Шетел мұрағаттарының материалдары бойынша. 4-бөлім
02.02.2022 1384

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығынан кейін әртүрлі елдердің мұрағаттарында сақталған мұрағат материалдарының өзектілігі күрт өсті. 

Qazaqstan Tarihy порталы Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяғанның Саяси қуғын-сүргін мәселесі бойынша соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институты және Саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша Нидерланды Корольдігінің әлеуметтік тарихының корольдік мұрағаты сияқты шетелдік мұрағаттардағы жұмыс тәжірибесі туралы жариялауын жалғастырады.


Ірі саяси қайраткер Тұрар Рысқұловтың 1925 жылы Ташкентте жарияланған «Революция және Түркістанның байырғы халқы (көлемді мақалалар, баяндамалар, сөздер мен тезистер жинағы») кітабында жоғарыда аталған фактілер қосымша растама алады. 20-шы жылдардың ортасында шындықты бояусыз жазуға болатын еді, және Т. Рысқұлов атап өткендей, 

«қоныс аударған кулачество 1918 жылы және одан кейін де қырғыз (қазақ) байларымен (әсіресе Жетісу және Сырдария облыстары бойынша) қосылып Кеңес өкіметіне батыл қарсы шықты», яғни тіпті большевиктердің өздері де жергілікті халықтың Кеңестерге қарсы жиі көтеріліске шығып тұрғанын мойындаған.

Гувер мұрағатында мен Т. Рысқұловтың кітабының қолжазбасын таптым. Қолжазба ұқыпты түрде тігілген, оған қара сиямен түзетулер енгізілген; мен бұл түзетулер автордың өз қолымен жасалған деп ойлаймын. «Қолжазба мұрағатқа қалай түсті?» деген сұрағыма, мұрағат қызметкерлері ондай мәлімет бермейтіндіктерін айтып жауап берді. Мұндай ақпаратты беруге тыйым салу, шетелде де өз агенттері болған және қажетсіз немесе кездейсоқ куәгерлерді жүйелі түрде жоюмен айналысқан КСРО-ның ІІХК-МҚК-ның (НКВД-КГБ) ұзақ жылдар бойы жүргізген репрессиялық саясатын ескерсек, ақталған қадам болды деп ойлаймын.

Г.Н. Черданцевтің қолжазбаларынан Қазақстанға тікелей қатысты бірқатар мақала таптым. «Стихия, как она есть» деген мақаласында ол Еуропа майданынан оралған сарбаздар тобы туралы жазады. Аш қазақтар солдаттарға толы пойыздарға отырып, нан алатын орындардан ауылдарынан жеткенге дейін бірнеше аралық стансалардан өтетін.

Солдаттардың зұлымдығы сол - олар осы байғұстардан пара алып қана қоймай, көбінесе оларды жүріп келе жатқан пойыздың астына итеріп жіберетін. «Оставшиеся еще в вагонах казахи, - на каждой остановке кричали своим сородичам какие-то непонятные слова и те отвозили их на лошадях в качестве печальных вестей в необозримую степь», - деп жазады Г.Черданцев,

Дәл осы автор «Безвестная могила» мақаласында 1919 жылы Ташкенттегі аласапыран кезінде жазықсыз қаза тапқан адамның қабірінің үстіне туыстарының шырақ жағуға тырысқан оқиғаны сипаттайды. Г. Черданцев әзілмен, бірақ объективті түрде, 20-шы жылдардағы әдет – ғұрыптарды - адамдардың қалай тез және құлшыныспен мәлімдеуші болғанын, ғасырлар бойғы дәстүрлер рухында арақты цистерналармен қалай сіміргендерін сипаттайды.

1917 жылғы Қазан төңкерісінің қалай болғандығы туралы әңгіме де назар аударарлық. Әңгімеге сүйенер болсақ, Мәскеу мен Петроградта, большевиктер 1917 жылдың қазан айында шынымен тыныш төңкеріс жасап, кейінірек оны «Ұлы Қазан революциясы» деп атаған. Соңғы кезеңде тарихшылардың көпшілігі 1917 жылғы билікті басып алуды жаппай революция емес, төңкеріс болды деген ойға сүйенеді.

Азамат соғысы кезінде Ақ Армияның офицерлері де жазалауға жылдам-ақ болды. Мен қамауға алынған Ольга Рууттың ісінің көшірмесін арнайы жасадым. Сорлы әйелге қатысты дерексіз айыптау және аға лейтенант пен оның екі көмекшісі қол қойған жарты бет үкім – ақырында адам жоқ. 1917-1921 жылдардағы Ресейдегі азаматтық қақтығыс жылдарында осындай мыңдаған емес, миллиондаған өрескел, қатыгез жағдайлар болды. Жалпы, азамат соғысы кезінде саяси мәдениеттің жетіспеушілігі де байқалды. Өзінің мәні бойынша Ресейдің өз ішінде ағайындылардың алапат соғысына айналған азамат соғысы, большевиктер партиясы басшыларының жеңісіне ғана әкелді. Бұл соғыста жеңіс толығымен В.И. Ленин, Л.Д. Троцкий, И.В. Сталин, Л.Каменев, В.Зиновьев және олардың серіктерінің шағын тобының жағында болды.

Бірақ большевиктердің жеңісі ұзаққа бармады. Билік үшін кескілескен күрес басталып, одан кейін қалыптасқан И.В. Сталин диктатурасы большевиктердің партиясына кіргендердің өздерін толығымен дерлік жойып жіберді. Баламалы қозғалыстардың өкілдері – кадеттер, эсерлер, меньшевиктер, алашордашылардың ізін ала бере большевиктердің өздері де репрессияға ұшырады.

Ата-анасы қамауға алынғаннан кейін, репрессияға ұшыраған большевиктердің саяси қайраткерлерінің балаларының бастары бірікпеуі үшін арнайы әртүрлі балалар үйіне бөлінді. Әп-сәтте бейтаныс адамдардың арасында, ата-анасыз, үйсіз, жылусыз қалып, белгісіздікке тап болған кішкентай балалардың жағдайын елестетіп көруге болады... Қызыл революция бастаған қасірет кең етек жайып, енді осы қанды ағынға балалар да ілекті. 1934 жылы КСРО-да мектеп оқушыларын 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын акт қабылданды.

«Записки оппозиционера» (Естеліктер, әсерлер және кездесулер) – біздің тарихымыздағы ақтаңдақтардың бетін ашатын өте құнды материалдар. Бұл жазбалардың авторы «Ив. Павлов» деген (лақап аты болуы мүмкін). Жоғарыда атап өткеніміздей, сталиндік оппозицияның көптеген өкілдері шетелде жүрсе де, КСРО-да қалған туыстарын НКВД жазаламауы үшін өздерінің есімдерін мұқият жасырып, құпия ұстаған.

Бірақ шетелде болғанның өзі қауіпсіздікке кепілдік бермеді. НКВД құрамында, тікелей міндеті Сталиннің саяси қарсыластары мен жалпы басқаша көзқарастағыларды өлтіру болған арнайы департамент жұмыс істегені белгілі. Оны генералдар П. Судоплатов пен И. Берзинь басқарған. И. Берзинь Сталиннің бірқатар қанды тапсырмаларын орындағаннан кейін, оның да көзі жойылады: «Мавр өз жұмысын жасады – Маврдың кете беруіне болады».

Л.Д. Троцкийдің өлімін ұйымдастырғаннан кейін П. Судоплатовтың өзі де шетелге қашып, ұрпақтарына естеліктерін қалдырған. НКВД тек Л.Д. Троцкийдің көзін құрту бойынша іс-шараны жоспарлап қана қоймай, Түркістаннан шыққан көрнекті саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың және басқа да көптеген адамдардың өлімі сталиндік күзеттің мойнында болуы мүмкін.

Біз Гувер мұрағатында жазбаларын тапқан Ив. Павлов, 1924-1928 жылдары троцкистік оппозицияның «активі» болған, ол 1927-1928 жылдардағы студенттер қозғалысында ерекше рөл атқарған. Ол заңсыз шыққан жалпыстуденттік «На Ленинском пути» органы редакциясының мүшесі болған. Оның естеліктері қаныққан бай деректік материалдарымен ғана құнды емес, сонымен қатар жұмысшы-оппозиционердің алғашқы естеліктері ретінде, «адамдық құжат» ретінде маңыздырақ.

Біз «жұмысшы-оппозиционер естеліктерін» ерекше атап отырмыз, өйткені тарих ғылымында, И.В. Сталиннің талабы бойынша, барлық жерде жұмысшылардың сталиндік курсты және оның Орталық Комитетін жаппай қолдауы туралы миф кеңінен қолданылды. Ал шын мәнінде бәрі керісінше болды. Сонау 20-шы жылдары, В. И. Лениннің көзі тірі кезінде, зауыттар мен фабрикалардың жұмысшылары партия аппаратының бюрократтығын атап және келіспеушіліктерін жасырмаған. Кеңес мемлекеті тарихының әйгілі зерттеушісі, француз тарихшысы Н. Верт бұл туралы көптеген фактілерді келтіреді. 1920 жылы қазанда «Петроградская правда» газетінде бір жұмысшы «жақсы тамақ ішіп, жақсы киінген» партия жетекшілеріне қарата отырып «Біз оларға таптық жеккөрушілікті сезінеміз», - деп жазған. Большевиктердің бірқатар көрнекті қайраткерлері де (Шляпников, Рютин, Ф. Раскольников) бұқарадан алшақтап бара жатқандарын сезінген, олар билеуші ​​партияның ішінде алғашқы оппозициялық блокты құрады. Бірақ В.И. Ленин өзінің қарсыластарын жылдам және аяусыз басып тастайды. Оның бастамасымен Партия Жарғысына қордаланған мәселелерді еркін талқылауды қатаң шектейтін бірқатар ережелер енгізіледі. Осы жерде Николай Бердяевтің В.И. Ленинге берген сипаттамасын қалайша еске алмассың:

«Ленин ... всю жизнь исповедовал и защищал целостное, тоталитарное миросозерцание, не допускал никаких нарушений этой целостности. Отсюда же непонятная на первый взгляд страстность и яростность, с которой он борется против малейших отклонений от того, в чем он видел марксистскую ортодоксию».

Бұл В. И. Лениннің басшылықтағы тоталитарлық әдістерге бейімділігі, төзбеушілігі, қатыгездігі, И.В. Сталиннің жеке билік режимі өсіп шыққан ерекше фонды жасады.

Тарих шарттылықты сүймейді, бірақ мен большевизмнің кез - келген көшбасшысы – мейлі ол Л.Д. Троцкий немесе Г.В. Зиновьев болсын, осыған ұқсас саяси режимді құруы мүмкін еді деп болжаймын.

Мақаланы қорытындылай келе, ежелгі және ортағасырлық Қазақстанның тарихы бойынша көптеген материалдар түрлі елдердің мұрағаттарында сақтаулы екенін еске салғым келеді. Кеңестік кезеңнің де материалдары аз емес. Бірақ жолға шықпас бұрын, мұрағат басшыларымен хат алмасып, осы елдердің заңнамасын жақсылап зерделеу керек. Халықтардың тілдері мен дәстүрлерін білу де маңызды.