Алаш тарихы бойынша шетел қорларындағы жаңа деректер
05.04.2022 1859

Қазіргі таңда отандық тарихшыларды жаңа архивтік және жазбаша деректерден қазақ халқының өткен тарихын іздеу, жаңаша пайымдау міндеттері шабыттандырады. Ағымдағы жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері деректану саласында үлкен жұмыс атқарды деуге болады.


Біз жоғарыда атап өткен мақсатымыз бойынша 2022 жылдың ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Ташкент қаласына барған сапарымыз сәтті аяқталды.

Ташкенттегі бірқатар ірі кітапханалар мен мұражайлар қорларынан гранттық жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазбаша құжаттар мен материалдарды анықтау мақсатында Алаш зиялыларының қызмет ету кезеңіне қатысты деректердің мол қорын жинақтап зерделедік.

Осы орайда Өзбекстандық әріптестеріміздің достық көмегін ерекше атап өтуге болады. Соның бірі Өзбекстан Республикасы Әлішер Навои атындағы Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Н.Н. Хайдаровамен болған кездесуде бірлескен онлайн конференциялар өткізу мен жарияланымдар тұрғысынан ынтымақтастық перспективалары жөнінде т.б. мәселелер жайында ой бөлістік. ӨР Ұлттық кітапханасының қорларындағы жүйелік және электронды каталогтардан 1920-1930 жж. хронологиялық кезеңнің ашық қол жетімді баспа басылымдарын зерделеп, біраз жұмыстар да атқардық. Смағұл Сәдуақасовтың және ол туралы баспасөз беттеріндегі сирек жарияланымдарды анықтадық.

Аталмыш кітапхананың сирек кітаптар қорында Алаш зиялылырының жарияланымдары: «Жас қазақ» (1923-1924), «Шолпан» (1922-1923), «Жас қайрат» (1924) журналдары мен «Ақ жол» 1920, «Еңбекшіл қазақ», 1923, «Өртен» 1922, газеттері араб жазбасында сақталған. Қазақстан аумағында кездеспейтін сирек материалдар: Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Жантелиннің, Файзулла Ғалымжановтың эсселеріне де қол жеткіздік. Сондай-ақ, «Өртен» жастар газетінде (Орынборда, 1922 жылдың қараша-желтоқсан айларында шыққан) Бейімбет Майлиннің (№1) «Өртен» өлеңі, Смағұл Сәдуақасовтың «Өзгеріс һәм оқығандар» (1922 жылғы №2) мақалаларын араб жазбасынан кириллицаға аудардық. Осы газеттен «Өртенге көмек» деген жастардың көмегі туралы жазбасын кездестірдік. Бұл көптеген жылдар бойы тарихшылар мен өлкетанушылар күткен өте құнды олжалар деуге болады. «Өртен» газеті бұрын-соңды толық табылмаған, ал Ташкентте оның бір нөміріне ғана қол жеткізе алмадық, дегенмен, қалған барлық нөмірлері жақсы сақталған. Мәселен, биылғы жылы 125 жылдығын атап өткелі отырған Мұхтар Әуезовтің ынта-жігерінің арқасында «Шолпан» журналы Ташкентте 1922-1923 жылдары жарық көрген.


1920-1935 жылдары Ташкентте, Мәскеуде, Қызылордада, Орынборда басылып шыққан «Большевик», «Правда Востока», «Туркестанская правда», «За партию», «Известия Туркестана», «Народное хозяйство Казахстана», «Советская Киргизия» және т.б. журналдар мен газеттерді қарастыруға да мүмкіндік туды. Тұңғыш Қазақ педагогикалық оқу орны және оның ректорлары С. Сәдуақасов пен І. Қабыловты қуғындау туралы құнды мәліметтерге де қол жеткіздік.

С. Сәдуақасовтың Қазақ педагогикалық оқу орнының ректоры (1927-1928 жж.) болып қызмет атқарған кезеңіндегі жұмысы туралы дереккөздерді сыни тұрғыдан зерделедік. С. Сәдуақасовтың Ташкентте болған кезеңіндегі ортасы мен «сәдуақасовшыл» терминінің шығу тегі жайлы дереккөздерден жүйелі түрде іздестіру және анықтау жұмыстары да жүргізілді.

Өзбекстанмен ғылыми ынтымақтастық аясында Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік тарихи мұражайы ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы музейтану: зерттеулер, дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасауға қол жеткіздік, енді жинақтың жарық көруін күтудеміз. ӨР тарихи мұражайының директоры, т.ғ.д., профессор Ж.Х. Исмаиловамен достық шығармашылық байланыстар орнатылып, мұражай басшылығы бізге мұражай каталогтарын сыйға тартты. Ш.Ш. Уәлиханов Тарих және этнология институты және Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Мемлекеттік тарихи мұражайы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жобасы туралы сөз қозғалды. Бізге халықаралық байланыстарда бай тәжірибесі бар мұражай экспозицияларына экскурсия жасау өте ұнады.

Сондай-ақ, Ташкент қаласындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік мұражайынан өлкенің ағартушылық пен экономикасын дамытуға сөзсіз үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің деректері мен фотосуреттері іс жүзінде жоқ екенін аңғардық. Бұл олқылықты халықаралық ынтымақтастық арқылы толықтыру қажет деп ойлаймыз.

Сонымен бірге, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының іргелі кітапханасы мен ғылыми-педагогикалық кітапханаларында да біршама жұмыстар атқардық. 1920-1930 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерінің сирек кітаптарын анықтадық. Осы орайда біздің жолымыз болды деп айтсақта болады, себебі ӨР ҒА Шығыстану ҒЗИ қорларында ерте кеңестік кезеңнің сирек жарияланымдарын да анықтауға қол жеткіздік. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу», «Түркістан Шығыс институтының жинағы» (Ташкент, 1923), «Қазақстанның этнографиясы мен антропологиясы бойынша библиографияға арналған материалдар...» (Ленинград, 1927) және т.б. кітаптарынан біз өзімізге скан-көшірмелерін жасап алдық. Сонымен бірге, Ә.Н. Бөкейхановтың 1903 жылғы белгісіз мақаласына сілтеме табылды.


Өзбекстан астанасында барған кезімізде біз Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен кездесуді де жоспарлаған едік және бұл арманымыз орындалды. Алаштың қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткері, «Қазақ» газеті редакциясының қызметкері, Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезовтің досы Файзулла Ғалымжановтың қызы 85 жастағы Роза Ғалымжановамен 2022 жылдың 8 наурызында кездесу бұйырыпты. Ол бізден әкесінің Отаны туралы үлкен қызығушылықпен сұрады, өйткені Роза апа 1937 жылы 10 айлығында (әкесі кенеттен қамауға алынғаннан кейін, сол кезде қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті) Алматыдан кетуге мәжбүр болған. Анасы Құралаймен және апа-інілерімен бірге Өзбекстандағы нағашы туыстарына жасырынуға тура келген. Иә, олар сол бойы Өзбекстанда қалып қойған, Файзулла Ғалымжанұлының алты баласының ішіндегі жалғыз көзі тірісі осы Роза апа екен. Бүгінде Роза апа жиені Нұрланмен бірге тұрып жатыр. 85 жастағы қартқа жиені Нұрлан қолынан келгенше көмегін аямай, қамқоршылық көрсетіп отыр екен. Роза апа мамандығы бойынша – химик, ұзақ жылдар бойы Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясында жұмыс істеген. Роза апа бізге өзінің ата-анасы туралы естеліктерімен бөлісіп, отбасылық суреттерін көрсетті. Қоштасарда ол кісінің «Қазақстанға-сәлем!» деген сөзін естігенде көңіліміз толқыды. Бұл нәзік көрінген әйелдің рухының күші шынымен бізді таң қалдырды.....Қайсар мінезі анасынан мұраға қалған сияқты. Файзулланың жесірі Құралай апа әрдайым жұбайының достары Мағжан, Мұхтар туралы үнемі есіне алып айтып отыратынын Роза апамыз сөз арасында айтып қалды.... Міне өшпес жарқын естелік пен ұрпақтардың лебізі!

Біз Өзбекстан тарихының белгілі маманы, т.ғ.д., профессор З.Р. Ишанходжаевамен (Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті), Қазақ ұлттық-мәдени орталығы және «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының шетелдік филиалдары аясында Ташкент және Чирчик қазақ диаспорасының өкілдерімен ақпараттық байланыстар орнаттық. Біздің сапарымызды тамаша ұйымдастырғаны үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновқа алғысымызды білдіреміз. Бұдан бұлай табылған материалдарды өңдеп, ғылыми мақалалар мен монографияларды жарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз.


Муканова Гюльнар, т.ғ.к., профессор, ЖҒҚ,

Байжуманова Замзагуль, ғылыми қызметкер

ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты, Алматы қ.