12 сәуір – ғарышкерлер күні
12.04.2022 9319

12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. Адамзат баласының алғаш Жер орбитасын айналып өтіп, ғарышқа сапар шеккен уақыты тарих жадынан, ұрпақ есінен шыққан емес. Бұл күн – тек ғарышкерлер күні емес, сонымен қатар ғылым қызметкерлері күні. Себебі ғылымның да жаңа деңгейге көтерілген күні 1961 жылдың 12 сәуірі еді. Әлемдік ақыл-ойдың даму тарихында алтынмен апталып, күміспен күптелген сәттер аз емес. Соның бірі де, бірегейі де – осы күн.


Кеңес Одағының аға лейтенанты Юрий Гагарин 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш рет ғарышқа қадам басты. 108 минутқа созылған ғарыш сапары күллі жер жаһанға әйгілі болып, адамның ғарышқа қадам басқан сәті болып, мәңгілікке қалды. Содан бері бірнеше рет жаңа әлемге, жаңак кеңістікке эксперименттер жасалды.

Ал Қазақтан тұңғыш ғарышқа ұшқан (1991 жыл, 2 қазан) отандасымыз, ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров еді. Ол өзінің ғарышқа сапарын «СоюзТМ-13» кемесі арқылы жүзеге асырды. Ғарышта жүріп, өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Ғарышта 7 күн 22 сағат 12 минут болды.


Қазақтан шыққан екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш рет ұшу бақыты бұйырды. 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышта 126 күн болды. Екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерен ерлік көрсетті. Ғарышкер кеме бортынан ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осылайша Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты. «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күн ғарышта болды. Талғат Мұсабаевтың жалпы ғарышта болған уақыты 341 күн 9 сағат 48 минут.


2015 жылы 2 қыркүйекте үшінші рет қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа сапар шекті. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-16М» кемесімен ұшты. Айдын Айымбетов ғарышта ондаған ғылыми эксперимент жүргізді. Оның ішінде қазақтың ұлттық тағамдарын салмақсыз кеңістікте дегустациялау болды. Оған қоса ол Жер бетінің мониторингі және экологиялық апаттарды зерттеу бойынша эксперименттерді жүзеге асырды.


Әлемде 180-нен астам мемлекет болса, солардың қатарында ғарышқа өз перзентін ұшырған елдер саусақпен санарлықтай. Әлемде өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар. Соның ішінде қазақ ұлтының, қазақ мемлекетінің бәсі әрдайым жоғары.