Берел жәдігерлері Ұлыбританияда таныстырылады
20.09.2021 1694

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Ұлыбританияның Кембридж университетінің Fitzwilliam музейінде «Ұлы дала алтыны» Халықаралық көрмесін ұйымдастырып жатыр,-дейді «Қазақстан тарихы» порталы "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.






Көрменің ашылу салтанаты 28 қыркүйекте өтеді деп жоспарланып отыр. Көрменің мақсаты – халықаралық қауымдастықты Қазақстанның көп ғасырлық тарихы мен бай мәдениеті, республика ғалымдарының ғылыми ізденістерінің жаңа нәтижелерімен таныстыруға мүмкіндік беру.

Осыған орай Қазақстан археологиясы жетістіктері «Gold of Kazakhstan» экспозициясында көрсетіледі. Мұнда Берел қорғандарынан табылған сүйектен, киізден және матадан жасалған жылқы әбзелдері көрермендер назарына ұсынылады.






- "Зерттеуші Зейнолла Самашев 1998 жылы қорғанның «патшалық оба» кезеңін зерттеу барысында №11 нысаннан алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапқаны белгілі. "Берел жылқылары" деген атаумен белгілі бұл жылқылар тарихымыздың жауһар жәдігерлерінің бірегейіне айналған. Сондай-ақ, ерекше құрылым мен жерлеу рәсімі №36-шы обада тіркелген болатын. Басқа жерде кездеспейтін бұлан тектес сүйектен жасалған жылқының әшекейі. Бұл әшекейдің құндылығы да алтынмен бірдей. Мұндай үлгілер Алтай өңірінің басқа жерлерінде кездеспейді",-деді "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Сарбасов.