Алаш әскері қалай жасақталды?
31.03.2022 1636

Биыл Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне 105 жыл толып отыр. Алғашқы саяси ұйым мен заман талабына сай үкімет туралы айтқанда Алаш әскері туралы айтпай кету мүмкін емес. 1918 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында құрылған әскер қалай әрекет етті? Осы және өзге де сұрақтарға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай жауап берді.


Ерлан Ерназарұлының айтуынша Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталған. Тарихшы бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер ұғымы жатқанын ескертеді.

«Алаш әскерінің іс-қимылдарын баяндайтын 1917-1919 жылдар аралығында жарияланған ресейлік және алаштық басылымдардағы материалдар негізінде жазылған зерттеулер бойынша сараланып келген еді. Енді бұл тақырып, нақты деректермен, бұрын соңды толық санатта еш жерде жария болмаған тың құжаттармен зерделенетін болады.

Әскери тарих отандық тарихтың құрамдас бөлігі болып табылады. Әр елдің әскер тарихында, оның қарулы күресінің мағынасы мен мазмұны қойған мақсаты мен мүддесіне байланысты зерделенеді және қарулы күштерінің құрылуы мен әскери тұрғыда дайындығы және қарулану үлгісінің барлық жақтары қарастырылады. Соның негізінде әскери құраманың күш-қуаты мен майдан алаңындағы стратегиясы мен соғыс тактикасы айқындалады. Оның әскери тұрғыда даму теориясы түзіледі. Міне осы тұрғыда Алаш әскерінің құрылуы мен қалыптасуы және майдандағы соғыс тәжірибесі отандық әскер тарихына енетіні анық дүние.

Алғашқы Алаш полкін жасақтау ісі Орталық Алашорда орналасқан Семей өңірінде басталды. 1918 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Семейдегі Алашорда әскерінің шағын жасағынан I Алаш атты әскер полкін құру деңгейіне жету қиын-қыстау заманға қарамастан іске асырылды. I Алаш атты әскер полкінің Уақытша Сібір үкіметінің белсенді қолдауымен жасақталуы Алашорда әскері тарихының екінші кезеңін бастайды (1918 жылдың маусым айының екінші жартысынан бастап). Семейде I Алаш атты әскер полкінің тездеп құрылуын, біріншіден, осы аймақта Ресейдегі азамат соғысының жаңа майданы ашылуымен байланыстырсақ, екіншіден, әскер кұру арқылы Алашорда одақтастарын өзімен санасуға икемдеуге тырысты», – дейді ол.

Ерлан Сайлаубай Алашорда үкіметінің Орталық комитеті екінші жалпықазақ съезінің қаулысына сәйкес Семей қаласының Заречная слободка деген бөлігіне 1918 жылдың қаңтар айының бас кезінде келіп орналасқанын айтады. Ал Заречная слободка атауы 1917 жылдың желтоқсан айынан бастап Алаш қаласы деп атала бастаған. Демек Семей қаласы Алашорда үкіметінің астанасы болды деп айтуға негіз бар.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан әскер туралы «Біздің милиция – бұл әскер. Олар іс жүзінде әрекет етуде: біздің 700 жауынгеріміз Жетісу майданында, 540 Тротцкіде, 2000 адам  Орал облысында. Жетісу  майданындағы жеңістер біздің жігіттердің ерен ерлігінің арқасында» десе, енді бірде «Менің ойымша, қазір бар күшті жұмсап қауырт кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі милиция – әскер жасау, екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқталсын демеймін. Бірақ, бұл екеуі өзгелеріне негіз, бірі кейін қала тұруға болмайды» деп білім алу мен әскер ісін қатар қойған.

«Міне сол Алаш қаласы маңындағы қырда I Алаш атты әскер полкінің жасақталу тарихы басталғанды. Алғашқы шағын топты қазақ жасағын құрағандар сол кезде Семей қаласында оқып жүрген семинария студенттері, әр түрлі орындарда қызмет етіп жүрген жастары болған. Олардың Алаш әскеріне жазылуы еріктілік тұрғыда іске асырылды. Ол жөнінде "Қазақ" газетінің 262-санында (30 маусым 1918 ж.) жарияланған "Алаш құрбандары" деген мақалада кеңінен жазылған.   Онда   шағын   топты   қазақ жасағы   Алаш   қаласы сыртындағы қырда әскери жаттығу ойындарымен айналысқаны және оларға сол кезде Семейдегі саяси билікті (ақпан-мамыр 1918 ж.) қолдарында ұстап тұрған большевиктердің қырын қарағаны баяндалған. Нәтижесінде, казақ жасағының бастығы Қази Нұрмұхамедұлы большевиктер арандатуымен қаза табады.

І Алаш далалық атты әскер полкінің жауынгерлік істерін сөз етсек, алғашқы қазақ отрядын бар жоғы 52 қазақ жауынгері және 21 орыс офицерлері құраған. Уақыт өткен сайын оның құрамы толығып отырған. Ол жөнінде «Свободная речь» газетінің 1918 жылғы маусым айында шыққан номерлерінде арнайы хабарламалар беріліп тұрған.

Алашорда әскерін тиісті әскери дайындықтан өткізу үшін 35 орыс офицер-инструкторларының жіберілгенін Семейде шығып тұрған кадеттік «Свободная речь» газетінің хабарламасы бар. Жергілікті қазақ комитеті мәліметіне жүгінген газет Алашорда әскерінде 300-ге жуық қазақ милиционерлері және 35 орыс офицер-инструкторлары бар деп жоғарыдағы хабарламаны толықтыра   түседі.    Газеттің    кезекті    санында   Алашорда басшылары мен әскери отрядының 1918 жылдың 18 маусым күні талтүсте Алаш қаласына келіп кіргенін, әскери жасақтың саны 500 адам және олармен бірге орыс офицер-инструкторлары бар деп жазады»,-дейді тарихшы.

Ерлан Ерназарұлы Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның Семей уездік Земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровқа жіберген қатынас құжатын (№2, 25 маусым 1918 жыл) назарға алады. Аталған құжатта Үкімет төрағасы Ахметжан Қозыбағаровқа Алашорда әскеріне уездің әр болысынан 30 адамды алу және оларды Семейге жедел жеткізу жөнінде тапсырма береді.

«Семей уездік Земство басқармасының тапсырысы жіберілген болыстар мыналар: Айғыржал, Аршалы, Ақкұм, Белағаш, Беген, Бесқарағай, Бүғылы, Еңірекей, Делбегетей, Кеңтүбек, Көкен, Қайыңды, Қызыладыр, Қызылмола, Қандығатай, Малыбай, Машан, Мұқыр, Сейтен, Семейтау, Свободный, Төлентай, Шаған, Шыңғыс жәңе Уақ.

Алашорда әскері құрамына шақырылуға тиіс 30 адамды кейбір болыстар жібермеген. Мәселен, Айғыржал болысынан даярланған 30 жігіт қосымша шақыруды 1919 жылдың ақпан айына дейін күткен. Олар кейін саяси жағдайға байланысты әскер қатарына шақырудан мүлдем босатылады. Бесқарағай, Кеңтүбек, Сейтен, Свободный, Малыбай, Қайынды болыстарынан да әскер қатарына ешқандай жігіт алынбаған. Бұлардың түрлі себептері болды. Бесқарағай, Кеңтүбек және Малыбай болыстары тиф ауруының таралуына байланысты әскерге алынатын жігіттерді кейінірек шақыру ұйғарылған. Сейтен және Свободный болысының халқы әскерге жігіттер беруге қарсы болған. Қайыңды болысына қатысты нақтылы дерек жоқ.

Семейде Алашорда әскерін жасақтау ісі бөгетсіз өтті деуге болмайды. Мәселен, Аққұм, Делбегетей және Уақ болыстарында ішінара түрлі арандатушылық әрекеттер орын алыпты. Большевиктік бағыттағылар Алашорда әскеріне жігіттер бермеу үшін азғыру жұмыстарын жүргізген. Өз кезегінде Алашорда үкіметі мен Семей уезі Земстволық басқармасы бірлесе қимылдап, арандатушыларға қарсы тиісті шаралар қолданған. Осындай бөгеттерге қарамастан, I Алаш атты әскер полкін жасақтауға Семей уезінің 18 болысының жасы 16 мен 50-дің аралығындағы жігіттер қамтылды. Шақырудан тысқары өз еріктерімен Алашорда әскері қатарына жазылған жігіттер де болған», – дейді тарихшы. Ерлан Ерназарұлы Семейдегі Құжатнама орталығында I Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырылған 430-дан астам жауынгерлердің аты-жөні сақталғанын айтады. Аталған құжаттан әр болыстан әскер қатарына деп шақырылған жігіттер саны міндетті 30 адамнан көбірек болғанын аңғаруға болады.

«Семейде жасақталған I Алаш атты әскер полкіне Семей уезінен басқа Қарқаралы уезінен де қазақ жігіттері шақырылған. Семейдегі Құжатнама орталығында кездеспейді. Тек, I Алаш атты әскер полкінің 2-эскадрон құрамында болған 70-тен астам адамның аты-жөні көрсетілген тізімде Қарқаралы уезіне қарасты Абыралы, Дегелең, Тоқырауын және Дастар болыстарының жігіттері бар. Жоғарыдағы деректер I Алаш атты әскер полкін жасақтауда Семей мен Қарқаралы уездерінің болыстары ерекше қызмет атқарғанын байқатады. Алашорда   әскерін   жасақтау   ісі   Павлодар, Зайсан және Өскемен уездерінде кейінірек қолға алынды. Оның себебі аталған уездерде Алашорда комитеттерінің кейінірек құрылуымен байланысты болды.

I Алаш далалық атты әскер полкін жасақтау ісі 1918 жылдың жаз-күз айларын қамтылды. Кейінгі жасақталған Алашорда әскері 700-ден астам қазақ жігіттерінен түзілген және оның құрамында бірнше ондаған орыс офицерлері болған. Әскердің жасақталу үлгісі казачество кавалериясының жүйесі негізінде болды», – дейді ол.

Тарихшының айтуынша, аталған полк Алаш қаласында орналастырылған. Полктің әскери штабы алғашқыда 1-Заречно-Слободское училищесінің оқу тұрағында болса, кейін 1918 жылдың қыркүйек айында Ерыкаловтың үйіне ауысты.

«Бұған Алаш қалалық басқармасы, Семей уездік Земство басқармасы және I Алаш далалық атты әскер полкі өзара келісімдер жасаған құжат дәлел. Полк жауынгерлері де Алаш қаласының арнайы босатылған мекеме үйлері мен түрғын үй пәтерлеріне орналастырылады. Ал әскери-жаттығу істері қала маңындағы қырда өткізілген. Алаш әскерін пәтермен қамтамасыз ету ісімен айналысу полк командирі Х.Тохтамышевтың бұйрығымен (№124, 22 қазан 1918 жыл, Алаш қаласы) поручик Бобыревке жүктеледі. Әрі осы бұйрық бойынша поручик Бобырев Алаш қаласында орналасқан барлық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия шақырту құқына ие болған. Бұл комиссия поручик Бобыревтің басшылығымен қаладағы бос мекеме және тұрғын-үй пәтерлерін есепке алып, оған Алаш әскерін орналастырумен айналысқан.

I Алаш далалық атты әскер полкін жасақтауға байланысты қажеттіліктер яғни мініс ат, ер-тұрман, жем-шөп, азық-түлік полк командирінің Алашорда орталық комитетіне жіберген хабарламасынан кейін тиісінше орындалып тұрды. Орталық комитет және облыстық комитет өз кезегінде Семей уездік земство басқармасына қатынас қағаздарын жолдап, қажеттіліктерді табу мәселесін сұраған. Ал, Семей уездік земство басқармасы орындалуы мүмкін және мүмкін емес тапсырыстар туралы мәлімдеме жасап отырған. Семей уезі земстволық басқармасы және Алашорданың орталық және облыстық комитеттері өзара тығыз байланыста жұмыс жасаған. Өйткені, Алашорда үкіметі осы уезд территориясында орналасқан және уездің материалдық жағдайы да біршама жақсы еді», – дейді тарихшы.

Ерлан Сайлаубай Семей облысы уездері ішінде Алашорда үкіметі мен әскерін қаражат-материалдық жағынан қамтамасыз етуде Семей уезі земстволық басқармасы айрықша үлес қосқанын айтады. Ал, Алаш әскеріне қажетті әскери киімді даярлауда Алашорда қайраткерлерінің үй-іштері аса ынталылық танытқан.

«Мәселен, Алашорда үкіметінің мүшесі Мұхаметжан Тынышпаевтың зайыбы Гүлбаһрам Тынышпаеваның бастауымен Алаш қаласының тұрғын әйелдері әскери киім тігу мақсатында арнайы "әйелдер қоғамын" құрғанын "Воля народа" газеті 37-санында (30 қазан 1918 жыл) хабарлаған. Алаш әскерінің әскери киім үлгілері туралы нақты деректер әзірге жоқ. Бізге белгілісі М.Дулатовтың жағасы теріден қысқалау тігілген ішікке ұқсас сырт киімі.

Алашорда әскерінің казак-орыс әскері үлгісінде құрылуына байланысты, оның әскери-командалық құрылымының негізін орыс офицерлері түзгені белгілі. Өйткені, ол кезде ұлттық әскери кадрлар бірен-саран ғана еді. Орыс офицерлерінің үйретуімен қазақ жігіттері әскери өмір тәртібіне, кәсіби шеберлікке шыныға түсті. Ұлттық әскери мамандардың жетіспеуі себепті Алашорда әскерін мамандармен толықтыру орыс офицерлерін қызметке шақыру арқылы жүргізілген», – дейді ол.

Ерлан Ерназарұлының айтуынша, Алаш әскерінің соғыс қимылдарындағы ерліктері сол замандағы басылымдарда үнемі жарияланып тұрған. Мысалы жан-жақты әскери дайындықтан өткен соң, Алашорданың атты әскер полкі Жетісу майданындағы шайқастарға біртіндеп қатыстырылған.

«Алғашқы қазақ отряды Алтай губерниясының Рубцовск майданында большевиктерді қудалауға қатысқан болса, кейін жасақталған Алашорда әскерінің прапорщик Ступин басқарған "жүздігі" Жетісу майданында 1918 жылдың тамыз айынан бастап қызу шайқастарға кіреді. Осы шайқастарда Алаш "жүздігі" қауырт қимылымен және барлау ісіндегі тапқырлығымен ерекше көзге түскен. Әсіресе, Андреевка, Үржар, Ново-Покровка, Лепсі түбінде, Сархан жөне Покотиловка сияқты елді мекендерде большевиктермен болған шайқастарда ерліктер көрсеткен. I Алаш далалық атты әскер полкін жасақтау ісі осы Жетісу майданында жалғаса береді. Орыс офицерлерінің басқарумен жергілікті тұрғындардың ішінен қазақ отрядтары жасақталып, бірден соғыс қимылдарына қатыстырылады», – дейді тарихшы.

Шыны керек Алаш әскері болғанын көпшілік азаматтар біле бермейді. Бұған себеп ұлттық әскер туралы зерттеп жүрген азаматтардың санаулы болғаны шығар. Аталған тақырыпты тарихшы Ерлан Сайлаубай мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы ғана індетіп зерттеп жүр. Ал шын мәнісінде Алаш әскерінің ықпалы зор болды. Осы ұлттық әскердің арқасында Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Совет үкіметі басшыларына сөзін өткізе алды. Нақтырақ айтсақ 1920 жылы Ленин қазақтың жерін заңдастырып беріп, Қазақ автономиясын құруға мәжбүр болды.

Айтпақшы биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толмақ. Өкінішке қарай тәуелсіз Қазақ елінің Қорғаныс министрлігі Алаш тарихын жас сарбаздарға сіңіріп жатқан жоқ. Жас сарбаздар болшевиктерге қарсы соғысқан Хамит Тохтамышев пен Қази Нұрмұхамедұлы секілді тұлғаларды танып, олардың батырлығын бойына сіңірсе, отаншыл азамат болып өсер еді. Сондай-ақ Хамит Тохтамышев пен Қази Нұрмұхамедұлы атындағы орден, медаль болса, тіпті тамаша болар еді.