Ұлық Ұлыс – төл тарихымыздың маңызды тарауы - Дәурен Абаев
28.05.2021 2070

Нұр-Сұлтанда өткен «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда: Бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Президент әкімшілігі жеткшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев Алтын Орданы төл тарихымыздың маңызды тарауына теңеді,  деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталы. 


«Егер халықтың тұтас тарихын қалың кітапқа теңесек, соның ішінде өте маңызды тарауы болады. Ол тарау болмаса кітаптың мазмұны жоғалуы мүмкін. Ұлық Ұлыс – төл тарихымыздың осындай маңызды тарауы. Далалық Римге айналған Ұлы империя, әртүрлі тілде сөйлеп, әрқилы дін ұстанатын көптеген халықты бір шаңырақ астына біріктіріп, озық мәдениетті дүниеге әкелді», - деді Дәурен Абаев. 

Сондай-ақ  Президент Әкімшілігінің өкілі Ұлық Ұлыстың дәуірлеген кезеңі мен Алтын орда дәуірінен қалыптасқан символар туралы да айтып өтті.  

«Оның дәуірлеген тұсында қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасты. Алтын Орда уақытынан бері келе жатқан символдарды қазір де күн сайын көреміз. Ұлттық валютамыз – теңгенің атауы сол кезеңге тиесілі» - ол «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Дәурен Әскербекұлы  Мемлекет басшысы резиденциясы Батудан Абылай ханға дейінгі Алтын Орда мен Қазақ хандығы әміршілерінің ордасы сияқты аталатынын еске салды.

«Парасат пен төзімділікке құрылып, Ханафи мазхабына негізделген дәстүрлі дініміз Берке мен Өзбек хандардан мұраға қалған.

Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы – Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы.

Мысалы Сарайшық қаласы Жошы ұлысының, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болды. Қазіргі Қызылорда облысы аумағында Жанкент, Жент, Барчкент, Түркістан өңірінде Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ сияқты қалалар болған» - деген Дәурен Абаев мұндай қалалар еліміздің солтүстігінен де табыла бастағанына тоқталды.

«Бұған дәлел – жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл оба» қорымынан шыққан құнды жәдігерлер. Осылайша біз бабаларымыздың шетсіз-шексіз аймақты мекен еткен көшпелілер емес, керісінше, өз уақытындағы көшпелі өмір мен отырықшы тұрмыс салтының озық тұстарын үйлестіріп, империялық деңгейде үстемдік құрған халық болғанын байқаймыз« - деді Дәурен Абаев.