1885 жыл. Қарғалы. Бұл Тосын болысының тоғайлы, сулы, көрікті жерінің бірі еді.Тосын болысы өзеннің жағасы мен жиде тоғайының арасына ылғи аппақ ақ шаңқан киіз үйлер тіккен. Болыс сайлауы өтіп, ояз бастығы қатысқан үлкен жиын болып, оған қарасты Торғай бекетінің, Ақкөл, Аққұм, Шөптікөл ауылдарының өкілдері қатысқан. Сайлау қорытындысына наразылық білдіріп, іштен тынып тұрған негізінен Ақкөл, Аққұмнан келгендер еді. Бұл жақтағы белсенді, белді, ел арасында беделділері – үмбетейліктер, оның ішінде Шошақ балалары − Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың жүріс-тұрысы, сөздері де ірі еді.
Жиналған жұрт сайлаудың қорытындысына көңілдері толмай, іштей тынғанмен, Ақтастай ірі қимылды ағасына сүйенді ме, Байтұрсын ортадағы он екі қанатты ақ үйден маң-маң басып шығып, сұлу күрең атқа мініп, уезд орталығына қайтуға бет алған уезд бастығы полковник Яковлевке сөз айтуға бекініп, күрең аттың жолын тоса берген. Уезд бастығының екі жағында қайқы қылыш тағынған казактар Байтұрсынға қарай ұмтыла берген. Соған қарамастан Байтұрсын уезд бастығына: «Біз сайлау қорытындысына наразымыз!» деп айтып салды. Яковлев қасындағыларға «Қалаға апарып, қамаңдар, мынаны!» деп бұйрық берген. Казактар Байтұрсынға ұмтыла бергені сол еді, үлгермеді, ол қолындағы шыбыртқымен Яковлевті тартып жібергенде, шыбыртқының ұшы мойнына оралып, уезд бастығы атынан жерге мұрттай ұшып түсті. 1868 жылы орыс патшасының указымен Қазақ жерін аймақтар мен облыстарға бөліп басқару енгізіліп, Батыс Сібір аймағы, Торғай, Сырдария, Түркістан, Жетісу облыстарына бөлінді. Ол жүйе бойынша Торғай облысының орталығы − Орынборда, уезд орталығы Торғайда болды.
Қазақ жерінде отарлық аймақтық басқару жүйесі жүзеге асқан он жеті жыл ішінде «Орыстың уезд басқарып отырған полковник бастығын ұрған екен» дегендей ерек оқиға Торғайдан басқа жерде болып көрген емес.
Бұл оқиға былай болған. Ол кезде Аққұм, Ақкөл ауылдары Тосын болысына қарайды. Солай болса да Аққұм мен Ақкөлді қыстайтын Үмбетей ұрпақтары жаз жайлауын Наурызым маңында өткізеді. Шошақтан Ақтас, Байтұрсын, Данияр, Ерғазы, Ермағанбет атты бес бала тарайды. Шошақ ұрпақтарынан басқа Таңбайдан тарайтын үмбетейлер де Тосын болысын ұзақ билеп келе жатқан Шеген ұрпақтарына көңілдері толмайтын. Қырсық шалғанда, Шошақ балалары биыл жайлаудан кештеу оралып, Қарғалы тұсындағы Торғай өзенінің таяз жерінен малдарын баяу өткізіп жатқан. Сондықтан Ақтас, Байтұрсын, Данияр Қарғалы басына қос тігіп, малдарының түгел өзеннен өтуін күтіп отырған. Тосын болысы Шошақ балаларының Қарғалыда екі-үш күн кідіргеніне наразы болып, уезд бастығына арыз айтады. Содан уезд бастығы Яковлев Қарғалыға оншақты қарулы казак солдатымен келіп, Ақтасқа айғайлап, «Қостарыңды жығып, өзеннің арғы бетіне, елдеріңе көшіңдер» дейді. Ақтас – Шошақтың үлкені елге сыйлы ағасы. Оның қасында тұрған Данияр уезд бастығының ағасына айғайлағанына намыстанып, қолындағы шыбыртқымен Яковлевті тартып жібереді. Шыбыртқыға оралған Яковлев аттан мұрттай ұшып түседі. Содан уезд бастығы Яковлевті ұрғаны үшін Ақтастың, Байтұрсынның, Сабалақтың қолдарына кісен салынып, сол күні түрмеге айдалды. Яковлевтің қатаң талабымен Шошақ балаларының мал-мүлкі түгел тәркіленіп, малдарын Торғайға айдады. Шошақтың басқа балалары Ерғазы мен Ермағамбет осы оқиға кезінде атқан оқтан жаралы болғандықтан, тұтқындалудан аман қалды.
Бірақ сотқа дейінгі тергеушілердің Ақтас пен Байтұрсынға көрсетпеген қорлығы жоқ, оларды ұрып, сабайды. Оған тұтқындағы үш азамат шыдамдық танытады. Көп ұзамай уезд соты Ақтас, Байтұрсын, Сабалақты он бес жыл Сібір каторгасына айдауға шешім шығарды.
«Тұтқындарды Сібірге айдайды» деген күні Ақкөл мен Аққұмнан келген ағайындар уезд орталығындағы «бұрын болмаған қызықты» көру үшін қызыл түрменің шыға берісіне жиналған. Сәске ауа қылышты казактар жиналды да түрме есігі ашылып, одан кісендеулі сақал-мұрты өскен үш тұтқын шықты. Әуелі Ақтастың бәйбішесі Үбіжан күңіреніп, күйеуімен көрісті. Одан кейін жолын күтіп тұрған Ахметтің анасы Күңше Байтұрсынды еңіреп, жыр айтып көрісті. Басқа ағайындар да шулап, жылап жатыр. Казактардың старшинасы жиналған жұртқа айғайлап, қамшы сілтеп, айбар көрсетті. Олар тұтқындарды жедел түйе жегілген арбаға отырғызды. Екінші арбада тұтқындарды бақылайтын солдаттар отырған. Ақтастың бәйбішесі Үбіжан уезд әкімшілігінен каторгаға күйеуі Ақтаспен бірге баруға ұлықсат қағаз алған. Үбіжан арбаға тұтқындармен бірге отырды. Жылап қоштасу өте ауыр болды. Бүкіл Торғай тітіркеніп кеткендей болды. Шошақтың үлкені Ақтас Ерғазы інісіне «Бізге сот кезінде орысша аударып отыратын адам болмай, содан қорлық көрдік, Сен менің кенже ұлым Спандиярды орысша оқуға бер» деп аманат етеді. Ерғазы ағасына аманатын орындауға уәде береді.
Қылыш асынған казактар қоршаған үш тұтқын және Үбіжан отырған арба Қостанай жолына түсіп, қайғылы адамдардан тез алыстағысы келгендей, түйелер даңғыл жолға түсіп жортып барады...
Ақтас, Байтұрсын айдалғаннан кейін бірер ай өткенде «Сабалақ (Данияр) жолда қайтыс болды» деген қаралы хабар келіп, ауылда қалған Ақтастың туыстары бұл ауыр қайғыны мойындарымен көтеріп алды.
Күзде Ерғазы Ақтастың аманатын орындамақ болып, Спандиярды «Торғайдағы орыс мектебіне түсесің» деп үгіттейді. Орыстардың көрсеткен қорлығын көзімен көрген Спандияр Торғайға барудан бас тартады. Ерғазының інісі Ермағанбет те оқудан бас тартады. Сосын Ерғазы Ахметке біраз ақыл айтып, Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне береді. Ахмет қайсар мінезді еді, кітапханадан шықпайтын, оқудан бас алмайтын оқушы болды. Оқудың екінші жылында орысшаны еркін меңгеріп кетті. Ахмет осы училищенің интернатында жатып, төрт жыл оқыды. Анасын сағынғанмен, кедейліктің ауырлығын бастан кешіп жатқан туыстарының көзіне түскісі келмей, төрт жылды интернаттың қара нанын жеп, оқуын тауысты.
Ахаң 1891 жылы Торғайдағы орыс-қазақ училищесін жақсы аяқтап, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепке түскен болатын. Оны 1895 жылы ойдағыдай бітіріп, Әулиекөлде бірер жыл ұстаздық қызметте болып, тәжірибе жинады.
Ұлт ұстазының әкесі мен ағасы Сібірдегі айдаудан 1902 жылы, яғни елге он жеті жылдан кейін оралды. Атажұртта отырған Шошақ әулеті қайтадан абырой-беделге ие болып, тіршіліктері жөнделе бастады.
Ахаңның әкесі айдаудан оралғаннан кейін жеті жылдан соң, яғни, 1909 жылы алпыс алты жасында өмірден озса, анасы Күңше 1919 жылы өмірден өткен екен. Күңше қасиетті, әулие адам болды десек те болады. Әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтас 1920 жылы қайтыс болыпты. А.Байтұрсынұлы И.Крыловтың мысалдарын ХХ ғасырдың бас кезінен аудара бастап, осы еңбегі 1909 жылы «Қырық мысал» деген атпен жарық көрді. Сол жылы Міржақып Дулатовтың да «Оян, қазақ!» атты жыр жинағы басылып шықты. «Оян, қазақ!» пен «Қырық мысалдың» сол кездегі қазаққа әсері мол болды.
1904 жылы А.Байтұрсынұлы Омбыдағы Торғай облысы оқу істері жөніндегі инспекторы Алекторовты іздеп барған. Оған мектептерде қазақ балаларын христиан дініне кіргізуді доғаруды, мұсылманша оқытатын қазақ кластарын ашу мәселелерін айтқан болатын. Бірақ миссионерлік қызмет атқарып жүрген Алекторов А.Байтұрсынұлының көтерген мәселелеріне көңіл бөлмеді. Ресей отаршыларының қазақ жерінде мектеп ашқандағы мақсаттары, оларды христиан дініне көптеп тарту екенін Ахаң содан түсінген.
Сол күннен бастап Алаш ардақтысы ағарту ісінде жаңа бағыт әкелу үшін ғылыми бағытта зерттеу жұмысына белсене кірісті.
Омбыда жүргенде Ахаңды Міржақып Дулатов іздеп келген. Жалындап тұрған ақын жігітке Ахмет қатты ырза болып, екеуі достасып, ел үшін бір мақсатта қызмет етуге белсене кірісіп кетті. Содан екеуі мұғалімдікті Семей облысында жалғастырды.
Сөйтіп жүргенде Ресейде 1905 жылы революция болып, одан іле демократиялық кейбір кеңдіктерге жол ашқан патшаның декларациясы шыққан. 1905 жылғы Ресейдегі революциялық көтеріліс қазақтың оқығандарының арасында бір үміт отын жалғады.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Семейден қазақтың қамын, келешегін ойлайтын оқыған озық ойлы азаматтармен танысты. Соның бірі заң саласында қызмет істейтін заңгер Жақып Ақбаев еді. Әлихан Бөкейханов Омбыда жүрсе де, Ахаңмен, Міржақыппен хабарласып тұратын. Патшаға қазақ мәселесін көтеріп, аймақтық билікке петиция жазу идеясын көтерген сол кісі. Он екі мыңдай адам қол қойған әйгілі петиция жазылып, Омбыдағы Ә.Бөкейхановқа жеткізілген. Ол патшаның, Ішкі істер министрлігіне және аймақтық губернатор атына жазылған еді. Семей уезінің жандармериясының бастығы Осовскийдің губернаторға жеткізген деректері бойынша Ә.Бөкейханов бұл петицияны пошта арқылы Петерборға жіберген. Содан кейін, Семей уезінің тыңшылары петиция жазғандарды іздеп, «күдікті» деп, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың, Ж.Ақбаевтың және басқа бірнеше адамның артынан аңдыған. Содан кейін алғаш 1907 жылы А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев және тағы бірер адамды аз уақытқа қамауға алған. Тыңшылардың Дала губернаторына жеткізуі бойынша «Қарқаралы петициясының» тексін жазған Ж.Ақбаев» делінген. Содан сол жылы сот болып, заңгер Жақып Ақбаев Жетісуға жер аударылған.
Семей уезінің жандармериясы тұрақты аңдуда болған Ахаңды 1909 жылы
1 шілдеде «сепаратистік үгіт-насихат жүргізді» деп тағы түрмеге қамаған. Жұбайы Бәдрисафа Дала губернаторынан көмек көре алмағасын, Ресей Думасының депутаттарына Ахмет Байтұрсынұлының хал-жағдайын айтып арыз жазған. Ресей Думасының депутаты Бәдрисафа Мұхамедсалыққызының арызына назар аударып, Ішкі істер министріне осы істі «қысқарту» туралы ұсыныс жасайды. 1910 жылы Семей уездік соты ұлт қайраткерінің ісін қарап, оны 16 жылға жер аудару туралы үкім шығарған.
«Қарқаралы ісін» тергеушілер тергеуді бес жылға созған. Соңында 1910 жылы «осы іске қатысы бар» деп тауып Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовты түрмеге жапқан. Олар бір жылдай түрмеде отырып шыққан. М.Дулатов одан шыққан соң, жандармериядан тасада болу үшін Түркістанға кетті. Достар тапты сол жерден. 1913 жылы М.Дулатов Орынборға кетерде сол достары біраз ақша жинап берген.
Сол ақшамен Міржақып Дулатов бірден А.Байтұрсынұлына келеді. Өйткені екеуінің де арманы қазақша газет шығару еді. Міржақыптың қаржысына Қазан медресесінде оқып жүрген оқушылар да ақша қосады. Сөйтіп, Ахаң мен Міржақып шағын типография сатып алады. Ахаң Қазан қаласында өзі араб әліпбиі негізінде жасаған әліпбиіндегі жиырма сегіз әріптің ұясын Қазанда темірден құйдырады. Газет шығатын қағаз сатып алады, типография тұратын үй жалдайды. Сөйтіп, біраз ұйымдастыру жұмыстарынан кейін, 1913 жылы 1-ші ақпанда Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл қазақ елінің келешегі үшін жасаған өте маңызды қадам болды. Газетте сол кездері қазақ басында шешілмей жүрген басты мәселелердің бәрі жазылды. Жерді қазаққа бөлу, жерді земствоға қарату, қазақ кластарын ашу мен әліпбимен оқыту, соттарда присяжныйлардың болуы, қазақтарды жер аударуды тоқтату, орыс қарашекпенділерін қазақ жерінің шұрайлы жерлеріне қоныстандыруды тоқтату деген сияқты өзекті мәселелерді көтеріп отырумен бірге «қазақ қалай ел болады» деген тәрізді келешек қазақ мемлекеттігіне қатысты ойларға түрткі болған.
Жергілікті үкімет «Қазақ» газетінде жазылған осындай мәселелерді «сепаратистік» деп танып, 1914 жылы газеттің бас редакторы А.Байтұрсынұлын тұтқындаған. Шамалы уақыт өткеннен кейін елдің қолдауымен Ахаңды 3000 сом (ол кезде бұл өте көп ақша) төлеп түрмеден босатқан. Өз ғұмырындағы ең үлкен зорлық, ең үлкен қорлық біраз жылдан кейін Кеңес өкіметі тұсында болатынын Ахаң ол кезде сезбеді.
1913 жылдан 1929 жылға дейінгі аралықта ұлт ұстазының туған елінің келешегі үшін атқарған қызметі орасан. Қазақ әліпбиі мен бірнеше оқу құралдарын, методикалық оқулықтар мен қазақ терминологиясын қалыптастырды. «Қазақ» газетіндегі мақалалардың көбін осы Ахаң мен Жақаң (М.Дулатов) жазған. Газетке келген мақалаларды түзетіп, өңдеп қайта жазып шығудың өзі қанша жұмыс?! А.Байтұрсынұлы не істесе де, ұлтының келешегі үшін істеді. 1923 жылы Ахаңның мерейтойында Үкімет мүшесі Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда А.Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген себебі сол.
А.Байтұрсынов 1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі болғаннан кейін, Қазақ съезін шақырып, Алаш партиясын құру туралы идея көтергендердің бірі. 1917 жылы сәуірде Орынборда Жалпы Қазақ съезі болып, онда «Алаш» партиясы мен Алаш орда құрылды. «Алаш» партиясының бағдарламасын жазғандардың бірі – Ахаң. Бұл партия бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. «Алаш» партиясы Уақытша үкіметтен Қазақ автономиясын алудан үміттенген болатын Бірақ күзде Ресейде Қазан төңкерісі болып, өкімет большевиктердің қолына өткен. А.Байтұрсынұлы қазақ автономиясын осы Кеңес өкіметінен алуға бел буады. 1919 жылы наурызда Ә.Жангелдин бастаған он бір адаммен бірге А.Байтұрсынов Мәскеуге барып, Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі комиссар Сталинмен Қазақ автономиясын құру туралы келіссөзді тура төрт ай бойы, яғни шілде айына дейін жүргізеді. Ақыры, Ленин мен Сталин А.Байтұрсынұлының төрт ай ішінде жарыссөздерде айтқан мәселелерімен келісіп, Қырғыз автономиясын құру туралы шешім шығарады. Сол Қазақ автономиясын құру комиссиясының мүшесі болып тағайындалған А.Байтұрсынұлы Қазақ автономиясының шекарасын, республика статусының жобаларын жазумен айналысады. Соның негізінде 1920 жылы Ахаң көрсеткен территориялар негізінде Қазақ (Қырғыз) автономиясының құрылғаны туралы Жарлыққа Ленин қол қояды.
Ахмет Байтұрсынұлы сонымен бірге осы уақытта Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Кеңес билігіне өтініш жазып, ол қабыл болып, Алаш арыстары қысқа уақытқа болса да, Кеңес өкіметінің түрлі салаларында қызмет істеуге мүмкіндік алды.
Кеңес өкіметі тұсындағы қуғын патшалық империя кезіндегі қуғыннан асып түсіп, қанды қырғынға жалғасты. Голощекин Қазақстандағы өкімет басына келгеннен кейін нағыз аласапыран басталды. Байлар деп аталғандардың мал мүлкі тәркіленіп, өздері отбасымен жер аударылды. Сосын Алаш қайраткерлерін түрмеге жаба бастады. М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы 1929 жылы тұтқындалып, түрмеге жабылды. Ахмет Байтұрсынұлы Бутырка түрмесінде үш жыл отырып, содан соң Архангельскіге ұзақ жылға каторгаға айдалды.
Ахмет Байтұрсынұлы тұтқындалғанда оның туыстарын да қуғындау басталған еді. Ахаңның інісі Мәшен қажыны да НКВД тұтқындап, одан соң тіпті хабарсыз жоғалып кеткен. Содан көп ұзамай, Ахаңның ағасы Кәкіштің Аумат пен Қазихан деген екі баласын аудан милициясы мен белсенділері Ақкөлдің жағасында қуып жүріп, сабап, қорлап өлтірген.
Ахаң ұсталғаннан кейін Алматыда қалған жары Бәдрисафа Мұхамедсадыққызы жазушы Горкийдің әйелі Пешковаға хат жазып, «А.Байтұрсыновқа көмектесуін» өтінген. Сол кезде «Красный крест» деген мекемеде қызмет істеп жүрген Пешкова А.Байтұрсынұлына ара түскен. Содан кейін ғана А.Байтұрсынов 1934 жылы Архангельскіден Алматыға келген. Бірақ еш мекеме Ахаңды қызметке қабылдамаған. Тек бір орыс дәрігерінің қамқорлығына ілігіп, санитар болып жұмыс істеген.
А. Байтұрсынұлын НКВД 1937 жылы күзде қайта тұтқындаған. Бір апта өтпей, Ахаңның қарындасы Кәтездің күйеуі Рүстемді де (Әбдіғапар ханның баласы) қамаған. Оның үйінен Ахаңның «Мәдениет тарихы» деген кітабын тауып, тергеуші алып кетіпті. Рүстемге сосын «Мемлекетке қауіпті адамның кітабын жасырған» деп айып тағып, ату жазасына кесіпті.
Ахаң үшін бұл жолы ( 1937 жылы) Қали деген ағасының баласы Әмірді НКВД түрмеге жауып, оны да атып жіберіпті.
Ал Ахаңның ауру халдегі зайыбы Бәдрисафаны асырап алған қызы Шолпанмен Том қаласына айдап жіберген. Содан Бәдрисафа Мұхаммедсадыққызы 1941 жылы оралып, Қостанайдағы Әмірдің баласы Назардың үйін іздеп тауып алады. Олардың көрген күні нашар екен, содан Бәдрисафа Қостанай жанындағы Қарттар үйінен пана тауып, сол жерде көп ұзамай өмірден өтеді.
Ақтастың баласы Шәймерден Қостанай жақтағы орыстардың арасына кіріп кетіп, содан НКВД-нің қуғынынан аман қалған.
Бар ғұмырын ұлтының мұратына сарп еткен мемлекет қайраткері, бірнеше ғылымның негізін қалаған ғалым, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы НКВД үштігінің шешімімен қараша айында атылып кетті. Сөйтіп, тура 66 жасында қанды қолдылардың оғынан өмірі қиылды.
Әңгімемізді Шошақ балары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың оязды ұрып ұзақ жылға каторгаға айдалғанынан бастап едім. Қазақтың батыр тұлғаларының бұл ісі орыс отаршылдығына қарсы көрсеткен қайраты еді. Солай бола тұрса да патшалық империя құлағаннан кейін, бұл ер азаматтарды ақтау туралы сөз қозғалмады. Кеңес билігі тұсында да солай болды. Солай болса да біз Ахаңның ағалары, әкесі отаршыл, әділетсіз қоғамға қарсы айбат танытқаны үшін ғана айыпталғандарын, айдауда болғандарын іштей сеземіз.
Кеңес идеологиясы Алаш қайраткерлерін, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді ұлы қайраткерді тұқымымен құртып жіберуді ойластырған еді. 1937 жылы НКВД Ахаңнан басқа, төрт туысын атып, ұрып өлтірген, екеуін Том қаласына жер айдаған. Бірақ осы аталған кісілер НКВД-ның кінәсінен қаза тапса да, ақталмады. Тек 1988 жылы осы кісілердің ішінен Одақ бойынша ақталғаны − Ахмет Байтұрсынұлы.
1988 жылға дейін Ахаңның атын атау қылмыс саналып келді. Сонда, әділдікті талап еткені үшін сотталып кеткен 1885 жылды қосып санағанда, Шошақ балалары 103 жыл жазықсыз «айыпты» болып келген екен. Сексенінші жылға дейін «Ахаңның сөзін, өлеңін, әнін айтқаны» үшін сотталып, қызметінен қуылған адамдар болды. Ахмет Байтұрсынұлының қандай деңгейде қуғында болғанын содан біле беріңіз.
Жұмат Әнесұлы, ақын, жазушы,
Қазақстанның Құрметті журналисі
https://egemen.kz/article/303006-zhuz-dgylgha-sozylghan-qughyn