Көшпелі кезеңдегі туысқандық қатынастар
09.02.2022 1706

Еуразия даласын мекендеген көшпелі қазақ қоғамында көптеген дәстүрлі түсініктердің, ойлардың, салт-жоралғылардың болғаны айдан анық дүние. Солардың ішінде көшпелі қоғамнан бері әлі күнге дейін сақталып келе жатқан қоғамдық қатынастар бар, соның бірігейі - туысқандық қарым-қатынас. Көшпелі кезеңде бұл құрылым жетіаталық жүйе бойынша жүзеге асып, қазақ мәдениетінде бірнеше әлеуметтік-қоғамдық институттар құрып үлгерді. Бірақ оның бәрі бірдей бүгінгі заман ағымына сай деп айтуға келмес. Себебі баба танымдағы "дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" дейтін тәмсіл өз мәнін ешқашан жойған емес.


Аталмыш «технологияның» (механизмнің) қызметін жүзеге асыратын, әрине, жетіаталық құрылымның экзистенциялық өзегі іспеттес туысқандық-рулық және туыстық қатынастар жүйесі болды. Әңгіме біраталық құрылымдар арасындағы (немесе ауыларалық) байланыстардың жетіаталық туысқандық-рулық және туыстық қатынастардың ілкімді принциптері, ұғымдары мен категориялары арқылы орнықтырылуы және реттелуі жөнінде болып отыр (мысалы: «үлкен үйдің баласы (балалары), «қарашаңырақ иесі», «аға баласы (балалары)», «немере», «аға», немесе «іні баласы (балалары)» және т.с.с).

Әлбетте, бұдан аталмыш «технология» механистік жолмен, өзінен-өзі іске қосылып отырды деген ұшқары пікір тумаса керек. Оны «ата-бала жолымен», яғни шежіренің «идеологиясымен» негізделген, әдеттік құқықтың ежелгі принциптері мен нормаларымен дәйектендірілген жосынмен ұйымдастырушы да, үйлестіруші де, реттеуші де аталмыш байланыстардың жетіаталық деңгейіндегі институционалдық түзілісі (ұйымдық құрылымдары) – билер билігі және ру ақсақалдарының кеңесі болды.

Сонымен территорияның көшпелі социумның өндіргіш күштерінің құрамдас бөлігі, өндірістік зат, әр өндірістік құрал, тіпті дәстүрлі қоғамдық (қауымдық) сананың ең мәнді элементі ретіндегі атқаратын сан алуан рөлі, түптеп келгенде, жетіаралық құрылымның шежірелік жосынмен негізделген, туысқандық-рулық және туыстық байланыстардың «арналарымен» дәйектендірілген, әдептік құқықтық нормаларымен орнықтырылған принциптері арқылы жүзеге асып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, жетіаталық құрылымды көшпелілердің тіршілік кеңістігінің негізі, әр басты элементі болып табылатын территорияны мейлінше тиімді игерудің, оның табиғи ресурстарын экологиялық ұтымды пайдаланудың бірден бір институционалдық тәсілі деуге де болады.

Ал отбасылық және некелік қатынастардың жетіаталық принципі, қыз ұзатып келін түсіру жосыны, түптеп келгенде, осы жетіаралық қауым-социумның демографиялық және территориялық «мөлшерленген» тіршілік кеңістігінің табиғи қалпын сақтап отырудың, осы арқылы руаралық, тіпті тайпааралық және жүзаралық байланыстарды үйлестіріп, реттеудің де аса тиімді тағы бір тетігі (институты) болды. Жетіаталық құрылымның көшпелі ортадағы территорияға байланысты қатынастардың ғана емес, әлеуметтік харекет атаулының басты және негізі субьектісі, демек, қазақы ортадағы тіршілікті ұйымдастырудың негізгі тәсілі – қауымдық жүйенің бірден бір мүмкін ұйымдық формасы ретінде табиғи-тарихи парқы (миссиясы) осында. Екшеп айтқанда, көшпелі қауымдастықтардың әлеуметтік тіршілігі ұйымдастыру мен реттеуге байланысты алуан деңгейлі және алуан түрлі қоғамдық қатынастарының ең негізгі ұйымдық формасы осы жетіаталық экзогамиялық құрылым болды.

Ал жүз және тайпа сынды іргелі этникалық құрылымдарды көшпелі қауым ретінде, яғни, қауымдық қатынастар жүйесінің ұйымдық формалары ретінде бағалауға болмайды. Себебі бұлар көшпелі ортадағы қоғамдық қатынастардың тікелей субьектілері, таратып айтқанды, көшпелілердің тіршілігін қамтамасы етуге бағытталған әлеуметтік әрекет атаулының тікелей субьектілері ролін атқарған жөн. Шынтуайтқа келгенде, жүз де тайпалар да тиісінше тайпааралық және руаралық (яғни, жетіаталық құрылымдар арасындағы) сан саналы шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік, территориялық, институционалдық, мәдени, идеологиялық, саяси т.с.с. байланыстардың шежірелік жосынмен негізделген құрылымдық түзілістері болып табылады. Ал, осы ұйымдық түзілістердің (яғни, тайпалар мен жүздің) сан алуан қызметін үйлестіріп, реттеп отыратын ру ақсақалдарының кеңесі, би, билер кеңесі, берісі тек жүз этнос деңгейінде ғана «іске қосылатын» төбе би сынды институттар осы құрылымдардың әрқайсысының институционалдық кемел қалпының айғақтары және олардың осы табиғи-тарихи күйін қамтамасыз ететін саяси – идеологиялық басқару тетіктері болды.

Сонымен бірге аталмыш руаралық және тайпааралық байланыстардың институционалдық түзілістер ретіндегі қауқары, яғни, тайпаның да, жүздің де, институционалдық күш-қуаты көшпелілердің бүкіл тіршілік қамы жүйесінің бірден-бір әлеуметтік механизмі болып табылатын қауым-социум-жетіаралық құрылымдардың (рулардың) табиғи-тарихи күйіне тікелей байланысты болды.

Енді күні бүгінге дейін көп ғалымдардың есесі кетіп жүрген, тіпті үлкен методологиялық қателіктерге ұрындырып жүрген осы жетіаталық құрылымның құрамдас бөліктері жөнінде. Қазан төңкерісіне дейінгі алуан түрлі деректер, ең алдымен, орыс тарихнамасы қазақтың дәстүрлі қауымы өзінің «табиғи» жинақы, демографиялық неғұрлым ауқымды мөлшерін жылдың жылы кезеңдерінде ғана (соңғы көктем, жаз, сары күз) сақтағандықтарын, ал суық мезгілдерде, жоғарыда айтылғандай, екі үш ұрпақты қамтитын шағын құрылымдарға – ауылдарға («бірата») бөлініп отыратындықтан баяндайды. Расында да, соңғы көктем, жаз, сары күз уақытындағы төрт түліктің азығы – шөптің шүйгін де, құнарлы күйі қауымдастықтардың бір біріне өзара жақын орналасуларына мүмкіндік берсе, жылдың суық мезгілдерінде малдың қоңылтақ маусымына айырықша ыждағаттықпен қараған көшпелілердің ауылдары күзеу мен қыстаудың және ерте көктеудің мүмкіншіліктеріне қарай бір бірінен белгілі ара қашықтықты қатаң ұстанып, қоныстанады. Алайда, қауымның (яғни, жетіаталық құрылым-социумның) неғұрлым жинақы, демографиялық ауқымды мөлшердегі бітімін, қазір кейбір зерттеушілер «дәлелдеп» жүргендей, «кеңейген қауым» (расширенная община), ал демографиялық мөлшері екі үш ұрпақтан тұратын ауылды «ең шағын қауым» (минимальная обшина)[1] деу, яғни, оларды екі түрлі қауымдық құрылымдар ретінде бағалау көшпелі социумның тіршілігінің логикасы жағынан да, методологиялық тұрғыдан да үлкен әбестік (жетіаталық құрылымның социумдық парқы, субьектілік ролі, ал ауылдық, яғни «біраталық» құрылымның қауым-социум ретіндегі субьектілік қауқарының жоқтығы жоғарыда біршама айтылды).

Керісінше, қауым – социумның (жетіаталық құрылымның) жыл он екі айдың суық маусымдарында аталмыш шағын ауылдарға бөлінуін көшпелілердің Орталық Азияның қатаң да, жұтаң табиғи ресурстарын неғұрлым тиімді де, ұтымды пайдаланудың сан ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық-экологиялық стратегиясы ретінде зерделеген жөн. Демек, көшпелі қауым-социумның жылдың суық мезгілдерінде шағын құрылымдарға («аталас ауылдарға») бөліну үрдісі оның қазақ жерінің қатал табиғатына бейімделу және бейімделу механизмінің іске қосылуы болып табылады. Сонымен бірге, тіршіліктің осы стратегиясы Еуразияның қуаң да, қатал табиғатын игеруге байланысты көшпелі этноэкосистемада ішкірулық, руаралық, тайпааралық, жүзаралық экологиялық қатынастарды, тіпті, бүкіл ішкі этникалық байланыстарды реттеп отырудың да аса тиімді тетіктерінің бірі болды.

Жетіаталық құрылымның демографиялық мөлшерінің, яғни демографиялық оптимумының дағдарыс күйге енуіне және оның территориялық ресурстарының жетімсіздігі байқалуына байланысты келесі сегізінші атадан кейінгі ұрпақтардың демографиялық, шаруашылық-экономикалық, институттық-идеологиялық және т.б. жағынан кемелденген тобы бөлініп отырды. Шаруашылықты жүргізетін ауқатты байлары, басқарар биі, ел қорғаны батыры бар бұл топтың бөліну (еншілену) рәсіміне шежірелік тұрғыдан негізделген тығыз байланыстағы тайпалық ұлыстың игі жақсылары тегіс ат салысулары тиіс болды. Олар бөлінетін топқа жаз жайлауын, күз күзеуін, қыс қыстауын, көктем көктеуін және көш жүретін бағыттар мен жолдарды енші ретінде белгілеп берді.


Бұл рәсімнің атқарылар ретінде де ерекше мән бар. Ғасырдан ғасырға беріліп, орныққан бүкілэтникалық үрдіс бойынша, бөлінетін топтың бетке ұстар адамдары - билері, ірі байлары, батырлары, ақсақалдары алдын ала керілген ала арқанды аттайды (ала арқанды аттау көшпелі ортадағы қоғамдық байланыстың тығыздығын, пәрменділігін қуаттылығын қамтамасыз етіп отыратын туысқандық-рулық қатынастардың жетіаталық ауқымнан кейін үзілгендігінің айғағы іспеттес. Тілімізде ала арқанның немесе ала жіптің осындай әлеуметтік семантикасына байланысты «біреудің ала жібінен аттама!» немесе «біреудің ала жібін алма!» деген эфвемистік бітімдегі табу-фразеологизм сақталған. Аталмыш рәсімнің «кері» паралеллі ретінде апыл-тапыл жүре бастаған сәбидің аяғын ала жіппен «тұсап», оны ауылдағы «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырған ардақты ананың кесу рәсімін айтуға болады).

Соңынан, жиналған қауым осы рәсімді арнайы жылқы сойып, атап өтетін болған. Бірақ, бұл жай жылқы емес, айырықша рәсімделген, семантикалық аса мәнді символ. Моңғолиядағы қазақтар мекендейтін Баянолгий өлкесінің қарт тұрғыны Алданыш қарияның айтуынша, бөлетін және бөлінетін жақтың ел бастар беделді билері мен ақсақалдары сойысқа сайланған жылқының құйрығын кесісу рәсімін жасайтын болған. Ана тіліміздегі мүлдем айырылысуды меңзейтін «ат құйрығын кесісу» (бірақ, кесу емес) деген фразеологизм осыдан қалса керек. Бұдай кейін бөлінген топ жеке рулық құрылым ретінде өз бетімен тіршілік құрды. Бұл бірлестік аталмыш рәсімнен соң өзі енші алып шыққан румен де қыз алысып, қыз беру құқына ие болды.

Сан жығынан жетіұрпақтық мөлшерден асқаннан кейінгі жаңа қауымдық құрылымның бөлініп шығуы, түптеп келгенде, көшпелі этноэкосистемадағы табиғи-тарихи тепе-теңдікті сақтау үшін адам, табиғи және материалдық ресурстарды қайта бөліп отырудың ең тиімді институттанған тәсілі. Басқаша айтсақ, бұл тәсілді көшпелі экосистеманың табиғи және материалдық ресурсын тиімді пайдалануға бағытталған этникалық қауымның өзін өзі ұйымдастыру тәсілі деп те бағалауға болады.

Жетіаталық қауымдық құрылым – көшпелілердің Еуразияның далалық өңірінің жұтаң табиғи ресурстарын игеруге байланысты қалыптасқан этникалық мәдениеттің де реттелуі мен жүзеге асуының әлеуметтік «технологиясы», әрі бұл мәдениеттің де реттелуі мен жүзеге асуының әлеуметтік «технологиясы», әрі бұл мәдениеттің қоршаған табиғи, тарихи ортаға сан ғасырлық әбжіл бейімделуінің, әрі бейімділігінің ұйымдық, институттанған көрінісі де. Мысалы, рулық территорияның жыл он екі айдың маусымдық ерекшелігіне байланысты жайлауға, кезеуге, қыстауға, көктеуге бөлінуі және малдың этникалық тәжірибесі, қазақтың дәстүрлі тіршілік қамы жүйесі (үй-жай, қоныстану жүйесі, территория, киім-кешек, тұрмыстық заттар, халықтық білім және т.б.), байырғы наным-сенімдер, әдет-ғұрып, салттық құрылымдар, сондай-ақ адамдардың тіршілігін өндірістік-технологиялық, идеологиялық, институционалдық және тағы басқа қырынан қамтамасыз етуге байланысты қалыптасқан алуан түрлі және сан арналы қоғамдық қатынастар, түптеп келгенде, көшпелі тіршіліктің әртүрлі сыртқы саяси, экономикалық, мәдени әсерлерге де, экологиялық ортаға да бейімделудің әлеуметтік-мәдени механизмін құрайды деуге болады.

Қауымдық қатынастардың реттелу және таралу (жүзеге асу) механизмін зерделегенде, жоғарыда айтылғандай, шаруашылық- экономикалық детерминистік схеманың қатаң шектейтін «ығымен» кетпес үшін, ең алдымен, осы қатынастардың әрбір саласының, мысалы меншік қатынасының реттелуін таза экономикалық категориялар арқылы түсіндіру мүмкін емес екендігін айырықша ескеру қажет. Басқаша айтқанда, меншік қатынасының механизиі тек өндіріске, шаруашылыққа байланысты қатынастар жүйесі ғана емес, басқа қатынастардың (идеологиялық, институттық, потестарлы-саяси және т.б.) тікелей себеп-салдарлық «ат салысумен» реттелініп отырды. Олай болса, бұл механизмнің тетіктері де осы қатынастар мен оның жанды нүктелері іспеттес әлеуметтік және идеологиялық институттар. Мысалы, жинақталған қауымдық өнімнің (совокупный общинный продукт) бөлінуі, таралуы мен пайдалануына байланысты қатынастар дәстүрлі институттары мен принциптері арқылы жүзеге асып отырды. Енші, қалыңмал, бөлінбеген енші сияқты этнографиялық әдебиеттерде «таза» әдет-ғұрыптық, салттық мәні бар ғана деп түсіндірілетін сан алуан институттар, сайып келгенде, көшпелі ортадағы меншік қатынасының реттелу, таралу механизмінің әлеуметтік-мәдени, идеологиялық, тіпті әлеуметтік-технологиялық тетіктері ролін де атқарды.

Сондай-ақ қазақ дәстүрлі қауымы ерекше ұйымдастырылған көшпелі этноэкосистема ретінде көшпелі ортадағы қоғамдық қатынастар атаулының негізделген (генерализованный) түзілісі болып табылады. Сондықтан да, осы негізделген қатынастар жүйесінің институттанған ұйымдық формасы – жетіаталық құрылым көшпелілердің қоғамдық харекетінің басты субьектісі, әрі оның көшпелі этноэкосистемадағы реттелу және нәтижелігін қамтамасыз ететін ең әбжіл, әрі ең тиімді әлеуметтік-мәдени технологиясы болды.

Сонымен, көшпелілер қоғамы – қауымдастықтар қоғамы, қауымдық тәртіптің қоғамы. Сондықтан да, қауымдық негіздердің, қауымдық тәртіптердің айырықша үстемдігі көшпелі социумның табиғи-тарихи тіршілігінің басты шарты, әрі заңдылығы болып табылады. Қолда бар сан алуан археологиялық және этнографиялық материалдар көшпелілер қауымының сонау ерте темір дәуірінде-ақ Еуразияның аридтік және субаридтік аймақтарында өмір сүрген этникалық бірлестіктердің қоғамдық тіршілігінің бірден-бір мүмкін ұйымдық формасы болғандығын айғақтайды.

Қадым заманында қалыптасқан көшпелілер қауымы ортағасырлардағы және жаңа тарихи кезеңдердегі сан алуан сұрапыл соғыстардың, қан төгіс қақтығыстардың тегеуірінді теперішіне төтеп берген ең жансебіл әлеуметтік құрылым болып шықты. Бұл қантөгістер Еуразияның апай төсіндегі көшпелілердің империяларын, мемлекеттік құрылымдарын күйреткенмен, далалықтар арасында тәңірқұты атанған ұлы қағандардың, хандардың, әмірлердің астындағы тағынан, басындағы бағынан айырғанмен, көшпелілердің қауымдық тіршілік жүйесін жоя алмады. Өйткені, қысталаң экологиялық ортада көшпелілердің қалыпты тіршілік-тынысын қамтамасыз ететін ең тиімді әлеуметтік құрылым-механизм қауымдық құрылым еді. Сол ежелгі қауымдық жүйе өзінің негізгі құрылымдық және функционалды қасиеттерін, ерекшеліктерін ХХ-ғасырдың бас кезінде мейлінше бел алған технократтық өркениеттің үстемдігі орнағанға дейін толық сақтай алды. Аталмыш кезеңде көшпелілердің қауымдық қатынастар жүйесінің ыдырауы көшпелілер социумның тарихи тағдырының таусылғандығын айғақтағаны еді.

«Кемел Ақышев еңбегіндегі көшпелілер мемлекеттілі» деген Асылхан Бикеновтің мақаласында көшпелілердің мемлекеттілігі жайлы айтылады. Еуразия ауқымында ғұмыр кешкен көшпелілер мемлекеттілігінің тұтас даму даңғылының этномәдени ерекшеліктері мен төлтумалылығын айқындау қазіргі таңдағы көшпелілер өркениетін түсінуге мүмкіндік беретін жол секілді. Далалық өркениетке тән этникалық құрылымдардың мемлекеттілігін археологиялық және этнологиялық әдістер негізінде зерделеу, мәселені кешенді түрде және этномәдени сипатын айқындауға мүмкіндік беретін бірден-бір тәсіл.

Қазақ даласында мемлекеттіліктің қалыптасуы ұзақ тарихи әлеуметтік – саяси және этноэкологиялық процестердің жемісі. Сондықтан да зерттеу жұмысының негізгі мақсаты еуразия көшпелілеріне тән қоғамдық саяси жүйені жаңа методологиялық таным әдістері негізінде саралап, оның төлтумалылығын мемлекеттілік дәстүр ерекшеліктерін айқындау. Өйткені кез-келген териялық тұжырымның күші мен құндылығы да ең алдымен нақты тарихи деректер мен тәжірибеге негізделгені мәлім. Бұл орайда зерттеуші В.В. Трепалов мемлекеттердің қалыптасу үдерісіндегі дәстүрдің орнына былай деп анықтама берген: «Мы определяем государственную традицию как историко-генетическую преемственность общих и существенных признаков, принципов и компонентов государственного устройства, передающихся от одних к другим»[2]. Көшпелілер мемлекеттігі қоғамдық-саяси институт ретінде негізінен, өз мүдделерін және қол астындағы ру-тайпалардың мүдделерін өзге елдердің жорықтарынан қорғау, сонымен бірге мемлекеттің ішіндегі этникалық қатынастарды реттеп отыру сияқты қызметпен айналысқан. Демек қоғам мен оған лайықты билік институттары шаруашылықты жүргізудің көшпелі әдісі жағдайында туындап өмір сүрумен ерекшеленеді. Еуразияның сайын даласында өмір кешкен этносаяси түзілімдердің тарих толқынында ауысып отыруы алғашқысының қоғамдық-саяси институттары мен идеологиясының толық жойылуын көрсетпейді, қайта жаңғырып пайда болған этносаяси бірлестіктерде тыныс-тіршіліктерін жалғастырғанын байқауға болады. Мәселен б.з.д. І мыңжылдықтың орта шеніндегі тайпалық одақтарда қалыптасқан қоғамдық саяси институттар нышандары мемлекеттіліктің алғашқы сатысы болып табылса, кейінгі дәуірлерде өз гүлдену деңгейіне жеткен. Бұл орайда атақты археолог К.Ақышевтің шығармашылық мұрасында көне дәуірлердегі көшпелілер мемлекеттілігінің қалыптасу тарихы мен оның негізгі белгілері жөнінде кең және нақты зерттеулер жасалған. Егеменді ел болғаннан кейінгі кезеңдегі пайда болған ғылыми көзқарастар мен бағыттар, жаңадан жинақталған археологиялық материалдар, сонымен қатар көне заман немесе антикалық және орта ғасырлық авторлар еңбегін қайта талдау сақтар қоғамының кейбір қалаларын айқындауға мүмкіндік берді. Мемлекеттілікке тән белгілер арасынан, яғни қоғамдағы экономикалық, экологиялық жағдайдан хабардар ететін әлеуметтік жіктелу екені мәлім. Өйткені археологиялық деректер – кезіндегі әлеуметтік мәдени жүйелердің тілсіз куәгерлері.

Ғалымның ұзақ жылдар бойы жүргізген археологиялық экспедицияларының нәтижелері, әсіресе Жетісу аймағынан табылған сақ қорғандары, бұл тайпалардың әлеуметтік құрылымы туралы ғылыми тұрғыда топшылауға негіз береді. Сақ тайпалары қауымының әлеуметтік экономикаға ықпалынан бай мен кедей топтарына бөліну қоғамда ашық және айқын түрде орын алған. Оның айғағын Аржан І, ІІ, Пазырық пен Ақ Алаха ІІІ және Берел мен Есік қорғандарынан табылған бұйым заттардан көре аламыз[3]. Сол сияқты Бесшатыр қорымы, Жетісу атырабындағы биіктігі 18-20 метр «Патша обалары» деп аталатын ескерткіштер қоғам мүшесінің кез-келгенінің моласы үстіне тұрғыза бермей, олар адамдардың шағын тобының еншісіне айналғандығын байқауға болады. Сонымен қатар ежелгі Қазақстанның барлық аймағындағы сияқты, Жетісуда да б.з.д.. УІІІ-УІІ ғасырларда шаруашылықтың прогресшіл жаңа түрлеріне: темірді игеруге және көшпелі мал шаруашылығына көшу аяқталды. Ол өз кезегінде яғни көшпелі мал шаруашылығы жағдайнда малдың тез көбейетіндігі және біреуден біреудің тартып алуы қиынға түспейтіндігі, мал өсіретін кейбір рулардың, әлеуметтік топтар мен жеке адамдардың біршама байып, өзгелерінің кедеййленуіне себепші болған. Аталмыш тұжырымды сақ тарихының соңғы кезеңіне жататын тарихи деректер дәлелдеп отыр. Мысалы Хан патшалығының тарихы, батыс өңірі шежіресінде былайй деп жазылған: «Сақ деп аталатын тайпалардың әрқайсысының өз алдына ханы болған. Хандардың әмірі күшті еді. Хан қаза болса оның өлігін арбаға салып, ел аралатқан. Ханның өлігін көргенде бұхара қаты қайғырып, өз құлағын қанатып, шашын жұлып, бетін жыртып, көзін тырнаған. Сол қолын оқпен тесетін болған. Қаза болған хан үлкен қорғандарға жерленген, өлікпен бірге алтын, күміс, ыдыс жабдықтары және сойылған аттарды бірге көмген. Тіпті ханның ханымы мен қызметкерін де өлтіріп, онымен бірге жерлейтін жораллғылар да болған» [4].

Әлеуметтік жіктелудің келесі бір көрінісі археологиялық және жазба деректер арқылы дәлелденіп отырған қоғамдағы жоғарғы билеушілер мен патшалардың есімдеріне ілгері табынушылық ескерткіштер салу арқылы иерархиялық тұрғыда ерекшелендіру мен мәңгі есте қалдыруды мақсат еткен этникалық-мәдени дәстүрді атап өтуге болады. Белгілі зерттеуші Әлішер Ақышев бұл жөнінде «те блестящие комплексы, которые мы считаем верхушкой искусства саков, отрожали идеологию и эстетические идеалы военного нобилитета» - деп қадап жазған болатын[5]. Б.з.д. УІІІ-У ғасырларда Қазақстан мен Орта Азияның орталық аудандарында - Бесшатыр, Есік және Шілікті сияқты тас пен топырақтан үйілген алып обалар, ал егінші – малшы сақтар аймақтарында Түгіскен сияқты сәулетті кесенелер пайда болған еді. К.Ақышев қазба жұмыстары нәтижесінде олардың сақ қоғамының жоғарғы дәределі адамдарының сағаналары екенін дәлелдей келе: «раскопки их докозали, что они явяются усыпальницами лиц, относяшихся к всшему рангу сакского общества. Параметры курганных насыпей устанавливались в соотвестви с принадлежностью к тому или иному социальному рангу» - деп тұжырымдайды[6]. «Қытай тарихшысы Яншуданың пікірінше жай қызметшілер 4,8 метрге дейін, жоғарғы билеушілер 12,8 м метрге дейін қорған көтере алған. Ал 12,8 метрден жоғары салынғанды салу тек император жанұясы мүшелеріне ғана тиесілі болған.

Осы тұста айта кететініміз көшпелілер әлеуметтік жіктелуді генеалогияға арқа сүйеп, идеологиялық тұрғыда заңдастырған.

Қоғамдағы саяси сананы қалыптастыратын келесі бір түзілім әлеуметтік институттар екені мәлім. Өйткені ол қоғамдық жүйенің негізі ретінде, әр түрлі әлеуметтік топтардың өзара қарым-өатынастары мен тіршілігін қамтамасыз етеді. Бұл орайда К.Ақышев көшпелілер мемлекеті өркениетті елдердегідей қалыптасқан әлеуметтік құрылымды заңды түрде қорғай білетіндігіне назар аудара келе: «Государство тюркских и тюркоязычных народов было как и во всем цивилизованном мире, органом призванном защищать и узаконивать сложивщуюся социальную структуру» - деп жазған болатын. Көне заман авторлары көне грек, парсы т.б. тілдердегі мәліметтерді жинақтау сақ қоғамының әлеуметтік құрлымын пайымдауға қол жеткізді. Мәселен ертедегі жазбалар негізінде Қытай тарихшысы Су Бихай сақтардың қоғамдық құрлысы туралы: «Сақтар патшалық саяси түзімдегі ел болған. Кей мәліметтерде олар үш ірі тайпалық бөлікке бөлінеді, әрбiр бөлiк өз ішінен және де белгілі территориялық аумақтан құралады, әр аумақты бір басқақ басқарады»-деп суреттеген. Сонымен сақ қоғамының әлеуметтік жіктелуін былай елестетуге болады: иерархиялық сатының биік тұғырында патша мен ханша, шонжарлар мен «ақсүйектер», салт атты жауынгерлер, төменгі сатысында – тәуелді адамдар, құлдар, қызметшілер, жаяу жауынгерлер орналасқан. Осыған орай К.Ақышев былай деп тұжырымдайды: «Саки своих умерших царей облачали в золотое одеяние, помещали в просторные погребальные камеры, а над ними сооружали архитектурный памятник – огромный курган. Обряд погребения других членов общества упрощался по мере понижения на ступениях иерархической лестницы». Археологиялық қазба материалдары көрсетіп отырғандай, рулық қорымдардың алыптығымен және жерлеу рәсімінің байлылығымен ерекшеленетін ақсүйектер зираттары үйсіндер дәуірінде де кең құлашын жая түскен.

Үйсіндер туралы алғашқы хабарлар б.д.д. II ғасырдың аяғында пайда болады. Кемеліне келіп дәуірлеген тұсында үйсін елінде 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың сайлаулы әскері болған. Бұл сан үйсіндердің сол дәуір деңгейімен салыстырғанда аса құдіретті болғандығының көрсеткіші болса керек. Осыған орай тарихшылар: «Үйсіндер батыс өңірдегі мейлінше құдіретті мемлекет болғанын» ерекше атап өткен.

Көшпелі мал шаруашылығына көшу коғамның өндіргіш күштері дамуында ілгері басқан қадам екені айқын. Осы негізде сақтар дәуірінде басталған малға жеке меншік үйсіндер кезеңінде қоғамдағы шұрайлы жерлерді басып алу үрдісімен жалғасты. Осы тұста назар аударарлық жайт: жерге жеке меншік дегенде қысқы жайылымдар ғана болса керек. Өйткені ерте және кейінгі көшпелілерге тән құбылыс жерге мемлекеттік жеке меншік қалыптасып және ол қауымдық пайдалану арқылы жүзеге асты. Жазбаша деректемелер мен қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттардың саны мен сапасы, үйсіндерде меншікті мүліктің болғандығымен қатар әлеуметтік топтарға шартты түрде бөлуге де мүмкіндік береді. Осы мәселемен айналысқан К.Ақышев Жетісу өңіріндегі үйсін заманынан қалған 2 мыңға тарта обаларды үш тұрпатқа бөліп көрсеткен. «Первый из них – большие земляные курганы диаметром 50-80 м и 8-10-12 м высотой. Под насыпью обычно бывает две-три могилы, содержащие мужские и женские погребения. В кургане Тенлик, некогда была захоронена знатная женщина. Одежда её украшена золотыми художественными бляхами и бляшками, на ушах-золотые серьги с зернью. В могилу положена железная, искусно обтянутая золотом булава – знак принадлежности к знати.

Второй и третий тип курганов размерами резко отличается от первого, а между собой — в такой же степени найденными при раскопке инвентарем. Размеры курганов второго типа данные могильника Каратома варьируют в пределах 15-20 м диаметром и до 1 м высотой. И наконец, третий тип курганов представляют собой большинство раскопанных. Это небольшие насыпи в 5-10 м диаметром и 30-50 см высотой. Погребальный инвентарь предельно однообразен и беден». Зерттеу нәтижесі дәлелдегендей аталған бірінші үлгідегі үлкен обаларда белгілі — ірі меншік иелері мен олардың әйелдері қойылғанын байқауға болады. Орташа обаларда халықтың негізгі бөлігін құрайтын қатардағы ерікті қауым мүшелері, ал ұсақ обаларда – тәуелді ұсақ өндірушілер мен құлдар жерленген. Осы аталған сақ дәуіріне кейінгі үйсіндерге тән әлеуметтік-мәдени құбылыстарында жергілікті ерекшеліктер бағыты көріне бастайды. Көшпелілер қоғамының әлеуметтік-саяси жүйесіне ықпал еткен фактор – кіндік Азия даласында тұңғыш империясын құрған ғұн тайпаларымен байланысты еді. Олар көп ұзамай - ақ Байкал сыртынан Тибетке дейінгі, Орта Азиядан Хуанхэге дейінгі территорияны басып алады. Ғұндар б.з.д ІІ ғ. Алтай, Қазақстан, Орта Азия өңірлеріне келіп, жергілікті тұрғындар арасына кең бейбітшілік жолдар арқасында ұзақ уақыт этномәдени және лингвистикалық араласу процестерін күшейткені сондай, тіпті өздерінің бұрынғы этимологиялық атауын өзгертуге дейін барған. Сонымен қатар ғұндар Шығыс пен Батыс арасындағы халықаралық сауда, экономикалық, мәдени байланыстардың негізгі өзегіне айналды.

Сонымен, белгілі археолог К.Ақышевтің зерттеулерінен көріп отырғанымыздай үйсін мен ғұндар қоғамдарының үлгісіндегі ежелгі көшпелі, алғашқы таптық бірлестіктердің басқа бір сипатты белгісі өзінше бір әкімшілігі мен күштеу аппараты бар мемлекеттіліктің қалыптасуы болып табылады, олар рулық-тайпалық құрылыс органдарын сол кезде - ақ ішінара алмастырып, ішінара солардың бейнесін алып, оларды жаңа жағдайларға бейімдейді.

Сақ, ғұн, т.б. көшпелі халықтардың ерте қоғамы біздің заманымыздың VI ғасырында қалыптасқан түрік мемлекетіне ұласты.

Жоғарыда келтірілген деректермен пікірлерді қорытындылайтын болсақ, көшпелілер қоғамындағы мемлекеттіліктің дамуына мыналар ықпал етті:

Біріншіден социумның әлеуметтік-экономикалық даму процесі әлеуметтік теңсіздіктің шиеленісуіне одан әрі қоғамның жоғары жағына билік институттарының шоғырлануына әкеп соқты.

Екіншіден, көшпелілердегі туысқандық қатынастар жүйесі әлеуметтік ұйымдасуында құрылым құрушы қызмет атқарды.

Үшіншіден, жазу мәдениетінің болуы заттық және рухани мәдениеттің гүлденуіне мүмкіндік берді. Сонау сақ қорғанынан табылған 26 әріптен тұратын Есік жазуы ерте заманнан бастап Қазақстан тұрғыларының оларды пайдалана білгенінің айғағы болса керек. Бұл сол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ұйым дамуының жоғары деңгейін білдіреді. Мемлекет пен жазудың пайда болу үрдістері өзара байланысты. Өйткені жазу мемлекет қалыптасқаннан кейін біраз уақыттардан соң ғана пайда болған.

Сонымен К.Ақышевтің археологиялық зерттеулері мен ғылыми еңбектері көшпелілер мемлекеттілігі мен Қазақстан тарихын зерделеуге мүкіндік беретін мол қазына.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Нурсан Алимбай. Культура жизнеобеспечения в традиционном казахском обществе// Н.Алимбай, М.Муканов, Х.Аргынбаев. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов, с. 62-109.

2. Трепавлов В.В. государственный строй Монгольской империи ХІІІ века // Проблемы исторической преемственности. М., 1993, 32 с.

3. Степи европейской части СССР в скифо-сарматское время. – М., 1989

4. Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы – 1994, 54 с..

5. Акишев А. Искусство и мифология саков. Алма-Ата, 1984.

6. Акишев К.А. Экономика и общественный строй южного Казахстана и северной Киргизии. В эпоху саков и усуней. Москва – 1986, 18 с.