Ауыл тарихы: Қажымұқан ауылы
03.09.2021 2500

Қазіргі Бозайғыр, Талапкер, Воздвиженко ауылдары №5 ауылдың төңірегі болған. Кейін аумалы-төкпелі заманда тың игеру уақыты келгенде есілдің ар жағынан жаңа ауылдар көтерді


Елбасы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырып, әркімді өзінің туған жері, туған елі, Отаны үшін жанашыр болуға шақырған. Әркім өзінің туған жерінің тарихын біліп, ауылының гүлденуі мен абаттануы тұрғысынан үлесін қосқан абзалырақ.

Қазақтың кез келген ауылы бұл дәстүрді кешегі көшпелі дәуірден бастап жүзеге асырған еді. Ауылдың тарихы кешегі колхоз болмаса, совхоз кезінен құрылған жоқ, бұл ұлы Қазақ хандығы құрылған дәуірден басталады.

Осы орайда Қазақстан тарихы порталы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «ауыл тарихы» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Бүгін алып күш атасы Қажымұқан ауылына саяхаттаймых. 

Бүгінгі Қажымұқан ауылы

Қазақтың даңқты балуаны Қажымұқанның кіндік қаны тамған Қажымұқан ауылы Астана қаласынан 30 шақырым қашықтықта, Астана-Екатеринбург тас жолынын бойында орналасқан. Аудан орталығы Ақмол ауылынан солтүстік-батысқа қарай 31 шақырым.

Целиноград ауданы, Талапкер ауылдық округіне қарасты ауылдың бүгінгі әлеуеті өзге ауылдардан көш ілгері. Ауылда поштасы, №4 негізгі мектебі, фельдшерлік клубы, ауыл бағы, шағын кәсіпкерлік нысандары және жаңадан бой көтеріп жатқан мешіті бар.

Жәдіктен Қажымұқанға дейін

1867-1868 жылдардағы «Уақытша ережеге» сәйкес жүргізілген әкімшілік реформалар бойынша Қазақстанның негізгі аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлінді. Соның ішінде қазіргі Ақмола облысының төңірегі Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамына енді. Орталығы Омбы қаласы болған. Ол уақытта Ақмола облысы кейін Ақмола уезі болды. Уезд құрамына қазақ болыстары кірді. Сарытерек, Ақмола, Есіл, Нұрбаев, Нұра, Қорғалжын, Сарыөзен, Шерубай-Нұра, Құмкөл,  Қарағанды, Спасск,  Атасу тағы басқа.  

 

 

 

Ақмола уезі, Сарытерек болысына кіретін ауылдың бірі бүгінгі біз сөз етіп отырған - Қажымұқан ауылы. Ол уақытта ауылдың іргесі қазіргі жаңа ауылдың шетіндегі ескі ауыл болатын. Алғашында бұл төңіректі Жәдік деп атаған. Кейіннен №5 ауыл болып аталған. Ерке есіл жағасында орналасқан қазақ рулары ертеден бұл төңірекке төрт түлігін өсіріп, мал шаруашылығымен көшпелі тұрмыс кешкен. Ауыл ұжымдастыру, тың игеру жылдарында үлкен колхоз міндетін атқарған. Бұл туралы Қажымұқан ауылының тұрғыны Қанат ағамыз бізге баяндап берді.

Жәдік - №5 ауыл - Буденный - Қоскөл - Қажымұқан

«Ауылдың тарихын айтар болсақ. Ауыл іргесі кеңес үкіметі құрылмай тұрғанда қалыптасқан. Алғашында есілдің жағасында 4-5 ауылға бөлініп, ел жайлаған. Бұрын бұл төңіректегі ауылдарды нөмірлеп атаған. Сол уақытта Қажымұқан ауылын №5 ауыл деп аталған. Кейін кеңес үкіметі орнағанда революциядан кейін осы ескі ауылды көшіріп, іргедегі жаңа Қажымұқан ауылына көшірген. Кезінде ауыл үлкен колхоз болған. Қоскөл ауылдық окургі дейтін ол уақытта. Ұжымдастыру кезінде ауылдың аты Буденный болған. Ауылдың іргесіндегі есіл өзенінің арғы жағы, бергі жағында төрт түлік малдың шұрайлы жайылымы болған. Жылқы мен қой көп өсірілген»,-дейді Қанат аға.  

Қанат аға, Қажымұқан ауылының іргесінде жапсарлас ауылдар көп орналасқан. Кезінде олардың барлығы және өзіңіз айтқан №5  ауылдың төңірегі болды ма? 

Қазіргі Бозайғыр, Талапкер, Воздвиженко ауылдары №5 ауылдың төңірегі болған. Кейін аумалы-төкпелі заманда тың игеру уақыты келгенде есілдің ар жағынан жаңа ауылдар көтерді. Алдымен іргедегі Талапкер ауылы өз алдына іргесін кеңейтті. Воздвиженко ауылы құрылды. Қазір «Нұресіл» деп қазақша атау берейін деп жатыр. 1954 жылы  жаңадан қосылған ауылдар қатарында «27 нүкте» болды. Қазір оны «Раздольный ауылы» дейді. Раздольныйдың ар жағында «Жайнақ» деген қазақ ауылы болатын. Қазір ол ауыл жоқ. Оның орнында ескі қорым ғана қалды. Ауылдың іргесінде Максимовка деген ауыл көрші болды. Ол баяғыда «Көктерек» деген ауыл болатын. 1954 жылы тың игеру және оның алдындағы депортация кезінде төңіректегі ауылдарға шешен-ингуштар, немістер, орыстар мен украиндер көшіп келіп қоныстана бастады. Біздің ауылға да біраз өзге ұлт өкілдері келді. Ол туралы ауылымыздың ең байырғы тұрғыны, Ұлтуар әжеміз айтып береді.     

Жағыпарқызы Ұлтуар, ауылдың қарт тұрғыны, 1934 жылы дүниеге келген, тыл ардагері:

1941 – 42 жылдары немістер келе бастады. Ол кезде қазақтар бір үйді екінші үйге көшіріп, үйлерімізді босатып бере бастадық. Отбасы мүшелері аздарды 2-3 үйге бірге қоныстандырды. Сосын бірақ немістер көп тұрмады. Көбісі орыстар көп тұрған төңірекке қарай көшіп кетті. 1948 жылы шешен-ингуштар келді. Біздің үйде шешен отбасы сегіз айдай тұрды. Азаевтар деген отбасы. Кейін олар тозығы жеткен ескі үйге көшті. Сосын әкесі кішкене қызметкерлеу адам еді. Ортадағы үлкен ақ үйге қарай көшті. 1958 жылы олардың біразы тағы туған жерлеріне қарай қайта көшті. Күз айы болатын. Әкем бір күні көп отбасылы шешендерді үйге алып келіпті. Тонып жаурапты. Бала-шағалары бар екен деп. Екі бөлмелі үйіміз бар еді. Төр үйімізді босатып бердік. Ауыз үйімізде өзіміз тұрдық. Сондай-сондай замандар болды.

Ауылдың қарт тұрғыны Ұлтуар әжемізге де Қажымұқанды көрдіңіз бе?, Соғыс уақытында қайда жұмыс атқардыңыз? Деп бірнеше сауалдарда қойдық. 

«Әкемнің әкесі молла кісі болған. Қазақ ауылдарына молла қызметін атқарған. Сөйтіп 16 жасында әкем әкесінен айырылады. Сосын бірнеше жыл бай көпестің қолында қызмет атқарған. Біз Павлодардың Баянауыл жағынан көшіп келдік. Өзім осы ауылда 1934 жылы дүниеге келдім. Соғыс уақытында егіс даласында жұмыс атқардым. Кейін тыл жылдары совхоздың гүлденуіне күш-жігерімізді салып, жұмыс атқардық. Соның нәтижесін көріп, медаль марапатқа да ие болдық.  

Қажымұқанды көрдім. Өзінің туған ауылына концерттік бағдарламамен келді. Аузы жырық, толықша келген, батыр сипатты кісі болған. Ауылға Қажымұқанмен інісі Қайдар да келген. Олар келгенде концерт ду-думан той болатын.  

Ұлтуар әже өзге ұлт өкілдері бұл қазақ ауылында көп тұрақтамапты айтуыңызша, сонда бұл төңіректі негізінінен қазақтың рулары қоныстанды ма? Ол туралы білесіз бе? 

Бұл жерде қазақтың орта жүздің рулары қоныстанды. Негізінен арғын мен қыпшақтар. Керей мен уақ та болды. Жалайырлар болды.

Ауылдың өткені мен бүгінгі тарихын естіп білген соң, фотоқұжаттық деректерге сүйенейік, ауылдың тарихы туралы деректерді толықтыра түсейік деп ауыл мектебіндегі музейге тарттық. Өкінішке орай барған уақытымызда музей жабық болып шықты. Ол арнайы мереке күндері болмаса арнайы рұқсатпен ашылады екен. Оның өзінде музей емес, тек мектептің бір кабинетіндегі бұрыш қана екен. Қазақтың көне ауылдарының бірі саналатын Қажымұқан ауылында бір музей ашылса да артық етпесі анық. Өйткені тарих тарланбозын тудырған Қажымұқанның өмірі бұл ауылмен тамырлас.

P.S. Целиноград ауданына қарайтын Қажымұқан ауылы - Астана іргесінде болғандықтан аумағы күннен-күнге ұлғайып, соның нәтижесінде халық саны артып келе жатқан ауыл. Бүгінгі күні ауылдағы №4 негізгі мектеп үш маусыммен бала оқытады.  Ауылдың басты мәселесі де осы білім беру ошағының тарлығы. Ауылдың өзінде шешімін күткен мәселе көп. Ең әуелі халық ауыз су мен ауыл ішіндегі жол қатынасына зар болып отыр. Жарық мәселесі де орталықтандырылмаған. Жеке меншіктің қолында. Ауыл халқының жанайқайын аудан, облыс әкімшілігі талай естіп, келіп көріп отырса да баяғы ауыл проблемалары сол баяғы қалпында шешімін таппай күрмеленуде. Қазақстан тарихы порталы Астана іргесінен 30 шақырымдағы ауылдың әлеуметтік тұрмысы, ауылдың бүгінгі хал-ахуалын баяндауды міндетіне алмағанымен ауыл тұрғындарының зарын жеткізуді журналистік парызымызға салып, жеткізіпі отырмыз.  

 

Суреттер: Ғаламтор бетінен