Тәуелсіздік жолы: қалыптасуы, дамуы және келешегі
01.10.2021 1418

ҚР Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жолы: қалыптасуы, дамуы және келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Аталмыш конференцияның басты мақсаты – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси даму жетістіктерін, қазіргі кезеңдегі тарихи бағыттағы музейлердің ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық мүмкіндіктерінің өзекті мәселелерін жан-жақты насихаттау еді. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында баяндалған Тәуелсіздіктің маңызы жөніндегі ойлармен астасып жатыр.


ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, профессор Серік Нығметоллаұлы Негимов, режиссер Оралбек Рахманқұлұлы Сарыбасов, т.б сол секілді тұлғалар сөз алып, сөйлеген жиында тарихи мұраны сақтау мен рухани мәдениетті дамытудағы өзекті мәселелер талқыланды.

- Бүкіл ел болып, қазіргі таңда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындық, оны атап өту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл абыройлы іс болғанымен, оның атқарылуы тұрғысында кемшіліктер болса, тарих саласында, руханият саласында жүрген жандарға үлкен сын болмақ. Тәуелсіздікті дәріптейтін һәм құндылығын халыққа жеткізетін осы – сіздер мен біздер. Бүгінгі күні біз Тәуелсіздік туралы айтқанда тек 30 жылдықты емес, одан арғы тарихты да айта кетуіміз керек. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласы бар. Шын мәнінде, бұл – жалаң ұран емес, нағыз мамандарға арналған тарихымызды түгендеу бағытындағы үндеу. Кешегі Кенесары болсын, азаттық жолында шаһит болған ерлеріміз, ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан сарбаздарымыз болсын, ағарту жұмыстарымен айналысқан сол кездегі Абай болсын, Шоқан әм Ыбырай болсын – бәрі де біздің мақтаныштарымыз. Осы мәселеге келгенде Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш азаматтарының орны тіптен бөлек. Олардың білектің ғана емес, білімнің күшімен Алаш партиясын құруы, Алаш автономиясын құруы – түптеп келгенде азаттық үшін жасалған қадамдар. Жалпы біздің тарихта көз қуанатын, ауыз толтырып айтатын дүниелер көп. Мәселен, есім-сойы әмбеге аян Жошы ұлысының қара шаңырағы – қазіргі Қазақстан, соның ішіндегі біздің Ұлытау. Алтын Орданың негізін қалаған Бату хан да осы жерден кетті. Осы мақсатта жақында Жошы ханның кешені де ашылып қалуы керек. Сарайшық, Берел – бәрі біздің рухани мұрамыз. Айта берсек көп-ақ... Мұның бәрі – ұлттық таным-түсінігімізді, сана-сезімімізді қалыптастыруға арналған байлығымыз. Түркі халқының әулиесіне айналған Қожа Ахмет Ясауи де біздің топырақтан. Біз сол қасиетті қара шаңыраққа ие болып отырмыз. Жай ие болып қана қоймай, енді соған лайық болуымыз, жіті білуіміз әрі насихаттауымыз керек. Одан өзге бізде жалпы ақталмаған әлі көп деректер бар. Соның ішіндегі үлкен тақырыптардың бірі мынау: «біз мақтанышпен айтамыз 372 көтеріліс болды» деп. Бірақ оның тізімі жоқ. Бізде 30-ақ көтерілістің тізімі бар. Қалғаны қайда? Атыраудағы Аманғали, Құныскерей, Маңғыстаудағы Құрмаш секілді батырларымыз көп-ақ. Біз ойлап едік, «Кейкі батырдан кейін батырымыз бітті ме» деп. Жоқ, олай емес екен. Осы аталғаны бар, аталмағаны бар, ақталмағаны да бар батырлардың күрес жолдары 1916 жылғы көтерілістен еш кем емес,-деді конференция барысында сөз алған депутат Берік Әбдіғалиұлы.




Одан өзге спикерлер де маңызды мәселелерге тоқталып, тәуелсіздік хақындағы ой-толғамдарын ортаға салды. Солардың арасында әсіресе Сұлтан Хан Аққұлы жасаған «Алаш Республикасы мен Тәуелсіздік: ескі деректер, әділ саралау және жаңаша тұжырым» атты баяндамада бүгінгі Тәуелсіздік жолында Алаш қайраткерлерінің төккен қаны мен тері, елдік мақсат үшін «сайтанмен де дос болуға дайын» мінезі, азаматтық принциптері айтылды.




- Мен өз баяндамамда конференция тақырыбына қатысты маңызды үш мәселеге қысқаша тоқталып өткім келіп отыр. Олар – Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясының саяси-құқықтық мәртебесі, Алаш Аутономиясы мен Түркістан мұхтариатының өзара байланысы және Алаш Аутономиясының жер аумағында Кеңес өкіметін орнату мәселелері. Қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасы мен бүгінгі тәуелсіздігінің негізін 1920 жылдың тамызында Кеңес өкіметі емес, 1917 жылдың желтоқсанында құрылған, кеңестік тарихымыз бен кеңес дәуірінен мұра болып қалған тарихшы ғалымдарымыздың еңбектерінде «Алаш ұлттық-территориялық автономия» деп кеңестік терминмен аталып келген мемлекеттік құрылымды шынайы тарих ғылымы тұрғысынан объективті түрде қарастырып, зерттеп, саяси билікке не солтүстік көршімізге жалтақтамай, оны Алаш Мемлекеті деп әділ сипаттап, лайықты тарихи бағасын беріп, үзілді-кесілді айтатын күн туды. Ұлттық тарихымыздың басқа кезеңдерімен қатар, ХХ ғасыр басындағы «Алаш» кезеңін де мейлінше бұрмалап, кемсітіп сипаттаған кеңестік тарихнаманың шырмауынан арыла алмаған алаштанушы ғалымдарымыздың бірі: «Алаш Автономиясы жарияланған жоқ; жарияланғаны туралы ешбір тарихи дәлел жоқ; Демек Автономия болған жоқ, тек Алаш Орда үкіметі ғана болды» деген көз көріп, құлақ естімеген «ғылыми жаңалық» та ашып берді. Бұл – келмеске кеткен Кеңестік дәуірдің заманы өткен, тарих ғылымына қатысы жоқ кертартпа тұжырымы. Мемлекеттің өзі болмай, оның жоғарғы мемлекеттік атқару билігі, яғни үкіметі болды деу – неткен сандырақ?! Егер ХХІ ғасыр басында француз халқы одан 2 ғасыр бұрын бар-жоғы 72 күн ғана ғұмыр кешкен «Париж коммунасын» бүкіл әлем алдында мақтан етіп жүрсе, 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан түскен Қазақ хандығының үйіндісінен заманауи Алаш-Қазақ мемлекетінің іргетасын көтеріп, жерін қорғап, шекарасын шегелеп, 2 жылдан астам егеменді ел ретінде ғұмыр кешіп, ақыр соңында Кеңестік Қазақ Республикасы болып қайта құрылып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Елінің мызғымас фундаментін қалап кеткен Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясын «болған жоқ» деп өзімізді-өзіміз кемсітуді қашан қоямыз? Ал тарих ақиқатына келсек, сонау баста, яғни 1917 жылдың желтоқсанындағы ІІ Жалпықазақ-қырғыз құрылтайында Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясы Бүкілресейлік құрылтай жиналысында құрылып жариялануға тиісті Ресей Федерациясының тең құқылы мүшесі – субъектісі ретінде құрылды. Ал «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында сол мақсат көздеді емес пе: «Федератсия» мағынасы,-делінеді «Алаш» партиясы бағдарламасында, – құрдас мемлекеттер бірлесу. «Федеративная республикада» әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді». Ал 1918 жылдың 5 қаңтарында жиналып, Ресейді «Республика» деп қана жариялап үлгерген Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын бәлшебек өкіметі шатырларға тезатар–пулемет орнатып қуып таратты. Осылайша кешегі Ресей империясы кеңістігінде қалың бұқараның сенімін арқалаған заңды-легитимді бүкілресейлік билік қалмады. Жалпықазақ құрылтайында болашақ Ресей Федерациясының өзге субъектілерімен терезесі тең мүшесі-субъектісі болып құрылған Алаш Аутономиясы - міне осы күннен бастап, Ресейде қалыптасқан саяси ахуалға орай амалсыз болса да егеменді ел құқына ие болды. Біздің кеңес дәуірінен мұра болып қалған тарихшыларымыз осындай зор және маңызды тарих фактыны не қасақана елемей келеді, не кеңестік стереотип, штамп-қалыптан шыға алмай жүр не шыққысы келмей жүр. Екінші мәселе – Түркістан мұхтариатының тағы да сол алаштанушы ғалымдарымыздың не байқмай, не байқаса да қасақана елемей жүрген маңызды бір астарына тоқталып өтейін... Үшінші мәселе – ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш мемлекетінің меншігі деп жарияланған жер аумағы – территориясы – 9 облыс, бір гүберне және Алтай өңірінің Барнаул, Бийскі және Змеиногорскі ояздары, Каспий жағалауы облысының Маңғыстау оязы және т.т., жалпы аумағы 3,4 млн шаршы шақырымды құрайтын аумаққа найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен Кеңес өкіметінің орнатылуын – ғылым тұрғысынан «Қазақ мемлекетін екінші рет отарлау, жаулап басып алу» деп бағалауға тиіспіз,-деді ғалым Сұлтан Хан Ақұлы.

Жиын барысында ғалымның айтқан пікірі қай жағынан қарасақ та, орынды-ақ. Біздіңше, ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылған ең бір салмақты сөз осы болса керек. Себебі Алаш ардақтыларының тәуелсіздік жолындағы еңбегін ұлықтап, сол кездегі тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан әділ баға беру – қазіргі қоғамның, ұрпақтың, түптеп келгенде, тарихшылардың басты міндеті.