Шетел мұрағаттарының материалы бойынша. 2-бөлім
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығынан кейін әртүрлі елдердің мұрағаттарында сақталған мұрағат материалдарының өзектілігі күрт өсті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған Qazaqstan Tarihy порталымен Саяси қуғын-сүргін мәселесі бойынша соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институты және Саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша Нидерланды Корольдігінің әлеуметтік тарихының корольдік мұрағаты сияқты шетелдік мұрағаттардағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Оқи отырыңыздар:
Шетел мұрағаттарының материалдары бойынша
Жала жабылған, өлтірілген немесе Кеңес елінен, оның ішінде Қазақстаннан қашқандардың үні мұқият күзетіліп, бізден жасырылды - мұның қасіреті де осы. Біз шындықты толық білу мүмкіндігінен айырылдық; біз тек «осы» бетте рұқсат етілген нәрсені ғана білдік. Кеңестік цензураның сүзгісінен өткен, партия элитасы қатаң түрде қорғаған ақпарат бұқараға шынайы ақиқат ретінде ұсынылды.
Өркениеттік тәжірибе көрсеткендей, тарих ғылымы қандай да бір биліктің итаршысы болмауы керек және бола да алмайды, ол кез-келген фактіні, кез-келген процесті еш қоспасыз және объективті түрде қарастыруға арналған. КСРО-дағы большевизм тарихының жалғасы Гувер мұрағатының материалдарында көрініс тапты.
Гувердің соғыс, революция және бейбітшілік мұрағатының жылнамаларында түрлі себептермен шетелге кеткен адамдардың күнделіктерін, мақалаларын, фотосуреттерін көргеннен кейін, мен олардың дауыстарын, олардың мені естісе екен, түсінсе екен деген құлшыныстарын қайта естігендей болдым. Біз қалайша кешіктік деп еріксіз ойға берілдім. Бұл құжаттардың барлығы баяғыдан-ақ ғылыми айналымға еніп, олармен қазақстандық жұртшылық танысуы тиіс еді! Өкінішке орай, сол оқиғалардың көптеген қатысушылары, куәгерлері елге танылып, түсінілу бақытына ие бола алмай, өзін ақтап, ұрпағына ақтарылып сырын айта алмай дүниеден өтіп кетті.
Шетелдік мұрағаттардан біз тапқан материалдар орын алған олқылықтың орнын толтыруға белгілі бір дәрежеде көмектеседі, өйткені қазақстандық мұрағаттарда осындай құжаттар жойылып кеткен немесе «өте құпия» белгісімен сақталуда. Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы шеңберінде большевизмнің қуғын-сүргін саясатының құпияларын ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде.
Гувер мұрағатының материалдарымен танысқан кезде олардың фрагменттік екенін есте ұстаған жөн. Бұндай жағдай американдық заңдарға сәйкес құжаттардың ішінара көшірмелері ғана рұқсат етілетіндігімен түсіндіріледі; толық көшірме жасау үшін автордың немесе оның ұрпақтарының арнайы рұқсаты қажет. Көшірме жасаудың да өте қымбаттығын есте ұстаған жөн. Жоғарыда аталған себептердің салдарынан, өкінішке орай, мен Қазақстанға баға жетпес құжаттардың бір бөлігін ғана жеткізе алдым.
Мәлімет үшін, Гувер мұрағатында бір кездері большевизм тарихындағы ең алғашқы және отандық құжатшылардың бірі болған, кезінде В.И. Лениннің серігі болған Б. Николаевскийдің құжаттарының түпнұсқалары сақталған.
Тақырыпты толық баяндау мақсатында, табылған құжаттарды хронологиялық тәртіппен орналастырдым - В. Клеммнің «Орыс орта Азиясындағы революциялық оқиғалар очерктері (1917 - 1922 жж.)» (Очерки революционных событий в русской Средней Азии (1917 - 1922 гг.))», одан кейін Т. Рысқұловтың «Революция және Түркістанның байырғы халқы («Революция и коренное население Туркестана») мақаласы, және 1917-1921 жылдардағы оқиғаларға ретроспективті талдау беретін Г.Н. Черданцевтың мақаласы. Азаматтық өшпенділік пен заңсыздық дәуірін сипаттайтын маңызды құжат ретінде «коммунаның пайдасына бөтеннің мүлкін тартып алуға үгіт-насихат жасады» деп айыпталған Ольга Рууттың дарға асылуы туралы хаттаманың көшірмесі берілді.
1990 жылдары ресейлік мұрағаттар Гувер институтына ГУЛАГ мұрағатының үлкен ауқымын тапсырды (әлде сатты ма екен?). ГУЛАГ-тың үлкен тізімінен қазақстаннан шыққанын көрсететін мен тапқан кейбір фамилиялар менің «Қызылдар мен қаралар» кітабымда арнайы келтірілген.
Борис Николаевскийдің қорынан мен күтпеген жерден бұрын қазақстандық ғылымға беймәлім автордың мақаласын таптым. КСРО-да қалған туыстарына, тіпті өздеріне қарсы қуғын-сүргіннен қорқып, көптеген авторлар өздерінің аты-жөні мен координаттарын мұқият жасырған. «Осман батырдың көтерілісі» («Восстание Османа батыра») атты анонимді мақалада, өзгертілген географиялық атаулардағы бірқатар қателіктерге қарамастан, 30-жылдардағы ұжымдастыру жылдарындағы қазақстандық шаруалардың антисоветтік әрекеттері туралы өте құнды материал берілген. Мақала авторы, меніңше, не бұрынғы офицер, не әскери құпияға қолжеткізе алған сауатты зерттеуші.
Зерттеушілер үшін өте маңызды материал Ив. Павловтың (лақап аты) «Оппозиционердің жазбалары», сондай-ақ НКВД лагерлеріне түсіп, АҚШ үкіметінің көмегімен концлагерьлердің «тозағынан» құтылған Георгий Китчиннің естеліктерінде сақталған.
Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен кеңес адамдарының тақсіреттері мен азаптары ұлты татар белгісіз автордың өте талантты жазылған мақаласында келтірілген. Оның алғы сөзін И.Иделев жазған, бірақ, бұл фамилияның сыртында естелік авторының өзі бүркемеленіп тұруы мүмкін. Бұл мақалада, әрине, аты-жөні көрсетілмеген қазақ әскери тұтқындар да бірнеше рет айтылады.
Мұрағат қорларында 1940 жылы Батыс Қазақстанға жер аударылған поляк әйелдері София Пташникова, Зоя Киндзалевскаяның естеліктері сақталған. Поляк қонысаударушыларының тағдыры да - Германия сыртқы істер министрі Риббентроп пен КСРО сыртқы істер министрі В.Молотов арасында жасалған құпия келісімшарттан кейін жұртшылықтан мұқият жасырылған поляктарды жер аудару фактілерінің бірі болып табылады.
Осы пікірлер мен өз ой-толғауларымды дайындау кезінде мен Н.А. Бердяевтің (В. Лениннің тұсында шетелге жер аударылған эмигрант), М.Шоқайдың, тарихшы Н. Верттің, қазіргі зерттеуші Б. Садықованың еңбектерін, сондай-ақ басқа да дереккөздерді пайдалануды қажет деп таптым.
Кітапта 20-30 жылдары Ташкентте және Қазақстанның оңтүстік облыстарында америкалық фотограф В.Колтон түсірген фотосуреттер де берілген.
Кең көлемді нақты деректерге сүйене отырып, 20 ғасырдың аяғындағы Ресейдегі демократиялық қозғалыстың ең көрнекті жетекшілерінің бірі А.Н. Яковлев басқаратын халықаралық «Демократия» қоры Гувер институтымен бірлесе отырып, Сібір шаруаларына қарсы осы уақытқа дейін жасырылып келген жазалау және қатыгездік шараларын ашатын «Сибирская Вандея» кітабын шығарды. Бірақ бұл кітапта қазақстандық Петропавл, Қостанай, Павлодар, Орал қалаларына және оларға іргелес орналасқан ауылдық елді мекендерге қатысты беттер өте көп.
1917 жыл Ресей империясының тарихына сұмдық сынақтар және жаһандық бетбұрыс жылы ретінде енді. Бірақ екі революцияның – ақпан және қараша революцияларының бастауы тек 20 ғасырдың басындағы патша самодержавиесі ұстанған қоғамдық ұйымдастырудың архаикалық және консервативті формасында ғана емес. 1917 жылғы көтерілістерге 1914 жылғы державиелік менмендік, бұл кезде Австрия-Венгрия империясының ханзадасын атып өлтірген серб ұлтшылдарын қорғау ұрандарын жамылып, Ресей I дүниежүзілік соғысты ашты, сондай-ақ биліктің реформа мен әлеуметтік бейбітшілік жолымен жүргісі келмеуі себеп болды.
Тарихшылардың бірауызды пікірі бойынша, 1917 жылдың басында Ресей жаһандық экономикалық және саяси дағдарыс жағдайында болды. Экономикалық күйреу, Бірінші дүниежүзілік соғыс майданындағы жеңіліс, жемқорлық, патшаның ғана емес, Уақытша үкіметтің де олақ билігі бүкіл елді дүр сілкіндірді. 1917 жылы сәуірде әлдебір құпия күштердің көмегімен Владимир Ленин (Ульянов) радикалды большевиктер тобымен Ресейге эмиграциядан оралды. Елде аштық, жоқшылық, бейберекеттік белең алды, көшелер қарулы адамдарға толы болды.
Осындай оқиғаларды сипаттай отырып, очерктердің кіріспе бөлігінде, В. Клемм былай деп жазады:
«Петроградтан кетуден бірнеше күн бұрын, 1917 жылғы қыркүйектің бірінші аптасында, мен соңғы бастығым, Керенский үкіметіндегі Сыртқы істер министрі Г.Терещенкодан, еңбек демалысын алу үшін министрлікке келдім. Сол кездегі Петроградтың жағдайы большевиктердің белсенділігінің артуына байланысты өте алаңдатарлық болды. Соңғылардың шілде айының басында социалистік үкіметті қайтаруға жасаған талпыныстарына қарамастан, бұл талпыныстың бетін үкіметті қолдаған казактар қайтарған еді, Керенский ой-пікірі түзу адамдар ақылсыздық және қылмыстық деп санаған мейлінше жұмсақтық танытуын жалғастыра берді. Мен кетердің алдында большевиктер жаңа төңкеріс дайындап жатыр деген сыбыстар тарай бастады. мен Терещенкодан осы сыбыстарға қатысты не ойлайтынын сұрадым.
«Мен Петроградқа екі айдан кейін келуді ойлаймын, дедім мен, және бәрін осында қалдырып кетемін. Осыны өзіме еш зиянсыз істей аламын ба, қалай ойлайсыз?»
Терещенко күліп жіберді де, алаңдамай-ақ қоюыма болатынын айтты. «Шілде айындағы жағдайды қаншалықты оңай еңсергенімізді Сіз білесіз - деп қосты ол. Үкімет қазір не болып жатқанынан толық хабардар және большевиктердің әрекеті біздің бақылауымызда. Олардың жаңа тәртіпсіздіктер жасау әрекеті дереу тоқтатылады».
«Егер солай болса, егер сіз және сіздің әріптестеріңіз осы үрейлі кезеңдерден байғұс Ресейді алып шыға алсаңыздар алсаңыз, Құдайға шүкір, - дедім мен».
Кейінгі оқиғалардың барысы Уақытша үкімет басшыларының қалай қателескенін көрсетті.
1917 жылғы Қазан төңкерісінің басты және ең мақсатты тұлғасы Владимир Ильич Ленин (Ульянов) болғаны сөзсіз.