Исі қазаққа белгілі қаламгер, «Жұлдызды лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз» «Көгілдір шабыт» сондай-ақ әлем әдебиеті қақында жазылған «Қаламұш әлем» кітаптарының авторы, тарих ғылымдарының кандитаты Сұраған Рахметұлымен ілкідегі ойраттар мен бүгінгі Алтай бетін мекендеген қандастар аралығын қамтыған көлемді сұхбатымыздың алғашқы бөлімін өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.
- Құрметті Сұраған аға, ең әуелі сұхбатқа уақыт тапқан көңіліңіз үшін өз алғысымды білдіремін. Өзіңіз білесіз, 1456 жылы Қазақ хандығы шаңырақ тіктеген кезеңмен бірге ойраттар деген жекелей түсінік те тарих сахнасына шықты. Ең әуелі осы ойраттар ұғымына кеңірек тоқталып өтсеңіз?
- «Ойн иргэд» немесе ойраттар – кең сахарадағы көшпелі жұрт, өркениеттенген этностар шоғыры. Ішкі Байкал мен Енисей дариясының сағасын мекендеуші дүйім ел, тарихи қауым – Хублай дәуіріндегі Барғы мен Бурияд, Хори мен Түмедтер ұйығы. Ойраттар мен Халханың мекендері мен шекара шептері хақында көшіп-қонып жүретін өңірлері жөнінде ғалымдар әрқилы дәлелдер мен дәйектерін келтіреді. Грумм-Гржимайло «...Халхалар Қара Ертіс пен Өрінгі сағасын мекен етті...» дейді. Ал, А.Позднеев болса Зүүнгар Шорыс, Қошауыт, Дөрбет, Хойттар бірлігі – Жоңғария өрісі Қобда өзенінің төменгі шегі мен Улаангом одан Алтай өңірі Қара Ертіске дейін жалғасатынын айтады. Мәнжу Чин патшалығы әлем тарихында өз даңқымен дақпыртымен қалған Галдан Бошгот, Цэвээнравдан, Галсанцэрэн, Әмірсаналардың атымен тығыз байланысты Моңғол жерін иеленіп қалу үшін 1730 жылы Ховда кентінің іргетасын қалады. (Д.Гонгордың «Ховдын хураангуй түүх» (1963) кітабында Ховда 1685 жылы орнады деп жазады. 1685-1717 жылы Ойраттың сардарларының бекінісі, 1717-1730 жылы Мәнжу әскерінің бекеті, 1730-1762 жылдары Мәнжу әскерінің бекінісі болған деп келтіреді. Мәнжу Чин әскеріне қарсы көтерілген тұлға Жоңғардың қоңтайжысы Галданцэрэн хан. 1730-1732 жылдары Мәнжу әскерлерімен болған ірі шайқастарда ерекше көзге түсті. Осы күрестің нәтижесінде Жоңғар мен Мәнжу Чин патшалығы арасында 1735 жылы шекара сызығы белгіленді.
- Оқырманға осы Галданцэрэн жайлы таратып айтып берсеңіз?
- Қазақ тарихында өз орны қалған осы күрделі тұлға туралы өте көп деректер кездеседі. Қалайда тарих сахнасында ізі қалған тұлға- Цэвээнравдангийн Галданцэрэн (Халдан-Серен). Арғы атасы Эрдэнэбаатар хунтайж, ұлы әкесі Сэнгэ. (Галданцэрэннің ұлы әкесі Цэвээнравдан 1697 ж. Жоңғар хан тағына отырған 1727 жылы дүниеден көшкен әскери-саяси ірі қайраткер). Галданцэрэн 1727 жылы Жоңғар хандығына сайланғаннан соң төрт Ойраттың басын біріктірген. Мәнжу Чин өкіметіне қарсы 1731 жылы қан майданды шабуылға шыққанымен Халха сұлтандарының кертатпа кедергісінен болып кері шегінген. Моңғолдың жерін бөлшектеп, шашыранды етіп, Ней Монгу - Ішкі Моңғол, Вей Монгу - Сыртқы Моңғол саясатына бас имеген Галданцэрэн Мәнжу Чин патшалығын 1739 жылы шекаралық бөлісті сызығына келісуге мәжбүрлеген. Жоңғарияның күллі тағдырының куәсі болған ол, 1745 жылы дүниеден көшті.
- Қазақ тарихында Абылай ханмен аты пар айтылатын қалмақ ханының бірі Әмірсана ғой. Әмірсананың небары отыз төрт жас жасағандығынан да хабарымыз бар? Осы жерде қазақ тарихымен бір кезеңдерде астасып, байланысып, шиеленісіп қалып жүрген Әмірсана кім деген де сауал туындайды?
- Хойд Амарсанаа (Әмірсана) 1722 жылы бір деректерде 1718 жылы туды делінеді. Хойд аймағы Үйзен хошууны Лхазанұлы Галданданзан хунтайжның әйелі Буталагтан (Ботлог) туады. Галсанданзан (Данжин) мен Ботлог 1717 жылы жастықта бастары қосылған отбасы болды. Галсанданзан өлгеннен кейін Ботлог Үйзен деген кісіге қаратылады. Жоңғар ханы Әмірсана Цэвээнравдан (Суан-Раптан)-ның жиені. Әкесінің аты Хошууд (Қошауыт) мырзасы Данжин хунтайж (қоңтайшы). Моңғол, жоңғар тарихында оны туған жерінің атауымен «Хойд Амарсанаа» деп әспеттейді. Әмірсананың жеке тарихи өміріне қатысты жазушы Д.Цэмбэл 1984 жылы «Амарсанаа» атты тарихи роман жазды. Роман көркем әдеби жанрдағы көркем шығарма болғанымен көптеген тарихи деректер мен даңқты ірі тұлғалар есімдері, кейбір жылнамалар нақты беріледі. Айталық Қазақтың Абылай ханымен Әмірсана қарым-қатынастары хақында да тың деректер келтіріледі. Аңызға айналған деректер бойынша Абылай хан 1741 жылы Қалмақтың қолына тұтқынға түседі. Оны тұтқындаған әйгілі Галданцэрэн (Қалдансерен). Абылай ханды ұстаған адам Галданцэрэннің әскербасы Жалба. Тұтқынға түскен Абылай ханды босату үшін орыстың генерал губернаторы да араласады. Бірақ, еш нәтиже шықпайды. Бірақ Абылай ханның бірнеше сөзіне тұрақтаған Галданцэрэн оны тұтқыннан босатады. Г.Ариунболд «ХҮІІ - ХҮІІІ ғасыр кезеңіндегі ойрат, халха, ішкі Моңғол әскери тарихтарының кейбір мәселелері» атты еңбегінде Әмірсана Патшалық Ресейден қару-жарақ, көмек алуы жөнінде нақты деректер табылмағандығын тілге тиек етеді де қазақ ханы Абылайдан көмек алғандығы жөнінде деректер келтіреді». Абылайдың Әмірсанаға көмек беруінің себебін Әмірсананың әжесі қазақ текті болғандығын айтады. Әмірсананың Абылайды паналауын қазаққа нәсілдік жағынан қатысы бар деуі де еш қисынға келмейді. Әмірсананың жанұясы туралы да әртүрлі деректер сақталған. Оның әйелі Төрт Ойраттың ірі руынан – Дөрвөдтің сұлтаны Далайдаштың қызы. Сойы – Ойрат, ныспы Дэлэгдорж. Дөрвөд Далайдаш өз заманында мол дәулет біткен ықпалды шонжар еді. Завхан өзенінің сағасында мекендеген. Дэлэгдорждан үш бала туған. Тұңғышы Гэцэл, қызы Дэжид, кенжесі Көкіш (Коокүш). Әмірсана 1755 жылы 10-айдың 1-і күні Мәнжу әскерімен араздасып бөлінгеннен кейін патша әскері Дэлэгдорж ханымды балаларымен қоса тұтқындап 7 жасар Гэцэлді дарға асады. Мінеки құрбандық құрбандарының тағдыры. Кей деректерде Әмірсананы Абылай ханның күйеу баласы деп те айтады. Алайда Әмірсана кейін Галданцэрэннің қызы Бидаймен үйленді. Бидайдан бір бала бар, есімі Пунцаг еді дейді. Бидай Әмірсана Тобольскде сезікті жағдайда өлгеннен кейін 1761 жылы Петербургке келіп ауыр тұрмыс, залалды науқастан көз жұмған. 1736 жылы Мәнжу патшасы Юн Чен өлді. Бірақ, моңғолдарға деген Чин иелігінің саясаты өршелене түсті. Ақ қорғанның ішіндегі улы саясат ұлы түземдіктердің ұшы-қиырсыз даласына жайыла бастады. Мәнжу Чин патшасы Цянь Лүн (Хуан Ли) (1736-1795) «...Тэнгэрийн тэтгэсэн (Тәңір құты) нағыз аты Хуанли (мәнжі тілінде) қытайлар оны Гао-Цзун деп атайды. Сонымен қатар қытайлар оны Чунь Хуанди деп лақап атымен тергейді. Туған жылы 1711 жыл. Ол, 25 жасында немесе 1736 жылы хан тағына отырды. Мәнжу Чин империясына 60 жыл егелік еткен хан болды. Ұлттық ұлы саясаттың кемшіндігі, Жоңғарлардың ішкі бүлінушілігі, тақ тартысы секілді түрлі қателіктер Цянь Лүннің саяси ойынына үлкен мүмкіндіктер туғыза берді. Ол, Жоңғарды уысынан шығармауды көздеді. 1745 жылы Жоңғар ханы Галданцэрэн өлгеннен кейін Моңғол тайпаларының береке-бірлігі селкеуленіп,елдік,егеліктің кетеуі кете бастады. Жарылып, жан-жаққа ыдыраудың соңы жалпы моңғол жұртшылығын әлсірете берді. Цянь Лүннің саясатымен 1739 жылы байырғы Жоңғар мен қандас Халха арасында Мәнжудің жаныстыруымен шекара сызығы жасалуы онсыз да шиеленісе бастаған ағайындықтың ауылын алыстатты. Өзара кектенген жұртқа жақпады және отқа май құйғандай жағдайға әкелді. 1746 жылы Галданцэрэннің тақ мұрагеріне 15 жасар Галданцэрэнгийн Цэвэндоржнамжил (Сыбандорж қоңтайжы) лайықталғанымен шынтуайтында оның әпкесі Уламбаяр ханшайымның өкімдігі басым болды. Хан сарайынан жасалған жендеттік, қаныпезерлік оқиғалар шегіне жетті. Ішкі бақталастық, сыртқы түрткінің салдарынан бозбала хан Цэвэндоржнамжил әпкесімен қоса көп жазықсыздарды дарға асумен айналысты. Тақ тартысы, бақталастықтар адам төзгісіз ахуалдарды қалыптастырумен бірге құлықсаналық құлдыраушылықтың нақты көрінісі болды. Осы кезде Галданцэрэннің інісі Даваач өз андасы Әмірсанаға (1751 жылы Абылай ханның қасында бассауғалап жүрген) хабар жеткізеді де Әмірсана Лхамдаржааны 1752 жылы қаңтарда өлтіреді де таққа әуелгі үміткер Даваачны тағайындады. Даваач Цорос сұлтаны Намжилдаштың баласы. Намжилдашийн Даваач болса Эрдэнэбаатар хунтайжының жетінші баласы Бүмнен туған. Цэрэндоновтың тікелей ұрпағы. Жоңғарлар оны таққа лайықты заңды тұлға ретінде таниды). Бірақ, бұған наразы болған дөрвөдтің беделді сұлтандарының бірі Нэмэхжаргал Даваачны тақтан құлатып, өзін «Жоңғар ханы» деп жариялайды. Бұл әрекетке тағы да Әмірсана араласып Даваачның күнін жоқтап, туын көтереді де Нэмэхжаргалдың көзін жояды. Бірақ, дөрвөд сұлтанының өлімі ұлыстар бітімшілерін қырқыстырып,топтар үшін жақсылық әкелмеуімен қоса Ойраттар арасындағы қайшылықты одан әрмен ушықтырып жіберді. Моңғолда өзара майданға шығып жаппай шайқастар жүрілді. Қан төгілді. Ендігі кезекте Әмірсананың тірі қалуы Даваач үшін қатерлі еді. Соның салдарынан тағы да сұлтандар арасында күмандану, қызғанулар туындай бастады. Осыдан кейін Әмірсана мен Даваачның арасында өшпенділік шегіне жетіп, ашық майдан жүрілді. Мәнжу патшасын жақтайтындардың ықпалымен Даваачның 30 мың әскері Әмірсананы ығыстырып қуып шығады. Даваачның әскеріне күші жете бермейтінін сезінген Әмірсана саяси айлаға көшіп Мәнжу Чинге берілді. Моңғолдардың ішінен іріп - шіруін өз пайдасына жаратып, жылдам икемдеу үшін Чин патшалығы оған «Хошой чин ван» дәрежесін сыйлайды. Осылайша 1751 жылы Әмірсана мен Даваач екеуі Абылай ханға қарай өтеді. Әмірсананың Абылайханның қолында тұрған уақыты 1751-1752 жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады. Сонымен Әмірсана Абылайханның қолында жылға жуық паналады десек те болады. Осы кезде Патшалық Ресей тарапынан Даваачыны болашақ Ойрат ханы болуға лайық деп көріп, оны Орынборға шақырып сый-құрмет көрсетуге ниеттенген сәттері де бар. Осыдан кейін 1752 жылы Әмірсаналар көп әскерменен өз жеріне қайта оралып, Ламдаржааны өлтіріп, Даваачыны бүкіл Ойраттың хан тағына көтерді. Әмірсана мен Даваачының достығы 1754 жылы тамыздың 25-не дейін ғана жалғасын тапты. Әртүрлі кикілжіңдерден болған әрекеттердің салдарынан Әмірсана 1755 жылы наурыздың соңында Мәнж Чин патшалығына иек сүйеуге мәжбүр болды. Мәнжден атақ шен алды. Әскер жасақтады. Улиастайдан Баркөлге дейін Еренқабырғадан Борталы арасында кішігірім қақтығыстар ұйымдастырды. Даваач аз әскермен қашса да құтыла алмады. 1755 жылы шілденің 16-сы күні Әмірсана әскерлеріне ұсталып Бейжіңге жеткізілді. Ойраттар тығырыққа тірелді, сан жылдар бойғы күрес нәтижесі Мәнж Чин патшалығының қолына өтті. Осыдан кейін яғни 1755 жылы қазан айының 25-і күні Мәнжу патшасы Ұлы Ойратты төрт бөлікке бөлді. Мұнда: Галсандожға Сороос хандығын, Цэрэнге дөрветті, Шагдар мәнжіге хошауыттарды, Баярға хойд аймақтарын иелендіруге пәрмен берді. Ал, Әмірсана болса 1755 жылы қарашаның 11-і күні Борталда өзін Жоңғардың ханы деп жариялады да Мәнжу Чин патшалығына қарсы күреске көтерілді. Жоңғарлардың азаттығы жолында күреске шыққан халха нояндары, Хотгойд Чингүнжавтармен тізе қосып Мәнжу Чин патшалығына қарсы көтерілген Ойраттың Әмірсанасы 1755-1757 ж.ж арасында жалпы жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Бірнеше мәрте жүрілген сұрапыл соғыстар нәтижеге жете алмады. Мәнжінің әскері Әмірсананы шетке ығыстырды. Бірлі-жарым жылдай Қазақ ханының көмегіне сүйеніп әл жинаған Әмірсана 1757 жылы үш мың сарбазымен Чин патшалығының 10 мың әскеріне қарсы қайта шабуылға шығып ұлы күшке төтеп бере алмай жеңіліске ұшырады. Осы жолы ол, 2500 сарбазынан айырылып патшалық Ресейден көмек дәмету мақсатымен Орысқа өтеді. Бірақ, орыстар онымен оңай одақтасуды оңтайлы деп қаламады. Жоңғар хандығының жүйесін отты қару, ет кеудесімен қорғаған Әмірсана Орыстың Тобольск қаласына барғаннан соң шешек індетінен көз жұмды. Әмірсананы Орынборға апаруды Абдолла Қаскенов дегенге тапсырды. Мәнжу Чин патшалығы Қазақ даласына қарай қашып кеткен Әмірсананы ұстап беру жөнінде Абылай ханнан талап етеді. Бірақ Абылай хан Мәнжу Чин әскер басыларына Әмірсананы 1757 жылы шілденің 28-і күні қашып кеткенінен «хабар» береді. Бір сөзбен айтқанда Абылай хан Мәнжу Чин патшалығының құрған тұзағына Жоңғар сұлтанын бере салмады. Бұл туралы түрлі аңыздар да тарады.Ал, нақты деректер бойынша Әмірсана Семейде қолға түсіп 1757 жылы шілденің 31-і күні Тобольскге жеткізілді де сонда жұқпалы індеттен қайтыс болған еді.
- Сонда өз басына қазіргі тілмен айтқанда саяси баспана беріп паналатқан Абылай ханға Әмірсана не үшін қарсы келді?
- Әмірсананың 1754 жылы қазақ ханы Абылайды паналауы Чин патшалығына қыр көрсеткендік болғанға ұқсайды. 1756 жылы 9 маусымда Цянь-Лун, Хадахе, Далданга, Фу-дэ бастаған өз әскерін Іле шебі арқылы әзірлеп Қазақ ханы Абылаймен соғысуға бұйырды. Абылай хан бұған қарсы күш жинағанымен бірнеше ұрыстардан кейін беталды қан төгістен бас тарту арқылы бейбіт келісім жасауға мәжбүрленіп Чин патшалығын «мойындады». А.И.Левшин (1799-1879) «Қырғыз-Қазақ даласының сипаттамасы» атты еңбегінде «...ХҮІІІ ғасырдың елуінші жылдар шенінде Мәнжу Чин әскері Орта Азия өңіріне келді. Қазақтың ханы Абылай 1757 жылы Мәнжу Чин патшалығына бағынды...» деп жазды. Бұл туралы Д.Цэмбэлдің «Амарсанаа» романында (1984) Хадахе, Далданга, Фу-делермен соғысуға келген Абылай әскерінің саны 3000 астам еді жазылған. Роман беттеріндегі Абылай мен Әмірсана образдарына тек көркемдік жағынан баға беруге болмайтын секілді. 1755 жылды қамтыған майдандар ары қарай үздік-создық жалғаса берді. Тан династиясынан кейінгі талас - Шығыс Түркістанның кең даласында өрттей қаулап ұласа түсті. Ежелгі Шығыс Түркістан өлкесінде тұратын халықтардың басынан кешкен кезеңдері яғни ХІІ-ХІІІ ғасырдағы моңғолдар, ХІҮ ғасырдағы Доғалаң Темір, ХҮІІ ғасырдағы Жоңғарлар, келесі кезектегі яғни ХҮІІІ ғасырдың орта шеніндегі Мәнжу Чин зардапты әскери қимылдарынан сақтанып қалуды ойлаған хан Абылай Ресейдің де Мәнжу Чин патшалығының да үстемдігіне қарсы келуді мұрат санамайды. Осылайша Мәнжу Чин патшалығының жаныстырып, шағыстыруымен 1755 жылы Халх, Алаша, Цахар, Барга руларынан жасақталған қалың қол әскер Әмірсананың қол астында шоғырланып, бір кездері айнымас андас болған Даваач әскеріне қарсы шабуыл жасауға жаппай көтерілді. Осы тұстағы Әмірсана әскерінің саны 50000, Даваачның жасақтарының ұзын саны 7000-ға жуық еді. Мәнжу Чин сарбаздарының саны онша көп емес еді. Моңғолдар бірінің қанын бірі судай ағызды. Көрнекті тарихшы Баабардың дәлелдегеніндей тек Моңғолды иеленуге соңғы 130 жыл бойы әрекет жасаушы Мәнжу Чин патшалығының жымысқы саясаты жүзеге асты да, Шығыс Түркістан немесе Шыңжаңның кең даласы Қытайдың иелігіне біржола өтті. Даваачның көзін жоюдағы қиян-кескі ұрыс - Жоңғарияны басып алудың жолындағы ең ірі майдан қан төгіске әкеліп ұластырды.
- Сонымен Шығыс Түркістан даласы Қытайдың иелігіне біржола өтті дедіңіз? Бұл қалайша болды, осы жағдайды барынша таратып айтып берсеңіз?
- Шыңжаң немесе Синьцзян – қытайша атау. Жаңа жер яки қосылған өлке деген ұғым береді. 1759 жылы Мәнжу Чин патшалығы өлкені осылай атады. Бұрынғы Жоңға жері, кейінгі Шығыс Түркістан өз ырқынсыз өзгенің олжасына кетті. Өлкенің жер көлемі 1.700.000 шаршы шақырым еді. Қазіргі ҚХР-ның территориясының алтыдан біріне тең. Шыңжаң солтүстік, солтүстік-батыс және батысы Қазақ елімен, солтүстік-шығысы Моңғолиямен, оңтүстік батысы және оңтүстігі Ауғанстан, Үндістанмен шектеседі. Жалпы жан саны 20 миллион. Өлке 13 ұлт өкілдерінен құралады. Ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, хуэйлер, тәжіктер, өзбектер, моңғолдар тіршілік етеді.
«Синьзян Жибао» газетінің 1967 жылғы қаңтардағы санында 10-12 миллион жан саны бар өлкенің өсімі соңғы жылдары недәуір жылдамдықпен ұлғайғандығы байқалады. Демек, Баабар мырзаның тілге тиек етіп отырған кезеңі немесе Мәнжу Чин патшалығы 1755 жылы басталған Шыңжаңды басып алу әрекеті басталған болса оған қарсы күрестердің күллі мерзімі бір ғасырға таяу һәм 1881 жылға дейін жалғасты. Сонымен Жоңғария ұлт азатшыларының Мәнжу Чин патшалығы бодандығынан ұлтты құтқару күресі 1755-1758 жылы аралығында үш жыл бойы үздіксіз арпалысты.
Әмірсана әу бастан Мәнжу Чин патшалығына Жоңғарияны біріктіруді көздемеген. Оның мақсаты – өзіне сатқындық жасаған Даваачдан өшін алып, Жоңғар хан тағына ғана қол жеткізу еді. Бұл тәсілдің қала берді күллі Жоңғария, асса бүкіл ұлт қасіретіне айналуына оның көзі жетпеді. Қатты алданғанын білген Әмірсана ендігі кезекте Хотгойд Чингүүнжавпен бірігіп Мәнжу Чин патшалығына қарсы күреске шықты. Бірде жеңіске жетті, бірде жеңілді. Көп жылғы майданнан титықтап, қажыған халық ықтиярсыз адасуға мәжбүр еді. Осыны байқаған Чин патшалығы тек моңғолдарға ғана қолданатын өз тәсілін жасап Жоңғарды төртке бөліп әрқайсысын кіші хан басқаратын әкімшілік жүйесін енгізді де күйретуді үдете берді. Ш.Нацагдоржының «Мәнжу Чин кезеңіндегі халха тарихы» атты әйгілі еңбегі арқылы осынау жымысқы саясаттар астарымен танысуға әбден болады. Мәнжу Чин патшалығы Сырт Моңғолияның барлық жеріне иелік ету мақсатын орындауға барлық күшін жұмсады. Осыған лайықтап заң да қабылдады. Осы саясаттың нәтижесінде Чин үкіметі Шығыс Түркістан территориясына да өзінің даотайын (губернаторлық әскери – әкімшілік мекеме) құрды. Ежелгі Шығыс Түркістан осылайша 1756-1765 жылдары Мәнжінің қарауына өтті. Олар Уаң-Князь, Гүн (Әскери әкімшілік мәнсап), Әмбі тәйжі (аға сұлтан), үкірдай (болыстар), зәңгі-залың (жасауылдар) тағайындады. Алтай өңірінде жоғарғы уаң 1, гүн (күнде) 1, әмбі 4, тәйжі 12, үкірдай 24, залың 48 тағайындалды. Г.Е.Грум-Гржимайло «Маньчжур-Қытай империясы Алтай, Қобдаға ру басшылары арқылы үстемдік жүргізді» деп жазады. Мәнжу патшалығы Моңғолды уысынан шығармай қылқындырып ұстап тұру мақсатымен сұлтандарға арнайы пара тағайындады. Мұнда бір жылда Чин уаңға 2500 лаң күміс ақша, 40 кездеме жібек, Жүн уаңға 1500 лаң күміс ақша, 20 кездеме жібек, бейілге 800 лаң күміс ақша, 13 кез жібек, бейсіге 500 лаң күміс ақша 10 кез жібек, күнде (гүнге) 200 лаң күміс ақша 7 кездеме жібек, жоғарғы дәрежелі тәйжіге 100 лаң күміс ақша 7 кездеме жібек үлестірілді. Мәнжу Чин қара халықты күшпен, сұлтандарды жасанды атақ - даңқпен тұзақтап шырғалауын доғармады. Сөйтіп, бұрынғы дәуірлерде ат жалында өскен ежелгі көшпелі түземдіктер өз ата-қонысында басқаның айдауында тірлік кешуге мәжбүр болды. Мәнжу Чин патшалығы 1756-1765 жылдары Шығыс Түркістанға сұғынып, 1882 жылға дейін қарулы жендеттік күштермен басқарып келгендігін тарихшы Керейхан Аманжолов өзінің «Түркі халықтарының тарихы атты» еңбегінде барынша толыққанды тоқталып өткен болатын.
(жалғасы бар...)