Нұр-Сұлтанның мәдени және тарихи ескерткіштері
30.07.2021 3688

Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы күннен-күнге құлпырып, дамып, өркендеп келе жатыр. Нұр-Сұлтан - тәуелсіз Қазақстанның символы, бүгінгі қала тұрғындары үшін сүйікті қаласы. Мұнда келіп қоныстанушылар әр қиырдан келсе де бұл қала олар үшін ортақ ұя сынды. Елордамыз мәдениет пен тарихтың алтын ордасы. Сондықтан болар Нұр-Сұлтанның тарихи және мәдени ескерткіштері астана имиджін әлемге танытуда үлкен рөл атқарады. Рухымызды жоғалтпай, тарихымызды еске салып отыратын зат - тарихи ескерткіштер. 


Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 97 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде 46 сәулет және қалақұрылысы ескерткіші, 13 археологиялық ескерткіш бар. Монументалды өнер ескерткіші - 38. Барлық ескерткіштер бойынша қорғау аумақтары анықталып, мемлекеттің қарамағында және қорғалуында екенін растайтын ақпараттық тақталар орнатылған.

Сонымен, ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерекесі қарсаңында елордамыздың көптеген мәдени және тарихи ескерткіштерін назарларыңызға ұсынамыз.

Сәкен Сейфуллин мұражайы

Сейфуллин мұражайы - қазақ мемлекет қайраткері, ақын және жазушы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне арналған Нұр-сұлтан қаласындағы музей. XIX ғасыр ғимаратында орналасқан, ол жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне кіреді. Бұл жерде Сәкен Сейфуллин ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағаларының бірі болып қызмет атқарды.     

  

Бір қабатты ағаштан салынған мұражай Есіл өзенінің оң жағалауында, Нұрсұлтан қаласының С.Сейфуллин мен М.Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан.

Мұражай жанында ақынның ескерткіші орналасқан.

«Қазақ елі» монументі

«Қазақ елі» - қазақ елінің тарихын, мәдениетін және жетістігін көрсететін ауқымды архитектуралық-мәдени монумент. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан бұл кешен 2009 жылы ашылды. Авторлары - Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов.

Ақ мәрмәрден құйылған монументтің биіктігі – 91 м, бұл еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылды меңзейді. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр. Монумент түсі – ақ. Ол қазақтардың бауырмал және басқаларға деген ниеттің ақ екендігін көрсетсе керек.


«Қазақ елі» монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колон­на да орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаданың қақ орта­сында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызыл­ған. Оның төрт қырлы болған се­бебі – дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал дегенді айғақтайды.

Орталық барельеф – «Халық және Президент» деп аталады. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Алдыңғы фигура­ның биіктігі – 5 м, онда Н.Назар­баевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. Бұл – біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үс­тем­дік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің сыртындағы халық – қазақстандықтар, олардың бейбіт, мейірімді көңілін ұшып жүрген қарлығаштар дәйектейді.

Монументтің оң жағындағы екінші барельеф – «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлдарының ежелден қасиетті борышы болғанын көрсететін бейнелер шоғырланған. Соның ішінде ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған.


Батыс жақ бетке орналастырылатын «Жасампаздық» атты барельефте авторлар Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелемек болған. Сондағы жасампаздықты туғызған ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар бейнесі көрінеді.

Ал монументтің шығыс жағындағы «Болашақ» атты барельефте тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары бейнеленген.

Осы идеялардың бәрі Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген «Бірлік» атты мүсіндік композициямен аяқталады.

Кенесары хан ескерткіші

Ескерткіш Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Мүсінші  Нұрлан Далбай, сәулетші  Шота Уәлиханов авторлығымен шыққан бұл мүсін 2001 жылы 11 мамырда ашылды. Қоладан құйылып, өңделген ханның мүсіні гранитпен қапталған биік тұғырда тұр. Жобасы мен орнатылатын орнын тұңғыш президент мақұлдаған.


Ханның айбынды мүсіні, беліне  таянған оң қолы, дана да алғыр  мемлекет қайраткерінің терең ойлы көзқарасы, үзеңгіні мықты ұстаған сол қолы хан мүсініне бекзаттық сипат береді. Қатты шауып келе жатқан ат, салт аттының  өршіген жігерінен, бір сәтке ғана  тоқтағандай  әсер береді.  Әскери сауыт-сайманға оранған хан мүсіні монументалды сипатта берілген. Оның  тұрысы  салт аттының  абыржыған кейпінен  үрейлі кезеңнің келгенін және ел тағдырына байланысты айрықша маңызы бар  батыл шешім қабылдайтын уақыттың келгендігін көрсетеді.

«Астана» супермаркеті

Бүгінгі күнге дейін қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының тарихи бөлігін безендіретін ең көне ғимараттардың бірі Матвей Кубриннің сауда үйі. Ол балаларымен бірге "Матвей Кубрин с сыновьями и КО" компаниясын құрды және оның астында XIX ғасырдың басында сауда үйін ашқан болатын. 1907 жылы патшалық Ресейден Ақмолаға қоныс аударған шаруалар бастаған құрылыс 1909 жылдың соңына қарай аяқталды. Ғимарат Санкт-Петербургтің дәстүрлі үйлерінің стилінде жасалған. Негізінде дүкен саудагердің үйіне жер асты өткелімен қосылған. Матвей бұл құпия қадамды өзінің қызметкерлеріне күтпеген жерден тексеру жүргізу үшін жасады. Бірақ кейінірек бұл жер асты шұңқыры жинақталған газдардың салдарынан бұзылып, құпия өткел мәңгіге жабылды. 

         

Революциядан кейін Матвеев сауда үйінің ғимаратында орталық кітапхана, баспа үйі, азық-түлік дүкені, маталар мен кітаптар сататын дүкендер болды.

1944 жылы өрт болып, нәтижесінде барлық ағаш едендер өртеніп, сауда үйі он жылға жуық бос қалды. Олар оны 50-ші жылдары қалпына келтіріп, барлық Целиноградқа таныс "Радуга" әмбебап дүкенін "қоныстандырды". Қазір тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін алған бұл тарихи ғимарат "Астана"дүкеніне тиесілі.

Көпес Моисеевтің үйі

Кубрин ғимараттардың жанында кірпіштен тұрғызылған екі қабатты П. Г. Моисеевтің «үйі» орналасқан, ол қазір ҰОС мүгедектеріне арналған орталық клиникалық аурухана. Ғимарат XIX ғасырдың басындағы құрылымдардың бірі және бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз қалған. 1914 жылы басталған ғимараттың құрылысы төрт жылдан кейін аяқталды. Үйдің сырты флоренциялық ерте қайта өрлеу дәуірінің сарай архитектурасының формаларынаұқсайды. Бұл стиль әсіресе кірпішпен қапталған терезе саңылаулары мен карниздерде айқын көрінеді. Өзінің ғасырлық тарихында үйдің қасбеті ешқашан қалпына келтірілмеген, тек біршама жөндеу жүргізілген. Нәтижесінде оның шығыс жағынан үш қабатты аурухана ғимараты қосылды, бұрынғы кіреберіс есіктер құлыпталып, орнына Мәмбетов көшесі жағынан жаңа кіреберіс орнатылды. Бұл берік тұрғын үй көпес Моисеевтің бұйрығымен салынған, ол үйде өрттің болуынан қорғау үшін тастан салуды бұйырды. Бірақ көпес Моисеев өзінің жаңа ғимаратында соңына дейін тұра алмады. Оның себебін мүлікті тәркілеу төңкерісі болғандығымен түсіндіруге болады. 1919 жылы ғимаратта Кеңес өкіметінің өкілдігі орналасты.

Абай ескерткіші

Елордаға көрік қана емес, рух беріп тұрған тұғырдың бірі – ­қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші. Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ескерткіш 2010 жылы 19 маусымда ашылған.


Мүсінші Болат Досжановтың авторлығымен жасалған монументтің салмағы - 10 тонна, жалпы биіктігі – 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр.

Қолына кітап ұстап, терең ойға «батқан» ұлы ақын туған жерді ойлап, уайымдап тұрғандай көрінеді.

Әлия Молдағұлова ескерткіші

Қазақ рухының биік екендігін батыр да қайсар қыздарымыздың іс-әрекетінен көруге болады. Оларды бірі 19 жасында «Шығыстың жұлдызы» болған - Әлия Молдағұлова.

Ескерткіш -   астанамыз Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) 10 жылдығына орай 2008 жылы орнатылған. Ә.Молдағұлова көшесі және Жеңіс даңғылының қиылысында орналасқан Әлияның мүсіндік композициясы қоладан жасалған. Биіктігі – 3,8 метр. Стела композициясы 30,66 х 2,4 (м) көлеміндегі қоладан жасалған. Олар қазақ халқының батырлық тарихының белгілі бір кезеңдеріне арналып, бөлінген. Авторы -мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Ленин комсомолы сыйлығының, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, доцент Әбішев Бақытжан.

Барельефтің сол жақ жартысында ұлы дала бейнесі, көшпенділер рухы және біздің ата-бабаларымыз, данышпандар мен батырлар бейнеленген. Оның сол жақ бөлігінде символикалық түрде ұлы күйші - Құрманғазы мен біріктіруші – Абылай хан көрсетілген.

Барельефтің оң жағында Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы бейнеленген. Ол 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы көтерілістен бастап көптеген қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын, халқымызды жан-жаққа шашыратқан көріністер ашық бейнеленген. Басқыншыларға қарсы күрес үшін көтерілген теңдесі жоқ ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Әлия Модағұлова және Мәншүк Мәметованың есімдері мәңгі есте қалады, олардың бейнелері де барельефте түсірілген.

Барельеф авторы - мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Сергебаев Ескен Аманжолұлы.

Отан қорғаушылар монументі        

«Отан қорғаушылар» мемориалы, «Отан-Ана»монументі - 2001 жылы 7 мамырда Нұр-Сұлтан  қаласының казіргі Тәуелсіздік және Қ.Мұңайтпасов даңғылдарының қиылысындағы алаңда тұрғызылды.

«Отан қорғаушылар» мемориалы символикалық мазмұны кешегі мен бүгінгі, ертеңгі ұрпақтар жалғастығын білдіреді. «Отан қорғаушылар» мемориалының өзегі - биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монумент - ана бейнесі. Ақ кимешекті әйел-ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып оны, ұлттық дәстүрге толы көңілімен, келе жатқандарға қос қолдап ұсынуда.Сондай- ақ соғысқа аттанған жарын, алысқа кеткен ұл-қыздарын алаңдай күтіп тұрған ананың бейнесінен бүкіл қазақ әйеліне тән ұлттық болмыс-бітім аңғарылады. Қола бағанның (ескерткіш діңінің) ұшар басында 121 алтын масақтан тұратын нысан - көпұлтты қазақстандықтардың тереңнен тамырланған бірлігі мен берік достығының нышаны.


Масақтардың іргесі қазақ жерінде әр ұлттың рухани және мәдени мұрасын бейнелейтін ою-өрнектермен безендендірілген. Бұл сонымен бірге жаңа өскін-өмір, бейбітшілік, молшылық пен тұрақтылық белгісі. Үш бөлікті тұтқырдың тағы бір ерекше көңіл аударатын тұсы - жер шарының бейнеленуі: онда сонау ескі дәуірден бастау алған Жібек жолымен сапар шеккен керуендер түркі халықтарының ертедегі кіндік шаһары – Түркістан мен рухани орталық болған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне соғып, одан ары талай тарихи кезеңдерді артқа тастап, жаңа Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына ат басын тірегені мүсіндік тәсілмен тайға таңба басқандай айшықталған.

Қырық метрдей қола бағанның екі жақ қапталының бірінде-ата-бабаларымыздан қалған кең байтақ мекенімізді әртүрлі басқыншылардан қорғаған хас батырлар, екінші жағында - Ұлы Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен қазақстандық әскерилер бейнеленген. Бұл - қаһарлы соғыс жылдары майданда елінің бостандығы үшін мерт болған жауынгерлер мен арамызда өнеге көрсетіп жүрген соғыс ардагерлеріне деген ерекше кұрмет ескерткіші.

«Отан қорғаушылар» мемориалы тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 56 жылдығына және ҚР ҚК іргетасы қалануының 10 жылдығы мерекесі қарсаңына орай ашылды.

Үш бөліктен тұратын кешеннің авторлары және шығармашылық топ М.Т.Әлиақпаров, мүсінші Ю.Баймұқашев пен архитектор, сәулетші, суретшілер Б.Тайталиев, Т.Баймырза, Е.Шахиев, Е.Ержанов, А.Бексұлтанов, Н.Конапольев, А.Курицындер мемориалдың сәулеттік-көркемдік композициясын ойдағыдай іске асырды.

Әділ сот ескерткіші

Бүгінгі күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін мінсіз атқарған қазақтың әйгілі үш биі – Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидің ескерткіші Жоғарғы сот ғимаратының алдында тұруы тегін болмаса керек. Сол дәуірінде билер тек бір ауыз ғана сөзбен талай даулы мәселені әділ шешіп, төрелігін айтқан. Үш жүздің бірлігін сақтауға сақтаған шақырған әйгілі билерге арналған ескерткіш Бейбітшілік және Жақып Омаров көшелерінің қиылысында 1998 жылы бой көтерді.


Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші

XV ғасырда қазақ халқын билеген алғашқы хандар Керей мен Жәнібектің мүсіндік композициясы Нұр-Сұлтан қаласының Желтоқсан көшесінде, Тұңғыш Президент музейі жанына орналасқан. Ескерткіштің бұл жерде орын алуы да тегін емес. Оның себебі - бұл символикалық жерде 1997 жылдың желтоқсанында егемен Қазақстанның жаңа астанасының жүрегі соға бастады.


Ескерткіштің авторы – мүсінші Ренат Әбенов, биіктігі – 12 метр. Кеудесі мақтаныш пен ерік-жігерге толы Жәнібек ханның биіктігі – 5 метр болса, Керей ханның биіктігі – 4 метр.

Бөгенбай батыр ескерткіші

Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әскерінің қолбасшысы болған Бөгенбай батырдың бас қаладағы ескерткіші 2007 жылы 5 шілдеде ашылған. Ол астанамыздың оң жағалауында, Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан. Ескерткіште батыр ат үстінде бейнеленген. Бір қолын жоғары көтеріп, ел шетіне келген жауды бөгеп тұрғандай. Ал екінші қолындағы алдаспан сол кезеңнің алмастай қылпыған қауіп-қатерін аңғартып тұрғандай көрінеді.

Ескерткіш тұғырының биіктігі 11,3 м болса, ат үстіндегі батыр мүсінінің биіктігі – 6,3 метр. Авторы – белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков.