Осы жылы Алғыс айту күні біздің қоғам үшін ерекше мәнге ие болмақ. Бұл патриотизм, азаматтық парыз және жауапкершілік сезімдеріне толы айрықша күн.
Жыл басында Қазақстан халқы қоғамдағы тұрақтылықтың, бірліктің, азаматтық келісім мен бейбітшіліктің баға жетпес құндылықтарын еске түсірген қайғылы оқиғаларды бастан кешірді. Біз әрқайсысымыз террорлық әрекеттің, саяси және қоғамдық хаостың, охлократияның және ең бастысы – еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне төнген қауіп-қатердің шегіне жеткенін сезіндік.
Халқымыздың, азаматтарымыздың – өз Отанының нағыз патриоттарының басым көпшілігінің ерік-жігерінің, даналығы мен азаматтық жауапкершілігінің арқасында ғана біз тарихымыздың қиын-қыстау сәтін бірге еңсердік.
Біз «Қасіретті қаңтар» сабақтарымен бірге ел мен оның халқы өмірінің барлық салаларында терең экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістердің пісіп-жетілу қажеттілігін ұғындық.
Бүгінде аталған бағыттар бойынша барлық мемлекеттік аппаратта – Үкіметте, Парламентте, ел өңірлерінде қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бұл жасампаздық қызметке азаматтық қоғам институттары – саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық белсенділер де қосылды. Белсенді сараптамалық талқылаулар өтіп жатыр, бұқаралық ақпарат құралдары бүкіл қоғам, Қазақстанның әрбір азаматы күтетін өзгерістерді қалт жібермеуге тырысуда. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Қазақстанды құру бағытын бүкіл халық болып қолдау – бұл жаңа көкжиектерге жол ашатын барша халықтың терең әлеуметтік сұранысы.
Әрбір жауапты азамат бүгінде жаңа тәсілдер мен қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығына нық сенімді, өйткені олар біздің халқымыздың іргелі ұмтылыстары мен қажеттіліктеріне – өзінің болашағына деген сенімділігіне, әлеуметтік қорғалуына, тұрғын үйге, білімге, медицинаға, жұмысқа қолжетімділікпен қамтамасыз етілуіне негізделген.
Бүгінде бәріміз бірге осы бағытта халыққа, азаматтарымыздың әрқайсысына қажетті алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз. Сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа, қоғамдық игіліктердің әділетсіз бөлінуіне сенімді тосқауыл қоятын, бәсекелестік пен тиімді бизнес үшін кеңістік ашатын басқа да жаңа жүйелі шаралар, соның ішінде саяси шаралар болатынына сенімдіміз.
Бірақ бұл үшін заңдар, ережелер мен институттар ғана қажет емес, сонымен қатар біздің қоғамдық санамызды өзгертудің, халқымызға тән өзін өзі бағалаудың, еңбектің, қарапайымдылықтың және заңға бағынудың дәстүрлі құндылықтарын сіңіруіміз қажет, Ұлы Абайдың өсиеттеріне қайта оралып, оның «дұшпандық – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» деген ойлы сөздерін еске алуымыз қажет.
Қаңтардағы оқиғалар қоғамның жасампаздық тұрғыда жаңаруына, тазаруына және әділеттілік ұғымдарына оралуға, жақсылық пен жамандықты ажыратуға, халыққа қызмет етудің категориялық императивіне серпін берді. Сондықтан біз өмірін қиып, осы күндері елімізді, халқымызды және тәуелсіздігімізді қорғаған барлық азаматтарға Алғыс айту күнінде айрықша құрмет білдіріп, оларды еске алуымыз өте маңызды.
Қазақстан азаматтарын және конституциялық тәртіпті қорғай отырып, ауыр сынақ күндері өздерінің қызметтік парызын орындап және азаматтық ерлік танытып террористер жолын кескендерге біз құрмет көрсетеміз және алғысымызды білдіреміз.
Халқының тұрақты және қауіпсіз Қазақстанда өмір сүру құқығы үшін құқықтық тәртіп органдарының 19 қызметкері мен әскери қызметшілер өз өмірлерін қиды. Бүгін біз олардың жарқын ерлік істері алдында басымызды иеміз. Сондықтан да алғыс айту ұғымы – маңызды азаматтық мәнге және әлеуметтік жүктемеге, терең және жан-жақты сипатқа ие болып отыр.
Біз осы қайғылы күндерде, қауіпке қарамастан, өздерінің кәсіби борыштарын соңына дейін орындаған азаматтарға алғыс айтамыз және құрмет көрсетеміз.
Біз өрт сөндіру, жалындаған телестудиялардан ақпаратпен қамтамасыз ету, жаралыларды құтқару, біздің үйлерімізді жарық, су, жылумен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер мен резервтерді пайдаланған өрт сөндірушілер, республикалық жетекші телеарналардың журналистері, жедел жәрдем дәрігерлері, стратегиялық нысандардың қызметкерлері туралы айтып отырмыз.
Еліміздің барлық өңірлерінде азаматтарды іздестіру, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын жедел жүргізіп, блок-бекеттерге, госпитальдарға, әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға ыстық тамақ жеткізген волонтерлер шынайы алғыс білдіруге лайықты.
Қайырымдылық, волонтерлік акцияларына Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени, жастар, волонтерлік ұйымдарының, қоғамдық қозғалыстардың, клубтардың және басқа да қоғамдастықтардың мыңдаған мүшелері, сондай-ақ халқымыздың мызғымас бірлігінің, оның ынтымақтастығы мен өзара қамқорлығының символына айналған жанашыр азаматтар қатысты.
Зардап шеккендер үшін қан тапсырған донорлар үлкен ризашылыққа лайықты.
Олардың барлығы халқымыздың нағыз патриоттары!
Міне, сондықтан да алғыс білдіру ұғымы мейірімділік, батылдық пен батырлық, азаматтық ерлігі үшін өз отандастарына қоғамның әділ ризашылығының мағынасын қамтиды. Әрине, жағдайды тұрақтандыру шараларын қолдаған, патриотизм мен бірлік танытқан азаматтарымыз шынайы алғысқа лайықты.
Бұл азаматтық қатыстылық ұлттың терең генетикалық жадына ене отырып, халқымызды, бірлігімізді нығайта түсетін қиыншылықтарды бірлесіп еңсерудің маңызды сәтіне айналды. Бұл жөнінде «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» деген қазақ мақалы да бар.
Жаңа Қазақстанды құра отырып, біз қоғамда өзара көмек көрсетуді және халықтың мызғымас бірлігін кеңейтуге бағытталған бастапқы дәстүрлерді, құндылықтарды бірінші орынға қоямыз.
Біздің ортақ идеямыз – «Жаңа Қазақстан» жоғары адами қасиеттерге: азаматтық батылдыққа, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке және ортақ мақсат жолындағы ұйымшылдыққа негізделген.
Марат ӘЗІЛХАНОВ,
ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі
egemen.kz