Ел ішінде Абылай туралы ақиқаттан аңыз басым
14.02.2022 2587

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, абылайтанушы, ғалым Зарқын Тайшыбайұлы ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне аяқ басып отыр. Өмірін ғылымға арнаған ағамыздың мерейтойлы жылына орай шағын сұхбат өрбіттік. Сұхбатта Зарқын Тайшыбайұлы Абылай хан төңірегіндегі аңыз бен ақиқат арасы, өзінің «Абылай хан тарихы» атты үш томдықтың негізігі құрылымы жөнінде және соңғы Қаралы Қаңтар оқиғаларына қатысты пікірлерін білдірді. Қадірлі оқырман тұшынып оқитын сұхбат болды деп ойлаймыз.


– Зарқын аға, келе жатқан 80 жасыңыз құтты болсын! Осыған дейін журналистика саласында да, тарихта, абайтану ғылымында да еңбек еттіңіз. Архивтерді ақтарып, қаншама тың мәліметтерді айналымға салдыңыз. Қазақ елінде өмірін тек еңбекке арнаған сіздей адамдар некен-саяқ. Осы салалардың қайсысын бәрінен жоғары қоясыз? Қай салада жұрттан артықтау із қалдырдым деп ойлайсыз?

– Иә, мен өзімді ең алдымен журналиспін деп санаймын. «Иә, Сіз журналиссіз ғой» десе, марқайып қаламын. Жасыратыны жоқ, пенде болған соң, кей замандастарымыз өзінің журналистігін, мысалы, ақындықтан, жазушылықтан, ғалымдықтан төмен қойып, тіпті «журналист» десе, олқысынып қалады. Неліктен олай – өздері айта жатар, бірақ, тағы қайталап айтамын, мен журналиспін және осынау қасиетті кәсіптің атауына, бағасына, сыны мен сипатына лайық болсам, армансыз өтер едім. Кәсіптің, мамандықтың, өнердің, ғылымның шыңына жеткеннің әрқайсысы-ақ құрметті. Бірақ, мен журналистиканың шыңына жете алмай келемін, жете де алмайтын шығармын. Өйткені сол «шыңның» өзінің өлшемі қандай екенін білмеймін. Тек қана іздену, талпыну, тағы да іздену, ояң тұстарды толтыру, жетілу, тағы да іздену...

Жалпы мен, ерте заман оқымыстысы айтты дегендей: «Мен ештеңе білмейтінімді білемін». Бұл, «қараңғымын» деген емес шығар, іштей қанағаттанбағандық, білсем, жетсем деген «тойымсыздық», танып-білуге құмарлық болса керек және мен өзімді бақытты сезінсем, осы тойымсыздығыма қарыздармын. Шәкірттеріме де соны айтамын. Адам өмірге не үшін келеді? Көрсем, білсем, танысам, деп келеді... Әр жағын өзіңіз жалғастыра беріңіз.

Қайталап айта берейін: неге журналистика? Өмірлік азық болғаны, жалақы табудың көзі болғаны үшін ғана емес. Бұл – алдымен, ақпарат тарату десек. Ақпараттың ақиқаттығы, адам қоғамының қажетін табуға, пайдасына ұмтылып, залалынан аулақ болуға бастайды. Таратып айтпасам да, түсінікті.

Екінші, көсемсөз. Інжілдегі «Әуелі пайда болған құдырет – сөз» дегенді бәріміз қайталаймыз. Бірақ, сөз құдыретін әркім өзінше түсінеді. Тіпті, «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» дегенді, солай екен деп, бас иеді. «Жарақты жауды жайратқан сөздің» қасиеті Мақпал қарындасымыз сыңсытатын «Бір ауыз сөзге» сыйып тұр емес пе?

Үшіншіден, журналистика – ғылым. Ғылымның төресі. Адамтану ғылымы. Журналист жазып отырғанда, көз алдына оқырманы тұрады, айтып тұрса, тыңдарманы тұрады. Журналист адам үшін, өзінің замандастары, отандастары үшін жазады, сөйлейді. Солардың жан сезіміне әсер етеді, ойын қозғайды, талғамын ұштайды, сергітеді, қуантады, тебірентеді, жирендіреді... Әйтеуір жазу үшін жаза салмайды, айту үшін айта салмайды. Ойлап жазады, ойлап, мақсатты түрде, көздеп сөйлейді.

– Ақын да, жазушы да босқа жазбайды, текке сөйлемейді ғой...

– Мен, әрине, болған, толған, халқының бағасын алған көсемсөз шеберлері туралы айтып отырмын. Және көсем сөзге қалам тербеп жүргендерге тілек тілеп отырғанымды да түсінерсіз.

– «Абылай хан тарихы» деген үш томдық шығарыпсыз. Абылай тұлғасын көрсете алдыңыз ба? Әлде бұрыннан келе жатқан «Алпамыстың қылышы... алпыс құлаш, Қобыландының құрығы қырық кез...» емес пе? Аз-кем тоқталыңызшы. Әсіресе, жастарға керек мағлұмат.

– «Абылай туралы айтыңыз» дейсіз, Абай бабамыздың ескертпесін сәл бұзып айтайын: «Абылай» деп айта салу оңай емес. Мұнымды «Абылай туралы» айтып жүргендерге ескерту деп қабылдаңыз. Осынау мықты қазақтың бағасын, мына бізден гөрі артық еңбегін данышпан аталарымыз бұрынырақ беріп қойған. Солардың бір-екеуін қайталайын және Сіз үшін ғана емес, жастар жағы тағы бір оқып көрсін, деген ниетпен:

«Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры» Шоқан Уәлиханов;

«Абылай заманында сүрген дәуренді қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң, бұл заманғаша көрген емес», –деген ғұлама Мәшһүр Жүсіп;

«Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас... Өйткені, «... сол аласапыран дәуірде қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «Қазықұрттай» үміті жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын.» Мұхтар Әуезов.

Демек, Абылайды білуіміз керек. Бүкіл қазақ білуі керек. Менің бұл бағыттағы істегендерім, жоспарым – Абылайды таныту. Қазіргі және келер ұрпаққа. Ұлтты сақтап қалған ұлы тұлға қол қойып, жазды деген, немесе, оған жазыпты деген бір ғана емес, бес хатпен жай танысқан адамның сезімі қандай күйде болады. «Абылай хан сөйтіпті, бүйтіпті, былай депті» деген ауызша айтылған қисса мен аңыздың өзін елеңдеп тыңдаймыз. Ал, мен сондай бір мыңнан аса басқа тілде сақталған құжатты қазақшаға аударып, ұлдарымыз бен қыздарыма ұсынып отырмын. Менен олжалы, менен бақыты жан бар ма?! Өзім осылай деп санаймын. Сол олжамды халқыма үлестіріп отырмын.

– Абылай ханға қатысты пікіріңізде, Абылайдың Сабалақ атанғаны, Төле бидің түйесін баққаны туралы аңызды жоққа шығарасыз. Абылай хан ордасында тәрбие алған деп қарайсыз. Осы пікірді дәлелді түрде баяндап берсеңіз.

– Ерекше қасиеті бар, ақыл-ойы кемел, көпшіліктен мойыны озық жаратылған тұлғалардың бағасын жақсы көрген жақын-жақтастары ғана емес, жаулары да беретінін ескеріңіз де, осы бір «сабалақ» деген жайсыз естілетін сөздің нені білдіретінін іздеген жан бар ма? Мен іздедім. Жеңілмейтін, батыл қимылдайтын, бой күші де кәміл, жауын жайратып түсіретін батырлығы үшін «Абылай! Қай Абылай? сабалақ Абылай», яғни сабайтын, соқса, оңдырмайтын Абылай, міне қарапайым ғана осылай түсіндірдім, батырлығы үшін жаулары, қарсыластары тарапынан берілген сипаттама екенін көрдіңіз. «Сабалах», яғни бұрынғы қалмақ тілінде, қазіргі моңғолша, «Сабау» деген түбірден туған: Сабаушы, жауынгер, батыр [Монгол-казах толь, Өлгий-1984,403-бет] дегенді білдіреді. Киімі жыртық, көрбала, қолбала болғаны үшін емес.

Ал, жетім қалып, «Ораз есімді аталықтың тәрбиесінде болуы» жөнінде таралған аңыздың да негізі табылды: - Аралдың (халқы өзбектер) Мұса ханы 1712 жылы қаза болғанда оның Сәтемір деген ұлын Оразалы деген аталық (ханның құлы) жасырып, аман сақтап қалыпты» деген дерек бар. [«История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», ІІІ том. Алматы 2005, С. 104.] Ауыз әдебиетіндегі ежелгі ұйқастыра дәріптеу, айтулы тұлғалар төңірегіндегі мифтік әсірелеудің тағы бір мысалы. «Әбілмансұр» деген есім Абылайға қатысты жазба деректерде кездеспейді, бұл да аңыздарға кейін қосылған – арабша «Жеңімпаз» дегенді білдіретін лақап. (Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы жазған делінеді), аңызға кейін, ХІХ ғасырда қосылған. Шын мәнінде толық аты-жөні – «Абылай-Мұхаммед Баһадүр сұлтан». Аңыз демекші, «Абылайдың ақ бурасы» туралы естіген шығарсыз. Бұл, тіпті ХХ ғасырға таяу шыққан аңыз. Себебі, Көкшетау ішіндегі «Қарағайлы» көлінің, Бурабай аталуы 1845-50 жылдары, көлдің жағасынан салынған шағын ғана елді мекенге орыстар «Выселок Боровое» деп ат қойғаннан ғана басталады. Оған дейін аман-есен қазақтар да, орыстар да «Қарағайлы» деп атап жүрген, ал, осы күні Шебачье деп жүрген көлімізді «Көкшетаудың Шалқары» деп атаған...

Әйтеуір аңызға кеттік қой, Бұхар жырау айтты деген «Көкшетауға кәпір қала салды, қала салды ойла!..», – деп Абылай ханды ескертіпті-міс дегенді қарап көріңіз. Ақмола, Қараөткел, Қарқаралы, орыстар бұл қалаларды 18-ғасырда салып па еді? Бір мезгіл аялдап, сабырмен ойлап көрмейсіз бе? Ғылым тілінде «Зар заман ақындарының» айтқандары емес пе?

– Бұқар жырау, Үмбетей жырау айтқандары Абылай ханның өмірбаянымен қалай қабысады?

– Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандық шартына қол қойғаннан кейін, жаңа геосаяси жағдайда, қазақтар солтүстік және шығыс өңірлерін қымтай бастауы заңды ғой. Бұрынғыдай ашық-шашықты жағдай көтермейтін болды. Жерге ие болу, шегараны бекіту мәселесі тұрды. Тәуке хан тұсында билікті бір орталыққа шоғырландыру жөніндегі бастаманы тиянақтаған Сәмеке хан. 173З жылдан бастап, қазақ даласын билеудің жаңа тәртібін енгізіп, әкімшілік-аймақтық бөліктерге бөліп, оларға сұлтандар тағайындап, тайпа-руларды белгілеуге кіріседі. Мысалы, Абылай сұлтанға солтүстіктегі уақ-керей, атығай, қарауыл; Құдайменде сұлтанға батыстағы қыпшақ; Әбілмәмбет сұлтанға қуандық, керей; Барақ сұлтанға шығыстағы найман; Абылайдың немере ағасы Сұлтанмұхаммет сұлтанға Ертістің Жәміш, Железен бекіністеріне қарсы аймақтардағы қыпшақтарды басқартқан. Абылай 1733 жылы Көкшетау өңірін басқаруға тағайындалып, немере ағасы Сұлтанмұхаммет (ауызекі Сұлтанбет, Сұлтанбек, орысша Солтанмамет аталған) екеуі отбасымен, нөкерлерімен келіп, билік қызметіне кіріскен.

Ойлап көріңізші, Абылай сұлтан Төле бидің ауылынан Бөгенбай батырға (аңыздағыдай) міңгесіп, Көкшетауға келген екен. «Сонда Сұлтанмұхаммет сұлтан кімге міңгесіп келді?» деп сұрамайсыз ба?

Түркістаннан қоныс аударғанда, қасында, әдеттегідей, аталығы, ақылшы-күтушісі болуы заңды.

Жыраулардың атымен аңыз болып, ел аузында «Абылай 20 жасында... танылып, билікке ие болыпты» деген жорамалдың шығу тегіне үңілсек те, осы 1732-33 жылдар екеніне негіз бар. Сақталған құжатта 1731 жылдың қысында «Сәмеке хан жоңғар қоңтайшысына соғыспен бару үшін 6 мың қол жинап отырғаны, оны Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан және Жәнібек батыр қолдайтыны» осы кітапта айтылған. Жоңғарлар мен қазақтардың арасында, атап айтқанда, «...1732 жылдың 16 тамызда қазақтар қалмақтармен соғысып жатыр,...қалмақ қолының саны 7 мыңнан асады. Олар 20-дан аса киіз үй мен біраз жылқы-қой әкетіпті». Тағы бір хабарда, «қоңтайшы қалмақтары 200 түндікті шауып, 6 мыңнан аса жылқы мен 10 мың қой әкетіпті», – деген құжат бар.

– Әбілқайыр хан мен Абылай ханның арасы қандай болған деп ойлайсыз?

– Ойламаймын, білетінімді айтамын. Абылай сұлтан, біріншіден: Әбілқайыр ханның інісі, (Абылай өзі солай дейді) екіншіден – күйеу баласы, үшіншіден – ұстазы, яғни Әбілқайыр ханның жаңылыс басқан ізіне түспей, тартынып отырған. Мен білетін Абылай сұлтан күншіл, таққұмар, баққұмар, дүниеқоңыз болмаған. Өзгенің абырой-атағына таласпаған. Әбілқайыр ханды сыйлап өткен, мысалы, Әбілқайыр ханның қазасына, бүкіл қатты қапаланған, тіпті Барақ батырды мерт қылуғаға дайын екенін өз аузынан айтқанын оқыңыз.

Қазақ тарихшыларына беймәлім болып келген мына жай да Әбілқайырдың қазаққа аға хан болып сайланғанын білдіретін құжаттар негізінде дәлелденді.     

Әлқисса, 1737 жылы шілде айында Қазыбек би бастаған Хан кеңесі Кіші жүз бен Орта жүздің шегарасында, Елек өзені бойындағы екі жүздің бірігуі түрінде өткен құрылтайына Абылай сұлтан да қатысқан. Әбілқайырды ортақ аға хан сайлағанда дауыс берген 25 жасар «Абылай-Мұхаммет сұлтан баһадүр» атымен хаттамаға түскен. Сол жолы Абылай сұлтанды башқұрттар хандыққа шақырды, қазақтар бермек болды. Бірақ, бұл шақыру Ресейдің ішкі шаруасына араласу болып табылатындықтан, жас сұлтан хандықтан бас тартты деуімізге болады.

– Кейіпкеріміздің мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасынан бірер мысал келтірсеңіз...

– Келтірейік. Абылай 1740 жылғы 28 тамызда Әбілмәмбет ханның бас уәзірі ретінде Ор бекінісінде Ресей патшасы деңгейдегі келіссөзге қатысып, рәсім үстінде Орынбор комиссиясының бастығы генерал В. Урусовпен тең дәрежелі әріптес ретінде қазақ қоғамының маңызды мәселелерін шешіп, екі жақты қауіпсіздікке кепілдік алды. Осы келіссөздің барысында Абылай өзін ханнан кейінгі екінші ресми тұлға ретінде ұстап, ішкі мәдениеті бай, ой-пікірін айқын және батыл жеткізе білетін, дипломатияның қалтарыс-бұлтарыстарын сергек танитын, әбден пісіп-жетілген мәмілегер тұлға ретінде Ресейдің биік шенді әкімдерін таң қалдырған. Ресми әңгіме, сөзжарыс, пікір алысу үстінде партнердің аңысын аңдып, дер кезінде ескертпе жасап, қажет десе жауап беруден тартынбаған жас Абылайды олар келешекте бірден-бір әріптес ретінде мойындағаны сол жерде қағазға түскен.    

Осы кездесудің қорытындысы бойынша патша сарайына 1740 жылғы 8 қыркүйекте жазған хатында генерал Урусов қазақтардың келіссөз мәдениетінің мұнша жоғары болатынына өзінің таңданысын жасыра алмаған. Әсіресе, Абылай сұлтан көрген-білгені көп, ысылған мәмлегер ретінде танылған. «...Сыртқы істер алқасынан маған биылғы 30 мамырда, Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға тапсыру үшін грамота жіберілген еді». Грамотада олар ел ағалары (старшины.-З.Т.) деп аталыпты. Ал, ежелгі хан тұқымынан шыққан Әбілмәмбет пен Абылай дәстүр бойынша сұлтан деп аталатын көрінеді.

– Жас Абылайдың жекпе-жекте Қалдан Сереннің ұлы Шарыш есімді қалмақ батырдың басын қағып алғаны рас па?

– Жазба деректерде жоңғарлар 1739 жылы бір рет, 1740 жылдың соңы-1741 жылдың басында екінші рет қазақ жеріне шабуыл жасайды. Сол жолы орыстардың жазуы бойынша «Қалдын Серен әулетінің бір жақын ағайынын» мерт қылған Абылай сұлтан, қолға түсіп қалады. Ол адамның есімі құжатта аталмаған. Ал, аңыздағы Шарыш батыр дегенді төрт ойраттың біреуі, қалмақша Цорс, қазақша Чорұс, орыстар Шорос деген тайпаның атауын қазақтар бұрмалап, Шарыш деп атап кеткен деп білемін. Яғни Қалдан Сереннің руы осы Чорұс. Демек, ол жеке кісінің аты емес, этноним. Сөйтіп, «Қалдын Сереннің рулас ағайынын мерт қылыпты» деп түсінсек жарайды. Өйткені, жоңғар ханында ондай ұл болмаған.


– «Абылай хан тарихының» құрылым жүйесін айтыңызшы.

– Кітапта төрт монография және 1015 құжат бар. Қазақша, түсініктерімен берілген. Есім көрсеткішінен көресіз, алпыстан аса батырдың аты аталады. Абылай хан туралы ел жадында сақталған әртүрлі мағлұмат көп. Бері қойғанда екі ғасыр бойы халқымыз Абылайға байланысты көптеген аңыз-әфсаналар тудырды, әр кезеңде ақындар жыр-дастандар арнады. Қазақ халқының басынан өткен қилы-қилы оқиғалар мен құбылыстар туралы сөз болғанда, ХVІІІ-ғасырдағы ауыз әдебиетінің асқақ кейіпкері, халықтың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Абылайдың ғажайып кісілік тұлғасын көреміз. Ауыздан-ауызға жетіп, уақыт көші ілгерілеген сайын, жаңғыра жаңарып келе жатқан халық мұрасында Абылайдың адал ұл, ержүрек батыр, көреген қолбасшы, ұлттың кемеңгер көсемі екендігі паш етіледі.

Бірақ, бұл шығармалар тарихтағы Абылайдың өмірі мен қызметін жан-жақты әрі толық көрсететін іргелі ғылыми-зерттеудің орнын толтыра алмайды, нақты дерек те бола алмайды. Рас, ХVІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарының соңын ала тарих сахнасынан көріне бастаған Абылай есіміне қатысты орыс, қытай, моңғол мұрағаттарында сақталған құжаттар мен материалдар әр кезде тарихшылар үшін бағалы деректердің қайнар-көзі ретінде ғылыми айналысқа түскен. Оның ішінде бір еңбекте іске жараған деректің басқа зерттеулерге сол күйінде ғана көшіп отырғаны, кезекті зерттеушінің сол үзінді алынған құжаттың толық мәтініне қолы жете бермей, ғылыми таным өрісі тарылғаны да ақиқат.

Кезінде орыс тіліне аударылған құжат мәтіндерінің Қазақстан тарихы бойынша арнайы дайындалған ғылыми жинақтарға енгендері бар. Бірақ, ол материалдар да қалың көпшіліктің танысып, пайдалануына бірнеше себеппен жете қоймады. Біріншіден, орыс тілінде сақталған бұл материалдар («Материалы по политической истории Казахстана», «Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках» т.с.с.) кеңес заманында, басым насихат уағызының мүддесіне лайықталып, сұрыпталып, кейде едәуір ықшамдалып қана басылып шықты, оның өзінде «Қазақстанның Ресейге өз еркімен ғана қосылғаны» жөнінде қалыптасқан ұшқары ұстанымды дерек көздері арқылы тиянақтау мүддесіне қарай бұрмаланды. Демек, бұл деректердің танымдық құны қымбат болғанымен, әлі де объективтілік жағынан кемшін жатқаны түсінікті.

Ғылыми жинақтар, негізінен, зерттеушілерге ғана арналып жасалғандықтан, оларға тиісті түсінік берілмеген, әрі мұндай арнайы басылымдардың таралымы аз болып, қалың қауымның игілігіне бұйырмай, бұл күнде және келешекте қолға түсе бермейтін, қат дүние саналады.

Үшіншіден, Ресей мұрағаттарындағы материалдар ХVІІІ-ғасырда қолданылған көне кирилл әлібімен, сол замандағы сөз саптауымен жазылғандықтан, орысшасының өзі оқырманның түсінуіне оңай емес. Бұған сол заманда құжат түзушілердің, кеңсе қызметшілерінің, хатшылардың жазу-сызу, баяндау сауатының нашарлығы, мәтін орфографиясының ерекшелігі де бүгінгі ұрпаққа қиындық келтіреді. Сондай-ақ, кезінде қазақшаға орашолақ аударылған кейбір жекелеген материалдар, тарихқа іңкәр қауымның қажетін өтей алмайды.

Қытай мұрағаттарындағы деректер ақтарылып, қазақ тарихының қажетіне жаратыла бастағаны да қазір ғана. Ал, бұл құжаттарды басқа қайнар көздермен салыстыра, ұштастыра пайдаланудың жөні мен маңызы бір басқа.

Осы және басқа да кемшіндердің орнын толтыру мақсатында Абылай тарихына байланысты мұрағат деректері мен ХVІІІ ғасырдан сақталған басқа да құжаттық материалдарды салыстыра зерттеп, жинап, қазақ тілінде бір арнаға түсіру жұмысы арнайы қолға алынды. Бұл арада негізгі ұстаным – деректер сол заманның елеулі оқиғалары бойынша емес, құжаттардың шыққан асыл тегі қандай екеніне қарамастан, тек қана хронологиялық тәртіппен жүйелеу екенін байқайсыз. Осылайша, уақыт жүлгесімен қуа таныстырып отырғанда, ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының сипатын, сол арқылы Абылай сынды тұлғаның бейнесін неғұрлым шындық тұрғысында ашып, оның тарихымыздағы орны туралы нақты ғылыми тұжырым жасауға болады, деп ойлаймыз.

Реті келгенде, ескерте кету керек, Абылай туралы халық арасында, тіпті тарихшы мамандар арасында да әртүрлі кереғар пікірлердің туатыны да осындай жүйелі, ғылыми еңбектің жоқтығынан. Қазақстанда осы уақытқа дейін қазақ тарихында елеулі із қалдырған тұлғалардың өмірі мен еңбегіне қатысты мұндай толық және бір ізге түсірілген деректер жинағы жасалып, жарыққа шығуы сирек. (Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі. Алматы, 1997 ж. деген жалғыз ғана толымды әрі іргелі ғылыми басылымның, әрине, жөні басқа, 2018 жылы Қызылжарда «Мағжан Жұмабай. Өмірі мен шығармашылығының шежіресі» деген екі томдық ғылыми басылым шығардық. Өкінішке қарай, қаржы болмай, таралымы аз ғана, көпшіліктің қолына әлі тиген жоқ).

Қолыңыздағы кітапқа қамтылған материалдардың төркін-тегі көрсетілген. Солардың ішінде, айталық, Ресейдің көне құжаттар мемлекеттік мұрағаты, Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты, Омбы облыстық тарих мұрағаты, Орынбор облыстық мұрағаты қорларынан кейінде табылған 250 құжат тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. (Мұндай мәтіндердің бас тақырыбының тұсына (*) жұлдызша белгі қойылды). Бұрын орыс тілінде жарық көрген материалдардың барлығын тұңғыш рет қазақшалаған Зарқын Тайшыбай болғандықтан, бұл жөнінде олардың әрбіреуінің соңына арнайы түсінік беруді артық санадық.

Әртүрлі мұрағаттарда қайталанып, көшірме түрінде кездескен құжаттарды салыстыра отырып, бірімен екіншісін толықтырдық немесе екі-үш мәтіннің ішінен толық нұсқасын таңдап алдық, олардың төл түпнұсқасы қайда жатқанын нұсқап көрсеттік. Бұрын орыс тілінде қай жерде, қашан және қандай түрде жарық көргенінен ақпар бердік. Барлық құжаттарға мазмұнына қарай, шартты тақырып қойылды. Кейде, жеке құжаттардың бір ғана мәселеге арналмаған, бір қағаздың бетінде, бір мәтіннің ішінде әртүрлі тақырыптар қамтылған жағдайда, мұндай құжатты ықшамдап, Абылай есіміне тура немесе жанама түрде қатысы бар деректер іріктеліп алынды. Құжаттың қағазға түскен күні, барлық жағдайда дәл бола бермеуі мүмкін. Негізінен, құжаттың хатталған күні көрсетілді, кейде жазылған күнін анықтау қиын болғанда, сол қағазды алушының қолына тиген күні, немесе түпнұсқадан орысшаға аударылып, кеңседе тіркелген күні көрсетілді. Жекелеген құжаттардың мазмұнына жүгініп, жазылған уақыты жуық шамамен белгіленгенін де ескерту парыз. ХVІІІ ғасырдағы орыстық жыл санауының ерекшелігіне қарай, «ескі стильдің» қазіргіден 12 күн айырмасы бар екенін оқушымыз түсінуге тиіс.

Сондай-ақ, Қытай мемлекеттік мұрағатынан зерттеуші Қойшығара Салғара тапқан құжаттардың ішінен Абылайға қатыстыларын іріктеп қостық. Қазақ-қытай қатынастарын зерттеуші Нәбижан Мұқаметқанұлы анықтаған деректер ықшамдалып, пайдаланылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Шығыстану институтының күшімен Қытай Халық Республикасының мұрағаттарынан табылып, қазақшаға аударылған деректерге сілтеме жасалып, аудармашылары (қытайшадан – Бахыт Еженханұлы, манчжур тілінен – Нәпіл Базылхан) көрсетіліп, мәтіндер мазмұндалған түрінде осы жинаққа қосылды.

Мынаны да айтпасқа болмас: кейбір деректер, мысалы, Кіші жүздің Ресейге бодан болуы, Әбілқайыр ханның қызметі мен қазасы, Ұлы жүздегі оқиғалар, Ресей-Қытай, Ресей-жоңғар, Қытай-жоңғар қатынастары, осы көршілердің өз ішіндегі оқиғалар, жеке тұлғаларға тәтпіштеп берілген түсініктер т.б. материалдар Абылай туралы емес, оның аты аталмайды, демек, бұл кітаптың тақырып өрісінен тысқары емес пе? деген түсінік қылаң беруі мүмкін. Мәселенің мәнісі – Абылай тұлғасын сол кездегі Қазақ хандығының тарихынан бөліп алып, дара қарауға болмайтындығында. Ол өз заманының, өзі өмір сүрген ортаның перзенті, ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше дәстүрі бар ұлттың ұлы, сол ұлттың ерекшеліктерін бойына жиып, өзінің бүкіл іс-әрекетімен, мінез-құлқымен, ой жүйесімен өскен азамат. Демек, Қазақ хандығы да, жапандағы жалғыз үй емес, көршілерімен қарым-қатынастағы жанды құбылыс сипатында жас Абылайдың шағында қандай болғаны, Абылай ат жалын тартып мінген, билік жүргізген кезде, тіпті одан кейін қандай жағдайда болғаны – Абылай бейнесін ашатын айна деп түсіндік.

Қазақ тарихы үшін маңызды, оның ішінде Абылай хан өмірінің аса күрделі кезеңдерін бейнелейтін, бағалы дерек көзі болып табылатын бұл жазбаларды алғаш қазақ тіліне аударғанда, алдымен түпнұсқадағы түсінігі, мазмұны қазақша неғұрлым дәл, бұрмаланбай, жазылу стилі мүмкіндігінше сақталып, мәтін авторының мақсатын, сол сәттегі көңіл-күйін сездіріп беруге ерекше көңіл бөлінді.

Қазақ тарихындағы 18-ғасырдың бейнесін көркем кестелеген Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» ерлік санаймыз. Барша қазақ мойындаған шындық. Одан кейін Қабдеш Жұмаділдің «Дарабозын» айтамын. Ал мына мен ұсынып отырған «Абылай хан тарихында» шығармаларда көркемдік мүддесіне қарай бірде артығырақ, бірде кемірек бейнеленген оқиғалардың нақты көрінісі берілген. Сол үшін де кітабымды тарих деп атадым, яғни 18 ғасырдағы Қазақ тарихы, басты кейіпкер Абылай хан.

«Дарабозға» қалай келдің?» дегенде сұраған журналиске атақты жазушы Қабдеш Жұмаділдің берген жауабын мен де қайталайын:

«...бізде он сегізінші ғасыр тарихы там-тұмдап жазылғанымен, шалажансар күйде еді. Ең бұрмаланған тарих – он сегізінші ғасыр тарихы. Басты тақырып не – Қазақстанның Ресейге қосылуы. Басты қаһарман кім – Әбілқайыр хан. Әбілқайыр көреген, данышпан, орысқа бодан болып, соның арқасында біз социализмге, адамзаттың нұрлы болашағына алдымен қадам бастық. Міне, осылай айтылатын. Қала берді, «Абылай хан Қоқан мен Қырғызды шапқан басқыншы. Қабанбай да солай, қырғызды шапқан, Әтеке жырық деген батырын жекпе-жекте өлтірген. Әбілқайырды мерт қылған Барақ сұлтан да жақсы адам емес», – міне, жалған тарих осылай жазылды. Джавахарлал Нерудің: «Отар елдің тарихын отаршылдар жазады» деген сөзі бар. Біздің он сегізінші ғасырдағы тарихымызды отаршылдар жазып берді. Менің осыған дейін оқыған дүниелерім осылайша көкірегіме беріш болып байланған. Төңкеріліп жатқан дүниені өз орнына қою, шындықты, ақиқатты қағаз бетіне түсіру қажет болды. «Дарабоз», міне, осындай айқын мақсатта жазылды. Анығында он сегізінші ғасырдағы негізгі оқиға – Ресейге қосылу емес, жоңғарға қарсы азаттық соғысы болатын. «Ақтабаннан» кейін Шығыстағы алты облысты жоңғар басып жатты. Аз уақыт емес, мұның өзі 30-40 жылға созылды. Ал кейін осы өңірлерді кім азат етті? Біз осыған жауап іздедік. Сөйтсек, он сегізінші ғасырдағы басты қаһарман – Әбілқайыр емес, жоңғарды қазақ жерінен қуып шыққан Абылай хан мен Қабанбай бастатқан қазақ батырлары екен. Мен, міне, осыны дәлелдеп шықтым. Бұл романда тек Абылай мен Қабанбай ғана емес, қазақтың Төле биі мен Қаз дауысты Қазыбек бидің де образдары сомдалды...» (22.01.2021ж. «Қазақ әдебиеті» газеті.)

Менің кітабымда осының бәрі бар. Жоңғарың да, қырғызың да, таршыл орыс та, Қабанбай, Бөгенбай батырлар...

Суреттер, оқиғалар, жеңістер де, жеңілістер де қаз қалпында, құжат түрінде, Абылайдың айналасында өрбиді. Мен икемдеп, бұрып әкелген жоқпын. Таң атып, күн батқандай, жаз шығып, күз өтіп, қыс түскендей, өз қисынымен, өз ретімен келіп отырады. Бет аттамай, құжат қалдырмай оқысаңыз бәрі анық. Қоспасыз шындық. Әсірелеп айтсам, таспаға түскендей әр кейіпкер өз сынымен, бейнесімен, мінімен көрініп тұр.

– Тарихи шындық дейсіз ғой. Жасандылық жоқ дейсіз ғой...

– Өтірікшінің куәсі жанында, деуші еді атам қазақ. Академик Манаш Қозыбаев қазақ тарихын бұрмасыз, қоспасыз, саясаттандырмай жазу жөнінде жанашыр пікірлерін айтудай-ақ айтып кетіп еді. Осы кітаптарға негіз болған қолжазбамды көрсеткенде, қуанып: «Соза бермей, тездету керек! Өте құнды шаруа болады. Қазақта мұндай зерттеу жасалған жоқ» деп кеңес берген. Өкінішке қарай, алғашқы «Абылай хан» деген жинақты көре алмай кетті. Былтыр, марқұмның 90 жылдығына байланысты деректер жинап отырсам, 1993 жылы «Парасат» журналының бесінші санында жарияланған сұхбатына көзім түсті.

Қазақ тарихын жаңаша жазу жөнінде: «...Бірақ асығыс-үсігіс, аттың жалы, түйенің қомында жазылған шалағай дүние емес, өткен-кеткенді, бүгінді салыстыра отырып, архив-архивтегі әр құжатты көзден таса қалдырмай, Абай атам айтқандай, зеректік тезінен өткізіп барып, бас тарихты жазып, оқырманға: «Бұл кітаптың ішінде бірде-бір жалған жол, өтірік сөз жоқ» деп ұсыну керек. Ол үшін уақыт, маңдай терді бес сыпырған еңбек, ең бастысы, үкіметтің қамқор көзі керек», – деген екен.

«Үкіметтің қамқор көзі керек» дегенді көре жатармыз, өз жанымнан қосқан, төтелей шауып, шындықтан аттап өткен жерім жоқ. Иншалла, бір ауыз өтірік сөз жоқ.

– Орысша шыққан құжаттар болуға тиіс қой, енді...

– Шыққаны рас. Кеңес заманында, сонау 20-30 жылдары «Красный архив» деген журналда, кейін, 1961 жылы «Он алтыншы-он сегізінші ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» деген атаумен шыққан кітаптарда Абылай хан есімі кездесетін құжаттар бар. Біздің тарихшыларымыз оларды өз еңбектерінде пайдаланған. Әлі де үзінді келтіріп, жазғандарының дәмін келтіру үшін пайдаланады.

– Билеушілер туралы Сіздің: «Жаман патша болмайды» деген пікіріңіз бар еді. Осындай жағдайда көз алдымызға Сталин, Гитлер секілді билеушілер елестейді. Яғни Сталинді де ақтап алуға бола ма?

– «Жаман» дегенде, қатардағы қазақ хан болмайды, дегенім. Сол Сталиніңіз жай грузин емес, Гитлеріңіз жай неміс емес дегенім ғой. Ұмытылыңқырап бара жатқан бір тәмсіл бар, «халқы қандай болса, патшасы да сондай» деген немесе, керісінше «патшасы қандай болса, халқы да сондай» деген. Әр пенде – өз заманының перзенті. Иә, мен «пенделер» туралы айтып отырмын. Байыптап қарасаңыз, осы сөздерден, ең болмаса, шындықтың ұшығын көресіз.

– Қазақстанның өткен 30 жылына, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік жолына қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстанның 1991 жылдан бергі отыз жылына, тұңғыш президентке беретін бағамды айтып қойдым-ау деймін. Ешқандай ғажайып жоқ. Бәрі табиғаттың құбылысындай, заңды, қисынды. Сол қисынымен өкінішті. Өкінгеннен де пайда жоқ. Осы оқиға биылғы қаңтарда болмаса да, кейін болар еді. Қайғысы мен қасыреті, әрине, басқаша да көрінуі мүмкін.

Енді, сол өтіп кеткен отыз жылымызды бізге ешкім қайтарып бермейді. «Тәуелсіздік» деген сөзді тек қана бас әріппен жазушы едім. Шәкірттерімді де солай үйреттім. Олар:«Неге бас әріппен жазуым керек, жалқы есім емес қой», деп дауласатын. Жоқ, сен үшін, мен үшін, қазақ үшін Тәуелсіздік – біреу ғана. Басқа ұлттар үшін жалпы есім, қатардағы сөз шығар. Біз үшін арман болған Бақытымыз. «Ұлымыз құл болмай, қызымыз күң болмай өссін!» Міне, Тәуелсіздікті мен осылай түсінемін. Оның ар жағындағы тұрмыс, байлық-кедейлік, демократия, ұлтаралық қатынас, т.с. түсініктер ұсаұ-түйектер, екінші кезекте. Мүмкін Адам құқы дегенді Қаз дауысты Қазыбек бабам жаңағы бір ауыз сөзге сиғызған шығар.

– Отыз жылғы шыдамның бір сәтте түгесіп, бұрқ етіп жарылуы – енді бізге өзгерістің керек екенін көрсетпей ме? Өзгеру үшін өткеннен сабақ алу керек. Осы қасірет бір тұлғаны ғана мақтап-мадақтап көкке көтере берудің салдарынан емес пе?

– Өз сұрағыңызға жауапты өзіңіз беріп отырсыз-ау. Қалың қазақтың ойы осы және қате де емес.

– Қаңтар қасіреті тек саяси басқарудың ғана қателігі емес, мәдени, рухани жағдайымызды да көрсетіп берген секілді. Біздің халықтың архивке, тарихты сақтап қорғауға деген ынтасыздығы – болмыстан ба, ол бағыттағы тәрбиенің жоқтығынан ба?

– Ұлы Даланың иесі – «қатардағы» әрбір Қазақ екенін түсінбегендік. (Қазақ деген сөзді бас әріппен жазыңыз.) Советтік, Коммунистік идеология сарынындағы жалған интернационализм, өтірік достықты қағаздың бетіне шимайлап жазып қойдық та, өзімізді өзіміз алдап келдік. Мәселенің мәнісіне бармадық. Білім жетпеді. Оны тергеп, тексеріп, себептер мен салдарларды салыстыра бағалап отыратын қоғамдық ғылымдарды аяққа бастық. «Әуелі – экономика, содан соң ғана саясат» деген сөздің өзі сауатсыз пенденің сандырағы. Біз оқығанда, орысшасы: «Политика – есть искусство управления государством». Осында бәрі айтылған.

Алғашқы жылдары «Тәуелсіздігісміздің қалт-құлт еткен қайығын шайқамайық, бәрі орнына келеді» дедік. Уақыт өте берді. Қазақты сыйламадық. Ұлттың тілін, салтын, ғұрыптарын сыйламадық. Біле тұра қазақты басқа тептік. Өкініштісі – көшпей-қонбай қаншама жігіттерді құрбандыққа шалып жібердік. Мың жылдық тарихымызда мұндай сұмдық болған жоқ шығар...

– Тарихта халқымыздың жоғалтқан дүниесі аз емес, соның бірі Абайдың кітап толы сандығы. Оның ішінде хакімнің қолжазбалары да болуы мүмкін. Сіз осы сандықты ұзақ іздедіңіз, із-дерегі бар ма? Табылады деп үміттенесіз бе?

– Абайдың сандығын іздейтін бір адам болса, Мұхтар Әуезов еді ғой. Ол жоқ. Іздеуге шамасы келмеді. Абай дүниеден өткен 1904 жылдан бастап, қазақтың басынан өткен оқиғаларды қағазға тізіп отырып, ойласаңыз, «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың жоқ іздеуге шамасы келмегенін байқайсыз. Байыз тауып, іздейтін соңғы 30 жылымыздың түрі мынау. Осы отыз жыл бойы айтып келемін. «Мен!» дегеніме кешіріңіз. Соған бір мұсылман баласы қолдап, үн қатқан жоқ-ау деймін. Жазушымыз да, ақынымыз да көп. Әлі де кеш емес. Іздейтін адам болса, табады. Менің жаяу-жалпы іздегенім неге тұрады. Президентке дейін сөз салып, сұрадым. ХХ ғасырдың басында ғана қолды болды емес пе?!

– Тарихты зерттеу, орыс отаршылығы, қазақтың Тәуелсіздігі туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі А. Бородавкин таяуда: «Ресейліктер үшін моңғол шапқыншылығы мен 300 жыл бодандық ретінде қабылданады. Әрине, әркім өзінің тарихи көзқарасын ұстануға құқығы бар. Бастысы тарихи оқиғаларды саралағанда объективтілік болғаны дұрыс, тарихты бұрмалап, оның саяси мақсатта қолданып, елдер арасына сына қағуға қолданбау керек.  Бұл сонымен қатар өте нәзік мәселелер болып саналатын 1916 жылғы Түркістан көтерілісі, 1920-1930 жылдары болған аштық, сталиндік репрессияға да қатысты. Тарихты тарихшыларға қалдырған дұрыс», – деді. Яғни, тарихқа тиіспейік. Әйтпесе, араздасып қалуымыз мүмкін, тарихта болып өткен жағдайлар жөнінде пікірлеріміз әртүрлі, тіпті кереғар болуы мүмкін, деген емеуірін танытты. Сіздің пікіріңіз қалай?

– Ғылыми түсінік туралы айтқанда, бұл пікірдің қатесі жоқ сияқты. Бірақ, мен елшінің, басқа емес, мемлекеттік тұлға ретінде елшінің: «Тарихты тарихшыларға қалдырған дұрыс», деген сөздерді түсінетін Ресей азаматтарына, ресми қызмет адамдарына бағыттап айтқанын тілеймін. Қазақ – тәубешіл қалық. Жүз жыл бұрынғы, мың жыл бұрынғы жерімізді жоқтамаймыз. Ұлы даланың өзімізге бұйырған осы пұшпағы да жетеді, деп тәубе қыламыз. Бірақ, бізден басқалар жер сұрамасын. Екіншіден, тәрбие түрінде пайдалану үшін нақты деректер керек. Келешекке сабақ болуы үшін керек. Солтүстіктегі көршілеріміздің «Солтүстік Қазақстан -орыстың жері», «біз сыйлыққа бергенбіз...» деген сияқты былтырғы сандырақтары естіле бастаған кезде: бірнеше автордың басын қосып: «Ел менік, Жер менікі!» дегени кітрап жаздық, сол жерлердің бұдан екі жүз- үш жүз жыл бұрынғы иелерінің тұқымдары бар, әлі сол жерлерде деген тұрғыда тарихи деректер келтірдік. «Сақтықта қорлық жоқ!» дегеніміз ғой.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!