақты деректер мен архив материалдарын жариялау ақтаңдақ жылдардың себеп-салдарын кеңірек зерттеуге мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.

«Ашаршылықтың зардабы ұлтымыз үшін өте ауыр болды. Тіпті осы алапат қасіреттің салдарынан халықтың жартысына жуығынан айырылып қалдық. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталғанын жақсы білесіздер. Президентіміз ашаршылықтың әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келе жатқанына және құрбандарының саны туралы ортақ пайымның жоқ екеніне назар аударды. Соған байланысты Мемлекет басшысы тиісті тарихи құжаттарды жинап, мәліметтерді аса мұқият зерделеуді тапсырды», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі таңда елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар іске асырыла бастағанына назар аударды. Солардың бірі ретінде ақпан айында Сенаттың ұйымдастыруымен осы тақырыпта өткен дөңгелек үстелді айтуға болады. Сол жиында ғалымдар мен тарихшылар архив материалдарының қолжетімсіз екенін, әлі де болса ақпараттардың аздығын айтқан еді. Сондықтан Сенат депутаттары мен ғалымдар бірлесіп дайындаған үш томды көлемді еңбекті сол дөңгелек үстелдің нақты нәтижесі десек, артық бола қоймас.


«Жаңа туындыны Сенаттың аштық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі деуге болады. Бұл кітап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалды. Мұндағы құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар тың мәліметтер мен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Сондықтан осы көптомдықты ашаршылық кезеңінің хронологиясы деп айтуға толық негіз бар», – деді Сенат Спикері.

Жаңа еңбекте ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер жинақталғанын айта кеткен жөн. Олар аштықтың алғышарттары мен трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды.

Сондай-ақ, Сенат Төрағасы қысқа мерзімде архивтерді ақтарып, құнды дүние дайындаған авторлар мен кітапты құрастырушыларға алғысын білдірді. Одан бөлек, бұл кітап осы бағытта атқарылуға тиіс көп жұмыстың бір парасы ғана екенін айтты.

«Алда әлі талай мақсат-міндеттер тұр. Жарияланып жатқан құжаттар мен мәліметтердің негізінде жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Сенаттың осы бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар лайықты жалғастырып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіледі деп сенеміз. Президент тапсырмасы аясында бұл саладағы жұмыстарға мемлекеттік органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетіле береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында Сенат Төрағасы жаңа еңбек университеттерге, ғылыми институттарға, орталық және өңірлік кітапханаларға жіберілетінін, сол арқылы ашаршылық туралы архив материалдары көпшілік үшін қолжетімді болатынын жеткізді.

Өз кезегінде кітаптың жауапты редакторы, белгілі ғалым, тарихшы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұл еңбектің осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.

«Біз ашаршылықтың себептері мен трагедиялық салдары туралы бұрын жарияланған және осыған дейін еш жерде жарық көрмеген материалдарды салыстыра отырып, талдау жүргіздік. Соның арқасында республикалық, өңірлік және шет елдердегі архивтерде сақталған деректердің ауқымды қорын жасақтадық. Бүгін жарық көріп отырған кітапты ашаршылық тақырыбы бойынша Қазақстанның бірыңғай және жүйелі базасын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам деп қабылдауға болады», – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен қатар іс-шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу бойынша Республикалық ғылыми орталығының директоры белгілі ғалым Талас Омарбек, Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов және тағы басқа қатысушылар сөз сөйледі.

Фото: Е.Үкібаев